«Қазақтар» – хандық тойының тартуы
12.10.2015 2791
Тараз қаласындағы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойының алғашқы күнінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Қазақтар» атты тарихи драманың тұсаукесер қойылымы көрсетілді

Тараз қаласындағы өнер ордасына қойылымды тамашалауға ұлт тойына келген барша қонақтар мен «Ұлы Дала Елі» мәдени-тарихи экспедициясының мүшелері, шетелден және республикамыздың өзге өңірлерінен келген БАҚ өкілдері, қала тұрғындары көрді. Қойылымның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның халық әртісі, актер Тұңғышбай Жаманқұлов «Қазақтар» тарихи-драмалық қойылымы тәуелсіздігімізді, елдігімізді, мемлекеттік біртұтастығымызды анықтап суреттерген құнды шығарма деп алғыс лебізін білдірді. 

«Қазақтар» тарихи драмалық қойылымының авторлары: жазушы, марқұм Қалихан Ысқақ және Шахимардан Құсайынов. Қос драматург бірлесіп жазған қойылым театр сахнасында алғаш тұсауын кесіп, тойдың құрметіне арналды. Қазақстанның халық артисі Ерсайын Төлеубай басшылық еткен тарихи драма көрермен көңілінен шығып, жетер биігіне жетті десе де болады. 

Қойылымға арқау болған тарихи драма желісі Дешті-Қыпшақ Ордасы ыдыраған тұста Әбілхайыр ханнан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан билеушілерімен келісе отырып, Жетісу жеріндегі Шу алқабына қоныстануынан басталады. Одан әрі жеке хандық құрған орда суреттеліп, Қазақ хандығының ордасы көтеріледі. Әсем музыкалық композициямен әрлене отырып, қоюшы-режиссердің талғам таразысынан екшеленіп өткен туынды екенін бірден аңғаруға болады. 

Композициялық құрылымы өзінің шарықтау шегіне жетіп, көрерменге өз жолын таба білгендігі байқалады. Драма оқиғасына арқау болған жайттар сол тұста жаңа хандық құру барысында кездескен қиындықтар, Өзбек ханы Мұхаммед Шайбанимен екі арада болған жер бөлісу, мемлекеттік құрылымдарды бөлісіп, иемдену сияқты және басқа да мәселелердегі өзара келіспеушіліктер мен қайшылықтар қойылымға арқау болады. Бұл драма – осы тақырыпқа жазылған ең алғашқы және мағыналы тарихи шығарма. 

Драманы сахналауға театрдың барлық артистері қатысады. Негізгі кейіпкерлерді 20-ға жуық актер сомдайды. Қосалқы рольдерге театр артистерімен қатар, ТарМУ-дің мәдениет және өнер факультетінің театр бөлімі студенттері де тартылған. 

«Қазақтар» тарихи драмасы – Қазақ хандығының құрылу тарихын негізге ала отырып, арғы-бергідегі қазақ хандары мен сұлтандарының, оның ішінде, Қазақ мемлекеттігін құруда төл тарихымызда айшықты іздері бар Әбілхайыр, әз-Жәнібек, Керей, Қасым, Мұрындық, Әдік, т.б. тарихи тұлғалардың сол кездегі өзіндік орындарын танытумен қатар, бүгінгі ұрпақты елін, жерін, ұлтын, Отанын сүйетін патриоттық сезімге тәрбиелейді. 

Алтынбек Құмырзақұлы