Алаш қозғалысы һәм Мемлекеттік Дума (1906-1917)
26.08.2019 3942
Ресеймен қатар бүгінгі Қазақ елінің парламентаризм тарихы С.-Петербордағы Таврия сарайында Мемлекеттік Думаның І-шақырылымы жиналған 1906 жылдың сәуірінен бастау алады

Думаны шақырған отаршыл патшалық конституциялық монархия жолына түсті деп үміттенген Алаш қайраткерлері халқының ұлттық мұң-мүддесі үшін күресін 1905 жылдан 1917 жылдың Ақпан төңкерісіне дейін дерлік тұңғыш Ресей парламентінің аясында жүргізді.

Мемлекеттік Думаны құру және шақыру тарихы

1905 жылдың 6 тамызында ІІ Николай қол қойған «Мемлекеттік Думаны құру туралы» ол мақұлдамай ешбір заң күшіне кірмейді делінген Жоғарғы манифест бойынша отаршыл империяның тұңғыш парламенті құрылды. Оның ізінше жарыққа шыққан «17 қазан Манифесі» адамның жеке басының іс жүзіндегі бостандығы, ар-ождан (діни), сөз, жиын және одақ құру бостандығына кепілдік беретін азаматтық бостандықтың мызғымас негіздерін паш етті. Ал 1906 жылдың 23 сәуірінде қабылданған негізгі заңдармен және одан кейін дүниеге келген бірқатар өзге заңдық актылармен бірге бұл Манифест Ресейдің конституциялық дамуына сүрлеу салып берді. Отаршыл империя баяу болса-дағы, эволюциялық жолмен Батыс үлгісіндегі конституциялық монархия бағытынай қарай қозғала бастады. Айналымға парламентаризм мен тәуелсіз сот билігі туралы идеялар түсті. Одан қоғам санасына құқықтық мемлекет теориясы мен халық егемендігі деген үміт ұялата бастады. Оның үстіне 1906 жылдың 23 сәуірінде қабылданған негізгі заңдар Мемлекеттік Дума және Мемлекеттік Кеңестен тұратын қос палаталы парламенттік жүйені құрды. Бұл заң Ресей империясының тұңғыш конституциясы ретінде қарастырылды. Сонымен бірге мемлекеттік биліктің дені патшаның қолында шоғарланған күйінде қалды: бірде-бір заң патша бекітпей күшіне енбейді. «17 қазан Манифесінің» ізінше – патша ІІ Николай 1905 жылдың 19 қазан күні қол қойған жарлығымен Министрлер кеңесі де (Үкімет те) өзгертіліп, Министрлер кеңесінің төрағасы (премьер-министр) лауазымы енгізілді. Министрлер кеңесі мемлекеттің ең жоғарғы атқарушы билігі – министрліктердің іс-қимылын үйлестіретін мекемеге айналды. Жалғыз патша жасақтайтын және патшаға есеп беретін Министрлер кеңесіне заң жобаларын әзірлеу бастамасы және кейбір жағдайда заң қабылдау құзыры берілді. Үкімет құрамын жасақтау және үкімет саясатын, әсіресе оның сыртқы саясаты мен әскер істерін қадағалау толығымен патшаның қолында қалды.

5 жыл мерзімге сайланатын Мемлекеттік Думаға барлық заңды талдау мен мақұлдау құзыры берілді. Бірақ заңдар Мемлекеттік Кеңес мақұлдап, патша бекіткен соң ғана күшіне енуге тиіс-ті. Ресей парламентінің екінші жоғарғы палатасы – Мемлекеттік Кеңеске де дәл Думанікіндей құзыр берілді. Оның үстіне Мемлекеттік Кеңес мүшелерінің тең жартысын патша тағайындап, қалған жартысы қоғамдық ұйымдар мен мекемелерден (дворян қауымдары, Ғылым академиясы, университеттер, православие шіркеуі) сайланатын. Заң жобасы Дума мен Кеңес бірдей мақұлдағанда ғана патшаның бекітуіне түсетін.

Алайда Ресей патшасының 1905-1906 жылдарғы шығарған барлық манифесі мен негізгі заңдары және басқа да заң актылары жартыкеш шара болып қалды. Себебі, бір жағынан, патша өзінің шексіз билігінен айрылғандай болғанымен, екінші жағынан – «самодержец» (яғни «мемлекет – ол мен»)  болып қалды. Патша заңдық күші бар жарлық шығару, сондай-ақ Думаны тарату және оның қаулыларына «вето» (яғни бөгет қою) қою сынды шексіз билік құзырын белсенді пайдаланды. Мысалға Думаның 1906 жылғы І-шақырылымын 72 күннен кейін-ақ қуып таратса, 1907 жылғы ІІ-шақырылымын 102 күннен асырмай қуып таратты. Патшалық абсолютизмнің жаппай репрессия, әскери-дала соты, министрлік қағазбастылық (бюрократия) сынды айқын белгілері де жойылмады.

Дегенмен де Мемлекеттік Думаның шақырылуы, «жеке бастың іс жүзіндегі бостандығы, ар-ождан (діни), сөз, жиын және одақ құру бостандығына кепілдік беретін азаматтық бостандықтың мызғымас негіздерінің» жариялануы, біріншіден, 1905-1907 жылдарғы «Бірінші орыс төңкерісінің» анық жеңісі болса, екіншіден – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасып дамуына зор дем берді. Қозғалыстың өзі мен оның саяси жетекшілері «Алаш ұлт-азаттық қозғалысы» және «Алаш» қайраткерлері» деп кейін, Кеңес дәуірінде зерттеушілер тарапынан шартты түрде аталатын болды.

Думадағы тепе-тең өкілеттігі үшін күрес

Мемлекеттік Дума құрылған 1905 жылғы 6 тамыз Манифесі жарық көрген сәтте Алаш қайраткерлері отарлық езгіде отырған халқының мұң-мұқтажын қорғау жолында жаңа туған парламенттің маңызын терең түсініп, оған зор үміт артты. Өзінің отаршылдыққа қарсы қарусыз азаттық, саяси құқықтық күресін Дума мінберінен жүргізуге бел буды. Осы мақсатпен Алаш зиялылары «6 тамыз Манифесі» жарық көрмей тұрып-ақ 5 млн-нан астам халқына отаршыл империяның славян халқымен терезесі тең сайлау құқын алып беру үшін күресті. Өйткені Мемлекеттік Думаға сайлау туралы ереже әзірленген 1905-1906 жылдарда қазақ халқының парламентке өкіл сайлау құқы қыл үстінде тұрды. Сол себепті Алаш зиялылары 1905 жылы Дала және Түркістан өлкелеріне, Орынбор, Орал, Торғай, Каспий жағалауы (Прикаспийская) сынды дербес облыстар мен Астрахан гүбернесінің Бөкей ордасы болып отаршылдық пиғылмен бөлшектенген (Алаш Республикасы құрылған соң, оның Алаш Орда үкіметі Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу облыстары, Астрахан гүбернесінің Бөкей немесе Ішкі ордасы, Закаспий облысының Маңғыстау оязы, Самарқанд обысының Жизақ оязы, Амудария бөлімі, Алтай гүбернесінің Бийскі, Барнаул және Змеиногор ояздарын Алаштың жері деп жариялады. Қара: 1. ҚР Президентінің мұрағаты: 811 Қор, 23 тізбек,  193 іс, 52-54 парақтар; 2. «Сарыарқа», 22.03.1918, № 35. – 1 б.) Қазақ елінің түкпір-түкпірінен Ресей үкіметі мен сайлау ережесін жасау жүктелген жеке-жеке министрліктерге қазаққа Думаға өкіл сайлау құқын беруді талап еткен ондаған құзырхат жолдады. Ұлт зиялылары халқының саяси талап-тілектері тізілген «Қарқаралы...», «Ірбіт...» сынды құзырхаттар отаршыл империяның үкіметі мен министрліктеріне міндетті түрде жетсін деген оймен, оларды С.-Петерборға поштамен де жіберді [1, 3 б.], С. Петербордың тәуелсіз мерзімді баспасөзіне де жариялады [2, 4 б.], үкіметке, оның ішінде Думаға депутат сайлау ережесін әзірлеу міндеті жүктелген Ішкі істер министрі А. Г. Булыгинге де арнайы делегация жөнелтілді [3, 1 б.]. Мысалға үкіметке жолданған ондаған хаттың бірі – «Қарқаралы құзырхатының соңғы 11-тарауында мынадай талап қойылды: «Қазақ халқының мүддесі мен құқын қорғау үшін аталған заңнамалық жиналысқа (Мемлекеттік Думаға) оның депутаттарының қатысуы қажет» [2]. Думаға депутат сайлау ережесінің 1906 жылғы 6 тамыз нұсқасының «Ескертпесінде» былай деп жазылды: «Поляк патшалығы гүбернелерінен, Орал және Торғай облыстарынан, Сібір гүбернелері мен облыстарынан, Дала және Түркістан генерал-губернаторлықтарынан... сондай-ақ көшпелі бұратаналардан Мемлекеттік Думаға сайлау айрықша ережелер негізінде жүргізіледі» [4, 645-646.]. Алаш қайраткерлерінің дер кезінде жүргізген сауатты күрес-тартысының нәтижесінде 5 млн-нан асып жығылатын қазақ халқы ұлттық мұң-мүддесін Дума мінберінен қорғайтын мүмкіндік алды.

