Әлемдік діндердің жәдігері Ұлттық музейге қойылды

Бөлісу

15.09.2025 4918

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Әлемнің діни дәстүрлерінің баға жетпес қазыналары» атты көрме ашылды. Бұл шара Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі мен Жас діни лидерлердің II форумы аясында ұйымдастырылып отыр, – деп хабарлайды E-history.kz ҚР Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Көрменің басты мақсаты – әлемдік діндердің рухани мұрасын паш ету, бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеу, түрлі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікке жол ашу.

Көрмеде Ұлттық музей мен Бейбітшілік және келісім музейінің қорларынан алынған құнды жәдігерлер қойылды. Әр діннің рухани-мәдени мұрасы осы көрме арқылы көрініс тапты:

Христиандық – иконалар, айқыштар, литургиялық тостағандар;Ислам – қасиетті Құран, каллиграфия өнерінің туындылары;Иудаизм – менора, талит;Индуизм – құдай мүсіндері, шамдар, ғұрыптық бұйымдар;Буддизм – Будда мүсіні, дұға моншақтары, дыбыс шығаратын тостағандар

Бұл жәдігерлердің әрқайсысы адамзаттың ғасырлар бойғы ізденісі мен рухани ізгілігінің айғағы іспетті.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ануар Нурманұлы Хатиев:
«Адамзаттың моральдық бағдарын ғасырлар бойы қалыптастырған діни дәстүрлер осы экспозицияда қайта тірілгендей. Мұндағы әрбір жәдігер – айырмашылықтарға қарамастан, барлық діндер ізгілік, даналық және адамсүйгіштіктің ортақ нұрын жеткізетінін еске салады» – деп атап өтті.

Ал Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Қоныратұлы Есбергенов қонақтарға арнаған сөзінде:
«Залда ұсынылған экспонаттар – адамзаттың Құдіретке, мән-мағынаға, ішкі үйлесімге ұмтылысының куәсі. Қасиетті мәтіндер, ғұрыптық бұйымдар, өнер туындылары – мұның бәрі әрбір жүрекке түсінікті тілде сөйлейді» – деген ойын жеткізді.

Көрменің ашылуында мемлекеттік органдар өкілдері, Съезд делегаттары, жас діни лидерлер, сондай-ақ ғылым мен өнер қайраткерлері қатысты.

«Әлемнің діни дәстүрлерінің баға жетпес қазыналары» көрмесі адамзат тарихындағы діни дәстүрлерге деген құрметтің, олардың қоғамдағы орны мен рөлін айшықтады. Бұл – жаһандық деңгейде өзара түсіністік, үйлесім мен келісімнің негізін нығайтатын рухани бастама.

Көрме 2025 жылғы 25 қыркүйекке дейін жалғасады.

Суреттер: Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен

Бөлісу