Жиында тарихнама мен деректану салаларының маңыздылығы айтылды
13.10.2015 2409
Алматы қаласында тарихи-ғылыми институттар ұйымдастырған «Орталық Азиядағы тарихнама және деректер: өткені, бүгіні және болашағы туралы жаңа зерттеулер» халықаралық семинар-практикумы өтуде

Халықаралық Түркі академиясы, А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты мен ҚР БҒМ ҒК Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы тарихнама және деректер: өткені, бүгіні және болашағы туралы жаңа зерттеулер» атты халықаралық семинар-практикум өтіп жатыр. 

Алқалы жиынды Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов жүргізіп отыр. Құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі басқосуға арқау болып отырған тарихнама мен деректану мәселелерінің маңыздылығына тоқталып, түркі елдері тарихшыларын түп тамыры ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырды. Ұйым басшысы бұған дейінгі халықаралық маңызды жиындарда осындай пікірімен бөлісіп, археологиялық экспедициялар ұйымдастырып тұруды ұсынған болатын. 

Алқалы жиын Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеумен орайлас өтіп жатқанымен маңызды. Сонымен қатар, халықаралық деңгейде өтіп жатқан семинар-практикумға бірқатар мемлекеттерден білікті тарихшылар қатысып, Орталық Азия және жалпы түркі тарихын зерттеудегі өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасалды. Баяндамалардың дені – ұлт тарихы шеңберінен асып, бірнеше түркі елдерінің байырғы және қазіргі тарихнамасындағы және деректанудағы мәселелерге тоқталуда. 

Атап айтқанда, халықаралық семинар-практикумның жұмысына Халықаралық Түрік академиясының президенті Д.Қ. Қыдырәлі, А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті У. С. Әбдібеков, ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Х. М. Әбжанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Каған Йылмаз, А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бірінші вице-президенті М. Куталмыш, А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Н. Шимшек, Йедитепе университетінің профессоры А. Ташагыл, ҚР ӘҒА академигі Қ.Т. Жұмағұлов, Әзербайжан мемлекеттік экономикалық университетінің профессоры А. Сеидов, Татарстан Республикасы ҒА Ш. Маржани атындағы Тарих институтының профессоры М. М. Гибатдинов, Стамбул университетінің профессоры Ж. Ераслан, Муғла Сыткы Кочман университетінің доценті Мустафа Гөкче, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Т. Чоротегин қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салатын болады. 

Халықаралық жиынды ұйымдастырушылардың пікірінше, түркі әлеміне ортақ тарихи-мәдени мұраларды бірлесе зерттеу ісінде жасалып жатқан игі қадамдар жалғасын табады.