Алайда сайлау ережесінің «Ескертпесі» бойынша поляк патшалығы және Торғай, Орал облыстары, Дала және Түркістан өлкелерінің көшпелі қазақтарынан Думаға сайланудың айрықша ережесі – олардың Думадағы тепе-тең - пропорциялы өкілеттігін, яғни халық санына сайма-сай депутат сайлау құқын күрт шектеді. Мысалы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы әрі оның саяси жетекшісі Ә.Н. Бөкейханның ресми дерек көздерінен алған мәліметі бойынша, 1905 жылы Ақмола облысының қазағы 460 мыңнан асқан болса, сайлау ережесінің 250 мыңнан 1 депутат нормасы сәйкес, Ақмола облысы қазағы 2 депутат сайлауға құқылы еді. 600 мыңнан асқан Семей облысы қазағынан да кемінде 2, ал заң жүзінде тіпті 3 депутат сайлануға тиіс болатын. Алайда 1 млн-нан астам қазағы бар Ақмола және Семей облыстарынан Мемлекеттік Думаның 1906 жылғы І- және 1907 жылғы ІІ-шақырылымдарына бас-аяғы 5 депутат емес, бір-бір депутаттан ғана сайланды. Осы әділетсіздікке төзе алмаған «Алаш» қайраткерлері 1905 жылдың 12 қарашасында Семей маңындағы Заречная Слободка кентінде (1917 жылы Заречная Слободка Алаш қаласы болып өзгертіліп, Алаш Республикасының астанасына айналды. – С.А.) 30 кісі болып жиналып, сайлау ережесінің «6 тамыз» нұсқасын талқылады. Оның қорытындысы бойынша жиналғандар Ресей премьер-министрі С. Ю. Виттенің атына мынадай жеделхат жолдады:

«Мемлекеттік Думаға Семей облысынан шақыру көзделіп отыр: казактардан бір депутат, қала шаруаларынан бір және қазақтардан бір. Соңғы есеп бойынша облыста біріншісі 32 мың 779, екіншісі 63 мың 130 және соңғысы – 625 мың 550-ге тең. Осылайша 19 қазақтың сайлау құқы 1 казактың және 2 қалалық шаруаның саяси құқына теңестіріліпті.

