Таспаға түскен Міржақып сөзі

Бөлісу

15.09.2025 5099

Халқымыздың өнер тарихында аты әнмен егіз аталып, елдің есінде бір ғана шығармасымен қалған өнерпаздар аз емес. Ол өнерпаздың көкірек көмбесінде қанша қазыналы мұра болса да халықтың бәрі  бір шығарманы орындауынан-ақ төбесіне көтеріп, әспеттеп жатса одан  артық бақыт бар ма?! Күләштің Бәйсейітованың «Гәккуі», Жамал Омарованың «Алтайы», Әміренің «Балқадишасы» сияқты ғажайып орындаулардың қатарында Әли Құрманов орындаған «Он алты қыз» бен Молдабайдың әні де бар. 


Кеңестік кезеңде өмір сүріп, еліміздегі алғашқы оркестр мен алғашқы филармонияның дамуына үлесін қосқан Әлидің орындаушылық қорында одан да басқа толып жатқан ән мен күй, жыр-дастан бар еді. Олардың бір бөлігі таспаланып, қазақ өнерінің тарихындағы құнды мұраға айналды. Дегенмен осы Әлидің орындауында Кеңестік билік кезінде «халық жауы» болып ұсталып, айдауда жүріп қазасы жеткен алаш арысы Міржақыптың шығармалары болды және ол сол тұстың өзінде кинопленкаға жазылып, ел арасына насихатталды десек сенер ме едіңіз. Жазғаныңның әрбір әрпіне дейін тексеріп отыратын қатал цензура бұған жол берер ме еді? Әрине, жол бермейді. Бірақ құдайдың артық жаратқан пендесіне қатысты түрлі ғажайып оқиғалары, ғаламат хикметтері бола беретіні бар ғой. Міржақып рухының шарапаты дейміз бе? әлде Әлидің өнердегі ержүрек бір батылдығы дейміз бе,  қалай десекте осындай бір ғажайып оқиғаның болғаны анық…

Міржақып шығармасын Әли қашан орындады, қалай орындады, оны кейін айта жатармыз. Алдымен Жақаңның өлеңін жүрегінде сақтап келген Әли жайлы қысқаша ақпарат берейік:

Құрманов Әли Төлемісұлы 1901 жылы Ақтөбенің Шалқар ауданына қарасты Шұбар ши деген жерде дүниеге келген. әли алты жасында домбыра тартуды үйреніп, 12-13 жас шамасында ел арасындағы жиын-тойларда өз өнерін көрсете бастаса керек. Оның өнерге бейімділігі анасы Ұмсындықтан жұғысты болған. Ел ішінде Аққыз атанған Ұмсындық балбармақты домбырашы, жезтаңдайлы әнші болған кісі. Осы Аққыздан туған Әлидің бойынан да домбырашылық, әншілік пен жыршылық өнер молынан табылатын.  Жасынан Ақтөбеге танылған Әкімкерей, Жаңаберген, Пұсырман жыршылардың өнерін көріп, содан үлгі өнеге алады. Шалқар маңындағы атақты Қазанғаптың күйлерін, Саршолақ шайырдың жырларын, Батақтың Сарысының әндерін құлаққа құйып, көкірекке жиып дегендей қазынаға кенеле береді. Дегенмен Әли бұл уақытта ән мен жырды негізгі кәсібі етпей тәртіпкер сақшы қызметін атқарған. Төңкерістен кейін жаңа орнай бастаған үкіметтің тәртібін елге түсіндіре жүріп, барған жерінде өз өнерінде ортаға салып, беліндегі қылышын, қолындағы домбырасын қатар алып жүреді. Жасында орыс-қазақ мектебінде екі жыл білім алған Әли жиырмаға толғанда оқу іздеп Орынборға барады. Думанды шаһарда бірнеше ай жүргенімен оқуға түсе алмаған Әли кейін қайтады. Оқуға түспегенімен олжасыз қайтпаған. Олжасы – атақты Молдабай әншінің көзін көріп, әнін естиді. Үлкен қаладағы өнер ордаларын көріп, ой түйеді. Сол сапарынан оралған соң көргенін іске асырып, Шалқарда театр үйірмесін ашып, «Бетім-ау, құдағи ғой», «Сылаң қыз» т.б. пьесаларды қойып, елдің алғысына бөленеді. Бұл қойылымдарда басты рөлдерді де өзі сомдайды. Күнкөріс қамы үшін түрлі ұсақ-түйек жұмыстарды атқарып жүрседе, театр үйірмесін ұйымдастырушы ретінде белсенді қызмет атқарады. Пьесалардан кейін концерттер қойып, халықты әнге бөлеп, жырға қандырады. Ақыры арналы өнер ішке сыймаған өнерпаз ресми жұмыстан шығып, ел аралап әншілік, жыршылық өнерін кәсіпке айналдырады.  Атақты Әкімгерейдің соңына еріп шәкірті болып, көп ән мен жыр үйренеді. 1932 жылғы ашаршылық уақытында Қарақалпақстанға барып, төрт қала бойын түгел аралап өнер көрсетеді, күнкөрістің қамын жасайды. Араға екі жыл салып туған жеріне қайта оралған Әли 1935 жылы Алматыда ұйымдастырылған бірінші бүкіл Қазақстандық халық өнерпаздар байқауына келеді. Осы слетте әншілердің ішінде Ғарифолла Құрманғалиевтан кейінгі екінші орынды алған өнерпаз біржола Алматы қаласында қалып, қазақтың ең алғашқы оркестрінде домбырашы болады. 1935 жылы Алматыда филармония ұйымдастырылғанда, Әли оркестрден шығып, бірыңғай әншілікке ауысады. Әли филармонияда Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова секілді әншілермен бірге алдыңғы қатарлы  орындаушы болды, театрландырылған көрністерге де қатысты. Қазақ өнерінің он күндігіне қатысып, Мәскеу сахнасында өнер көрсеткен Әлиге 1936 жылы оған Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағын берілді. 1938 жылы Әлидің орындауындағы «Молдабай» әні «Грампластрест» жазба фирмасынан жеке пластинка болып шықты.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Әли өз басшылығымен ансамбль құрып, байтақ қазақстанның түкпір-түкпірін аралап өнер көрсетті. Елдің қайратын шыңдап, жеңіске деген үмітін арттырды. Тіпті майдан даласына да барып, Ғали Орманов бастаған концерт бригадасының құрамында жауынгерлер алдында ән салып, концерт берді. 

