Ахметте адамзаттық деңгейдегі теория бар – ахметтанушы
Бөлісу
05.09.20255962
Бүгін – 5 қыркүйек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы датаға орай «Қазақстан тарихы» порталы өз оқырмандарына арнайы сұқбат ұсынады. YouTube арнамыздың қонағы – алаштанушы, ахметтанушы жас ғалым Әділет Ахметұлы. Әңгіме барысында Әділет мырза Ахметтануға келу жолын, сирек қорлардағы ізденістерін, Алаш қайраткерлерінің мұрасын түгендеу барысын, тапқан тың деректерін, Ахмет әліпбиінің өміршеңдігін және қазақ жазуының арғы-бергі тарихын тарқатты.
Жас зерттеушінің әңгімесі бала шақтан өзіне етене таныс төте жазудан, Қытай Халық Республикасындағы қазақ қауымы толыққанды білім алып, баспасөз-телерадио, құжат айналымын жүргізген әліпбиден басталды.
Кейін Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде оқып жүрген кезінде кітапханалардан ХХ ғасыр басындағы қазақ кітаптарына жолығады. «Сарғайған кітаптар мен ғалымдардың айтқандары екеуі бір сырды ашқандай болды… Сөйтіп, ғылыми түрде қарай бастаудың мүмкіндігі туды», – дейді ол.
Қазақстанға келген соң Әділет Ахметұлы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында жұмыс істеп, Сирек қолжазбалар қорындағы төте жазудағы түпнұсқаларға үңілген. Осы ізденіс кезінде ол Елдос Омарұлының, Халел Досмұхамедұлының, Әлихан Бөкейханұлының және өзге де Алаш қайраткерлерінің түпнұсқа мұраларын жинақтауға атсалысқан. «Елдос Омарұлының еңбектерін үш том қылып шығардық… Қазақстанға белгісіз, ұмытылып бара жатқан дүниелерді жарқ еткіздік», – дейді ол.
Зерттеуші Алаш мұрасын ақтаудан кейінгі қозғалыстың, беталыстың көңіл көншітетінін айта келіп, әлі де ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын зерттеу жұмысының жетерлік екенін жеткізді.
Ғасыр бойы іздеген «Әдебиет танытқыштың» соңғы бетін де Әділет Ахметұлы тауып алған. Ал «Шаруалық өзгеріс» — «Мәдениет тарихының» алғашқы тарауы болуы мүмкін екенін айтады ол. Ахметтің 50 жасқа толған мерейтойы кезінде Мұхтар Әуезов «Мәдениет тарихының» баспадан шыққанын айтып сүйіншілегенін де тілге тиек етті.
Ахмет Байтұрсынұлы өзі жайлы мәлімдемесінде 14-16 кітап жазғанын атап өтеді. зерттеушілер тізбектегенде 23-ке дейін жеткізген. Солардың ішінде ғалымдар іздеп жүрген «Әліппе астары» еңбегі де бар. «Мүмкін, “Баяншының” өзгерген атауы шығар… 1938 жылы Қытай қазақтарында “Әліппе астары” деген оқулық шыққан, мұны зерделегім келеді», – дейді Әділет.
Ахметте адамзаттық деңгейдегі теория бар екенін дәйектеген ахметтанушы: «Бір ғана Түркияда қырыққа жуық ахметтанушы бар. Анкарада Ахметтің ғажайып ескерткіші орнатылған. 1967 жылы Колумбия университетінде де Ахмет туралы еңбектер шықты. ЮНЕСКО деңгейінде мерейтой аталып өтуі – соның айғағы», – дейді.
Бүгінде түркология бойынша докторантурада оқитын спикерімізден төте жазуға дейінгі ата-бабамыз қолданған жазулардың тарихын сұраудың сәті де болды. Ол қазақ (түркі) жазуының тамырын тым тереңге – 2500 жылға шегере қарауды ұсынады. Түрік қағанаты дәуіріндегі руналық жазудан кейін Ұйғыр қағанаты тұсында соғды негізді жазуға ауысу, Шыңғыс хан заманында сол дәстүрдің жалғасуы туралы да нақты мысалдар айтылады.
Сұқбат соңында зерттеуші Ахмет мұрасын игеруде формадан мазмұнға көшу қажеттігін баса айтты: «Іс-шараның көбейгені жақсы, бірақ науқаншылдыққа айналмауы тиіс… Ахметтің “Қырық мысалын” мультфильмдерге арқау етуден бастап, еңбектері медицина, техника, тілтаным – барлығы сала-сала бойынша зерттеліп, оқулықтарға енуі керек», – дейді ол.
P.S. Толық сұқбатты «Қазақстан тарихы» порталының YouTube арнасынан көре аласыз.