Соғыс тұтқындары мәселесі ҚР Президенті Архивінің назарында
01.06.2016 2218
1945 жылдың 3 қазанындағы мәліметтер бойынша ССРО-ға оралған 1 368 849 тұтқынның қатарында 23 143 қазақ болған. Олардың қаншасы іріктеу лагерлеріне түскені немесе елге оралғаны әлі де белгісіз

Биыл Совет Одағы мен Германияның арасындағы Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл толғалы отыр. 1939 жылдың 23 тамызындағы Германия мен ССРО арасындағы бір-біріне шабуыл жасаспау туралы шартқа (Молотов-Риббентроп пактісі) қарамастан, 1941 жылдың 22 маусымында, Германия еш соғыс жарияламастан ССРО шекарасына басып кірді. 

Неміс әскерлерінің тұтқиылдан жасаған шабуылына алғаш болып Белоруссияның батыс шекарасындағы застава әскерлері төтеп берді. Аз ғана уақыттың ішінде Украина, Белоруссия, Прибалтика, Молдавия, Ресейдің көптеген облыстары неміс әскерлерінің қол астына өтті. Соғыстың алғашқы 4 айында миллиондаған Қызыл әскер қатарындағы офицер мен солдат тұтқынға түсті. Статистикалық мәліметтерге сенсек, 1941 жылдың аяғына қарай 4 млн-ға жуық Совет әскерлері қайтыс болған (Батыс майдандағы совет әскерлерінің 70%-ға жуығы). 

1941 жылдың 16 тамызында Совет әскерінің Жоғарғы Бас Қолбасшылығының №270 бұйрығына ССРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің төрағасы И.В. Сталин, төрағаның орынбасары В.М. Молотов, Совет Одағының маршалдары С.М. Буденный, К.Е. Ворошилов, С.К. Тимошенко, Б.М. Шапошников және әскер генералы Г.К. Жуков тарапынан қол қойылады. Бұйрыққа сәйкес әрбір командир немесе саяси қызметкер жау қоршауына түскен жағдайдың өзінде, соңына дейін шайқасып, жау қолына берілуіне тыйым салынды. Жау қолына тұтқынға түскен барлық совет әскерлеріне, олардың тұтқынға өз еркінен тыс түскеніне қарамастан, «опасыздар», «қашқындар», «Отанын сатқандар» деген айып тағылып, олардың отбасылары мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен қолдаудан шеттетілетін болды. Бұйрықта соғыстың алғашқы айларында жау шебінде қалып қойып, тұтқынға түскен генерал-лейтенант В.Я. Качалов, генерал-майорлар П.Г. Понеделин мен Н.К. Кирилловтың үстінен іс қозғалып, оларға «қашқын» деген айып тағылып, сырттай ату жазасына кесілді. 

Осындай жазықсыздан жазықсыз айып тағылған Қызыл әскерлер қатарында Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанған қазақстандықтар да болды. Олардың көбісі сол тұтқынға түскен жерлерінде ауыр тұрмыстық жағдайдың салдарынан көз жұмған болса, көпшілігі Жеңістен кейін тұтқында болған концентрациялық лагерлерден босатылып, елге оралды. Бірақ елге оралғаннан кейін де, жоғарыда аталған бұйрық негізінде оларға «қашқындар», «Отанын сатқандар» деген айып тағылып, іріктеу лагерлеріне қамалып, үстілерінен іс қозғалды. Олардың көпшілігі өмірінің соңына дейін тағылған нақақ айыптан арыла алмай, заңды құқықтары қалпына келтірілмей дүниеден өтті. 

1990 жылдардың басында академик А.Н. Яковлев басқарған Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның «бұрынғы кеңес әскери тұтқындары – Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру» бойынша жүргізген жұмыстары нәтижесінде зерттеліп, дайындалған материалдар негізінде 1995 жылғы 24 қаңтарда Ресей Президенті Б.Н. Ельцин «Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі кезеңде отанына оралған бұрынғы советтік әскери тұтқындар мен азаматтардың – Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлыққа қол қояды. 

Бұл Жарлық тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. Жүздеген, мыңдаған ресейлік азаматтардың – бұрынғы советтік әскери тұтқындардың заңды құқықтары қалпына келтіріліп, олардың отбасыларының, ұрпағының «Отанына опасыздық жасаған», «қашқынның» ұрпағы деген нақақ айыптан арылуына септігін тигізді. Бірақ бұл Жарлық тек Ресей азаматтарының ғана заңды құқықтарын қорғауға, жазықсыз айыпталған советтік әскери тұтқындарды ақтауға бағытталды. Академик А.Н. Яковлевтің жеке архивінің мәліметтеріне сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы төрт жыл ішінде неміс әскеріне және олардың одақтастарына 4 млн 59 мың адам тұтқынға түскен. 1945 жылдың 3 қазанындағы мәліметтер бойынша ССРО-ға оралған 1 368 849 тұтқынның қатарында 23 143 қазақ болған. Олардың қаншасы советтік іріктеу лагерлеріне түскені немесе елге оралғаны осы күнге дейін белгісіз. Қазіргі күнге дейін Совет үкіметі тұсында нақақ айып тағылған отандастарымыздың заңды құқықтарын қалпына келтіру бойынша жекелеген зерттеушілердің жұмыстарынан басқа мемлекеттік деңгейде жұмыстар жүргізілмеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтқында болған қазіргі күнде көзі тірі отандастарымыз әлі күнге дейін нақақ айыптан заңды түрде арылмастан, қоғамда жарымжан күйде өмір сүруде. Осы күнге жетпей кеткені қаншама?! 

