Торғайдағы мұсылманша оқу жайы

Бөлісу

08.09.2025 5370

Міржақып Дулатұлының 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Торғайдағы мұсылманша оқу» мақаласында «Мұнан 20 жыл бұрын, Ильминский шәкірті Алекторов Торғай облысында инспектор болып тұрған заманда, рұқсатсыз медресе аштың деп Байту молда мен Бейіс хазіретті сотқа беріп, медреселерін жапқанын Торғай қазағы әлі ұмытқан жоқ шығар. Сонан бері Торғайда мұсылманша оқу үзілген емес» деген жолдар бар. Торғай топырағында ғана емес жалпы қазақ даласына танылып, Ислам дінінің өркендеуіне, халықтың өз заманына сай білімді болуына үлес қосқан Байту мен Бейіс жайлы қазір көп айтыла бермейді. Шын мәнісінде осы бір қайраткер жандардың өмір жолын қараған адам Торғай өңіріндегі мұсылманша оқудың тарихына да біршама қанық болар еді...


Байту молданың ағартушылық қызметі 

Асанұлы Байту молда 1840 жылы Торғайдың Шұбалаң деп аталатын қоныста дүниеге келген. Ірі қалалардан шалғай жатқан Торғай өңірінде Байту оқи қоятындай жоғары оқу орындары бола қойған жоқ.1880 жылға дейін бірнеше болыстық халқы бар Торғай уезінде медресе де болмады. Тек қана 1864 жылы Ы.Алтынсарин ашқан мектепте қосымша дін сабағы жүргізілді. Осы себепті де елдің мұсылманша оқимын дегендері Бұхара, Ташкент, Самарқанға, орысша оқимын дегендері Орынбор, Уфа, Қазан мен Тройцкі қалаларына барып білім алған. Жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан Байту да  өзінің білімін жетілдіру үшін Тройцкі қаласына барып оқиды. Тройцк қаласындағы ең атақты Расулия» медресесі 1883 жылы ғана ашылған еді. Байтудың медреседе оқыған уақыты жас шағына келетіндіктен біз оны  «Мұхамадияда» оқып, білім алды ма деп топшылаймыз. Діни білімін көтеріп, елге оралған Байту молда өзі туған Шұбалаң болысының жарлықпен бекітілген молдасы болды. Өзіне қарасты Шұбалаң болысынан мешіт пен медресе салып, бірнеше жыл бойы бала оқытады. Бірақ патша үкіметінің қазақты бодандықта ұстап, тілі мен дінін ұмыттыру үшін жүргізген саясаты Байту секілді дін қайраткерлерінің ісіне кедергі келтіріп, мешіт пен медреселердің, қазақ мектептерінің жұмысының өркендеуіне, өріс алуына мүмкіндік бермеді. Оған Байту қызмет атқарған Торғай өңірінен-ақ бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, 1883 жылы Торғай уезінің Наурызым болысынан Өтеубаев Хұсайын атты азамат өз қаржысына мешіт салу жөнінде Торғай облысы генерал-губернаторына арыз берген. Тәртіп бойынша Өтеубаевтың арызы Ішкі істер министрлігіне жолданған. Бұл өтінішке Ішкі істер министрі граф Д.А.Толстой 1883 жылы желтоқсанның 7-дегі №5831 қатынас арқылы «...в виду постоянного стремления правительства к ограничению дальнейшего развития исламизма среди киргизов, находят построение для них новых мечетей нежелательным», – деп жауап қайтарады. Ал Торғай облысы генерал-губернаторы Я.Ф.Барабаш өзінің 1891 жылғы есебінде «жалпы мұсылман оқу орындары деп аталатын медресе, мектеп дегендер орыс көзқарасымен қарағанда зиянды, қажеті жоқ» деп мәлімдеді. Ресейдің ішкі істер министрлігіне қарасты дін істері департаментінің 1883 жылғы 7 желтоқсандағы № 5831 және 1895 жылғы 10 ақпандағы № 6500 қатынасы бойынша бір болыста бір мешіттен артық болмауы керек деген нұсқауын Торғай облысының басшылығы өте қатаң сақтады. Байту Асанұлы осы бір қиын тұста өзінің Ислам дінін таратып, елге ізгілік жолын нұсқаған қайраткерлігі үшін қуғынға ұшырай бастайды. 1894 жылы Торғайдағы дәулеті байлар мен татар саудагерлерінің күшімен салынған мешітке бас имам болып сайланған Байту білім аламын деген жастарды өз үйіне жатқызып, оларды тегін оқытып жүргені үшін патша үкіметі шенеуніктерінің қырын ілігеді. Ақыры 1899 жылы Торғай уезінің басшысының көмекшісі Байту Асановтың үстінен хаттама жасап, өз үйінде медресе ашты деп ісін сотқа тапсырады. Архив құжаттарында аталған уақытта Байтудың медресесінде 8 оқушы білім алып жатқаны және олардың ешбірінің орыс тілінде білмейтіндігі атап көрсетіліпті (РГИА. Ф. 821. Оп. 8. Д. 631. Л.137). Арада бірнеше жыл өткенде, 1902 жылы Торғайдағы медресе өз жұмысын қайта бастады. Бірақ Торғай облысының мектеп инспекторы Алекторовтың араласуымен Байту Асанов пен Бейіс Мыңбаев тағы да сотқа тартылды. Бұл ел басындағы көзі ашық, халықты ойлаған азаматтардың қарсылығын тудырып, олар қазақ балаларына діни білім беретін медресені заңды жолмен, үкіметтің рұқсатымен ашуды ойластыра бастайды.

