Жауды жояр жалынды сөз
15.05.2019 3320
Совет-герман соғысы жылдарында қазақ тілінде шыққан майдандық газеттер қазақстандық сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеріп отырған

Сондай газеттердің бірі – Ленинград майданында шыққан «Отанды қорғауда» газеті  

1942-1945 жылдары Ленинград майданының «На страже Родины» газетіне қосымша ретінде қазақ тілінде «Отанды қорғауда» газеті шығып тұрған. Газет Ленинградты қорғаушы қазақ жауынгерлеріне арналған.

«Отанды қорғауда» газетінің бірінші нөмірі 1942 жылдың 6 қарашасында шыққан. Газет қазақ жауынгерлері үшін бірден идеологиялық әсер етуші мықты құралға, жауынгерлердің серігі мен ақылшысына айналды.

Газет бетінде Ленинградты қорғауға байланысты оқиғалар туралы, қаланы қорғаушылардың ерлігі туралы мақалалар ұдайы жарық көріп тұрған. Қазақ тіліндегі майдандық газетті шығаруда қазақ тілді кадрлардың тапшылығы байқалады.

1942 жылғы 5 қарашада Орта Азиялық әскери округтің күнделікті шығатын «Фрунзевец» қызыләскер газетінің жауапты редакторы полк комиссары А. Березовский Қазақстан КП (б) ОК үгіт және насихат жөніндегі хатшысы Абдыкалыковқа хат жолдаған: «Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының Саяси Бас Басқармасының директивасы мен Орта Азия әскери округінің Әскери Кеңесінің қаулысы бойынша Орта Азия әскери округінің күнделікті қызыл әскер газеті бұдан былай ұлттық тілдерде де, соның ішінде қазақ тілінде де шығуы керек. Бірақ бірқатар жағдайларға байланысты газеттің қазақ тілінде шығарылуы кешіктіріліп отыр.

Осы уақытқа дейін бұның басты себебі – редакцияның қазақ жұмысшы кадрларымен жинақталмауы және қазақ шрифтінің болмауы. Орта Азия әскери округінің Саяси Басқармасы қазақстандық ұйымдардың алдына шрифтерді бөлу туралы мәселені  қойған еді, бірақ ол әлі нақты шешілген жоқ.  Аппараттың жеке құрамына келер болсақ, қазіргі таңда бізде бір ғана әдеби қызметкер бар. Қалыпты жұмыс үшін қазақ басылымдары бойынша редактор орынбасарынан басқа, тағы да үш әдеби қызметкер және тексеруші корректор (жалдамалы) қажет».

Зерттеуші Н.С. Искакованың пікірінше, барлық майдан газеттері сияқты бұл газеттің бағыты – «Әскери істі үйренушілерге көмек» айдары бойынша берілетін мақалалар. «Отанды қорғауда» газетінде бұндай мақалаларға «Жау танкісін жойып үйрен», «Винтовкадан дәл атып үйрен», «Артиллеристер, дәл атыңдар!» және т.б. мақалалар жатады. «1941-1945 жылдардағы ұлы отан соғысы кезінде қазақ әскери терминологиясының даму ісіндегі майдан газеттерінің рөлі» мақаласында автор әскери істі үйренумен қатар қазақ жауынгерлері газет мақалаларында кездесетін қазақша жаңа әскери терминдерді де меңгерді дейді.

«Отанды қорғауда» газеті Ленинградты қорғаған қазақтардың ерлігін жазып қалдырған. Мерген Сәрсембай Рүстембековтің дәлдеп атқан оғынан 279 неміс басқыншысы Ленинград түбінде жер жастанған. Шайқас кезіндегі ерлігі мен батырлығы үшін ол 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған. Ленинградты қорғаудағы ерліктері үшін бөлімше командирі Жолдас Арықбаев, пулеметші аға лейтенант Тастақ Назаров, қызыл әскер Илгиз Тасбаев және көптеген басқа жауынгерлер Үкіметтік наградалармен марапатталған.

«Біздің көшедегі той

Қызыл Армия жеңіс шеруімен батысқа, Днепр жағасына қарай өтті. Бірақ ең үлкен той әлі алдымызда. Оған апарар жол ауыр әрі қайтпас шайқастар арқылы жатыр. Біз жеңіске қол жеткізуіміз керек. Біз Ленинградты қорғау үшін алыстағы Қазақстаннан келдік. Біз күшіміз бен өмірімізді аямастан немістерді жайратып жатырмыз. Біреуіміз 130 немісті жойсақ, енді біреуіміз неміс ұшағын жойдық. Біз бұнымен тоқтамаймыз.

Жауды аяусыз қыруды, бұдан да жақсы соғысуды әлі де үйрене береміз. Біздің жерімізде 900 мың фашист иті өз моласын тапты, басқасы да біздің оғымыздан қашып құтылмайды. Сержант Рамазан Өмірзақов. Сержант Ізбасар Бекболатов».

«На страже Родины», (№261) 6 қараша 1943 жыл.

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы С. Нұрмағамбетова бастаған Қазақстан делегациясы 1943 жылғы наурыздың ортасында алғашқылардың бірі болып Ленинградқа келеді. Делегация майдан бөлімдерінде, алғы шепте болып, Қазақстаннан барған жауынгерлермен сөйлесті. Делегаттардың келуі мен олардың туған республика туралы әңгімелері жауынгерлерге үлкен әсер етті.

Газет қызметкерлерінің тағдыры да таңғаларлықтай. Ленинград майданының «На страже Родины» газетінің редакторы Максим Ильич Гордон Ленинград майданы әскери-саяси училищесі курсанттарының ішінен газетке қызметкерлер іздеген. Түймебай Әшімбаев пен Бисен Жұмағалиевті таңдап алған, кейін 55-армиядан Ақмұқан сыздықбеков келген. Сонымен қоса қазақ редакциясында Кәрім Усманов пен Асылхан Тұрғанов қызмет еткен.

1945 жылдың қарашасында редакцияның үш мүшесіне жалған айып тағылып, 58-бап бойынша сотталады. Сол кезден бастап газет басылымын тоқтатады. Әділетсіз репрессияға ұшыраған редакцияның екі офицері – Асылхан Тұрғанов пен Кәрім Усманов лагерьде қаза табады. Түймебай Әшімбаев аман қалып, кейін ақталады. Ол тағдырын Қазақстанмен байланыстырып, білім алып, экономист, академик болады, 1973-1988 жылдары Қазақ ССР ҒА Экономика институтын басқарған.

«Отанды қорғауда» газетінің тігіндісін Әшімбаевтың әйелі Александра Голубева сақтап қалған. Сену қиын, бірақ «Отанды қорғауда» газетінің нөмірлері үлкен сұранысқа ие. Сондықтан да газетті бұқараның жетімді қылу туралы отбасылық шешім қабылданады.

2008 жылы осы газеттің тігіндісі «Ленинград майданының «Отанды қорғауда» қызыләскер газеті: [1942-1944 жж.]» кітабында басылып шықты. Басылымда Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ тілінде шыққан газеттің барлық нөмірлері жиналған. Бұл газеттің толықтай кітап болып шығарылуы тарихтағы ерекше оқиға. Алты жүз суреттің әрқайсысының тарихи құндылығы күшті.

2008 жылы Алматыда «Отанды қорғауда» майдандық газетінің тігіндісі Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорына берілді. Ал 2019 жылғы 18 ақпанда Мұрағаттың қор құраушысы Түймебай Әшімбаевтың отбасылық мұрағатында сақталып келген газет тігіндісі салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатына берілді. Президент Мұрағатының қоры соғыс кезінің раритетімен толықты.