Алтан Нэргүй, қарутанушы, мерген: Көшпелілер садағының 12 мың жылдық тарихы бар
Бөлісу:
24.09.20242046
Жуықта елорда төрінде ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны барысында өткізілген сайыстың бірі – атүсті «Жамбы ату» стилі. Бұған әлемнің 27 мемлекетінен келген 79 спортшы қатысты. Осылардың біреуі – атүсті садақ атудан әлем чемпионы Алтан Нэргүй атты азамат. Бұл жігіт көшпенділер ойынынан да олжа салды. Яғни, «мажар» стилі бойынша өткізілген сайыста күміс медаль жеңіп алды. Таныса келе аңғарғаным, А. Нэргүй мырза тек мерген садақшы емес, ежелгі көшпенділер мәдениеті мен жауынгерлік өнерін зерттеп жүрген аса білімдар маман екен.
Бұл жігіт 2011 жылы Ұлан-батыр қаласындағы Ұлттық университетті философия және дінтану мамандығы бойынша бітірген соң, «Намнаа» (қазақшасы «Садақ ату») атты клуб ашып, оны соңынан көшпенділердің қолданбалы өнері мен соғыс құралдарын зерттейтін академияға айналдырыпты.
Өткен жылы ертедегі ғүн-түркі дәуірінен бастап, еуразиялық кеңістікте биік жүргізген Шыңғыс қаған ұлысы, одан кейін 1271-1368 жылдары өмір сүрген Юань империясы, 1368-1644 жылдары билік құрған Мин патшалығы, 1644-1912 жылдары ұлыс тізгінін шеңгелдеген Манжу-Цинь империясы тұстарында пайдаланған соғыс құралы садақтың дамуы, жетілуі, өзгеру сатылары хақында зерттеп көлемді кітап та жазған екен.
Осы орайда мерген, садақшы, танымал этнограф-зерттеушімен жолығып жүргізген сұхбатты портал оқырмандарына ұсынып отырмыз.
Зерттеуші-мерген Алтан мен автор
– Алтан мырза, байқауымша, сіз көшпелілер мәдениетінің жоқтаушысы екенсіз. Бұл іске ден қойғаныңызға не себеп?
– Сізде, менде ежелгі көшпелілер ұрпағымыз. Біздің ата-бабаламыз көшпенді мәдениеті аясында кем дегенде төрт мың жыл өмір сүрді. Ал сіз екеуіміздің отырықшы, яғни еуропалық өмір-сүру салтына бой ұрғанымызға ары кетсе бір ғасыр ғана болды. Демек, біздің бойымыздағы қанда төрт мың жылдық көшпенділер мәдениетінің гендік қасиеті сақтаулы тұр.
Қазіргі жаһандану заманында өркениетке бет бұрған кез келген халық өзінің өткен мұраларын, әсіресе генеалогиялық құндылықтарын жаңғыртпайынша байырғы бет-бейнесін таба алмайды.Егер де көшпелілер ұрпағы мынандай алма-ғайып заманда өз бет-бейнемізді жоғалтып алмай, әлем этностары алдында мәртебелі орынға шығуды ойласақ, бізді тар жолдан тайдырмай алып шығатын және дұрыс жол сілтейтін дүние – ежелгі мәдениетіміз. Осыны білген адам, түйсінген жан қалайда өзінің байырғы бастауына үңілері хақ.
Екіншіден көшпелілер мәдениетінде біз ұялатын ештеме жоқ. Қайта күллі ғалам алдында біздің абыройымызды көтеретін дүние бұл. Сондықтан осыны білген адам қалайда бұл іспен шұғылданбай қоймасы анық.
Атүсті садақ атудан әлем чемпионы Алтан Нэргүй
– Дұрыс екен. Сіздің жазған еңбектеріңізбен және де әлеуметтік желі арқылы оқыған лекцияларыңыз бен подкастарыңызды қарап шықтым. Осы орайда көшпелілер ежелгі атыс қаруы садақтың тарихы жайлы не айтасыз?
– Яғни, ерте дәуірде өмір сүрген адамзаттың негізі қаруы – садақ болды. Әлемдік жауынгерлік өнер тарихын зерттеушілер садақты алғаш кімдер ойлап тапты және қай кезден бастап қолданды деген сұраққа ұзақ жыл жауап іздеді.
