Бүгін Назарбаев университетінде профессор, тарихшы Адиб Халидтің «Орталық Азия Империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» еңбегінің тұсаукесері өтті.
Адиб Халид (Adeeb Khalid) – 1964 жылы Пәкістанның Лахор қаласында туған белгілі тарихшы, қазіргі уақытта АҚШ-тағы Карлтон колледжінде профессор. Оның негізгі зерттеу саласы – Орталық Азияның XIX ғасырдан бүгінге дейінгі тарихы, ислам мен ұлтшылдықтың рөлі. Зерттеулері арқылы Адиб Халид Орталық Азиядағы мәдени, діни және саяси өзгерістерді әлемдік деңгейде танытқан. Ол «The Politics of Muslim Cultural Reform» (1998), «Islam after Communism» (2007), «Making Uzbekistan» (2015) сияқты іргелі еңбектердің авторы.
Ғалымның «Central Asia: A New History from the Imperial Conquests to the Present» (2021) яғни «Орталық Азия Империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» еңбегі CAPS Unlock (Central Asia Policy Studies Unlock) Ортaлық Азияға арналған тәуелсіз зерттеу орталығының бастамасымен қазақ тіліне аударылды. Түпнұсқадан қазақ тіліне Динара Мәзен аударса, кітаптың жалпы редакциясын Философия докторы (PhD) Мұхтар Сеңгірбай басқарған.
Кітаптың таныстырылымы барысында CAPS Unlock басшысы Аида Айдарқұлова CAPS Unlock зерттеу орталығының жалпы маңызы мен мазмұнын, кітап нарығындағы Орталық Азияға қатысты академиялық тілде жазылған еңбектердің жалпы құндылығына оқырман қауымның назар аударуы қажет екенін жеткізді. CAPS Unlock зерттеу орталығының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Майкл Холл профессор Адиб Халидпен сұқбаттасу барысында кітаптың жазылу тарихы, оқырман пікірі, ғалымның ғылыми тұжырымдары айшықталып отырды.
Профессор Адиб Халид кітаптың жазылу тарихы жайлы:
«Мен әрдайым зейнетке шыққанға дейін осындай ауқымды еңбек жазсам деп ойлайтынмын. Бірнеше жыл бұрын Princeton University Press-тің өкілі келіп, дәл осы тақырыпта жазуды ұсынғанда, ол маған үлкен түрткі болды. Шын мәнінде, Батыс елдерінде Орталық Азия тарихына қатысты толыққанды шолу еңбектер жоқ еді. Бұл еңбекті жазуға 4 жыл уақытым кетті. Алғашқы жылдары бұл еңбекті жазуға не үшін келістім деп ойлайтынмын. Дегенмен, мен Орталық Азия туралы дәріс оқыған сайын бұл қажеттілікті анық байқаймын. Университет студенттеріне Орталық Азия жайлы дәріс оқу барысында арнайы еңбектерге сүйенуді қажет етеді», - деді.
Автордың айтуынша, 1700 жылдан бері мұсылман халықтары қоныстанған Орталық Азия Ресей мен Қытайдың ықпалына түсіп, сыртқы империялардың отарлауына ұшырады. Осы еңбекте екі державаның билік жүргізу тәсілдері мен ұқсастықтары, айырмашылықтары да талданады. Халид патшалық Ресейдің «ресейлік», ал Қытайдың «қытайлық» саясат үлгілерін салыстырып, кеңестік дәуірдегі этностық инженерия мен әлеуметтік өзгерістерді жан-жақты сипаттайды. Орталық Азияны кейде сыртқы әлем қазіргі заман тарихының шетінде қалған аймақ деп қабылдайды. Ал шындығында, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Шыңжан өңірін қамтитын бұл кеңістік XVII ғасырдан бастап империялық және кейінгі коммунистік билік дәуірінде әлемдік оқиғалардың қақ ортасында болды. Әдиб Халид осы өңір тарихын жаңа қырынан ашып көрсетеді.
Бұл еңбекті қазақ тіліне аудару барысында жалпы редакцияны басқарған Мұхтар Сеңгірбай кітапты қазақшаға аударудың қиындықтары мен кедергілерді былайша баяндайды:
«Біз, әсіресе, бір цитаталарға, терминдерге, атауларға, есімдерге келгенде біраз қиналдық. Профессордың өзі де бізбен коммуникацияда болды. Автордың стилін сақтауға барынша тырыстық. Автордың стилін сақтау ол біз үшін ең бірінші міндет. Себебі автор оқырманмен өзінің деңгейінде өзінің ой-тұжырымдарының аясында сырласады. Кей жерлерде автор еркін баяндайды, кей жерлерде дереккөздерге сілтеме жасайды. Сондай жерлерде оның стилін бұзбау және мүмкіндігінше оны қазақ аудиториясына түсінікті етіп беру қажет», - деді ол
Аида Айдарқұлова CAPS Unlock зерттеу орталығының кітапты қазақ тіліне аудару, нарыққа шығару, орталықтың алдағы жоспарлары жайлы:
«Біз бұл еңбектің қазақ тілімен қатар өзбек тіліндегі басылым құқығын алғымыз келген, алайда ол лицензияны өзбек әріптестеріміз иеленіп қойды. Сондықтан кітап әзірге тек қазақ тілінде жарық көріп отыр. Алдағы жылдары ол міндетті түрде өзбек тілінде де шығады деген үмітіміз бар. Сонымен қатар, қырғыз және тәжік тілдерінде де басып шығару жоспарда тұр. Әсіресе Орталық Азиядағы климаттық өзгерістерге қатысты еңбектердің осы тілдерде жарық көруі аса маңызды деп санаймыз. Біздің мақсатымыз тек кітап шығару ғана емес, сонымен бірге сол еңбектердің авторларын оқырманмен қауыштыру, пікір алмасуға мүмкіндік жасау. «Unlock» деген атауымыздың өзі аймақты тану және өзімізді таныту идеясына негізделген. Сол себепті біз алдағы жылдары жаңа еңбектер арқылы да, жаңа авторлар арқылы да өзімізге де, аймаққа да тың жаңалықтар ашамыз деген үлкен үміттеміз», - деді.
Сондай-ақ, профессор Адиб Халид кітаптың ішкі құрылымы жайлы баяндай отырып:
«Кітап төрт үлкен тараудан тұрады: империя, революция, коммунизм, постколонизм. Манчжурлардың Шығыс Түркістанды жаулап алуынан басталып, жаңа Орталық Азияға дейін жалғасады. Бұл тақырыпқа арналған бір тарауды "Біз әлі постсоветтікпіз бе?" деп атадым», - деді.
Автордың «Біз әлі постсоветтікпіз бе?» деген сұрағы отарланған халықтардың өкілдеріне ортақ, жауабы әртүрлі. Совет үкіметі толық құлағанымен сол кезеңде қалған кейбір элементтер әлі күнге дейін кездесіп отырады. Автор бұл пікірді «пішіні советтік, мазмұны ұлттық па?» деген бөлімде де дәлелді дереккөздермен айшықтап отырып көрсетеді.
Іс-шара соңында оқырман қауым профессорға Орталық Азияның тарихы мен бүгіні, болашағы жайлы ғылыми терең мазмұндағы сұрақтар қойды. Адиб Халид сұрақ-жауап барысында Орталық Азияның жас ғалымдары бұл тақырыпты әлі де терең зерттеп, әлемдік ғылыми аренада әртүрлі бағытта қарастыруға баса назар аударуы қажет екенін айтты.