Абай Құнанбайұлының алғашқы жыр жинағы 1909 жылы Петербор қаласындағы И.Бораганскийдің баспасынанжарық көргені туралы көпшілік хабардар. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Абайдың асыл әдеби мұрасын ең алғаш кітап етіп баспадан шығарған – Илияс Бораганскийдің есімі мен еңбегін қазақ халқы ұмытпайды», – депті.
Осы орайда, Абай жырларын алғаш рет жарыққа шығарған баспагерді іздеп, сұрау салып, кім екенін анықтаған адам – Қайым Мұхамедханов. Ғалым ағаның естелігінде: «1966 жылы Бораганскийді сұрап Мәскеудегі Ленин кітапханасына хат жаздым», – дейді (Мұхамедханов Қ. «Абай кітабын шығарған Илияс Борагананский». Алматы, 2009. – 16 бет). Бұл мекеме ғалымның хатын КСРО Ғылым академиясының Азия халықтары институтының кітапханасына жіберген екен. Көп кешікпей ол жақтан «Бораганскийді білмейміз» деген жауап келіпті.
Бірақ олар «ол кісіні бір білсе мына адамдар біледі» деп шығыстанушы профессор А.Н.Кононов пен Ленинград университетінің Шығыстану факультетінің профессоры А.Д.Новичовтың әдіресін жібереді. Қайым оларға хат жолдайды. – 1966 жылы 11 қазанда Кононовқа жолдаған хатыма жауап келді, – дейді Қайымға. Ол хатта: «Академик В.В.Бартольдының редакторлығымен 1909 жылы Петербургте жарық көрген «Санкт-Петербург университетінің Шығыс тілдері факультетінің тарихи материалдары» атты көптомдықтың ІV томының 194-бетінде: «Илияс Мырза Бораганский 1898 жылы 20 августан бастап түрік тілінен сабақ беретін лектор болып тағайындалғаны туралы бұйрығы және профессор Н.И.Веселовскийдің «Санкт-Петербург университетінің профессорлары мен приват доценттер тізімі» атты еңбектің 27 бетінде: «Илияс Мырза Бораганский 1898 жылдың 20 авгусынан 1908 жылдың 20 авгусына дейін Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінде түрік тілінен сабақ берген. Стамбулда оқыған» деген мәлімет жіберіліп, оған қоса бұл адам туралы дерек қажет болса Ленинград облыстық архивінен сұраңыз деп, жөн сілтепті.
«Жазған құлда жазық жоқ», дегендей Қайым аға аталмыш архивке хат жолдайды. Бұл мекеме «бізде бары осы» деп Бораганскийдің фотосын жібереді.
«Сонымен Илияс Бораганскийге қаншама іздеу салсамда жұмысым осымен тұяқталып қалды. Басқа жерлерге сұрау салып жазғандарымнан нәтиже шықпады» депті Қайым аға (Мұхамедханов Қ. «Абай кітабын шығарған Илияс Борагананский». Алматы, 2009. – 18 бет).
****
Шығыс халықтарында мынадай мақал бар. «Жоғыңды елден сұрағанша, әбдіреңді ақтар» дейтін. Осында айтылғандай, 1919 жылдың соңынан бастап, 1928 жылға дейін Семей қаласында «Қазақ тілі» дейтін газет шыққан. Бұл басылымды ел қазіргі облыстық «Семей таңы» газетінің «атасы» деп таниды.
Бір күні Қайым аға осы газеттің мұрағатта сақталған 1922 жылғы 28 қазан күнгі санын ақтарып отырып, «Илияс Бораганксий деген қарт Петроградта ең бірінші мұсылман баспаханасын ашқан. Өзгеріс уақытына (қазан төңкерісін айтады Б.Қ.) дейін көп кітап басқан, өзінің әдемі жазуға ұсталығымен атақты болған. Осы күні 75 жаста болса да, жас кісіден кем қызмет қылмай, Башқұртстанның баспасын реттеуге күні-түні қызмет қылуда. Жуырда баспаға керек құралдарды алу үшін Москваға барып қайтты. Башқұртстан үкіметі оның баспагерлік қызметінің 50 жылға толуын еске алып, қарттың құрметіне той жасамақ болып отыр» деген жазбаны оқиды.
