Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар
16.07.2015 2339
«Кодекс Куманикус» тарихи туындысында «қазақ» сөзі «еркін, бойдақ, басы бос» деген мағынаны білдіреді. Кітапта «Қыз - қыз, әйел - әйел, үйленген замат - үйлі, бойдақ - қазақ» - деген мағыналар береді

Шілденің 15 жұлдызы күні Астана қаласындағы «Kinopark 8 3D» кинотеатрында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты екі сериалы деректі фильмінің тұсаукесері өтті. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қолдауымен жүзеге асырылған киножобаның сценарийінің авторы және режиссері – Бақыт Қайырбеков. Сорежисері – Алексей Каменский, — деп ақпараттандырды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

«Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты деректі фильмінің тұсаукесеріне фильмнің шығармашылық тобымен қатар, еліміздің танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Көрсетілімнен кейін жарық көрген деректі фильм жайында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова, фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Бақыт Қайырбеков кеңінен әңгімелеп, кинотуынды туралы пікірлерін білдірді. 

– «Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» фильмі қыпшақ жазуларының көне жазба ескерткіштері туралы баяндайды. ХІ ғасырда қыпшақ тайпалары біртіндеп Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Еділ бойы, Кавказ және қара теңіз жағалауларындағы аумақты толтыра бастады. Орыс халқына олар «половцы» деген атаумен белгілі еді. Көшпенді қыпшақ тайпалары Еділден өтіп, батысқа қарай жылжыды және ХІІ ғасырда Днепрге дейін өз ықпалын жүргізді. Осы кезеңнен бастап, ХҮ ғасырда Ертістен Днепрге дейінгі кең дала батыс пен шығыстың тарихи кезеңдеріне (ағылшын, француз, италян, арап және парсы) Дешті-Қыпшақ, яғни Қыпшақ даласы деп аталды, – деді фильмнің тұсаукесерінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Фильмнің бірінші бөлімі қыпшақтар мен армяндардың нағыз қарым-қатынастарына арналған. Осы ортада қыпшақ тілінде сөйлейтін, өздерін эрмени дейтін армиано-григориан дініндегілердің Құдайды қыпшақ атауымен Тәңірі деп атаған таң қаларлық феномені пайда болды. Олардың артында қыпшақ-құман – половецтердің тұрмыстық қолданыстағы тілімен, әсіресе Еуропада қатты дамыған әдеби тілінде жазылған 30 мың беттік баға жетпес жазу жәдігерлері қалды. Бұл тілде ата-бабаларымыз – қыпшақтар басымдық иеленген Мысырда да сөйледі. Қыпшақ тілін білмесең ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде басқалармен тілдесу мүмкін емес еді. Былайша айтқанда, ол сол кезде қазір ағылшын, француз, орыс және басқа да әлем тілдері орындап отырған функцияны атқарды. 

Деректі туындының екінші бөлімі қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Кодекс Куманикус» деген айрықша кітапқа арналған. Оны Венециан кітапханасына 1362 жылы қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческа Петрарка сыйлаған екен. «Кодекс Куманикус» – құман (ескі қыпшақ) тілінің ХІV ғасырдағы белгілі жазба көзі. Онда филологтар үшін ғана емес, тарихшылар үшін де бай материалдар қамтылған. Бұл кітаптың тағдыры туралы қыпшақ жазуларының белгілі зерттеушісі Александр Гаркавец әңгімелейді. 

– Осы бір таңғажайып кітапта қыпшақ тіліндегі гимнің ноталары сақталған. Фильм финалында осы гимн хордың орындалуында айтылып, бізді арғы ата-бабаларымыз – қыпшақтардың рухымен нұрланған сонау орта ғасырларға апарғандай әсер береді. Қыпшақтардың осынау айрықша жазба мұрасы туралы фильм түсіру идеясы Мәдениет және спорт министрлігінің және ҚР Ұлттық кітапханасының түркі мәдениетінің ең көне жәдігерін қайта қалпына келтіріп, сол арқылы Еуропа мен Азияның байланыстырушы тілі болған қыпшақ тілінің халықаралық деңгейде танылған ролінің дәлелін барлық түркі әлемі үшін сақтай білу бастамасынан туындаған еді, – деген мәліметпен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова бөлісті. 

«Дешті-Қыпшақ. Құпия таңбалар» деректі фильмінің түсірілімдері Италия, Армения және Украинада жүргізілді. Фильм қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалған. 

Материалды дайындаған Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА