Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТАРИХТА ТОЛҒАНДЫРАТЫН МӘСЕЛЕ КӨП –АҚ ....

30523
ТАРИХТА ТОЛҒАНДЫРАТЫН МӘСЕЛЕ КӨП –АҚ .... - e-history.kz

Мұхамедханова Алмагүл Кеңесханқызы 
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Мәскеу халықаралық педагогикалық білім беру ғылым академиясының корреспондент-мүшесі

 

Тарихқа қызығушылығыңыз қай кезден бастап туындады және тарихтың қай кезеңі қызықтырады?

Тарих – ол тұңғиық, құпиясы көп сан ғасырлық сырды ашуға ұмтылудың өзі көпті талап етеді. Мен бала күнімнен бастап жалпы тарихи шығармаларды қызыға оқып, өздігімнен іздене бастадым. Ол кезеңде өзіңіз білетіндей Кеңес заманында тарих ғылымы, оның берілуі бөтен-алақ. КОКП-ның тарихын қазбалап, коммунизм мен социолизмнің шашбауын көтердік десекте болады.

Осы тұрғыда ұлттық тарих, өн мәдениетіміз кенжелеп, одан қалды аяқтан тарту болғаны бәрімізге аян. Тарихи шығармалардан бөлек төл тарихымызды көгерту мәселесі мені ойландырып, осы жолмен тарих мамандығын таңдадым, жоғары білімді Семейде алдым бұл өңірдің тарихы мен тұлғалары ол бөлек әңгіме осының бәрі сайып келгенде тарихты тереңінен тануға тартты. Мені қызықтырған тақырып жоғарыда айтып кеткендей ұлттық бағытта болды, сондықтанда ХІХ-ХХ ғ.ғ. этнографиялық зерттеуді қолға алдым, бастапқы да аздап мақала, шағын зерттеу ойларымды жинақтап, одан әрі осы арман жетелеп Мәскеуге дейін алып барды, аталған тақырыпты тереңінен түсіну үшін Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетіне аспирантураға түстім, ол жақтан қаншама бізге беймәлім құнды құжат, деректермен таныстым.

Атап айтқанда ХІХ ғасырдағы қазақтың этнографиялық құрылымы, орналасу аймағы және көші-қон мәселесі. Сол жақта жүріп көптеген отандық және ресейлік ғалымдармен танысып, әріптестікте іргелі жұмыстан басын аштық сол жолда ізденіп, ХІХ ғасырға тереңінен үңілуге мүмкіндік алдым. Нәтижесінде, архивтік құжаттар сүйене отырып, ғалымдармен ынтымақтастықта таныта отырып, этнографиямыздың басқаша қырынан таныдым.

Қазіргі таңдағы тарихымызды зерттеп-зерделеу қаншалықты деңгейде, төл тарихымызды тануда сіздің алып қосарыңыз?

Тәуелсіздік таңы атқалы етек жеңімізді жинап, тарихымызды тағы түгелдеуге мүмкіндік алдық, бұл жолды бірінші кезекте Елбасының саралы саясатының арқасы дер едім. Сонымен қатар, отандық тарихшы ғалымдардың ерен еңбегі өлшеусіз, себебі осы санаулы ширек ғасырдың ішінде өзгенің қолында болып келген қаншама құнды дүниеміз тарихымыздың төрінен қайта орын тепті, одан қалды зерттеу жұмыстары жүргізіліп мемлекеттік тұрғыда мән берілді, оған бір ғана Мәдени мұраны мысалға алайық , 2004 жылдан – бағдарламаны жүзеге асыра бастаған кезден бастап тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішінде реставрациялық жұмыстар бітірілген, олардың 28-і (35%) – 2008-2011 жылдары реставрацияланған, 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеулер жүргізілді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің масштабты инвентаризациясы өткізілді және республикалық (218 объект) және жергілікті (11 277 объект) маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізімі қабылданды.Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения, сонымен қатар АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде 5 мыңнан астам құнды тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты архивті құжаттар, қолжазбалар мен баспа шығарылымдары алынды, алғаш рет қазақ тіліндегі толымды гуманитарлы білім беру қоры толығып, 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен шығарылды, Қазақтың дәстүрлі әндерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы шығарылды айта берсек жетіп артылады.

Ендігі мақсат сол құнылықтарды жүйелеп зерттеумен қатар, кешелекке дұрыс жеткізе білу, бұл тұрғыда менде өзіндік зерттеу жұмыстарымды қолға алып, шығармашылық жұмысқа кірісіпте кеттім, мені мазалаған ой ХІХ ғасырдағы Қазақстан себебі өзіңіз білетіндей сол кезеңде Ресей империясының отарлауында болдық, осындай қиын қыстау заманда біздің этностық мәдениетіміз қандай деңгей дамып, қандай бағытта бет алды деген сұрақ мазалады. Бүгінгі тарихқа келсек әрине түйінін таппаған келелі мәселелер жетіп артылады, бірінші кезекте ұлттық тарихымызды зерттеп-зерделеуден бөлек жүйелеу керек, жүйе болған жерде дұрыс бағыт-бағдар болады. Екіншіден тарихты танып білу бір бөлек оны жеткізе білу екінші әңгіме, оны қалың оқырманға болсын, белгілі аудиторияға болсын, тіпті зерттеуші тарихшыға болсын. Үшінші мәселе, архивтік құжаттардың реттелуі және мемлекеттік тапсырыстың аясын кеңейту, әйтпесе, тарихымызды тарқатып, тер төгіп, қалам тартып, ізденушілер аз емес, алдыңғы буыннан бастап, бүгінгі жас өркенге дейін, оның үсітіне қазір мемлекеттен жеткілікті деңгейде тарихқа көңіл де, қаржы да бөлінуде. Бұл тұрғыда тәуелсіздігіміздің орныққан 25 жылда төл тарихымызды тереңінен танып, оны жас ұрпақ санасына жетелі түрде жеткізуде бізде аянып қалмаймыз.