Осындай ізденуші-зерттеушінің бірі, танымал археолог әрі этнолог-антрополог В.А. Шнирельманның пайымдауынша, Орталық Азия, Оңтүстік Сібір, Алтай, Саян, Қанғай, Кентай тау сілемдерін және Қиыр Шығыстың аңғарындағы өзен-көлдерді мекен еткен ежелгі тайпалар даланың жабайы аңдарын аулау үшін алғашқы тас дәуірде садақ қолданған дейді.
Уақыт өте келе ежелгі адамдар қола дәуірдің соңы мен темір дәуірінің басында жоғарыдағы аң аулауға арналған құрал садақ арқылы өздерін сыртқы күштен қорғауға, жауын жасқауға жұмсағаны туралы орыс ғалымы Е.А. Разинның жазбаларында көрініс тапқан екен.
Жалпылай алғанда көптеген зерттеушілер археологиялық қазба барысында табылған садақтарды ғүн дәуіріне тән жәдігер есебінде қарастырып жүр. Десе де кейбір мамандар «сақ садағы әуелгі қару түрі, ал ғұн садағы деп оның кейінгі жетілдірілген нұсқасы» деген де пайым ұстанып отыр. Бұл сұрақтың нүктесін маман ғалымдар болашақта қоя жатыр. Демек де, қазіргі таңда барлық зерттеушілер садақтың алғаш пайда болған мекені Азия даласы һәм оны жасаушылар дала тұрғындары ежелгі көшпелі тайпалар екенін бірауыздан мойындайды.
Жоғарыдағы дереккөздерін негіздей отырып, біз ерте тас дәуірінің аяғы немесе орта тас дәуірінде, қазіргі күнтізбелік есеппен айтқанда, осыдан 12000-7000 мың жыл бұрын еуразиялық аумақта өмір сүрген көшпенділер садақты ойлап тауып, қолданды деген тұжырымға тоқталамыз. Демек көшпелілер садағының он екі мың жылдық тарихы бар.
Сондай-ақ, ерте дәуірдің әскери-жауынгерлік өнерін зерттеген еуропалық және ресейлік мамандар Мелюкова, Черненко, Смирнов, Хазанов т.б. еңбектерінде және Оңтүстік Сібір тұрғындарының б.з.б. тұрмыс-тіршілігіне зерттеу жасаған А.М. Кулемзиннің жазбаларында да садақты тұңғыш болып Азия құрлығының тұрғындары қолданғаны хақында айтылады. Бұл деректер аталмыш өлкелерде жүргізілген археологиялық қазба барысында табылған заттай жәдігерлер арқылы да толық дәлелденіп отыр.
Мысалы, ежелгі көшпелілер империя құрған еуразиялық аумақта көне ғұн бабаларымызға тән аса ірі 13 қорған-кешен болса, осылардың 9-ына қазба жұмысы жүргізілген екен. Нәтижесінде 30 мыңға жуық ірілі-ұсақ артефактілер табылса, осылардың ішінен бүтін күйінде сақталған 4-5 садақ табылып отыр. Бұл садақтар апайтөс еуразиялық кеңістікте империя құрған ғұн бабаларымыздан бізге жеткен құнды мұра екені анық.
Археологиялық қазбалардан табылған садақтарға қарап қарутанушы ғалымдар осыдан 2500-3000 жыл бұрын көшпелілер мүйіз астарлы құрама садақ пайдаланғаны туралы тұжырым жасайды. Бұл садақты зерттеушілер бір ауыздан «ғұн садағы» деп атап жүр. Өйткені бұл садақты жасаған иесі – ғұндар. Осыдан 25-30 ғасыр бұрын пайда болған осы ғұн садағы заманға қарай аздаған формалық өзгеріске ұшырағаны болмаса, жасалу тәсілі мен құрылымы әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Соған қарағанда бұл садақтың технологиясы керемет үлгі екені анық.
Бұл садақтың ерекшелігі – сұғы ұзын, екі иіні қысқа болады да, жон дәртесіне (сыртқы қыр арқасына) тарамыс шаптап, ішкі астар бетіне мүйіз жапсырады. Мүйіздің міндеті – садақты ату үші иіп берсе, тарамыс оны қайтадан серпілтіп байырғы қалпына келтіретін қасиетке ие. Көшпелі ғұн заманынан бастау алатын құрама садақ әлемге тарап, күні бүгінге дейін өзгермей келе жатыр.
