Қазақ конституциясының алғашқы үні

Бөлісу

29.08.2025 6692

1911 жылы Әлихан Бөкейхан демеуімен Барлыбек Сырттанұлы «Қазақ елінің Уставы» атты тарихи конституциялық жобаcын  жазды. Бұл бодан болған халықтың болашаққа құрған жарқын үміті, келешектегі мемлекет құруға ұзақ жолдық  жоспар еді. Ғалымдар «Қазақ елінің Уставы»-ның жазылу тарихи яки бұл уставтың негіздемесі жайлы екұдай пікір айтады. 


Дегенмен, Барлыбек Сырттанұлы 1914 жылы қайтыс болғанда, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне жазған қазанамасында: «1890-ншы жылы мен Петроград барғанымда Барлыбек Петроград университетін бітірген еді. Барлыбек сол жылы жолдасы Ғабдолла Теміровпен (осы күні Тобол окружной сотында шілен) Петроградта тұрып қалды. Онда мен оқу қуалап анда-санда болмаса, жақындасқан іс қылғанда белгілі болады... Кешегі бұлт айығып, күн шыққан заманда ұялшақ қыз мінезді Барлыбек жұртым деп іске кіріп орнынан шықты:

Алдың жалын, артың мұз,

Барар едің қай жаққа.

1910–11-нші жылдары Жетісу қазағының жеріне қам қылам деп Барлыбек Петроградта бірнеше ай жатты. Мінезі: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға» еді. Бұл жолы көп сөйлесіп, Барлыбек мінезімен жақсы ашықа болып едім. Ақ көңіл, қыз мінезді көріп едім.», - деп саясаткер болмысын саралай түседі. Сондай-ақ, Ә.Бөкейхан Жетісудағы жер мәселесін Барлыбекпен талқалай отырып, «1911-нші жылы жазғытұры Петроградта тағы да өстіп іс қылмақ болып құшақтасып-сүйісіп айырылып едік, үш жылда мұндай болмақ ойда жоқ еді», - деп, жер мәселесінен бөлек, тағы да қандай жобаларды талқылағанын ашып жазбайды. Дегенмен, Петербор қаласында қос саясаткердің қазақ халқының келешегі, егемендік мәселесін, оның конституциясын ашық талқыға салғаны анық. 

Барлыбек Сырттанұлы жазған  «Қазақ елінің Уставы» атты тарихи конституциялық жоба 4 бөлім, 28 баптан тұрды. «Қазақ елінің уставы» – қазақ халқының құқықтық ой тарихындағы алғашқы конституциялық жоба, ол ұлттық дәстүр мен әлемдік демократиялық құндылықтардың тоғысқан, уставдағы тараулар мен әр бап батыс үлгісіне негізделіп жасалған. Мысалы,  «І. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» деген тараудың 3 бабында «Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.», - дейді. «Доминион» сөзі сол тұста Британ империясындағы Австралия, Жаңа Зеландия секілді өзін-өзі басқаратын отарлардың саяси мәртебесін білдіретін ұғым еді. Яғни сыртқы саясатта метрополиямен байланыс сақталып, ішкі басқаруды өз қолында сақтауды мақсұт тұтады. Бұл тұжырым Британ доминиондары моделіне айқын ұқсайды.

Уставта Президентті 4 жылға сайлауды бекітеді (4-5-баптар). Дәл осындай ұзақтық АҚШ Конституциясына негізделгені анық. Сондай-ақ Устав билікті заң шығарушы–атқарушы–сот болып айқын бөледі. Бұл да америкалық конституционализмнің өзегі. 

Уставта Президентті Ұлт мәжілісі сайлайды. Бұл парламент сайлайтын президент моделі. Францияның 1875 жылғы конституциялық заңдары кезінде Президентті екі палата бірігіп 7 жылға сайлаған). Яғни, ұқсастығы жанама (парламент арқылы) сайлау өтеді. Тек Францияда президентті 7 жылға сайласа, Барлыбек қазақ елінде президентті 4 жылға, екі рет қана сайлауға түсуді ұсынған. 

Устав «присяжный сотын» (алқабилер соты) 7 кісіден деп жазады. «Присяжный» ұғымы мен алқабилер институты Ресейде 1864 жылғы сот реформасымен орныққан. Барлыбектің құқықтық тілінде орыс заңнамасынан енген терминдер мен институттар (алқаби, процессуалдық кепілдіктер) көрінеді. Уставтағы «хат-хабарды сот рұқсатынсыз ашуға болмайды» деген нормалар да құқықтық мемлекет қағидаттарымен үндес.

Ел Парламентін «Мәжіліс» деп атауы парсы-араб «majlis/meclis» сөзінен (Иран 1906 жылы Конституциясындағы Majlis, Османлы Meclis-i Mebusan). Бұл терминологиялық һәм мәдени ортақтық ұстаным еді. 

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді дала заңдары – әдет-ғұрып жинағы (хан билігі, ру-тайпа құрылымы), конституция емес. Устав – жазбаша конституциялық акт, билік тармақтарын және азамат құқығын жүйелі бекітеді. Жоғарыда аталған дала заңдары шариғатпен және әдет-ғұрыппен араласса, устав зайырлы-құқықтық тілде жазылған. 

Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің Уставы» батыс үлгісіне негізделген. Британдық доминион тұжырымы (сыртқы мәртебе), америкалық 4 жылдық мерзім мен классикалық билікті бөлу, еуропалық парламент сайлайтын Президент моделі және ресейлік алқабилер тәжірибесін қазақтың тарихи-құқықтық дүниетанымымен ұштастырған. Ол әдет-ғұрып заңынан принциптік түрде конституциялық құқыққа өтудің жобасын жасады. Бүгінгі Конституциямен құқықтар каталогы мен билік тармақтары жөнінен сабақтасады. Сонымен бірге, Сырттанұлы бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты қазақтың дәстүрлі заңдық тәжірибесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Мысалы, жерге иелік ету, қоғамдық келісім, билік пен жауапкершіліктің халыққа тиесілі болуы сияқты баптарда ұлттық құқықтық дәстүрдің ізі байқалады. Алайда басты айырмашылық – оның құжаты заманауи ұлттық мемлекеттілікті құруға бағытталған алғашқы құқықтық тұжырым болды. Ол бұрынғыдай тек әдет-ғұрыпқа сүйенбей, конституциялық мемлекет үлгісін таңдады.

Дегенмен,  «Қазақ елінің Уставын» сыни тұрғыдан қарастырғанда бірнеше маңызды жайттарды байқауға болады. Ең алдымен, жоба өзінің мазмұны мен құрылымында демократиялық қағидаттарға негізделгенімен, қазақ қоғамының сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мұндай жүйені толық қабылдауға дайын емес еді. Құқықтық тұрғыдан алғанда, құжат батыстық конституциялық үлгілерді үлгі тұтқанымен, оны іске асыруға қажетті саяси-құқықтық институттар қазақ даласында қалыптаспады. Мемлекеттік тәжірибе тұрғысынан да құжаттың практикалық жүзеге асуы мүмкін болмады, себебі сол кезеңде патша үкіметінің озбырылық саясаты, қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелер оған толық мүмкіндік бермеді. Осы тұрғыдан алғанда, Барлыбек Сырттанұлының жобасы нақты құқықтық актіге айнала алмағанымен, ұлттық құқықтық ойдың биік жетістігі әрі келешек тәуелсіз мемлекеттің идеялық негізін қалаған бағдарлы құжат ретінде бағаланады.

Бөлісу