Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам» дегеніндей ежелгі бабаларымыз б.з.б. II ғасырда өмір сүрген көшпелі Ғұн ұлысының билеуші-тәңірқұттары хақында «Қазақстан тарихы» порталы сериалды мақала жариялап келеді. Бұған дейін «Ғұн тәңірқұттары: Түмен және Мөде» және «Ғұн тәңірқұттары: Лаошан және Ичиси» қатарлы бірнеше жазба жарық көрді. Бұл жолы Ғұн империясының кезекті тәңірқұттары Увэй және Үшилү туралы тың мәліметтер беріліп отыр.
Увэй тәңірқұт
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІ ғасыр мен біздің жыл санауымыздың І ғасыр аралығында Ғұн ұлысы мен Хань патшалығы өзара апайтөс Азия құрлығының қожасын анықтау үшін күнді түнге жалғап үздіксіз шайқасумен өтті. Осы шайқас б.з.б. 129-114 жылдары Ғұн ұлысының билік тізгінін қолына қондырып, елді басқарған тәңірқұт Ичисенің кезінде де толастамады. Яғни, осындай аумалы-төкпелі заманда таққа отырған Ичисе Бұл қаған арғы атасы атақты Мөде құрған патшалықтың тағынан берік ұстап, түтінін өшірмеу үшін, бұрынғы тұтастығы мен бүтіндігін сақтап қалу үшін жанталасты.
Бірақ небір орны толмас қиындықтарға да тап болды. Оларды тарқатып айтар болсақ, ұлыстың батыс шебін қорғап тұрған нояндар қытайлар шабуылына ұшырап, ойсырай жеңіліп қалады. Бұған ашуланған Ичисе тәңірқұт ұлыстың батыс шебін басқарып отырған нояндар мен батырларды ордаға шақырып, жазаға тартпақ болады. Бірақ ханның қаһарынан қорыққан батыс ғұн нояндары 120 мыңдай бұқарасын бастап, қытай қамқорына өтіп кетеді.
Бұл арада мына бір дерекке назар аударған жөн тәрізді. Ғұн ұлысы нағыз шарықтап тұрған кезінде 1,5 – 1,7 миллион халқы болғанын ескерсек, жоғарыдағы батыс ғұндардың қытай боданына өтуі күллі халықтың 10 пайызын жоғалтты деген сөз. Осындай аумалы-төкпелі қиын заманда б.з.б. 114 жылы Ичисе қаған қайтыс болып, оның тағына үлкен ұлы Увэй тәңірқұт отырады. Сәтін салғанда Увэй таққа отырғанда тұста оған қарсылық танытушылар мен күндеушілер болмады. Алда-жалда әкесі Ичисенің заманы сияқты ел ішінде таққа талас өрістеген болса, өзі шайқалып әрең тұрған ұлыс шаңырағы күйреуі әбден мүмкін еді.
Ғұн ұлысының тағына жаңа тәңірқұт отырғанын естіген Хань патшасы Уди хуанди оған елші аттандырады. Ол елшіге берілген тапсырма былай екен. «Жаңадан таққа отырған тәңірқұт Увей қорқақ адам, сондықтан ол қорқатын әрекеттер жасау керек».
Жоғарыдағы мақсат бойынша Ғұн ордасына келген Хань елшісі сарай ішінде кеудемсоқтық жасайды. Елшінің бұл ісіне шамданған Увэй тәңірқұт елшіні тұтқындап, ұлыстың солтүстік шебіне Сібірге мал бағуға айдап жібереді. Бұл бейбақ сонда айдалып барып, оншақты жыл мал бағып, жан сақтайды. Тіпті қытай жағы ондай елші болғанын ұмытып кетеді.
Бірақ осы елші хақында көне қытай жазбаларында қызық аңыз-әңгіме сақталыпты. Онда былай дейді: «Сібірде айдауда жүрген қытай елшісі оңтүстік жақтан ұшып келетін жыл құстарын ұстап алып, аяғына хат байлап ұшырып отырады. Осындай аяғына хат байланған жыл құсы егін суарып жүрген қытай шаруасының қолына түседі. Ол хат патшаға жетеді. Сөйтіп, бейбақ елші айдаудан құтылған-мыс».
