Берел қорымынан алтын адам табылды
01.08.2017 3738
Алдағы уақытта жаңадан табылған Алтын адамды зерттеу жұмыстары басталады

Қазақстан аумағынан тағы бір алтын адам табылды. Мұндай сүйінші жаңалықты Қазақстанның киелі жерлерінің картасын дайындау мақсатында Шығыс Қазақстан облысында жүрген Берік Әбдіғалиұлы фейсбуктағы парақшасында бөлісті деп хабарлайды National Digital History порталы.

«Сүйінші, ағайын! Тағы да көне дәуірдің көзіндей болған құнды жәдігер! Сақ дәуіріне тән түрлі дүниені бүгінге бүтіндей жеткізген Алтай таулары маңындағы Берел қорымынан, Зейнолла Самашев бастаған экспедициялық топтың қазба жұмыстары нәтижесінде, тағы бір Алтын адам табылды. «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысына іссапарға барып, осындай айтулы жаңалыққа куә болдым»,-деді белгілі саясаткер, тарихшы «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.  

Алдағы уақытта жаңадан табылған Алтын адамды зерттеу жұмыстары басталады.

Айта кетер болсақ, қазақ жерінен алғашқы «Алтын адам» — 1970 жылы Есік қорғанынан табылды. Екінші алтын адам Атырау облысы, Аралтөбе қорымынан табылды. Үшіншісі Шығыс Қазақстан облысы, Шілік қорымынан табылған үшінші алтын адам.  Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы, Тақсай оба кешенінен табылған "Алтын ханшайым", Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Белдеутас елді мекенінен тағы бір алтын адам және бар.