Яғни, ежелгі көшпелілердің ағаш, мүйіз, тарамыс араластырып жасаған ұзын сұқты садағы Ғүн дәуірінде негізі қаланып, Юань хандығы құлағанға ешқандай өзгеріссіз жалғасты. Бұл аралықты уақыттық тұрғыдан межелер болсақ: б.ж.с.б 209-б.ж.з 1368 жыл аралығы екен.
– Сіз көшпенділердің мергендік өнері жайлы дерек жинау барысында қандай мәліметтерді негізге алдыңыз?
– Ортағасырлық көшпелілердің мергендік өнері хақында қытай тілінде жазылған негізгі екі дерек бар. Біріншісі – Сүн империясының елшісі Чжао Хунның 1221 жылдар шамасында атақты қолбасшы Мұқылайдың ордасына барған сапары кезінде көрген білгенін хатқа түсірген «Мэнда бэйлү» («Татарлар хақында толық жазба») атты еңбегі. Осы жазбада: «Көшпенділер аттың жалында туып, аттың жалында ер жетеді. Жауынгерлік өнерді туғаннан бастап үйренеді. Олардың басты жұмысы – садақ атуды толық меңгеру. Ол үшін аң аулайды, сайысқа қатысады. Оларда жаяу сарбаз деген болмайды» деп жазады.
Екінші дерек – 1236 жылы жарық көрген Пэн Дая, Сюй Тин атты авторлардың «Хэйда шилюэ» («Қара татарлар хақында») атты жазбасы. Онда: «Татарлар (көшпенділер) ұл баласын үш жасқа толған сәтінен бастап, оны ерге отырғызады да, ат үстінде шауып кетуге жаттықтырады. Бес жасқа толғанда қысқа садақ ұстатып, мергендікке баулиды. Ал ер жеткен соң олар аттың үстінде құс сияқты еркін самғайды» десе, ағылшын тарихшысы Джон Энтони Гарнет Мэн (John Anthony Garnet Man): «Ерте орта ғасырда еуразиялық аумақта өмір сүрген көшпенділер әскери-жауынгерлік өнердің бір түрі садақ қолдану арқылы ғаламдық соғыс тарихына өлшеусіз өзгеріс әкелді» деген пайым айтады.
Жалпы садақ ату – ерте заманда еуразиялық көшпенділердің төл өнері болғаны жайлы бұлардан басқа да араб және мысырлық ғалымдар жазған деректер баршылық. Олар:
1368 жылы жазылып, бүгінге жеткен мәмлүктердің «Kitab fi ilm an-nussab» («Жасөспірімдерге арналған мергендік тәлім») атты туындысы;1470 жылы жарық көрген «Мәмлүк сарбаздарының жауынгерлік өнері» атты еңбек; 1500 жылдары жарық көрген «Arab fhchery An Arabic manuscript of about» атты араб қолжазбасы;XVII ғасырда жазылған қытай зерттеушісі Гао Иннің «Садақ атудың жолы мен ізі» атты жазбасы т.б
Сонымен қатар, ежелгі мәмлуктердің әскери жауынгерлік тарихын жазған Меңлібұға ноян: «Қыпшақ-түркілердің қолындағы садақ тек солар үшін жаратылған сияқты. Cадақ ату шеберліктері теңдессіз» деп жазады.
– Сіз жоғарыда еуразиялық аумақта орналасқан көшпелілерге тән қорған-обалардан бірнеше бүтін садақ табылды дедіңіз. Осы туралы мәлімет бере кетсеңіз.
– Жуық жылдары Байқал өлкесінің (Забайкалье) күңгейіндегі Хилок (Хилго) өзені сағасындағы Зугмара-1 қорғанынан қазған кезде жақсы сақталған тағы бір көне садақ табылды. Бұл садақтың ұзындығы 120 см. Ең бастысы аталмыш садақтың астарында (ішкі бауырында) ұзындығы – 18 см, ені – 2,5-2,7 см болатын мүйіз жапсырмасы бар.
