Ертең Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтеді

Бөлісу

16.09.2025 5015

Ертең яғни 2025 жылдың 17-18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтеді. Бұл съезд – Қазақстанның халықаралық аренадағы ең маңызды бастамаларының бірі, ол әлемдік діндердің лидерлерін бір үстелге жинап, бейбітшілік, диалог және өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған. 


Съездтің негізгі тақырыбы – «Діндер диалогы: Болашаққа синергия». Бұл оқиға Қазақстанның діндер арасындағы келісімді дамытудағы рөлін тағы бір рет растайды және посткеңестік кеңістіктегі алғашқы жаһандық интеррелигиоздық диалог платформасы ретінде елдің бірегей тәжірибесін тағы бір паш етері сөзсіз. 

Съездтің тарихы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Идея 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы теракттерден кейінгі діни шиеленістердің күшеюіне жауап ретінде 2003 жылдың ақпанында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясында пайда болды. Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерін Қазақстанда жинауды ұсынды, бұл посткеңестік кеңістікте діндерді біріктірген алғашқы бастама еді.

Бірінші съезд 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өтті. Оған 17 елден 18 делегация, соның ішінде ислам, христиандық, буддизм, иудаизм, таоизм және синтоизм өкілдері қатысты. Съезд діндер арасындағы диалог платформасының негізін қалады.

Екінші съезд 2006 жылы 12-13 қыркүйекте өтті, оған 29 елден делегациялар келді. Арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайы ашылды, ол пирамида пішінді бірегей архитектуралық нысан ретінде әлемнің назарын аударды. Съездтің тақырыбы – «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» болды. АҚШ Конгрессінің мүшесі Бен Чандлер Қазақстанды «діни әртүрліліктің үлгісі» деп атады.

Үшінші съезд (2009) БҰҰ-ның техникалық қолдауымен және ЕҚЫҰ-ның қатысуымен өтті. Төртінші (2012) және бесінші (2015) съездер діни лидерлер мен саясаткерлердің диалогына бағытталды. 2015 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен Иордания патшасы Абдалла II-нің қатысуы съездтің халықаралық беделін арттырды.

Алтыншы съезге (2018) «Бейбіт әлем үшін дін лидерлері» тақырыбында 46 елден 82 делегацияны жинады. Жетінші съезд (2022) постпандемиялық кезеңде өтті және Ватикан Папасы Францисктің жеке қатысуымен ерекшеленді. Ол рухани және әлеуметтік дамудағы діндердің рөлін талқылап, VII съездтің Декларациясын қабылдады, ол халықаралық ұйымдарға нұсқаулық болды деуге болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Астана қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өзгеше формада өткізілгелі отыр. 

Бұл съезд – Қазақстанның жаһандық аренадағы бірегей бастамасы, ол діндер арасындағы тікелей диалог пен сенімді нығайтуға, пандемиядан кейінгі кезеңде және жаңа геосаяси сын-қатерлер жағдайында адамзат алдындағы жаһандық міндеттерді шешудің ортақ жолдарын іздеуге бағытталған. 

Съездтің басты тақырыбы – «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия». Форумға әлемнің шамамен 60 елінен 100-ден астам делегация, соның ішінде ислам, христиандық, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм және синтоизм діндерінің рухани лидерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері қатысады. Жаһандық деңгейдегі беделді діни қайраткерлер мен саясаткерлерді тоғыстырған форум қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселелерді талқылауға арналады.

Съезд діндер арасындағы тікелей диалог пен сенімді нығайтуға бағытталған. Қатысушылар пандемиядан кейінгі кезеңде және жаңа геосаяси сын-қатерлер жағдайында адамзат алдындағы жаһандық міндеттерді шешудің ортақ жолдарын қарастырады.

Форумға Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Мұхаммед бен Абдулкарим әл-Иса, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл, Иерусалим Патриархы Феофил ІІІ, Израильдің бас раввиндері, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Мигель Анхель Моратинос және өзге де әлемдік деңгейдегі лидерлер жиналады.

Съезд жұмысына төрт секциялық отырыс, діндер диалогына арналған пленарлық мәжілістер, БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессиясы және жас діни көшбасшылардың II форумы енді. Сонымен қатар, сараптамалық дөңгелек үстелде ғылым мен діни дипломатияны ұштастыру мәселелері талқыланады.

Форум аясында Есіл жағасында Бейбітшілік пен келісім саябағы ашылады. Оның орталығында орналасқан «Өмір ағашы» монументі өткен, бүгін және болашақты сабақтастыратын символ ретінде ұсынылады. Бұған қоса, «Турин плащаницасы» мен «Қасиетті кітаптар» көрмелері ашылып, Құран, Тәурат, Інжіл, будда жазбалары сынды сирек жәдігерлер көпшілік назарына көрсетіледі.

Бөлісу