Жоғары мәртебеліміз, Дала өлкесі жұртының Думадағы өкілдері санын анықтағанда жоғарыда келтірілген сандық мәліметті назарыңызға алуды өтініп, халыққа игілік тілейді деп сіздің әділдігіңізге үлкен үміт артамыз. Қол қойған 30 адам» [5, 3 б.].

Алайда Заречная Слободкадағы жиыннан 2 аптадай бұрын, 26 қазанда санктпетерборлық «Наша жизнь» газетіне берген сұхбатында Ресей премьер-министрі С.Ю Витте «жалпы сайлау құқын қолдайтынын, бірақ ең бастысы – тепе-тең сайлау құқына қарсы» екенін кесіп айтты. Нәтижесінде «Алаш» қайраткерлері қазақтың Думадағы депутаттары санын халық санына сай ұлғайта алмады.

Сайлау ережесінің «6 тамыз» нұсқасында қазақ халқының Думадағы тепе-тең өкілеттігін қанша қысқартылғанын көрсету үшін тағы бір тарихи мысал алайық. Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен қабылданған жаңа шынайы демократиялық сайлау заңы негізінде, сол жылдың 12-18 қарашасында Бүкілресейлік құрылтай жиналысына 6,5 млн-ға жуық қазағы бар 9 облыс, Бөкей ордасынан 27 депутат пен 16 кандидат сайланған болса [6, 1 б.], 1906 жылғы «6 тамыз» сайлау ережесі негізінде бүкіл қазақтан Думаның 1906-1907 жылдарғы екі шақырылымына кем дегенде 20-22 депутаттан сайлауы керек еді. Алайда І Думаға бар-жоғы 6 депутат – Торғай облысынан Ахмет Бірімжан (№1 фото), Семейден Әлихан Бөкейхан (№2 фото), Оралдан Алпысбай Қалмеңұлы (№3 фото), Уфа гүбернесінен Сәлімгерей Жантөре (№4 фото), Ақмоладан Шаймерден Қосшығұлұлы (№5 фото), Сырдариядан Молла Тайынұлы сайланды. ІІ Думаға 7 депутат – Торғай облысынан екінші рет А. Бірімжан, Оралдан Бақытжан Қаратайұлы (№6 фото), Астрахан гүбернесінің Бөкей ордасынан Бақыткерей Құлманұлы (№7 фото), Жетісудан Мұхаметжан Тынышбайұлы (№8 фото), Семейден Темірғали Нұрекенұлы (№9 фото), Ақмоладан екінші рет Ш. Қосшығұлұлы, Сырдария облысынан Тілеулі Аллабергенұлы сайланды (№10 фото). І Думада бір қазақ депутатының кем болуы – І Мемлекеттік Дума күштеп таратылған 1906 жылдың 8 шілдесінде Жетісу облысында сайлау өтіп үлгермеген-ді [7, 317 б.].

Фото №1, 2

Фото №3, 4

Фото №5, 6

Фото №7, 8

Фото №9, 10

Жалғасы бар...

Әдебиеттер:

1 Букейханов А. Я являюсь представителем 4-миллионнаго казахского народа. // «Семипалатинскій листокъ», 08.12.1905 г., № 239. Семипалатинскъ.

2 Петиция киргиз [казахов]. //«Сын отечества», 04.09.1905 г., № 173. СПб.

3 Омск, 26-го августа. – Омск: «Иртыш», 26.08.1906 г., № 32.

4 Полное собрание законов Российской империи. Собр. III. Т. XХV. Отд-ние 1-е. СПб., 1908. Ст. 266.

5 «Семипалатинский листок», № 243, 16.11.1905 г. Семипалатинск.

6 Қыр баласы. Қазақ депутаттары. //«Қазақ», 1917.04.07, № 235. Орынбор.

7 Бөкейхан Ә.Н. Шығармалары – Сочинения. 15 тт. – Астана: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2018.

Мақала BR05236848 бағдарламалық мақсатты қаржыландыру жобасы және AP05132901 гранттық жобасы аясында жарияланып отыр.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры