Тамыздың 22-24 күндері Моңғолияның Налайх ауданындағы Тайж Хайрхан тау бөктерінде «Көшпенді» атты дүниежүзілік мәдени фестиваль өтеді, деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Үш күндік этно-мерекеде ұлттық спорт, салт-дәстүр және мәдени мұра көрермендерге ұсынылмақ.
Фестиваль аясында ұлттық спорттың төрт түрі ұлттық күрес, жамбы ату, асық ойыны және ат жарысы бәсекелері өтеді. Бұл жарыстарға 400-ден астам спортшы сынға түседі. Сонымен қатар 100-ден аса жүйрік ат бәйгесіне қатысады деп күтілуде.
Көрермендерге спорттық жарыстардан бөлек, этно-мәдени көрсетілімдер, дәстүрлі өнер сабақтары, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері ұсынылады. Көрермендер мен қонақтар арасында спорт түрлерінен ашық турнирлер өткізілу жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты - көшпелі халықтардың ортақ мәдениетін дәріптеу, ұлттық спорт түрлерін насихаттау және шетелдік қонақтарға этно-мәдени мұраны кеңінен таныстыру.
Айталық, жылда тамыз айында Моңғол даласында көшпенділердің басын қосатын Дүниежүзілік көшпенділер фестивалі өтеді. 2024 жылы 21-23 тамызда Моңғолияның астанасы Ұланбатор төңірегінде “Көшпенді” фестивалі өтіп, оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ішкі Моңғолия, Якутия, Түркия қатарлы мемлекеттерден келген өнерпаздар өнер көрсеткен. Киіз туырлықты жұрттардың өнер тойына Қазақстанның спортшылары мен өнерпаздары жиі қатысып тұрады.