Байту Асанұлының құлыптасы. Торғай.

1902 жылдың 10 маусым күні  Торғай уезіне қарасты Шұбалаң болысында құрылтай өткізіліп, медресе ашу туралы шешім қабылданды. Сенімді өкіл болып Әбен Нұрмұхамедұлы сайланып, оның атынан Торғай облысының генерал-губернаторына өтініш жазылды. Бірақ Ислам дінінің қазақ арасында өркендеуіне барынша қарсы болған патша үкіметінің өкілдері бұл істі созбұйдаға салып, медресе ашу жұмысы бірнеше жылға созылған. Губернатордың рұқсатынан бөлек, медресеге арналған үй-жай, онда сабақ беретін оқытушылардың жалақасы деген сияқты мәселелер тұрды. Қашаннан дін жолына берілген Байту осы тұста Торғай қаласындағы екі бірдей үйін медресе ғимараты үшін деп сыйға тартады.

Медресе ашу жұмысы созыла берген соң, Шұбалаң болысының өкілдері 1904 жылы маусым айында Жалғызқұдық деген жерде қайтадан құрылтай өткізеді. Шұбалаң болысының барлық ауылдарынан жиналған 22 өкіл медресенің жанынан орыс сыныбын ашу туралы шешім қабылдап, оның қаржылық мәселесін шешуді болыс басқарушы Смағұл Төке баласына тапсырады. Міне, осындай қиындықпен, бірнеше жылға созылған қуғынмен ашылған медресе 1905 жылы оқытуды бастайды. Медресенің меңгерушісі болып Байту молда, оқытушы мұғалімдері болып Латып Байтуұлы мен Бейіс Мыңбаев бекітілген.

Торғайдағы медреседе мұсылманша оқумен бірге жаңа заманға сай өнер-білім, оқу-ғылымды үйретуге бейім болды. Бейіс хазіретпен бірге Байтудың балалары Латып, Салықтар дін оқуын оқытса, Есенғазы Бабин, Кәрім Тоқтабаев, Таран Беркімбаев секілді ұстаздар орыс тілін үйреткен. Байту мен Бейіс медресе шәкірттерін басқа қалаларға, тәпті басқа мемлекеттерге оқуға жіберіп отырған. Мұны олар алдымен өз маңайындағы жақындарынан бастап, Салық Байтуұлы Тройцкідегі Расулия медресесінде оқыса, Мырза Бейісұлы Стамбулға барып діни білім алады. Таза, кең, жақсы етіп салынған Торғай медресесі осы Байту молда мен Бейіс хазіреттің еңбегінің арқасында біршама елге танылып, жақсы жұмыс атқарған. Байтудың атқарған еңбектері туралы «Айқап» журналының 1912 жылғы 12 санында Досжан Тоқтабайұлының мақаласында біршама атап өтілген.

Торғайдағы дін ғылым жолында аянбай еңбек етіп, сол үшін қанша рет қуғынға ұшыраған Байту Асанұлы 1912 жылы дүние салды. Байту молданың артында қалған кітаптары мен жазбаларын Әбжамал деген кісі алған екен. Әбжамалдан кейін Арыстанбек молда иелік еткен. Арыстанбек өмірден өтерінде ұрпақтарына «менiң кiтаптарымды бiреу сұраса, берiңдер. Ешкiм сұрамаса, зиратымның басына апарып, өзiммен бiрге көмiңдер» деп аманаттап тапсырған. Молда өмірден өткен сәтінде оның кітаптарын сұрай қойған ешкім болмаған. Арыстанбекпен бірге көмілген кітаптарды белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлы ұрпақтарының келісімімен 21 жыл өткен соң қазып алды. Қазба барысында 50-ден артық құнды кітаптар шыққан. Негізінен Ислам философиясына, арап тілі мен мәдениетіне қатысты еңбектер мен Құранның түрлі басылымдары, хадистер жазылған еңбектер. Көпшілігі жер астында ұзақ жатқандықтан бүлінген соң, қайта көмілген. Пайдалануға келетіндерін Сейіт ағамыз «Отырар кітапханасы» және Астанадағы ҚҚ Президенттік мәдениет орталығының сирек кітаптар қорына тапсырған. Мысыр, Бағдат, Қазан, Уфа қалаларынан басылып шыққан бұл кітаптардың арасында Байту молданың өзінің қолданған еңбектері болуы да әбден мүмкін.