Мұндай мүйіз жапсырмалы көне садақ үлгілері Забайкаль өлкесінде орналасқан Малая Кулинда, Точкин, Чиндант, Бегул, Усть-Талькин қатарлы қорған-обаларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде де табылған. Атақты археолог-этногаф А.П. Окладников Сібір даласына жүргізген қазба жұмыстары кезінде Байқал көлі маңынан ұзындығы 100-150 см мүйіз жапсырмалы құрама садақ тапқан. Жәдігерге ғалымдар 3 жылдың мұрасы деген тұжырым жасапты. Бұл садақтың ұзындығы 140-160 см екен.
Сондай-ақ тек моңғол даласынан ХІІІ-ХІV ғасырларға тән төрт-бес дана садақ табылып отыр. Соның бірі Өмнегоби аймағы «Эке Баян» үңгірінен табылған көлемі 110 х 4 см х 1 см шамасында бүп-бүтін садақ. Бұл жәдігер туралы археолог мамандар ХІІІ ғасыр мұрасы деген пайым айтуда. Құрамына тоқталсақ: ағаш, мүйіз, тарамыс, тоз, бояу және шикі тері пайдаланған. Яғни, садақтың сұғы мен тұтқасын құрамалап таңдайлап сұғындырып жасаған. Сыртын қайыңның тозымен қаптап, сұғының ұңғысына табиғи бояу жаққан. Садақтың ішкі астарына мүйіз шаптап, оны жұқа жіңішке қайыспен орап байлапты (1-сурет).
1-сурет
Келесі бүтін садақ Баян-Қонғыр аймағы территориясында орналасқан «Муруй» атты сайдың аузынан табылып отыр. Бұл садақтың өлшемі нақты емес, өйткені жәдігер тарамдалып бүлінген, тек табылған деталь бөлшектерін құрастырып көруге болды. Аталмыш садақ уақыттық тұрғыдан ХІІІ-ХІV ғ.ғ. тән дейді зерттеушілер. Бұл да мүйіз, тарамыс, ағаш, тоз т.б. заттар қосылып жасалған күрделі құрама садақ есебіндегі бұйым. Бір ерекшелегі садақтың сұғына байланған адырна жібі сақталып қалған (2-сурет).
2-сурет
Ал үшінші көне садақ – Бай-Өлке аймағы Алтынсөгсе сұмынының Қақты (Хагт) тауынан табылған. Бұл сол ХІІІ-ХІV ғ.ғ. тән жәдігер екен. Әдеттегідей құрамы: мүйіз, тарамыс, ағаш, тоз т.б. материалдардан құрастырылып жасалған. Бір сұғы 32 см болса, екінші 30 см ұзын. Иілген астарының бірі 31см, екіншісі 32 см, тұтқасы 13 см екен (3-сурет).
3-сурет
Төртінші садақ – Өбірқанғай аймағы Боғда сұмын жеріндегі «Шаған жартас» («Цагаан хад») деген жерден табылған. Бұл – сол ХІІІ-ХІV ғғ. мұрасы. Көлемі белгілі: 130,8 см х 19 см х 5 см. Садақтың құрамы: ағаш, мүйіз, тарамыс, бояу және түсті металь пайдаланған. Садақтың адырнасы ажыратылмаған. Екі бас сұғының ішкі астарына алтын жалатып ою салынған (4-сурет).
4-сурет
– Сіз кезекті лекцияңызда көшпелілер садағы ерте дәуірден бастап, отты қару пайда болған бертінгі ғасырларға дейін пайдаланғаны туралы айттыңыз. Демек, бұл атыс қаруы заман өзгерген сайын жетіліп, сапаланып отырды деп түсінуге негіз бар шығар?
– Әрине, бар. Көшпелілер садағының құрылымдық һәм жауынгерлік сипаты өзгеріп жетілген тұсы Ежен хан заманы (Цинь хандығы). Бұл кезде ежелгі дәстүрлі садақтың тобыршығы өзгерді де, садақтың тұла бойы ұзарды. Әрине, садақ ұзын болғандықтан, атқан кезде адырнаның бауы мергеннің кеуде тұсына дейін тартылып, оқты бас бармақтың үстіне жайғап нысаналайтын тәсіл де пайда болды. Совет заманында біздің елдің (моңғол) дәстүрлі садақшылары оқты көздеп атқанда сұқ саусағының қырын пайдаланып, жақтың адырнасын құлақтың астыңғы түбіне жеткізіп тартатын осы әдісті қолданды.
