Бүкілресейлік Х шығыстанушылар съезі өз жұмысын бастады
08.10.2015 1855
Бүгін Уфа қаласында (Башқұртстан, Ресей Федерациясы) «Ресей және Шығыс елдері: мемлекеттер мен халықтар ынтымақтастығы» тақырыбында Бүкілресейлік Х шығыстанушылар съезі өз жұмысын бастады

Екі күнге жоспарланған шара М. Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрында және Ахмет-Заки Валиди атындағы Ұлттық кітапханада өтеді. 

Алқалы жиынның ашылу салтанатына қатысып, съезд жұмысын ашып берген Башқұртстан Республикасының басшысы Рустам Хамитов өз сөзінде Халықаралық Түркі академиясының жұмысына оң баға берді және ұйым президенті Дархан Қыдырәлінің «түркі әлемінің интеграциясына әсіресе ғылым негіз болады» деген пікірін қолдайтынын атап өтті. Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өз кезегінде съезд жұмысына сәттілік тіледі. 

Съезге қатысушылар түркология мен шығыстанудың көкейкесті мәселелерін, оларды дамытудағы аймақтардың рөлін талқылайды. Сонымен қатар, шығыстану саласындағы іргелі зерттеулердің қорытындыларын, әлемдік ғылымның дамуына қосқан үлесін бағалап, тарихи мұраларды зерттеу нәтижелерін қарастырады деп күтіліп отыр. 

Шығыстану саласында дәстүрлі түрде өткізілетін бұл съезд тақырыптық секцияларға бөлінген. Айтулы жиынға дүние жүзінің, оның ішінде ТМД мен түркі елдерінің танымал ғалымдары қатысып жатыр.

Сондай-ақ ғылыми жиынға қатысушылардың құрамындағы Халықаралық Түркі академиясы делегациясы Башқұртстан Республикасы Ишимбай ауданында болып, кемеңгер қайраткер Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның өміріне қатысты бірқатар нысандармен танысты. Ат басын алдымен Ишимбай ауданы орталығындағы Ахмет-Зәки Уәлиди атындағы 2 мектеп-гимназиясында болып, білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысып-білісті. 

Кейін Академия басшысы А. Тоған атындағы саябақта қайраткердің балалары, танымал ғалымдар Есенбике және Сүбедей Тоғандармен бірге Ахмет-Зәки Уәлиди ескерткішіне гүл шоғын қойды. Сонымен қатар, саябаққа тал екті. Осыдан соң белгілі қайраткердің анасының зиратында Құран бағыштаған делегация Уәлиди Тоғанның туған жері – Күзен ауылында көпшілікпен кездесіп, музейді аралап көрді. Ахмет-Зәки Уәлидидің өмірі мен шығармашылық мұрасынан сыр шертетін  экспонаттармен танысып, мәртебелі меймандарға арналған тілектер кітабына лебізін жазып қалдырды.

1994 жылы ашылған аталған музейде жалпы саны 1600-ден астам экспонаттар сақтаулы. Олардың көпшілігін көрнекті ғалымның қызы Есенбике Тоған тапсырған. Айта кету керек, бұл кездесулер Уфа қаласында өтіп жатқан Бүкілресейлік Х шығыстанушылар съезі аясында Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.