Байту өмірден өтерінен бір жыл бұрын медресе басшылығына Салық атты баласы сайланған. Оның жұмысына Бейіс хазірет көп көмегін тигізіп, дін оқуының тоқталмауына ықпал етеді. Салықтың Торғай медресесі жайлы жазған бір хабарламасы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 51 санында жарық көрген. Хабарламада медреседегі мәуліт мейрамының қалай өткені мен оқу орнына көрсетілген көмек жайлы айтылған.

1916 жылғы қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы маусым жарлығы шыққан Салық пен Бейіс хазірет қамауға алынады. Бұл турасында Қайралапов Ханзада мен Сегізбаев Кәкімжанның «Арғын сарбазы» атты естелігінде былай деп жазылған: «Ақтүбекте жатқанымызда қаладан уез шенеуніктері Торғайға даңқы шыққан Бейіс молданы елді дін жолымен қорқытып, көндіру үшін бізге жұмсайды. Бұл Бейіс Арғынның атақты молдасы. Мұны алғашқы кезде шенеуніктер қазақтан қауіптеніп тұтқынға алған. Мұны тұтқыннан шығарып бізге жіберіпті. Бейіс жанында бір кісісі бар. Ақтүбекте жатқан бізге келіп дін жолымен үгіт айтты» (ҚР ОММ. 427-қ. 1-т. 167-іс. 96-112 п.). Бейіс пен Салықтың көтеріліс кезіндегі іс-әрекеттері туралы Ғаббас Саламатұлының естелігі мен халық ақыны Н.Ахметбековтің «Амангелді» дастанында да деректер кездеседі.

1917 жылғы төңкерістен кейін бостандыққа шыққан Салық пен Бейіс күйзелген халықтың шаруашылығын қалпына келтіру, денсаулық сақтау, оқу ісі, жер мәселесі секілді жұмыстарға белсене ат салысады. Олар Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дуатұлы, Омар Алмасов секілді алаш арыстарымен бірге жергілікті өзін өзі басқару органын – Земствоның құруға қатысып, 1917 жылдың қазан айында өткен жиында Бейіс 2-ші Наурызым болысынан, Салық Торғай қаласынан гласный болып сайланады. Бұл қазақ даласында құрылған ең алғашқы земство мекемесі еді. Қазанның 16-21 күндері өткен Торғай уездік земствосының жиылысында жалпы саны 21 мәселе қарастырылды. Земствоның басшылары мен мүшелері сайланды. Бейіс ел сенген адал адам ретінде Земство мекемесінен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын тексеретін ревизия комиссиясының құрамына енгізілді. Осы жиында дін мәселесі де қарастырылып мүфтилікке Тобылов Сәтмұхамед молданы сайлайды.

Жүсіп Темірбеков және Торғайдағы діни қайраткерлердің қуғындалуы

«Бейіс хазірет арабиатқа жетік бір әлем екенін іңкәр етеміз» деген Міржақып өз мақаласында оның хадымша оқығанымен, заманаға муафиқ өнер-білімге қарсылығы жоқтығын да атап көрсеткені белгілі. Оның дәлелі ретінде Торғайдағы медреседен білім дарынды шәкірттердің бірі  Жүсіп Темірбеков (1889 – 1931) «Айқап» журналының шығуына ат салысқан көрнекті азамат болып шыққанын айтуға болады. Жүсіп Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин секілді алаш азаматтарымен сыйлас, аралас болған жан. Торғайдағы медреседен кейін, Тройцкіге оқуын жалғастырып, С.Торайғыровпен бірге оқыған. Оқудан кейін Торғайға қайта оралып, өзі оқыған медреседе ұстаздық жасаған Жүсіп Омар Алмасов, Байқадам Қаралдиндермен бірге театр үйірмесін құрып, орыс тіліндегі шығармаларды аударып сахналаған. “Қазақ” газетінің 1916 жылғы 166-шы санында жарық көрген “Торғайда әдебиет кеші” атты мақалада Жүсіптің “қазақ тұрмысынан Торғайдың оқыған жастарының бірі жазған бір перделік пьесада” Қарақожаның рөлін ойнағаны, кештің екінші бөлімінде декламацияға шығып “Таза бұлақты” оқығаны жазылыпты. Жүсіп халық әртісі С.Қожамқұловтың жездесі. Серәлінің театр өнеріне деген қызығушылығы Торғайға апа-жездесінің үйіне келіп жүргенде оянғаны жайында Д.Байқадамованың естеліктерінде жазылған. Жүсіп Байту мен Бейістен алған дін сабағын да ұмытпай, 1915 жылы «Иман Итиқад» деген кітап шығарады. Бұл медресе оқып жүрген шәкірттерге арналған алғашқы ғылымхал кітабы еді.  Жүсіп “Иман Итқадты” шығармас бұрын, “Қазақ” газетінің редакциясына хат жазып, біршама ақылдасқан. Олар кітапты бастырып шығарға қандай баспаханаларда арнаулы әріптер барын көрсетіп, нұсқау жасайды. «Иман Итиқад» «Үміт» баспаханасынан шыққан. Бұл ірі қалалардан алыс жатқан Торғайдағы медреседе жинаған тәжірибе негізінде жазылған, діни оқу орындарына  арналған шариғат нұсқаулығы болды. Кітаптың «Қазақ» газетінде шыққан жарнамасында «Тілі таза қазақша, емлесі түзу. Мағынасы усулі-тағлим жағынан балалардың аңғаруына жатық» деп жазылған («Қазақ», №115, 31.03.1915 жыл).

