«Мағауиннен кейін қазақ тарихын жүйелейтін адам болған жоқ»
Бөлісу
02.09.20256453
«Қазақстан тарихы» порталының YouTube арнасына сұқбат берген тарихшы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы тарих ғылымының ақсап тұрған тұстарына тоқтала келіп, өзге елдердің тәжірибесін мысал ретінде атап өтті.
Тарихшының айтуынша, біздің елде тарихты жазудың ұлттық ұстанымы әлі қалыптаспаған. Тарихнама мен деректанудың өзінің ара-жігі анық айқындалмаған.
«Тарихнама, деректану ғылым ретінде Еуропада XVIII ғасырдың басында, Ресейде XIX ғасырдың орта кезінде, ал Қытайда ерте қалыптасқан. Қытайда «24 тарихты» жазу ұрпақтан-ұрпаққа, хандықтан хандыққа дәстүр ретінде жалғасты. Сыма Цяньды (司马迁) Қытай тарихнамасының атасы ретінде қарайды. Соның анау жасап кеткен тарихты қалай жазу, қалай жүйелеу, болған оқиғаларға қандай принциппен қарау деген методикасы кейінгі тарихшыларға әсер етіп отырды. Чин Шыхуаң (秦始皇) бүкіл тарих кітабын өртеп жіберді емес пе?! Сөйтіп Сыма Цянь өзіне дейінгі кезеңнің тарихын жүйелеп, жалпы тарих ретінде бір түйіп тастады. Ал кейінгілер жалпы тарихты жазған жоқ. Олар өздері өмір сүрген кезеңдегі хандықтардың тарихын, бір-бір династияның тарихын жазып отырды. Мұрагерлік дәстүр қалыптасқан. Бұлардың қажырлылығы, шөгелдігі де бір-біріне жұққан. Өзін құрбан беру рухымен отырады бұлар. Бүгін де сол рух жалғасуда. Ал оның мемлекеттік ұстанымы, көзқарасы бүгінгі уақытқа дейін жалғасып отыр. Қазіргі коммунистік Қытайдың, Тайванның және шетелдегі қытай тарихшыларының ұстанымы сол тарихи ұстаныммен сабақтас. Жалпы өздері туралы және бұратана халықтар туралы, имперлік мақсат-мүдделері негізінен ұқсайды. Тарихты сол имперлік мақсат-мүдделерге бағындырып жазады. Ішкі қабаттарын біз біле бермейміз», – деген профессор сондықтан да өте сақ болатын тұстар көп. Оның барлығын қабылдай беруге болмайды. Ал біз де өзіміздің ұлттық тарихнамалық принциппен, методологиямен қарауымыз керек. Әйтпесе біз адасып қаламыз. Бізде біртұтас ұлттық тарихнамалық концепция, қалыптасқан тұжырым, пікір жоқ. Жалпы біздің тарихқа тұлғалайтын, соның алтын арқауын қалыптастыратын, әр кезеңге деген жеке ұстаным, көзқарас бізде орнықпаған», – дейді профессор.
Шетелдің тарих жазу тәжірибесін біз де үлгі ретінде алуымыз керектігін баса айтқан ғалым Мұқтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесінде» тарих біршама жүйеленгенін тілге тиек етті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, есіңде болар, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабы шықты. Осы кітапта қазақ тарихының жалпы концептуалды мәселелеріне тоқталды. Негізінен 80-85 пайыз қабылдауға тұратын еңбек. Бірақ жалпы тұлғалап кетті деп айтуға болады. Ол кісі тарихшы ғой, ұзын-ырғасын дұрыс жасап кетті. Оны ары қарай іліп әкетіп, дамытып бізде мектеп болмай қалды. Мағауинмен тоқтап қалдық. Мағауиннен кейін қазақ тарихын жүйелеп, концепциясын жасайтын адам болған жоқ. Шынын айтуымыз керек...», – деді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Сондықтан да науқаншылдыққа бой алдырмай, ортақ мүддеге жүгіне отырып тарих жазуың өте маңызды екенін былайша түйіндеді:
«Біздің ең адасып жүрген себебіміз сол. Бізде тарих институты үлкен мектеп болуы керек. Әркім әр факультетте, әр жерде әрқалай айтып жүр. Тарихшылардың басы бірікпейді. Басын қосып отырып, концепциясына тоқталатын кез келді. Бізде науқаншылдық басы. Тарихты жазуға асықпауымыз керек және оған қаржы аямаумыз керек».
Тарихтың тағы бір үлкен тармағы болған түркологияның да тек бір бағытта дамып жатқанын сынға алған ағамыз Қаржаубай Сартқожаұлының орындалмай кеткен армандарын жүзеге асыруды көздеп отырғанын жеткізді.
«Бүгінге дейін біздің түркологиямыз тілдік бағытты атанып келді. Түркология десе түркі тілдерін зерттеу деп қана түсінеді. Бұл жерде де түркі халықтарының тарихы бар ғой. Сондықтан түркологияның тарих бағыты ақсап жатыр. Қаржаубай марқұм осы екі бағытта бірдей жұмыс істеп келді. Ол кісі көне түрік ескерткіштерін зерттеп отырып, осының тарихи аспектілерін қарастырып отыратын. Бірақ уақыты жетпей кетті. Ол кісі осы көне түркі ескерткіштерін негізге ала отырып көк түріктердің тарихын қайта жазбақ еді. Үлгермеді.
Мен докторлық диссертациямды «Көне түркі ескерткіштеріндегі Қытай жазбалары» деп алдым. Бұған бағыт-бағдар берген Қамбар Атабаев марқұм ең алдымен деректану бағытында зерттеуімді тапсырды. Бұл да жөн екен деп Қаржаубай ағамызбен ақылдасқанымда: – онда Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбаларын алсаңшы, – деді. Осылайша Күлтегін ескерткішінің тарихи аспектілерін аштым. Бұл – біздің тарихнамада бұрын-соңды қарастырылмаған мәселе», – деді Т.Зәкенұлы.
Бұдан бөлек біз сұқбатта елдің, жердің тарихын, шет-шекара және соларға байланысты қалыптасқан жер-су аттарына да аялдадық. Ғалым кейбір бұрмаланған фактілерге де өз тарапынан тойтарыс беріп, тарихқа объективті тұрғыда қарау керек екенін айтты.