Ақындар елдік жырын аспандатты
12.10.2015 1467
Тараз қаласындағы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында мәдени-әдеби шаралар жалғасын тапты

Олардың қатарында ақындар айтысы мен жыр мүшәйрасы көрерменнің ерекше ілтипатына ие болды. Жамбыл облыстық филармониясына қарасты «Баласағұн» концерт залында өткен Халықаралық ақындар айтысы соның дәлелі. Екі күн бойы тараздықтарға ән мен жырдан шашу шашып, суырып-салып сөз сайыстырған ақындардың өнеріне тәнті болған халық, концерт залына иін тіресе толды. Тіпті Тараз тойындағы құрметті қонақтар мен шетел журналистері осы концерт залының маңайына топтасты. Бәрі де рухани бір серпіліп, тамаша шат-шадыман көңіл-күйге бөленді. 

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған ақындар айтысына Моңғолия, Қытай, Қазақстан ақындары қатысып, еліміздің ата тарихы, хандар мен батыр бабаларымыздың ерліктері, қазақ елінің бүгінгі жеткен жетістігі мен ұлт ретіндегі әлемдік сахнадағы рөлі, Елбасының салиқалы саясаты сөз болып, «Ұлы Дала Елі» идеясы мен «Мәңгілік Ел» идеясы жаңғырған ерекше күн болды. 

Халықаралық ақындар айтысын белгілі ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерман ағамыздың жүргізгеніне көрермен қошеметі ерекше болды. Жалпы қазақ айтыс өнерінің тізгінін ұстаған Жүрсін ағамыздың айтыс үшін барын салып, жан-жүрегімен түсінетінін халық сезінгендігін осындайда түсінеміз. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев, ЮНЕСКО профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Қазақстанның халық ақындары Қонысбай Әбілев, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков болды.

Аламан айтыс додасына белігілі айтыскер ақындар Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ережеқызы, Еркебұлан Қайназар, Иранғайып Күзембаев, Мақсат Ақанов, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрмат Мансұров және енді танылып келе жатқан жас айтыскерлер қатысты. Баласағұн концерт залын екі күн дүбірге бөлеген айтыс додасында 12 ақын ақтық бәсекеге жолдама алды. 

Әсіресе Қытай Халық республикасынан келген Құзарбек Талапхан мен Моңғолиядан келген Ерлан Дәулетұлының айтысы көрерменнің ерекше ілтипатына бөленді. Жас пері Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаевтар да көрермен көзайымына айналды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен Халықаралық ақындар айтысында 3 орынды Айбек Қалиев пен астаналық ақын Мейірбек Сұлтанхан қатар еншіледі. 2 орын қызылордалық Иранғайып Күзембаевтың қанжығасында кетсе, жүлделі 1 орын мен бас жүлде Аспанбек Шұғатаев пен Оразалының елінен келген жас ақын Болатбек Оразбаев өзара қатар бөлісті. Екеуіне бірдей 5 млн теңгені бөліп берді. 

«Бұл халықаралық айтыс «Нұр Отан» демократиялық партиясының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отыр», – дейді партия төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли. «Қазақ хандығының тойы 11 қыркүйектегі салтанатты жиыннан басталып, Тараз төріне жалғасып жатыр. Бұл тойда «Нұр Отан» партиясы да атсалысып, мәдени-спорттық шараларға қолдауын көрсетіп келеді. Соның бір дәлелі ретінде елдіктің, игі бастамалы шаралардың барысынан сырт қалмаған партия Халықаралық ақындар айтысын өткізуге мұрындық болып отыр. Бұл жолы да 30-ға жуық ақын сынға түсіп жатқан «Мәңгілік Ел» тақырыбындағы айтысқа қолдау танытып, тойдың басынан аяғына дейін төбе көрсетіп келеді. Бұл үлкен дәрежедегі суырып-салма ақындар шабысында кіл мықты да, кім мықтылар сынға түсіп жатыр. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жыл басынан бері алты айтыс өтті. Төртеуі өңірлік, екеуі республикалық ақындар айтысы. Бұл айтыс бұрынғы айтыстардан қарағанда ерекше. Өйткені елдікті, бабалар рухына бағышталған елді бірлікке, жақсы мұраттарға шақыратын үлкен маңызы зор», – дейді Б. Уәли.

Сондай-ақ шара барысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ерлік арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» атты жазба ақындарының республикалық жыр-мүшәйрасының қорытындысы да белгілі болды. Тебіренте өлең оқып, бәйгеге түскен ақындар да ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Астанадан келген журналист, ақын Айжан Тәбаракқызы 3 орынға ие болса, ақтөбелік Бақдәулет Әбдірашит тұғырдың екінші төрінен көрінді. Арқа елінен келген ақын, «Орталық Қазақстан» газетінің журналисі Мирас Асан 1 орынды қанжығалады. Елдіктің бастауы, ерлік жолы, ұлттың ертеңі мен бүгіні жырға қосылған республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесі тараздық ақын Ерлан Жүніске бұйырды. 

Алтынбек Құмырзақұлы