Ежелгі моңғол шапқыншылығы туралы жазылған жылнамаларының бірі «Жамиғ ат-тауарих» («Сборник летописей») атты кітапта Шыңғыс қаған 1225 жылы Хорезм елін толық бағындырғаннан кейін ондағы күллі қолөнерші шеберлерді Қарақорымға айдап әкелгені хақында айтылады. Осы қолөнер шеберлері моңғол әскерінің соғыс қаруы, соның ішінде садақты айрықша жетілдіргені анық. Жоғарыда біз сөз етіп отырған садақтар – осының жемісі. Бұл жәдігердің сапасын ІХ-Х ғасыр жер астында жатса да бүлінбегенінен аңғаруға болады.
Сол сияқты тарихшы Рашид-ад-диннің жазбасында, бір жатжерлік адам Өгедей ханға өзі жасаған екі садағын көрсетіп: «Мен садақ жасайтын шебер едім, бірақ мойнымда жетпіс ділдә қарызым бар. Сіз осы қарызымды төлеп берсеңіз, мен сізге жыл сайын садақтың мың оғын жасап берейін» дегені туралы дерек бар. Хан шеберге жетпіс емес, жүз ділдә бергізіп оқ жондырған екен.
Мысалы, Мин империясы шекара бақылау ісінің әскери қолбасшысы 1545-1549 жылдары «И-Юи» атты («Сыртқы қауіп жайлы жазба») еңбегінде ежелгі көшпенділердің ату қаруы садақ пен жебесі туралы былай деп жазады: «Көшпенділер садақтың жебесін темір немесе мүйізден жасайды. Оғына қауырсын жапсырып сәндейді. Қауырсынды оқ ауытқымай дөп тиеді. Жақсы садақтың бағасы – бір жылқы. Сиыр мүйірімен астарланған садақтың бағасы – бір сиыр».
– Сіз жазған «Намнаа» атты кітапта Сауд Араб елінің қасиетті қаласыМадина музейінде қыпшақ-мәмлүк садағы тұрғаны жайлы оқыдық. Осы садақтың ежелгі ғұн садағынан айырмасы барма екен?
– Қыпшақ-мәмлүк садағының құрылымы мен жасалу тәсілі ежелгі азиялық көшпелілер садағына ұқсас екен. Осындай бір садақты өз басым мұсылман бауырлар қасиетті санайтын һәм Мұхамед пайғамбардың қабірі мен мешіті орналасқан Мәдина қаласының музейінде тұр. Бұл садақ кәдімгідей мүйіз астарлы, тарамыс дәртелі дәл ежелгі ғұн садағының көшірмесі екен. Дейтұрғанмен бөлшектерін құрастырғанда V (аша) сына пайдаланып, садақтың ағаш тұлғасы, тұтқасы мен сұғын жалғаған. Осы садақтар орта ғасырда қыпшақ-мәмлүктер қолданған садақтан аумайтыны зерттеушілердің назарын айрықша аударып отыр.
Мадина музейіндегі қыпшақ-мәмлүк садағы
Мадина садағы ат үстінен атуға ыңғайланғандықтан моңғол садағына қарағанда пошымы шағын. Шамамен 45 инч (inch) маңайында. Садақтың сұғы ежелгі ғұн садағына қарағанда қысқалау әрі сұғында «кассан» дейтін арнайы бөлігі бар. Яғни Мадина музейінде тұрған қыпшақ садағы тұтқасы, жалпы корпусы, кассан және сұғы қатарлы төрт бөліктен тұрады екен. Садақ тұтқасы Азия садағынан өзгешелеу, алға қарай қарынсал шығыңқы пішінде жасалған. Оның сыртында жұмыр емес жалпақтау пошымды. Бұл қарудың басты ерекшелігі – өте қуатты, тек мықты мергендер қана тарта алатындай. Мысалы, осы садақты пайдаланған Оттоман мемлекеті (Түркі-Оспан империясы) алты ғасыр (1299-1922) әлемді аузына қаратты.
Бір қызығы, осы қыпшақ садағы отты қару толық қолданысқа енгенге дейін Шығыс Азия, Кіші Азия жерінде жауынгерлік қарудың басты атрибуты ретінде қызмет атқарды. Мадинадағы қыпшақ садағын әлемдік қарутанушылардың пайымы бойынша «татар садағы» тобына жатқызуға болады. Өйткені татар садағының тұтқасы түрік садағы сияқты алдына қарай шығыңқы жасалады.