Марапатталғандар
15.07.2024 2117

1936 жылғы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігі ұлт мәдениетін, қазақ елін, ғасырлар бойы жинақтаған бірегей мәдениетке, әдет пен дәстүрге бай қазақ халқын әлемге танытты. Жазушы М. Мағауинның жазғаны бар: «Қазақ халқын әлемге Абай емес, Жамбыл танытты» деп. Өте дұрыс пайым деп есептейміз. Себебі осы онкүндікте тоқсаннан асқан жасына қарамастан, Жамбыл бабамыз жарқырап-ақ жүрген еді.


Орталық үкіметтің кіндік қаласы саналған Мәскеу жұртшылығын және қала қонақтарын аузын аштырып, көзін жұмдыру үшін өте үлкен мәдени іс-шаралардың кешені өтуі керек болды және мұның барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған, әрине, үлкен көп мөлшерде қаржы керек, обалы не керек, Кремль сол кезеңде қазақ мәдениетін дамытуға, атап айтқанда «Артистер үйін», опера театрын, хореография мектебін салуға миллиондап қаржы аударды. Соның арқасында қазақтың алғашқы кинофильмі дайындалып, талантты жастарды ішкі, үлкен қалаларға оқуға жіберіп дегендей маңызды шаруалар атқарылып, тың серпілістер орын алып жатты. 

Онкүндік кезінде театр артистерінің, әсіресе «Темір нарком» атанған Т. Жүргеновтің қатаң талабының үдесінен шыға алған ұжымның өте жоғары деңгейде көрсеткен өнеріне тамсанғаннан кейін республикалық музыкалық театрдың ендігі дамуы жаңаша қарқын алып, тарихи бетбұрыстарға айналды.

Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әйгілі онкүндігі тәмамдалған соң, осы мәдени іс-шараны ұйымдастырғандар мен өнерімен көзге түскендерді марапаттауға ұсынған екен. ҚР ОММ 5-қоры, 16-тізбе, №405-істе сақталған тарихи құжатта ҚазССР ОАК бөлім меңгерушісі Д. Уразовтың қол қоюымен марапатқа ұсынылған азаматтардың тізімі келтірілген. 

ССРО ордендерімен марапатталған қазақ өнері қайраткерлерінің тізімі

 (ССРО Орталық Атқару Комитетінің 1936 жылғы 26 мамырдағы қаулысы)

«Еңбек Қызыл Ту» ордені

Жүргенов Темірбек – Халық ағарту комиссары

Сейфуллин Сәкен – жазушы

Жабаев Жамбыл – жыршы-импровизатор

Байсейітова Күләш – республиканың еңбек сіңірген артисі

Өмірзақов Елубай – республиканың еңбек сіңірген артисі

Жандарбеков Құрманбек -   ----------------

 

«Құрмет белгісі» ордені

Байсейітов Қанабек – Қазмузтеатрының артисі

Жандарбекова Шолпан – актриса

Ержанов Манарбек – солист

Үрия Тұрдықұлова – актриса

Қожамқұлов Серке – артист

Қуанышбаев Қалибек - --------

Ахмет Жұбанов – ҚазЦИК атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің дирижері

Брусиловский Евгений – «Қыз Жібек» және «Жалбыр» операларының композиторы

ҚССР ОАК бөлім меңгерушісі  Д. Уразов.

Ел үшін жақсы еңбек етіп, адал тер төккен азаматтарды марапаттаған жақсы-ақ, алайда олардан ешбір кем қызмет сіңірмеген өнер тарландарын да ұмытпауға тиіс еді. Ең сорақысы, осы онкүндікте елеулі еңбегі бар ұлттың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанаұлын елеусіз қалдырған. Өйткені ол орта жолда баласының қайғылы қазаға ұшырағанына қарамастан, ұлттың мерейін өсіретін мерекелерден қалыспай, жүрегі қан жылап жүріп аяғына дейін атқарып шыққан Алаш идеясындағы ардагер азамат болатын.