Осы соғыс болып жатқан уақытта, 1943 жылы қазақ театр өнеріне қатысты «Под звуки домбры» атты арнайы фильм түсірілген. Қазақ мәдениеті мен өнерінің алыптары түсірілген бұл фильм киноконцерт іспетті болды. Фильм «Қыз Жібек» операсындағы Күлаш салған «Гәкку» әнімен басталып, сол тұстағы қазақ театрында қойылған түрлі спектакльдермен және Дина Нүрпейісова, Шара Жиенқұлова, Әли Құрманов, Жамал Омарова, Әнуарбек Үмбетбаев секілді қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің ән-күйімен жалғасын тапқан. Ахмет Жұбанов жетекшілік еткен ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы «Сарыарқа» күйін де осы кинолентада сақталған. Әли Құрманов мұнда «Он алты қыз» әнін орындапты. Әннен кейін Исаның желдірме мақамына салып «Болса да ақылыңа малың серік» деп басталатын 18 жолдық өлең айтады. Бұл Міржақыптың «Оян, қазақ» кітабындағы «Жігіттер» деп аталатын өлеңнің екінші бөлімі. Кітаптағы өлең мәтіні 20 жолдан тұрады. Әлидің орындауында бірінші шумақтың соңындағы

Дүние аз күн қонақ мысалыңда,

Болғаны жақсы емес пе өзіңде ерік, – деген жолдар түсіп қалған. Әлидің орындауындағы өлең мәтіні мынадай:

Болса да ақылыңа малың серік,

Өнерлі сегіз қырлы сырың берік.

Білмейтін қадіріңді жаман қызға,

Құр бекер сөз жасытып өтінбелік.

Алайық жігіттікте болып тұлға,

Бой тартып сол уақытта бекінбелік.

Рахат келешекте көрер жігіт,

Ұнатып бір сұлуды алса көріп.

Жарасып бір-біріңе әзіл сөздер,

Отырса махбүбәңіз қасын керіп.

Хайырлы ықылас зайып болып шығып,

Шүбәсіз көз алартпай жүрсең сеніп.

Жүреді осылайша қосылғандар,

Тән басқа, жаны бірге секілденіп.

Тағы да құр сұлу деп қарамалық,

Көрелік сыр сыйфатын көз жіберіп.

Сырты алтын, іші фальші болып шығып,

Сан соғып, құрбыларым, өкінбелік!

Өлеңдегі кейбір жолдар өзгеріске түсіп, кей сөздердің орны ауысқанымен шығарманың тұтас тұлғасынан Міржақыптың туындысы екенін бірден айыруға болады. Кинолентадан Әлидің орындаушылық шеберлігі, домбыра қағысы, қолдарын сан саққа жүгіртуі, бет әлпетінің неше сипатта құбылып отыруы тыңдаушыларының ықылас-ынтасын өзіне аударып әкететіні көрінеді. Оның орындаушылықтағы осындай еркіндігі және өлең мәтінінің саяси мәнге ие болмай, дидактикалық қалыпта, өсиет, уағыз, насихат қалпында келуі Міржақып шығармасын қорықпай ел алдында орындап жүруіне себепкер болған деп тұжырымдауға болады. Әйтпесе Кеңес үкіметіне қалам ұстап та, қару ұстап та қарсылық білдірген Міржақып өлеңінің кинолента арқылы елге таралуын қалай түсіндіруге болады. Неде болса Міржақып өлеңінің Әли секілді өнер саңлағының орындауында таспаланып сақталып қалуы – кейінгі ұрпақ үшін таптырмас олжа болып отыр. Әлидің бұл шығарманы кімнен, қашан үйренгені біздерге беймәлім. Бірақ «оян, қазақ» кітабының өз дәуірінде тұтас ұлттық деңгейге көтерілген, елге кең таралған туынды екендігін ескерсек, жыршылықты кәсіп етіп ел аралап өнер көрсеткен Әлидің мұндай шығарманы білмеуі әсте мүмкін емес қой деген ойға келеміз. Ал енді сол туындының Міржақып атына тиым салынған уақытта айтылып жүруі мүлде басқа әңгіме. Бұл әңгіме көзі жас, көңілі тұман күндерде де алаш үшін жан қиған асыл азаматтардың ұмытылмай жүруі жайындағы әңгіме. Шын мәнісінде елдің елдік қасиетінің өзі осында ғой...

БАТЫРЛАН САҒЫНТАЕВ 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

Бөлісу