Айлакер Идальгоның жел диірмендері
27.07.2017 2668
Ла-манчтық Дон Кихоттың ойдан шығарған жаулары, жел диірмендері, жел турбиналарын шығару бойынша Испанияны әлемдік көшбасшысы қылатыны Мигель Сервантестің үш ұйықтаса түсіне кірді ме екен?

Испания ЭКСПО-2017-дегі кездейсоқ қонақ емес. Астанадағы алаңда Испания CO2 шығарылуын азайтуға көмектесіп, мұнайға тәуелділікті төмендетіп, бүкіл әлемдегі түрлі өңірлер мен қауымдастықтардың энергетикалық автономиясын көтеруге септігін тигізетін жаңғыртылған энергия көздеріне негізделген әлемдік энергетика жүйесіне көшудің маңыздылығын көрсетуге тырысады. Бұл бағытта Испания көп жұмыстар жүргізді, ұлттық энергетика жүйесі енгізілді, оның едәуір бөлігін жаңғыртылған энергия көздері иеленуде.

Бұдан басқа, жаңғыртылған энергия көздерін жобалау және өндіру мен басқару жүйесін енгізуге біздің компаниялардың  қосқан үлесі арқасында Испания бүкіл әлем бойынша жаңғыртылған энергия көздерін пайдалану жөнінен көшбасшы болып табылады.

2017 жылғы 17 шілдеде ЭКСПО-2017-дегі Испания Корольдігінің Ұлттық күнінің ресми салтанаты өтті. Ресми ашылудың дайындығы ұзақ әрі мұқият өткізілді. Бейресми ақпарат бойынша шараны ұйымдастыруға дайындық бір күн бұрын түнгі сағат 3-ке дейін болған, ал таңғы 7-де қайтадан жалғасқан. Ақыры, ресми бөлімнің ашылуын паш етіп, сахнаға әдемі жүргізушілер көтерілді. Ұлттық гимндер ойналғаннан кейін Испания корольдігінің туы көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Истайбекқызы Исимбаева ресми салтанатты ашып, қатысушылардың бәрін Испанияның Ұлттық күнінің ашылуымен құттықтады.

Гүлмира Исимбаева Испания павильонының баламалы энергия саласындағы ең үздік павильондардың бірі екенін атап өтті. Испанияның ЭКСПО  халықаралық көрмесін  бірнеше рет нәтижелі өткізгендігін білеміз. Испанияда халықаралық көрме 4 рет өтті: 1888 жылы Барселонада, 1929 жылы Барселонада, 1982 жылы Севильде, 2008 жылы Сарагоста. Сарагостағы көрмеге Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Көрме Президентке үлкен әсер етті. Осылайша Астанада көрме өткізу идеясы туындады.

Қазақстанда «Болашақ энергиясы» белсенді түрде дамуда, қазіргі кезде елімізде елімізде замануи технологиялар бойынша энергия өндіретін 50 кәсіпорын жұмыс жасауда.  2050 жылға қарай баламалы энергия өндіруді  50 % дейін арттыру көзделіп отыр. Осы көрмені сол үшін өткізудеміз. Баламалы энергетиканы, әсіресе жел энергетикасын, дамыту бойынша Испания әлемде көш бастап тұрғанын айта кету керек. Әемде өндірілетін күн энергиясының 73% пайызын испандық компаниялар шығарады. Сондықтан да, Қазақстанның Испаниядан үйренері мол, бұл бізді жақындастыра түседі.  

Испания Корольдігінің Депутаттар конгрессінің төрайымы Ана Пастор

Испания өз павильонында жел, күн сияқты экологиялық таза көздерден алынатын баламалы энергияны енгізу мен дамыту саласындағы соңғы 10 жылдағы жетістіктерін ұсынады.

Испания Корольдігінің Депутаттар конгрессінің төрайымы Ана Пастор іс-шара қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізді. «Біз Астанадағы мамандандырылған көрмеге қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Біздің еліміз - жасыл энергетиканы зерттеу саласында көшбасшы ел. Мәселен, Алмериядағы PSA күн электр станциясы күн энергиясын зерттеу саласындағы әлемдік деңгейдегі озық орталық. Ал, Cener – жел турбиналарының беріктігі мен сапасына сынақ жүргізетін әлемдегі тұңғыш зертхана. Жаңғыртылған энергия көздерін қолдану саласындағы соңғы жетістіктерімізбен үлкен мақтанышпен таныстырамыз», – деді Ана Пастор.