****
Осы орайда, мына бір деректі айтпасқа болмайды. Ғұндармен ұзақ жыл соғысқан Хань империясының патшасы сарай ақылмандарын жиын алып ұлы кеңес ашады. Ортаға «Ғұндарға қарағанда біздің әскеріміз көп, байлығымыз ұшан-теңіз, соғыс жарағымыз қуатты, бірақ неге толық жеңіске жетпейміз?» деген сұрақ қойлып, оны жаппай талқылайды.
Аталмыш сұрақ бойынша ұзақ уақыт зерттеу жасаған қытайдың әскери – теоретигі Жау Сау атты шенеунік Хуан-диге былай деп баяндаған екен: «Біз ұзақ жыл ғұндармен соғыс жасадық. Бірақ жеңіске жетпедік. Даланың жабайы тұрғындары бізден жеңілмеді. Бұдан нендей ой түюге болады. Біз ғұндардан үш нәрседен кемшін және үш нәрседен артық екенміз. Ғұндардың бізден артықшылығы, біріншіден, олар суыққа өте төзімді, аштыққа аса шыдамды, ең бастысы тұмса табиғаттан ажырамаған. Олардың екінші артықшылығы – жылқылары. Ғұн аттары жорыққа бейім, тебіндеп жайылады, өз азығын өзі тауып жейді. Біздің жылқылар сияқты қолға қарап, жем күтіп тұрмайды. Ғұндардың үшінші артықшылығы – атты үсті сайысқа әбден жаттыққан. Әсіресе, мерген садақшылары аттың үстінде шауып келе жатып төрт бағытта бірдей оқ ата алады. Тіпті қашып бара жатып, артына бұрылып садақ тартқанда оғы мүлт кетпейді.
Ал біздің олардан артықшылығымыз, біріншіден, толық жарақты соғыс арбаларымыз бар әскеріміз олардан бірнеше есе көп, бірақ бұл арбалар жазық жерге арналған. Ғұндар тау-тасқа бекінген жағдайда пайдасы аз. Қару-жарағымыз қуатты, бірақ біздің мергендер жақын қашықтыққа атады, ғұндар алыстан атады. Біздің жеңе алмайтын себебіміз осы, депті.
****
Дәл осы жылдары қытайдың атақты Жан Сан атты саяхатшы – барлаушысы болғаны туралы Сыма Цянь жазбаларында айтылады. Осы адамды патша «батыста бізге пайдалы не бар екен, соны біліп кел!» барлауға аттандырады. Барлаушы оншақты жылдан кейін аман оралып, Хуандиге (патшаға) барып, есеп береді: «Ғұндардың батысында біз біле бермейтін үйсін, ферғана деген елдер бар екен. Олардың арғы жағында грек-бактрия қатарлы үлкен мемлекеттер орналасыпты. Бұлар біз сияқты отырықшы халық екен. Осыларды ғұндарға қарсы пайдалануға болатын сияқты. Әсіресе ферғаналықтардың жылқысы керемет екен. Олардың «аспан жылқысы» дейтін көліктерін көрдім. Бұл жылқылардың арғы тұқымы адам аяғы жетпейтін биік құздарды мекен етеді екен. Ферғаналықтар осы жабайы жылқыға қолға үйретілген ала биелерін жіберіп, тұқым алып отыр. Бізде осындай сапалы жылқыларға ие болсақ, ғұндарды жеңетініміз анық» дейді.
Осы әңгімеден кейін Хуандидың бар арманы аспан жылқысына қол жеткізу болады. Патша «аспан жылқысы қолыма түссе ғұндардың шат-шәлекейін шығаратынымыз анық» деп армандайды. Сөйтіп, әлгі елшіні «аспан жылқысын алып кел» деп мол дүние-мүлік беріп қайта жұмсайды.
Осы аралықта б.з.б 117 жылы тибеттер Хань патшасына қарсы көтеріліс жасайды. Хуанди тибеттердің бетін қайтару үшін жорық жасайды. Сөйтіп, ғұндар біраз уақыт тыныштықта болады.
