Тарихтан бір үзік сыр
06.01.2016 1918
Сөйтіп қазақ халқының қолөнері, зергерлік түрлі бұйымдары, мәдени саладағы толып жатқан жетістіктері, спорт, ат бәйгесі, күрес сықылды үлкен шеберліктері бүкіл ресейліктердің марапатына ие болады

Егемендік, еркіндік байсал тауып, тәуелсіздіктің орайлы болуы тарихымызды пайымдауға жол ашты. Ойсызға да сабақ болуы тиіс өткен өмірдің ащы-тұщысын дәл елестете аламыз ба? Міне, осынау сұраққа жауап іздеу – тірінің парызы, аруақ алдындағы қарызы. 

Сондықтан, ғасырлардың қойнауынан тірлік төркінін іздеуді ойлап, барыс-келісіміз жарасқан, бір кездегі Қазақ елінің алғашқы астанасы болған Орынбордан өткен тарихтың баршасына зейін қойып, біраз оқиғаның басын ашып, көп жайды түсінуге болады. Елікпей-желікпей шындыққа көз жеткізесің. Басараздықты да, өштікті де, қастықты да, қулық-сұмдықты да, үстемдіктің езгісін, отарлық дүлей күштің екпінін аңғаратын түрлі құжаттар архивтерде сақталған. Бас көтертпей баспалаған басқыншылықтың қитұрқы қимылының шындығына да көз жеткізгендей боласың. «Түйесі жоғалмағанның бәрі есті» дегендей, езіліп-жаншылып, үстемдіктің төзгісіз қорлығын көрсе де, жоғын жоқтауды, қақын қайтаруды талап ету, небір зұлымдықтан қорғауды қара халық билеушіден күтеді. «Сыр бойындағы Карпиннің 120 түйесін Бұқара байы ұрлаттырып алады... Әскери комиссариат іздеу салады» (ф.6. оп.10). 

Бұл қолымызға түскен бірінші папкідегі оқиға еді. Ел арасы ашылып, барымтаның басынуы, әлсізді әлдінің тонап-талап алуына, зорлық-зомбылыққа әскерилер басалқы ақыл айтып бітістірумен тынса ғой. Жоқ, қарудың күшіне жүгініп, талай адамның өмірі қиылып тынады. «Казактан жолдасың болса, жаныңда айбалта жүрсін» деп сақтандырған қатыгез кезең еді. 

Әбілқайыр 1732 жылы (ф.6. оп.7.) Орынборға келіп, Ресеймен одақ боламыз деп сөз байласқасын заң жүзінде халқының өмірі, байлығы, тірлігі, құқы қорғалуын екіжақты шешуді мақсат еткен. Армияның заң жүзіндегі бағыт-бағдары екі елдің мүддесіне сай болуын заңдастыру шаруасы екен. ІІ Екатеринаның Орынбордағы басшы Ренсдаржуға жазған хатында: «Қырғыз-қайсақтармен тіл табыс, кінәсына қарай жазалауды түсіністікпен жүргіз!» дегені де бар екен. Үстемдік оны ескере бере ме? 

Айта кетелік, Ресейдің архив мекемелері 94 853 мекемелермен байланыс жасайды, оның 19 911 мекемесі мемлекеттік емес, жыл сайын 632 945 іс қағазы, түрлі құжаттар сақтауға өткізіледі. Ал архивтерде 5 миллион іс тұрақты сақталады. Қызметкерлері ұлан-байтақ жерді мекендеген халықтардың тағдырын баяндайтын деректерге мән беріп, көздің қарашығындай сақтауға бастығып алған. Отар елдерді басқару, олардың шаруасына араласу қақындағы белгілі бір құжаттарда, яғни Орынбордың генерал-майоры Бахметовтың төмендегіше рапортында: «1798 жылы Кіші жүз ханы Айшуақтың жиналысқа келуін, оның аман-есен жүріп-тұруын бақылау қамтамасыз етілді. Сол сықылды 31 октябрьде өтетін сұлтандардың басқосу жиналысына қатысатындардың өмірі қауіпсіз болуына түрлі шаралар қолданылды (ф.6. оп.13. 71 іс)...» делінген. 

Әрине, отарлық үстемдік егесу, таласусыз-ақ билік жұмысында бәсеңдік танытпаса да, түрлі бейбастақтықтан сақтануы хақ. Бейқам көңілдің де, бейпіл сөздің де сұрауы болатынын аңғарудың тетігі де белгілі. Мысалы, жоғарыдағы түйені ұрлап барымталауды заңдылықпен шешуде отарлық үстемдік екі елдің немесе рулардың тартысынан да өз пайдасын шығарады. Езіп-жаншу тәсілін пайдаланды. Ал түрлі шаруаны басқаруға да өздеріне жағымды адамдарды ғана тағайындады. Оны «Тургайская газетаны» оқып отырып байқағандай боласың. Газеттің 58-санында губерния секретарьлары Бубенов пен Тұяқовтың қол қоюымен орман шаруашылығын басқаруға Исақовты тағайындаса, «Красный крест» мекемесін басқаруға Ардашевті бекітеді. Газетте Ресей мен Қазақ елінің сауда қатынасы хақында да көптеген деректер орын алған. 