Жүсіп ірі медреселерге оқуға түсу үшін шәкірттерді де жеке оқытып, даярлаған ұстаз. Ол әдебиет, жағрапия, тарих, арап әдебиеті т.б. пәндерден дәріс берген. Медреседе ұстаздарының ішінде Жүсіпке ерекше тоқталып жатқанымыздың тағы бір себебі – ол ұстазы Бейіс молдамен бірге «Қамқор» атты ұйым құрған. Ақпан төңкерісінен кейін құрылған бұл ұйым халықты уақытша үкіметтің саясатымен таныстырып, қазақ жастарын оқу-білімге үндеу, оларды керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, қазақ арасында театр өнерін дамыту, газет-журнал шығару ісін қолға алу, әйел теңдігін жүзеге асыру секілді міндеттерді жүзеге асыруды мақсат етті. Ұйымның басшысы – Бейіс, хатшысы Жүсіп болып сайланған. Өкінішке қарай аталған ұйымның мүшелері қазақ ұлтшылдарына саналып, контрреволюциялық ұйым санатына жатқызылды. 

Жүсіп Темірбеков шығарған еңбек 

Бейіс Мыңбайұлы 1919 жылы 59 жасында өмірден өткен. Бейіс өмірден өткеннен кейін Торғайдағы медресе де өз жұмысын тоқтатты. Бірақ Байту мен Бейіс салған ізгі жол дінге тиым салынған 30-шы жылдарға дейін үзілмей жалғасып келді. 1922 жылы Торғайда дін мекемесі ашылып, Нәуен хазірет мұхтасиф болып сайланды. 1925 жылдан бастап 1929 жылға дейін Әлмағамбет Оспанұлы басқарды. Олардың қарауында 54 мешіт-медресе болған. 1929 жылдан бастап аталған мешіттердің бәрі жабылып, дін өкілдері қуғын-сүргінге ұшырай бастады. Патша заманында миссионер Ильминскийдің шәкірттері қудалаған дін қайраткерлерін Кеңес үкіметі де аямады. Бейіс хазіреттің Стамбулға барып білім алған Мырза атты баласы 1930 жылы 16 сәуір күні ұсталып,  18 тамыз күні ату жазасына кесілді. Байту мен Бейістен тәлім алған Таласбай Жүзбайұлы 5 жылға Сібірге айдалды, Арыстанбек молда 10 жылға қамалса, Қапыш молда 1928 жылы тәркілеуге ұшырап, 1937 жылы «халық жауы» болып сотталып кетті. Бұл Торғайдағы дін қайраткерлері көрген азапты өмірдің шет жағасы ғана. Дегенмен қанша қуғын-сүргінге түссе де қаулаған оттың ортасынан аман қалғандары 1980-90-шы жылдарға дейін келіп, ел арасындағы ізгілікті жолды сақтап, иманның ұйытқысы бола білді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі елімізде алғашқы салынған мешітте Торғайда бой көтерді. 1992 жылы салынып біткен мешіттің ашылу салтанатына бас мүфти Рәтбек қажы, Халифа Алтай бастаған еліміздің белгілі дін қайраткерлері қатысты. Ғазиз қажы Әмірхановтың бастауымен мешітте өңірдегі имамдар мен діни қызметкерлерді даярлайтын медресе ашылды. Осы медреседе білім алған шәкірттер  белгілі  тұлғаларға айналып, еліміздегі діннің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Қазіргі кезде Торғайда Ғазиз қажының атындағы медресе жұмыс істейді. Міржақыпша айтсақ «Торғайда мұсылманша оқу үзілген емес».

САҒЫНТАЕВ БАТЫРЛАН

Өлкетанушы, 
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі 

Бөлісу