«Тарих-и-Рашиди» шығармасы Мансура Хайдар зерттеулерінде
11.09.2015 1981
Астана қаласында «Ұлы Даланың өшпес тарихы» атты халықаралық конференцияның аясында ғылыми жиынға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдардың бірқатар кітаптарының тұсаукесері өтті

Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан «Ұлы Даланың өшпес тарихы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының аясында ғылыми жиынға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдардың бірқатар кітаптарының тұсаукесері өтті. 

Кітаптар тұсаукесеріне белгілі арабтанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі, тарихшы Саттар Мажитов пен үнді ғалымы Мансура Хайдар, сондай-ақ қазақ хандығы тарихына қатысты ой-пікір білдіре алатын алыс-жақын шетелдік ғалымдар қатысты. 

Жиынның басында сөз алған Қазақстанның бұрынғы мүфтиі, ғалым Ә. Дербісәлі аталып отырған ұлы мерекенің мән-маңызына қысқаша тоқталып, жиын барысында тұсаукесері жасалған кітап туралы ойларын білдірді. Ғалымның айтуынша, «қазіргі кездегі үнді ғалымдары ішінен М. Х. Дулатиді терең зерттеп жүйелі пікір айтып, еңбек жариялап жүрген қазақ халқының досы – профессор Мансура Хайдар». 

Үнді тарихшыларының еңбектерінде Дулатиға қатысты деректер мен мәліметтердің шынайы жазылғаны да, ішінара бір жақты мәліметтер де ұшырасады. Бірақ қалай болғандада басқа да тарихшылардың барлығы дерлік Дулатидің Кашмир, күншығыс тарихында алар орнының аса зор болғанын мойындап қана қоймай, атақты «Тарих-и Рашидиге» сүйеніп жазады. 

Осының өзінен Дулатидан кейінгі ғасырларда дүниеге келген оқымысты, тарихшылардың барлығына дерлік ықпалының зор болғаны байқалады. Дулатиды өз заманында дүниені төрт тарабы таныды десек, қателеспеген болар едік. 

«Атақты ғалымның айтулы еңбегі – «Тарих-и Рашидидің» кейінгі толқын зерттеушілер буынының дүниетанымы мен тарихи санасына аса зор ықпал еткен», – дейді дулатитанушылар. Дулатидің тарихтағы орны мен оның «Тарих-и Рашидиінің» Батыс Еуропа мен Оңтүстік Азия ғалымдарының ғылыми нысанына айналып, одан әр қилы бағытта зерттеулерді шығара алған құдірет-күшін, интеллекуалдық қарымын аңдалады. 

Қазақ хандығының шежіресі ғана емес, сонымен бірге әлемнің төрт тарабын — Күншығыс, Батыс Европа, Америка елдеріне таралып, әлем халықтарының игілігіне айналған «Тарих-и Рашиди» расымен де адамзаттың ортақ мәдени, әдеби, тарихи қазыналарына барып қосылады. 

Үндістандық ғалым, парсы, ағылшын, орыс тілдерін жақсы білетін профессор Мансура Хайдардың үздіксіз зерттеу жүргізіп, Мұхаммед Хайдар туралы кітап жазып, ағылшын тілінде Үндістанда жариялауы айтулы оқиға болды. Оның «Мирза Мұхаммед Хайдар Дуглат в персидских источниках» атты зерттеуі орыс тіліне аударылып, Алматыда бұдан бұрын, 2010 жылы жарық көрген. Бұл кітап жазба деректерге сүйеніп жазылған, Мансура Хайдар Дулати туралы үнді, басқа да ел ғалымдарының Кашмирді жаулап алуына қатысты қарама-қайшы тарихи оқиға логикасына сыя бермейтін сын пікірлерінің негізсіздігін дәлелдеп ашып көрсетіп отырады. 

Профессор Мансура Хайдар – соңғы жылдары тың деректер негізінде тынымсыз ізденіп, зерттеу жұмыстарын жүйелі әрі тиянақты жүргізуінің арқасында қазақ ғылымына да сүйкімі артып келе жатқан санаулы шетелдік дулатитанушылардың бірі. 

Ғылыми жиында М.Х. Дулати еңбегінің дүниежүзілік тарихи маңызын ашып көрсету мақсат саналып, ұлы ғалым туралы үнді ғалымы М. Хайдардың ізденістерінің нәтижелігін айқындау қажет болды.