Мына жақта тибеттермен соғысып әуре болап жатқан Хань патшасы осындай қысылтаяңда «ғұндар елді шаппасын» деген мақсатпен ежелгі «Тату көршілік» келісімді жаңғыртайық деп елші жібереді. Бұл елші алдындағы Сібірге айдалған әріптесінің кебін кимеу үшін, келген бетте, ғұн дәстүріне бас ұрып, иіліп сәлем салады.
Елшінің әрекеті тәңірқұтқа ұнап, оны ордасында қабылдайды да Хань патшасының өтінішіне мақұл болады. Сөйтіп, Ғұн ұлысы мен Хань патшалығы арасында уақытша тыныштық орнайды. Увэй тәңірқұт б.з.б. 105 жылы өмірден өтіп, оның тағына баласы Үшилү отырады.
Үшилү тәңірқұт
Көшпенді Ғұн ұлысының тағына жаңа патша отырғаны туралы хабар алған Хань патшасы Уди хуанди ежелгі жауы ғұндардың ішкі қайшылығын өршіту үшін жаңадан таққа отырған Үшилү тәңірқұтқа және дәл осындай сый-сияпатты ұлыстың батыс шебін басқарып отырған Жүки ноянға қатар жолдайды. Хуандидың мұндағы мақсаты «Жүки ноянға сенде «тәңірқұттан кем емессің» деген ишара танытып, ел ішіне ірткі салу әрекеті» деп жазады дәуір тарихшылары.
Мұндай арамзалықтың арғы мақсатын дереу түсінген Жүки ноян өзіне келген елшіні және ол әкелген аста-төк сый-сияпаттан бір сабақ жіп алмай, барлығын елтұтқасы Үшилү қағанға жіберіп, өзінің адалдығын әйгілейді. Ал Үшилү тәңірқұт болса Хань патшалығының елшісін аяғына кісен салып, мойнын ажырғылап зынданға тастайды. Бұл іс әрине Уди ханның ашуын тудырмай қайтсін. Бұл іс қытайлар үшін соғыс әрекеттерін қайта бастауға желеу еді. Дәл осы жылдары орасан жұт болып, ғұндардың жылқысы қырылады.
«Осындай қиын сәтте қытайдың бақ-дәулетіне, үлде мен бүлдесіне елігудің, талап алған тауарларды бөліп алуға ұмтылудың, олардың шарабына, тәттілері мен татымдыларына құмарлықтың зардабы біліне бастады. Қытайшылдар партиясының басшылығына шығыстың ұлы нояны келеді. Ол Қытайға жансызын жіберіп, тәңірқұтты өлтіріп, Қытай жағына өткісі келетінін, бірақ бұл жоспарын орындауға тек өзін қолдайтын әскер жіберілгеннен кейін ғана кірісетінін білдірді» деп жазады тарихшы Лев Гумилев.
Қытай патшасы ғұндардың сатқын нояндарын пайдаланып қалу үшін көкейдегі жорықтың базасы ретінде, құба түзден Шоусянь бекінісін тұрғызады. Б.з.б. 103 жылы көктемінде қолбасшы Понү 20 мың әскермен Ордостан шығады да, келісім бойынша сатқын шығыс ғұн нояндарымен ұштасу үшін келісілген мерзімде Сюньги тауына (Бэйшанда) келеді. Бірақ жоспар өзгереді. Шығыс ғұнның сатқын нояны әшкереленіп өлтірілген болып шығады.
Қытай қосыны іргеге келгені туралы хабар тапқан ғұндар қытай шеріктеріне қарсы аттанады. Тәңір сәтін салып, ғұн сарбаздары қытай жасағына тұтқиылдан түре тиісіп, ес жиғызбай топалаңын шығарады. Жеңіліс тапқан Жао Понү сардар тірі қалған шерігін жинап алып Шоусянь қорғанын паналайды.
Үшилү қаған өзі қосын бастап аттанып, қытай жасағы паналаған Шоусянь қорғанын қоршайды. Дәл осы кезде өлкені оба дерті жайлап, бұл пәлекет таққа отырғанына екі жылдың ғана жүзі болған Үшилү тәңірқұтты жұтып тынады. Б.з.б. 102 жылы оның тағына әкесінің інісі Гоулихү жайғасады. Бұл адамда немере інісі Үшилү сияқты қытайларды жек көретін тәңірқұт болды.