Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Исатай Тайманұлы

Исатай Тайманұлы - e-history.kz
Аты Исатай Тайманұлы
1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.

Халық батыры И.Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі - Жабал Бегәліұлы. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Бақсай бекінісі тұсынан Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, саясаттан хабары бар, халық алдында беделді Жабалды Беріш аулына старшина етіп қояды. Жабал қайтыс болғаннан кейін, оның орнына старшина етіп И.Тайманұлын қоюды сұрап, хан Бөкей 1812 жылы 12 наурызда Орынбордағы Шекара коммссиясына ұсыныс жасайды. Шекара комиссиясы 1813 жылғы қараша айында Бөкей ханның ұсынысын қуаттап, құжаттарды әскери губернаторға жібереді. Генерал губернатор Г.С.Волконский 1814 жылы 12-қарашада Исатайды старшиналыққа бекіту туралы құжатқа қол қояды.

Әртүрлі алым-салықтан күйзелген, жайылым жерден айырылған, казак әскерлері мен жергілікті феодалдардың екі жақты езгісінен әбден шыдамы таусылған бұқара халық қолдарына қару алып, көтеріліске шығады. Бұл - 1836-1837 жылдардағы Бөкей хандығындағы немесе Ішкі Ордадағы батыр Исатай Тайманұлы басқарған халық-азаттық көтеріліс еді. Көтерілістің қозғаушы күші, негізінен, қазақ шаруалары болды. Оның мақсаты - Жәңгір ханның халыққа жасап отырған озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын жақсарту, Қарауылқожаны, Балқы Құдайбергеновті биліктен тайдыру, жер мәселесінде белгілі бір келісімге келу болатын. Исатай Тайманұлы - осы көтерілістің сардары, көсемі, ал "Махамбет - ел-жұртты дабылдатып, көтеріліс рухын көтерген батыр-жырау, көтеріліс жыршысы" (М. Қозыбаев) болды. Жалпы, 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтерілістің бүкіл барысында Махамбеттің трибун, жыршы-ақын ретінде Исатай батырдың оң қолы болғандығы тарихтан да белгілі.

Баймағанбет сұлтан әдейілеп жіберген Балта деген алдаушының сөзіне сеніп қалған аңғал Исатай батыр қасына 500 сарбаз алып, сұлтан Б.Айшуақовтың ауылын шаппақшы болып, негізгі қолдан бөлініп шығады. Жазалаушы әскерлердің келіп жеткендігінен бейхабар Исатайлар тобы 1838 жылғы 12 шілде күні Ақбұлақ өзенінінң жағасында Геке мен Баймағанбет сұлтанның біріккен әскерінінң үстінен шығады. Әскер күші жағынан тең емес шайқаста Исатай батыр бастаған көтерілісшілер асқан ерлік көрсетеді. Алайда, мұнда да Тастөбедегі сияқты ұрыс тағдырын зеңбіректер шешеді. Зеңбірек оғы түскен жерлерден атты сарбаздар бытырай қашады. Исатайдың атына да оқ тиіп, ол казактармен жаяу шайқасады. Махамбет пен Үбі Исатайға өз аттарын тосса да, "ат артына мінгесіп, елге күлкі болғанымнан өлгенім артық, одан да балаларымды сақтаңдар, өздерің қашып құтылыңдар",-деп оларды ілгері жібереді. Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жасар ұлы Оспан да қаза табады. Осы шайқастың басы-қасында болған Исатайдың 14 жасар ұлы Досмағанбет астындағы атының жүйріктігі арқасында Махамбетпен бірге жау қолына түспей, құтылып кетеді.Исатай абайсызда қанжарын түсіріп алады. Орыс-казак әскер басы сол қанжармен Исатайдың басын шауп өлтіреді.Оны қанағат етпей оған екі оқ атады.

Исатай батыр 12 шілде күні қапылыста қаза тапқаннан кейін, көтеріліс одан әрі дамымай, сарбаздар жан-жаққа бытырап кетеді. Қ.Есімов жазалаудан қорқып, Хиуаға қашады.

Түпнұсқа: wikipedia 
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?