Ұлттық Күн сахнасындағы салтанаттың ресми бөлімі шағын, бірақ жарқын әрі әсерлі испандық «Compañía Flamenca» музыкалық спектакльмен аяқталды.

Корольдік павильоны жасампаз әрі бейнелі дизайнда орындалған. Павильонның ортасында үш үй орналасқан. «Жаңғыртылған энергия көздерінің уақыты» атты бірінші үй көміртексіздендіру мен жасыл энергетикаға негізделген энергетиканың жаңа үлгісіне көшудің қажеттілігін көрсетеді. Шағын анимациялық фильм, дәстүрлі энергия үлгілерінің эволюциясы – көміртексіздендіру ментұрақты дамудың  энергетикалық үлгісіне көшудің жалғыз идеясына алып келгендігін көрсетеді. 

Париж келісіміне қол қою аясында көптеген елдер, ғаламшарымыздың экологиясын сақтаудың жалғыз тәсілі ретінде, өздеріне алдағы жылдары СО2 қалдығын азайтудың мақсаты мен кестесін белгілейтін міндеттемелерді алды. «Арманшылдар, пионерлер, жаңашылдар» деп аталатын екінші үй соңғы онжылдықтарда Испанияда әзірленіп, енгізілген жаңғыртылған энергетика саласындағы нақты жобалар мен инновациялық шешімдерге арналған.

Голографиялық әсерлері бар үлкен экранда инновациялар мен жаңғыртылған энергия көздерін Испанияда қолданудың үлгілері көрсетілген. Мысалы, Канар аралдарының биосфералық қорығында орналасқан, 10 мыңнан астам тұрғыны бар Йерро аралына арналған энергетикалық үлгі. Бұл арал су электр энергиясы мен жел энергиясының ерекше комбинациясын қолдануы арқасында энергетикалық толық қамтамасыздандыруға жету жолында. «Испания: ғаламшарға арналған энергия» деген үшінші үй келушілерді, Испанияда қолданыла бастаған экологиялық таза жаңғыртылған энергияны өндіруге арналған түрлі шешімдермен және құрал-жабдықтармен таныстырады.

Бұл испандық компаниялардың шығармашылық және технологиялық мүмкіндіктері туралы түсінік қалыптастырады. Павильонның дәл ортасында орналасқан «тірі» ағаш сандық проекциялар әсерін қолдану арқылы «тіріліп», табиғаттағы маусымдық өзгерістерді көрсетіп, жеке басыңның қажеттіліктері, тұтынулары және табиғат арасындағы теңгерімді ұстаудың маңыздылығы туралы еске салады, бұл – павильонның қорытынды идеясы болып табылады.

Испания павильонының директоры Кармен Буэно Санчес ханым: – Қазіргі уақытта Испания жаңғыртылған энергияны өндіру бойынша көшбасшы болып табылады. Испания жаңғыртылған энергияны жел, термоэлектрлік энергия, гидравликалық энергия сияқты көздерден өндіреді. Тәулігіне 24 сағат бойы энергия өндіру үшін жел мен күн энергиясын қолданады. Испанияда қолданылатын энергияның 40% жаңғыртылатын энергия. Бұған екі себеп бар. Бірінші себеп – Қазақстанда сияқты, Испанияда күн мен жел өте көп. Екінші себеп – Испания өзі әзірлеп, қолданатын технология санының көптігі. Испанияда жел парктері мен күн энергиясын алуға арналған парктер саны өте көп. Кармен Буэно ханым мойындағандай, ол өзі үшін Қазақстан мәдениетін енді ғана ашып жатыр. «Қазақстан мәдениеті мен Испания мәдениеті арасында көп ұқсастық бар екендігін көріп отырмын. Қазақстанда табиғат өте маңызды және энергияны осы табиғаттан аламыз», – деді.

Ресми бөлімнен соң көрермендерді Испания павильонының атриумында «Carros de Foc» көше театрының әртістері қарсы алды. Әртістер көрермендер үшін арнайы шоу-бағдарлама дайындапты. Алаңда әсерлі биге алдымен балалар, артынша үлкендер де қосылып кетті. Аяқ астынан пайда болған би алаңын қуаныш, күлкі мен шаттық толқыны кернеді. Осындай керемет қойылымнан балалар да, үлкендер де үлкен әсер алды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін испания павильонында бірнеше күн бойы түрлі іс-шаралар өтеді, олардың мақсаты – Испания мәдениетін әлемге ілгерілету.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