Ежелден қоңсы қонған көрші елдің өсіп-өркендеуі, ықылым тірлігі сауда байланысына қатысты болса, оған газет белсенділік танытады. Жөнсіз билеп-төстеуден гөрі емін-еркін сауда қатынасының жөні бөлек десек, газеттің 1895 жылғы 62-санындағы мақалаларда 25 августтен бастап 25 сентябрьге дейін Темір қаласында жәрмеңке басталып, қала табысына 1 миллион рубль кіріс кіргені айтылса, оған Орск, Орынбор қалаларынан жәрмеңкеге адамдардың көптеп келуі, оларға 125 сауда нүктесі қызмет еткенін тілге тиек етеді. Бұл әрбір ұлт адамдарының көрші елдік қарым-қатынасының дәнекері деп түйіндейді. Газет дерегінде айтылғандай, барлық жерде статистикалық комитеттер құрылып, негізгі мақсаты белгіленіп экономикалық және әлеуметтік, мәдени жағдайларға байланысты жергілікті жерлерде есеп жүргізіле бастайды. Бұл қазақтың тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, өнерін, қолөнер шеберлерінің еңбегін басқа ұлттарға насихаттауға мүмкіндік берген. Осы мақсатта Торғай облысында да комитет құрылып, оны вице-губнернатор В.В. Бельгардтың өзі басқарып, ерекше істер жөніндегі аға чиновник Дербісәлі Беркімбаев және Мырзағұл Шыманов, С. Асауов, С. Нұрмағамбетовтер қазақ халқының тірлігін жан-жақты көрсетуді қолға алып, 1896 жылы Нижний Новгородта өтетін өндіріс көрмесіне қазақ жерінде өсіп-өнетін 72 түрлі жануарлардың тірідей көнектелген терілерін, одан жасалатын түрлі өнімдерді көрмеге жеткізеді. Сөйтіп, қазақ халқының қолөнері, зергерлік түрлі бұйымдары, мәдени саладағы толып жатқан жетістіктері, спорт, ат бәйгесі, күрес сықылды үлкен шеберліктері бүкіл ресейліктердің марапатына ие болады (Торғай облыстық статистикалық есеп, 1896 ж. – Оренбург, 1898. – 7-19-б.). 

Содан-ақ Дербісәлі Беркімбаев Торғай облыстық статистикалық комитетінің мүшесі болып тағайындалыпты. Торғай облысына қатысты қандай дерек, құжаттарды қарасаңыз, біразында Дербісәлінің заманында тарихи тұлға екеніне шәк келтірмейсіз. Патшалық Ресей әкімшілігі оны ұлтын қорғай білетін ақылды, шешімді, айлалы, аз сөйлеп, өзінің құнды пікірін жүзеге асыра білетін, халықтың рухани қазынасын өзгелерге бағалата алатын биіктен көрсетеді. Ол 1896 жылы ІІ Николайға императорлық тәж кигізу ресми салтанатына, сондай-ақ бұрынғы император ІІ Александрге арналған ескерткішті ашу салтанатына қатысқан екен. Мұны біреулер құлдық ұрушы деп бағалауы да мүмкін, екінші маңызды мағынасы қазақ ұлтын басқа халықтармен тең дәрежеде сыйлау десе де артық болмас еді. Елінің басшысын сыйласа, халқына көрсеткен құрметі емес пе! Мәселен, «Тургайская газетінің» 1896 жылғы 4 мамыр күнгі 74-санында Торғай губерниясынан Дербісәлі Беркімбаев пен Сейіт Нұрмұхамбетов императордың құрметті қабылдауында болғаны, ағайын-туыстарымен бірге театрға барып, Петров сарайында қонағасы берілгені, сол кездесулерде Дербісәлі императорға күмістен құйып жасалған түйе скульптурасын сыйлағаны жазылған. Кездесуде қазақтың зергерлік өнерінің әлемде жоқ үлгісі барлығын айтқан. Император бұған аса ықылас танытқанын мақаладан оқуға болады. 

Тағы бір мысал, 1896 жылы қазақ делегациясының құрамында 12 адам болса, соның бір-екеуі – Торғай облысы әскери губернаторы жанындағы ерекше тапсырмаларды атқарушы аға чиновник Дербісәлі Беркімбаев, Торғай уезі Тосын болыстығының болыстық басқарушысы Дәуренбек Бірімжанов екен (Тургайская иллюстрированная газета. №27, 29 маусым, 1896 ж.). 1876 жылы «Ресей империясының құрметті дворяны» деген атағын алған Дербіләлі Беркімбаев Географиялық қоғамның Орынборлық бөлімшесіне және Орынбор Мұрағаттық Алқасына толық мүше болып сайланыпты (Труды Оренбургской Ученой Архивной Комиссии. Выпуск 1. — Оренбург, 1896. – С.7). 

Айта кетелік, «құрметті дворяны» деудің мағынасы «Патша сарайының сенімдісі» дегенге саяды. Демек, Дербісәлі заманында қазақ ұлтының жоғын жоқтаушылардың, өзге ұлттарға жақсылығын танытып насихаттаушыларының бірі болып, халқымыздың терең тамырлы тарихын, асыл қасиеттерін, ұлылығын өзге 16 ұлттармен тең танытуды қажет деп тауып, болашаққа болжам жасап, таптық қайшылықтан сақтандырушылардың қатарында аталады. Қазақ жаратылыстағы шын болмысынан кеммін деп айта алмайтынын үстемдікке жеткізе білген. Отарлық озбыр, басқыншылық саясаты бойынша «бөліп ал да билей бер, әлсізді нанша илей бер» деген қаскөй пиғылын сабырға шақырып, көрші хақы татулық екенін Ресей патшалығына айта білген оны ақыл иесі деп тануға әбден болады. Оған мұрағаттарда сақталған құжаттар мен деректер айқын дәлел. 

Табыл Құлыяс, жазушы, архив зерттеушісі, ҚР мәдениет қайраткері