Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Атаулы тарихи күнді Қазақстанның бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар ұйымы тағайындаған, деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай X әлеуметтік желісінде үндеу жариялап, бейбітшілікті нығайту мен ядролық қарудан бас тартудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекітті. Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті. Мұндай қасірет қайталанбауға тиіс. Біз кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бейбітшілікті нығайтып, халықаралық әріптестікті дамыта түсуіміз керек. Ядролық қарудан және сынақтардан біржола бас тартуға күш салуымыз қажет. Бейбітшілік пен қауіпсіздік – бүкіл адамзатқа ортақ ең басты құндылықтар», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айталық, 2009 жылғы 18 маусымда Семей ядролық полигонындағы сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада, сонымен қатар сол жылғы 1 шілдеде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылардың III Съезінің ашылуында ҚР Президенті 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы бастама көтерді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның антиядролық саясаты
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің қиратушы күші бойынша Кеңес Одағынан мұраға қалған әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартты және 1991 жылғы 29 тамызда ірі Семей ядролық сынақ полигонын жапты, бұл таратпау режимін нығайтуға қосқан ең маңызды үлес болды.
Ұзақ келісу процесінің нәтижесінде БҰҰ БА бірінші комитетінің қарауына «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» Қарарының жобасы енгізілді. Қарардың тең авторлары 26 мемлекет болды.