Ядролық қарудан бас тартқан елдер

Бөлісу

29.08.2025 6429

Әлем тарихында ядролық қаруға қол жеткізіп, кейін одан ерікті түрде бас тартқан мемлекеттер бар. Бұл – сирек кездесетін, бірақ бүкіл адамзат үшін аса маңызды қадам. Қазақстан да солардың қатарында. Дәл осы қазақ жері жарты ғасыр бойы ядролық сынақтың қасіретін тартты. Семей полигонында 470 ядролық жарылыс жасалып, қасиетті дала 50 жыл бойы дүр сілкінді. Мыңдаған адам денсаулықтан айырылып, ұрпаққа ауыр зардап қалды. Дегенмен 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын біржола жабылды. 


ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қару ұстау «үлкен державалардың символы» саналғанымен, бірқатар елдер бұл жолдан саналы түрде бас тартты. Оңтүстік Африка – ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды. 1980-жылдары бұл ел алты ядролық бомба жасап үлгергенімен, 1989 жылы апартеид кезеңінің аяқталуына жақындағанда, үкімет қаруды түгел жойып, ядролық бағдарламаны тоқтатты. 1991 жылы Оңтүстік Африка Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (NPT) қосылып, Африка құрлығында бейбіт миссияның бастамашысына айналды. Кейіннен бұл қадам елдің халықаралық беделін арттырып, аймақтағы ядролық қарусыздану бастамаларына серпін берді. Оңтүстік Африканың үлгісі – ядролық қарудан бас тарту тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекет үшін жаңа дипломатиялық мүмкіндіктер ашатынын айқын көрсетті.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі үш мемлекет – Қазақстан, Беларусь және Украина – ядролық қарусыздану тарихында ерекше орын алады. 1991 жылы бұл елдердің аумағында әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірі орналасты. Мәселен, Қазақстанның өзінде ғана 1 400-ден астам стратегиялық ядролық оқтұмсық, ал Украина аумағында шамамен 1 900-ге жуық стратегиялық қару және жүздеген тактикалық ядролық қару болды. Беларусь жерінде де елеулі көлемдегі ядролық қару орналасқан еді. Осылайша, Кеңес Одағы құлаған сәтте бұл үш мемлекет Ресей мен АҚШ-пен қатар, ядролық қару қоры жөнінен әлемнің алдыңғы қатарынан табылды. Алайда аталған мемлекеттер ядролық қаруды өздерінде сақтап қалуды емес, оны Ресейге қайтарып беріп, ядролық қарусыз мемлекет мәртебесін алуды таңдады. Бұл шешім халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, олардың тәуелсіз мемлекет ретінде бейбіт даму бағытын таңдауына да айқын дәлел болды.

1994 жылы үш мемлекет АҚШ, Ұлыбритания және Ресей қол қойған Будапешт меморандумына қосылды. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан, Беларусь және Украина ядролық қарудан толық бас тартты, ал ядролық державалар олардың тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына халықаралық кепілдік берді.

Қазақстан бұл қадамды ерекше тарихи жағдайда жасады. 1991 жылы 29 тамызда Тәуелсіздік әлі ресми жарияланбай тұрып, Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылданды. Кейін ел аумағындағы барлық ядролық қару жойылып, тиісті инфрақұрылым бөлшектелді. Қазақстанның бұл бастамасы халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, ел жаһандық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы ретінде танылды. Беларусь 1996 жылға дейін өз аумағындағы барлық ядролық қаруларды Ресейге қайтарып берді. Ал Украина болса 1994 жылы ядролық арсеналдан бас тарту жөнінде шешім қабылдап, қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Сол кездегі ядролық әлеуеті бойынша әлемде үшінші орында тұрған мемлекет үшін бұл оңай таңдау емес еді. Алайда бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастықты жоғары қоя отырып, Украина ядролық қарудан ерікті түрде бас тартты. Осы үш мемлекеттің шешімі әлемдік қауымдастық тарапынан ерекше бағаланды. Олар өз таңдаулары арқылы ядролық қарусызданудың мүмкін екенін дәлелдеп, бейбітшілікті таңдаудың өркениетті үлгісін көрсетті.

Ливия да ядролық қарудан бас тарту тәжірибесінде айрықша орын алады. 2003 жылы Муаммар Каддафи билігі тұсында бұл ел өз еркімен ядролық қару бағдарламасын тоқтатып, халықаралық қауымдастықпен келісімге келді. Негізгі себеп ұзақ жылдар бойы жалғасқан экономикалық санкциялар мен саяси оқшаулауды жеңілдету болатын. 

Ливияның ядролық бағдарламасы әлі толыққанды қару деңгейіне жетпеген еді, алайда елде уран байыту жұмыстары жүргізіліп, шетелден алынған жабдықтар мен компоненттер сақталған болатын. Каддафи билігі бұл бағдарламаны тоқтату арқылы БҰҰ мен Батыс мемлекеттерінің қысымынан құтылуға, ел экономикасын ашуға ұмтылды. Қарусыздану нәтижесінде Ливия халықаралық бақылаушыларды шақырып, ядролық материалдар мен жабдықтарды АҚШ пен Ұлыбританияның көмегімен елден шығарып жіберді. Бұл қадам әлемдік саясатта оң қабылданып, Ливияны бейбіт келіссөздер жолын таңдаған мемлекет ретінде көрсетті.

Бразилия мен Аргентина Латын Америкасында ядролық қару жасауға талпынған мемлекеттер болды. 1970–1980 жылдары екі ел де әскери бағдарламаға қомақты қаражат бөлгенімен, саяси өзгерістер мен қоғамның қысымы олардың бағытын өзгертті. Соңында екі мемлекет те ядролық қарудан бас тартып, 1991 жылы Латын Америкасы мен Кариб бассейні аймағын ядролық қарудан азат ету туралы Тлателолко шартына қосылды. 

Осылайша, бұл елдер ядролық емес мәртебесін заңды түрде бекітіп қана қоймай, бейбіт атом энергетикасын, ғылым мен технологияны дамытуға бет бұрды. Мұндай шешімдер халықаралық қауіпсіздікке қосылған үлес қана емес, сонымен қатар ядролық қаруды иеленбей-ақ дамудың мүмкін екенін көрсеткен маңызды тарихи тәжірибе болды.

Бөлісу