Көктен іздегені жерден табылған Қайым аға «әп, бәрекелді» деп алақанын ысқылайды. Сөйтіп, жоқ іздеудің бағыты Башқұртстанға бұрылады. «Бораганскийді біледі-ау деген башқұрттың кәрі құлақ қайраткерлеріне хабарласуды ұйғардым. Ең алдымен ойға оралғаны жасы 80-ге аяқ басқан бұрыннан дос-жар адамым Сәйфи Құдаш болды. Осы кісіге хат жаздым», дейді (Мұхамедханов Қ. «Абай кітабын шығарған Илияс Борагананский». Алматы, 2009. – 20 бет).
Үміті алдамаған екен 1967 жылдың басында Сәйфиден хат келіпті. Ол хатта: «Илияс Бораганскийді білем және көрдім. Бірақ өмір жолына қанық емеспін. Десе де, Уфада шығып тұрған «Яны юл» («Жаңа жол») атты журналдың 1923 жылғы 4 санының 38 бетінде: «Сіз іздеп жүрген адам туралы «Матбұғат доньясында илле еллық хезмет» («Матбұғат дүниесінде елу жылдық қызмет») деген тақырыпты бір беттік мақала жариялаған еді» дейді.
Сөйтіп, Қайым аға жоғарыдағы журналы іздейді. Уфа, Мәскеу, Ленинград, Қазан қалалық кітапханаларға хат жазады. Ақыры 1970 жылы Уфадан аталмыш мақаланың көшірмесімен бірге Бораганскийдің фотосы бар хат келеді. Қ.Мұхамедханов болса, ол хатты қазақшалап 1971 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің № 24 санына «Қадірлі есім, аяулы еңбек» атты мақала жариялайды.
Осы мақаладан үзінді келтірсек: «Илияс баба 1852 жылы 22 маусымда Қырым – Бақшасарай шәрінде дүниеге келіп, 15 жасына дейін мектеп-медіреселерде құсни хат (көркем жазу) ілімін үйренген. 1867 жылы Түркияға барып Стамбулда ілім үйреніп, 1876 жылға дейін тұрған. Осы жылдың соңынан бастап Россия шаһарларын жеті жыл бойы аралап, 1882 жылы Петербургке келіп, университетте оқытушы болған һәм шығыстану мәселесімен шұғылданған. Орыс профессорларының жәрдемімен Петербургте мұсылман баспаханасын ашқан...».
Баспагер Илияс Бораганский
Қазан төңкерісіне дейін Бораганский баспасы түркі-мұсылманша өте көп кітап шығарған екен. 1917 жылғы төңкерістен кейін баспагер Питерді тастап, 1920 жылы Башқұрияға келген. Өзімен бірге барлық баспа құралдарын Стерлитамақ қаласына көшірген. Осы жерде баспахана құрып башқұрт қайраткері Ахмет-Зәки Уәлидимен селбесіп, газет-журнал шығарады. 1924 жылы қайтыс болған еді. Бірақ оның қайда жерлегені көп жыл белгісіз болып келеді. 2021 жылы Бүкілресейлік тарих және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Башқұрт республикалық бөлімшесінің төрайымы Эльза Мәулімшина бастаған белсенділер Уфа қаласындағы «Алтайский» көшесі бойындағы ескі қорымнан оқымысты жерлеген зираттың құлыптасын тапты.
Ильяс Бораганскийдің қазақ халқына тигізген пайдасы 1909 жылы Абайдың өлеңдер жинағы мен ғалым Шоқан Уалиханов ұсынған «Едіге би» дастанын кітап етіп шығарған.