Сіз айтқандай қазіргі таңда төл тарихымызды тереңінен танып білетін уақыт келді және мүмкіндіктер жеткілікті, ендігі кезекте мектеп тарихына келсек, нақты айтқанда мектеп оқулықтарында деректерге байланысты қателіктер мен әртүрлілік орын алуда, бұған не айтасыз?

Бұнымен келісемін, себебі өзім білім саласында жұмыс істегендіктен жалпы тек қана тарих пәні емес басқа да пәндерден осындай мәселелермен кезіккен сәттерім болды, әрине ойландыратын мәселе. Мектеп оқулықтарына келсек оның ішінде тарих пәніне бұл жерде оқулық пен оның авторына конкурс жарияланады сол тұрғыдан тек қана кімді жеңді сол жазсынға салмай, арнайы комиссия құрылып оның ішінде әрине тарихшылар мен қатар археология, мұрағат, мәдениет, өлкетану саласы қызметкерлері қатыстырылып, кең талқылауға салыну керек, көпке топырақ шашқым келмейді, атйылмаса сөз жетім демекші айтпаса тағы болмайды, бұл жердегі қателік біржақтылық, бір адамның ойы, түйгені, тарихи білімі тұрғысынан қарастырылады.

Менің айтпағым тарихты жоғарыда айтып кеткенімдей берілетін аудиториясына қарай жүйелеу, әйтпесе тарихымызды толымды еңбектерімен толықтырып жүрген тарихшы зерттеушілер баршылық.

Сөз арасында айтып қалдыңыз, мені қызықтыратын ХІХ ғасырдағы Қазақстандағы этникалық процестер деп, осы тұрғыда қалам тартып, ой толғап жүрсіз бе? Болашаққа бағдарыңыз.

Жұмыс саласының басқаша бағытта болуына байланысты кішкене тарихтан қол үзіп қалғаным рас, бірақ ынта-ықылас жоғары, тың идея жеткілікті,қазіргі таңда бір жұмыстың басын бастап, соңғы нүктесін қою ғана қалды, ХІХ-ХХ ғ.ғ. ІІ жартысындағы Қазақстандағы этномәдени процестер бұл монографиялық жинақ түрде болады. Бұл жұмыс жолында көп кезекті мұрағатқа бердім, басы сонау Мәскеу, Петербург, Омбы, Томбы мұрағаттарынан алып, өзіміздің Алматы, Астана және Семей қалалық мұрағат деректеріне сүйене отырып. Және тарихшы әріптестеріммен қабырғаластым, біраз құнды дүниенің басы қосылып, бір еңбек жарыққа шығармақпын.

Одан қалды профессорлықты қорғау жолында этномәдениет саясаты тақырыбында ізденіп, деректер жинап жатырмын бұл жолда біраз ақпараттар жиналып, елеулі еңбек жазу ойда бар.

Биыл тәуелсіздігімізге 25 жыл, ширек ғасырда еліміздің еңсергені елеулі, алар асуы алда дей отырып, өзіңіздің бір ақ тілегіңізді білдірсеңіз

Иә, 25 жылда ауыз толтырып айтар толымды істер шүкіршілік, етек-жеңімізді жинап, тарихымызды түгелдеуден бөлек, қазақ елін әлемге таныттық, тамыры терең ұлы дала ұрпақтары, жаһандық проблемаларды шешумен қатар, дамыған елдермен тереземіз теңесіп дүниежүзі тарихы мен саясатында өзіндік алатын орнымыз бар. Бұл жерде салиқалы саясат пен халықтың ауызбіршілігі, бір ту, бір шаңырақтың астында жүздеген ұлттардың ұйыған айрандай тату-тәтті өмір сүруі. Алда мақсат-міндет, жетер жетістік, атқарылар іс жеткіліікті, оған бағыт-бағдарды президентіміз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарында нақтылап берді. Енді мақсат сол жолда еңбек етіп, тер төгу. Осы тұрғыда тілерім тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміз мен елбасымыз аман болсын. Еліміздің даму көкжиегі кеңейе берсін.

Мынау әлем назарын аударып отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін абыроймен өткізейік. Сонымен қоса, тарихымызды танытып, саралап, жас ұрпақ пен оқырман қауымға, жалпы қазаққа жеткізіп жүрген сіздерге де толағай табыс пен сәттілік тілеймін. Еңбектеріңіз жана берсін. Тарихымыз тереңдеп, қазақтың әр күні тойдан бөлек, қазақтың әр күні тарих болсын.

Сұхбаттасқан: Дәулет ІЗТІЛЕУ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?