Осы орайда 2015 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві әскери тұтқындар мәселесін зерделеу, қазақстандық әскери тұтқындардың тағдырын анықтау, құқықтық және материалдық жағдай мәселелерімен қоса советтік әскери тұтқындар мәселелерін ауқымды шамада зерттеуді ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған көп функционалды ақпараттық жүйе құру мақсатында, қазақстандықтарға өздерінің тұтқынға түсіп, жат елде қалып кеткен туыстары мен жақындарының тағдырын анықтау немесе олар туралы ақпарат табуға мүмкіндік беретін «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары: әдебиеттер, дереккөздер және мәліметтер базасы» ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыра бастады. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – Екінші дүнижүзілік соғыста тұтқынға түскен бұрынғы советтік әскери тұтқындардың – Қазақстан азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіруге негіз болатын базалық ережелер даярлауға ықпал ету. 

Жоба бойынша Ғылыми кеңес ұйымдастырылып, оның құрамына архив қызметкерлерімен қатар ұзақ жылдар бойы Ұлы Отан соғысы, қазақстандық әскери тұтқындар мәселелерімен айналысып жүрген ғалымдар мен зерттеушілер енді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мәселеге қатысты әдебиеттер, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар жинастырылды. Сонымен қатар жобаның маңызды бөлігі www.tutkyn.kz доменді атауы бойынша веб-сайт өз жұмысын бастады. Сайтта мүмкіндігінше жан-жақтан жинастырылған баспасөз құралдарындағы баяндамалар, мақалалар, зерттеулер, фотоқұжаттар енгізілген. 

Қазіргі таңда сайтта 30 мыңнан астам қазақстандық әскери тұтқынның аты-жөндері, туған жері, туған күні, ұлты, тұрған жері, әскери атағы, тұтқынға түскен уақыты және қандай жағдайда тұтқынға түскені туралы, т.б. ақпараттар орналастырылған. Сайттың ақпараттық-іздестіру базасын құрастыру барысында бірқатар шетелдік осыған үйлес сайттардың, атап айтқанда Германияның Саксон мемориалдық бірлестігі жанындағы Құжаттау орталығының деректер базасының құрылымы мен мазмұны, ақпараттық-іздестіру базаларының жұмысы қарастырылып, зерттелді. 

Доктор Берт Пампель басқарып отырған Саксон мемориалдық бірлестігі жанындағы Құжаттау орталығы алғаш рет 1944 жылы Дрезден Техникалық университетінің Ханна Арендт атындағы Тоталитаризмді зерттеу институтында «Қарсыласу мәселелерін зерттеу» бөлімі болып ашылады. 1999 жылдың қыркүйек айында Саксон мемлекеттік Ғылым және мәдениет министрлігінің бастамасымен Саксон мемориалдық бірлестігінің жанынан ұлтшыл-социалистік Германия мен Советтік басқыншылық аймағындағы – Германия Демократиялық Республикасындағы қарсыласу мен саяси қуғын-сүргін тарихын Құжаттау орталығы ашылады. Осы уақыттан бергі Орталықтың ғылыми, құжаттама және анықтамалық жұмысы мына тақырыптар аясында жүргізіліп келеді: 

– Ұлтшыл-социалистік режимнің құрбандары; 

– Советтік әскери тұтқындар (негізгі жоба); 

– Неміс әскери тұтқындары; 

– Советтік әскери трибуналмен үкім шығарылып, Германия лагерлерінде тұтқындалған неміс азаматтары; 

– Германия Социалистік партиясы диктатурасының саяси тұтқындары; 

– Саксон мемориалдық бірлестігінің филиалдарын мемориал жұмыстары бойынша қолдау. 

Орталық 2000 жылдардан бастап Германия Федералды Үкіметінің тапсырмасы бойынша «Советтік және неміс әскери тұтқындары. Екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі кезеңнің тарихын зерттеу мәселелері» халықаралық жобасының жұмыстарында неміс тарапынан басшылық жасап келеді. 

Осы жоба аясында Ресей Федерациясының (2000 жылы), Беларусь Республикасының (2002 жылы) және Украинаның (2004 жылы) архивтік қызметтерімен келісімдер жасалған. Осы жоба негізінде Орталықта советтік әскери тұтқындар ұсталған лагерлер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Екінші дүниежүзілік соғыста лагерлерде немесе жұмыс командаларында қайтыс болған бұрынғы Совет азаматтары туралы ақпарат беру бойынша көмек көрсетіледі. 

Құжаттау орталығында үнемі толықтырылып отыратын советтік әскери тұтқындарға арналған деректер базасы орналастырылған. Мұнда мәліметтер негізінен бұрынғы ССРО архивтері құжаттары және Германия Федеративті Республикасы архивтерінің құжаттарынан алынады. 

ҚР Президенті Архивінің қызметкерлерінің күшімен осы деректер базасынан қазір 3000-нан аса қазақстандық әскери тұтқынның карточкалары табылып, ол ақпараттар «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары» Республикалық деректер базасына (tutkyn.kz) ораналастырылды. Бұл тек Орталықтың деректер базасында алфавиттік ретпен орналастырылған әскери тұтқындар карточкаларының А–В әріптерін қарастырғанда ғана анықталғаны. Алдағы атқарылар жұмыстар нәтижесінде есімдері ұмыт қалған, қайтыс болған жерлері мен уақыты белгісіз әлі де ондаған мың қазақстандық әскери тұтқындар туралы мәліметтердің табылатыны анық. 

М.Т. Жылгелдинов, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы