Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында «Мəңгілік ел» идеясын алға тартты. Нұрлы болашаққа бастайтын мұндай мақсатты қадамдарымызда ұлтымыздың өткен тарихы берік негізделуі қажет. Осынау жаһандану заманында өзіндік болмысымызбен төл тарихымыздан ажырамасақ қана ірі табыстарға жете алатынымыз сөзсіз. Бірнеше ғасырды қамтитын қазақтың тарихы туралы негізгі мəліметтер шетел авторларының жазбасында сақталған. Бүгінгі Отан тарихының негізгі мəселелерін зерттеу барысында да осындай шетелдік, яғни араб, парсы, қытай деректерінің мəліметтерінсіз жұмысты тиімді ұйымдастыру мүмкін емес. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тарихы үшін маңызды саналған өте құнды деректер тобы жиналды. Алайда, бұл үлкен жұмыстың тек бастамасы ғана. Ендігі міндет осы деректерді терең талдай отырып, ғылыми айналымға қосу болып табылады. Шет ел авторларының еңбектері құндылығымен қатар, өзіндік ерекшеліктерге ие. Ол туралы ұлт тықтарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы барысында Марат Тəжин жасаған баяндамасында: «Еуроцентризм мен əбден уланған шетелдік көпестердің, барлаушылардың, əскери адамдардың немесе географтардың қазақ тарихы туралы жазбаларына сыни талдаусыз, сөзсіз, ақиқат деп қарауға бола ма? Біз ол дереккөздердің бəрін байыпты түрде қайта пайымдауға, бүгінгі ғылымның биігінен қарағанда олардың көбіне-көп қазіргі үлгі-қалыптар бойынша ешқандай сын көтермейтінін түсінуге тиіспіз» — деген болатын [1, 1]. Сондықтан, бүгінгі кəсіби тарихшы зерттеу жұмыс барысында шетелдік авторлардың еңбектеріндегі мəліметтерді бүтіндей, əрі шикі күйінде емес, терең деректанулық талдау арқылы пайдалана білу қажет.
Өз кезегінде бұл мəселені Қазақстандағы деректану ғылымының негізін қалаушылардың бірі болған Қамбар Махамбетұлы Атабаев өз мақаласында атап көрсеткен болатын [2, 2–3]. Бұл өз кезегінде деректану ғылымының маңыздылығын арттыра түспек. Сонымен қатар, 1846 жылы дүниеге келіп, қазақ халқының тарихын, əдет-ғұрпын, ауыз əдебиеті мен мəдениетін зерттеген Құрбанғали Халид өзінің еңбегінде қазақтардың шетелдіктерге өздерінің шынайы тарихын айтпай, маңызды тұстарын жасырып отырған деген мəліметтер келтіреді. Мұндағы мақсат тарихымызды ұрлайды деген күдік болған [3]. Автордың бұл келтірген мəліметтері шетелдік авторлардың еңбектеріндегі мəліметтерге сыни талдау жұмыстарын күшейту туралы ойымызды тағы бір нақтылайды. Ал, халық өз тарихы турасындағы негізгі мəліметтерді өз шығармаларында барынша шынайы бейнелеуге тырысқан. Сондықтан, қазақ халқының тарихы төл деректерімізге негізделуі қажет. Ал, төл деректеріміз — халық ауыз əдебиеті болып табылады.
Халық ауыз əдебиеті — көркем ойдың үздік үлгілері жинақталған ұлт руханиятының асыл қазынасы [4, 34]. Ұлтымыздың мұндай сөз өнері бүгінгі күні тарихшылар ғана емес, сонымен қатар өзге-де мамандық иелерінің қызығушылығын тудыруда. Өн бойында талай ғасырлық тарихы бар халық шығармашылығы ғылымда «халық поэ зиясы», «халықтың ауызша сөз өнері» деген атаулармен-де кеңінен қолданылуда. Бұлардың əрқайсысы да бірінің орнына бірі қолданыла береді жəне-де, ағылшын тілінен алынған «фольклор» (ағылшынша lolk — халық, lore -білім, даналық) сөзі-де осы мағынаны білдіреді. Халық ауыз əдебиетінде халқымыздың ғасырлар бойғы басынан кешірген тарихи белестері, елінің тəуелсіздігі жолындағы ерлік, батырлық қимылдары, қазақ халқының күрескерлік қасиеттер мен халықтың əдет-ғұрпы, салт-дəстүрі, арман-мүддесі, қиялы бейнеленген. Халық ауыз əдебиеті мəселесі М.Əуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Смаилов, Ə.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ə.Қоңыратбаев, Б.Шалабаев, Ə.Мəметова, Н.Смирновалар тарапынан біршама зерттелді. Сонымен қатар, халық ауыз əдебиеті мəселесі əлі күнге дейін ғалымдардың қызығушылығын тудырып, ғылымдағы өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Халық ауыз əдебиетінің бүгінгі күнге дейін анықталған түрлері өте көп. Ол — аңыз-əңгіме, миф, ертегі, жыр. Деректанушы-ғалым Қамбар Атабаев өз еңбегінде оларды саралап, қысқаша түсінік берген болатын [5]. Алайда, еліміз егемендікке қол жеткізгенге дейін халық ауыз əдебиеттерін тарихи дерек ретінде қарастыру мəселесі ғалымдар тарапынан кеңінен қолданыс таппады. Дегенмен, оның маңыздылығы мен ғылымдағы ерекшелігіне қатысты жақсы пікірлер-де айтылған. Мысалы, Е.Бекмаханов тарихи мəліметтер алуда фольклордың маңыздылығына былайша баға береді: «Қазақ фольклорын егжей-тегжейлі сипаттап жатпай-ақ айта кететін бір нəрсе: сан алуан оқиғалардың бірін қалдырмай баяндайтындықтан, талайлардың атын атап, түсін түстеп беретіндіктен, ішінде қилы деректерге толы болатындықтан бұл фольклор дегеніңіз тарихшы үшін, əсіресе, қоғамдық қатынастар саласын зерттейтіндер үшін шын мəнінде баға жетпес қазына» [6, 42]. ХХ ғасырдың орта шенінде айтылған біл пікір халық ауыз əдебиетінің қазақ тарихын түгендеудегі маңыздылығы мен артықшылығын білдірсе керек. Дегенмен, халық ауыз əдебиетінің қазақтың шынайы тарихын қалпына келтірудегі маңыздылығы басым болғанымен, дереккөзі ретінде өзіне тəн ерекшіліктер сақтала отырып деректанулық талдаудан өтуі қажет. Деректану ғылымының негізгі əдісіне сай зерттеу жұмысы мəселеге қатысты халық ауыз əдебиеттерін жинау, іздеу, табудан немесе деректанулық эвристикадан тұратыны белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, халық ауыз əдебиетінің мол мұрасын жинастыру ісі бір арнаға түскен. Фольклорды ел арасынан жаппай жинап, жазып алу жұмыстары біздің елімізде өткен ғасырда қызу жүргізілді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 20-жылдары Қазақстандағы өлкетану қоғамы бұл іске ұйытқы болды. Сондай-ақ 1933 жылы қазақтың ұлт мəдениетін зерттейтін Ғылыми-зерттеу институты құрылады. Осы институт ел ішінен ауыз əдебиеті үлгілерін жинау мақсатында арнаулы экспедициялар жіберуді қолға алды. Мұндай аса маңызды шараларға М.Əуе зов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов, С.Кеңесбаев, Е.Ысмаилов т.б. ұлт жанашырлары белсене атсалысады. Мұнымен қоса қазақтардың ауыз əдебиеті үлгілерін жинауға мемлекеттік-деңгейде баса көңіл бөлу Қазақстанда Ғылым академиясының филиалы (1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясы) құрылуымен-де тығыз байланысты. Ғылым академиясының ұйымдастыруымен жыл сайын жер-жерге экспедициялар шығарылып, халық əдебиетін жинау жүргізілді [7].
Сонымен қатар фольклор үлгілерін тездетіп жинау ісі — бай фольклорлық мұраның жойылып кетпей, кейінгілерге аманат етіп сақтап қалудың бірден-бір жолы екені-де анық. Фольклорды тездетіп жинау қажеттігінің үш түрлі себебі бар: бірі, ең бастысы — ескі мұраның ұмытылу, жойылу қаупінен туындаса, екіншісі — өткенімізді білу қажеттігімен байланысты. Бұл болашаққа аяқ басудың кепілі болып табылады. Үшінші себеп — фольклортанушы ғалымдардың фольклорлық нұсқаларды тек қағазға түсіріп қана қоймай, сондай-ақ олардың жанр ішіндегі даму сатыларының дəйекті түрде өзгеруін-де бақылауға негіз қаланады [8, 13]. Бір ескере кететін жайт, қазақ тарихынан сыр шертетін барлық ауыз əдебиетінің жанрларын жинастырып бітті десек қателік болар. Бұл үдеріс күні бүгінгі дейін жалғасуда. «Мəдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көріп жатқан халық ауыз əдебиеттерінің жарқын үлгілері соның анық дəлелі. Деректанулық эвристика тұрғысынан келгенде «Мəдени мұра» бағдарламасы өз міндетін орындады.
Нəтижесінде қазақ тарихы бойынша деректер тобы табылды. Бұл үлкен жұмыстың тек бастамасы ғана. Ендігі міндет — дерекке сыртқы жəне ішкі сыни талдаулар жүргізіп, оның шынайылықпен сəйкестігі анықталуы қажет. Ең бастысы халық ауыз əдебиетінің өзіне тəн ерекшелігі ескеріле отырып, жұмыстың тиімділігі үшін кəсіби тұрғыдан сынып талғаны жөн. Өзіміздің төл дерегімізге неліктен мұндай қатаң талдаулар қажет деген заңды сұрақтың туындауы да ғажап емес. Бұл алдымен халық ауыз əдебиетінің сақталу формасы мен оның дерек көзі ретіндегі өзіндік ерекшілігінде. Сақталу формасына келер болсақ, ауызша шығарманың қағазға түсу уақыты мен орнының көрсетілмеуі, сондай-ақ мəтінді айтушы, жеткізуші жөніндегі, ақпараттық деректердің болмауы т.б. — бəрі мəтін паспортын толыққанды толтырудағы елеулі кемшілік. Сонымен қатар естігенді сол қалпында дəл, не толық қағазға түсіре алмау да — бəрі əлемдік фольклортану ғылымында құп талмайтын жағдай [8,14]. Демек, халық ауыз əдебиетінің дерек ретінде табиғаты, шығарманың пайда болу себептері, таралуы жəне сақталу ерекшеліктері, пайда болған мезгілі мен мекені дəл анықталуы — зерттеу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруға көп септігін тигізетін факторлар болып табылады. Дəл осы көрсеткіштер бойынша тарихшы халық ауыз əдебиеті түрлерін қарастырып отырған мəселеге қатысты топтастыру жұмысын жүргізеді. Деректерді топтастыру мəселесі ғылыми жұмысты тиімді жүргізу мақсатында жасалатын алғашқы зерттеу əдісі болып табылады. Топтастыру мақсатында жоғарыда аталған деректің сыртқы қасиеттері негізге алынады.
Тарихшы үшін халық ауыз əдебиетінің дұрыс қағазға түсіп, оның барынша бірегейлігі сақталған жағдайда ғана шынайы болмысты анықтауға мүмкіндік туады. Халық ауыз əдебиетінің кейбір үлгілерін құрастыру ісі-де өзіндік қиындықтарға ие. Атап айтқанда, тарихи жырлардың бүтіндей сақталмауы немесе жырдың толық нұсқасын жазылмағандықтан, зерттеушілер жырды түрлі автор еңбектерін құрастыру арқылы жинап шығуы мүмкін. Бұл жерде белгілі бір тарихи оқиғаны ашу барысында зерттеушілер оқиғалар мен адам аттарын шатастыру орын алудың мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар, ауызекі жеткен тарихи шығармалар ғасырлар бойы түрлі адамдардың ой-санасында өмір сүріп, біздерге жеткендіктен оның шынайылық дəрежесін анықтау ісі-де қиындай түспек. Бұл жайт халық ауыз əдебиетінің тарихи дерек ретіндегі басты ерекшелігі деп атасақ болар.
Жалпы, тарихи дерек — оқиға мен автордың өзара бірлігінен туындайды. Демек, оқиғаны көріп, ол туралы мəлімет қалдырған автордың еңбегін тарихи дерек деп бағалаймыз. Бұл тұста, деректі жасаушы адамның қабілеті мен əлеуметтік ортасына, деректің табиғаты немесе жасалу барысындағы тарихи жағдайға үлкен мəн беру қажет. Бұл тарихи деректің барынша шынайылығын анықтауға мүмкіндік береді.
А. С. Лаппо-Данилевский тарихи дерекке «дерек — адам психикасының іске асырылған жемісі» — деген баға береді [9, 292]. Демек, деректі жасаушы адам оқиғаны көріп, өз санасында өзінің мүмкіндігінше қорытып, жазып қалдырады. Осыдан шығатын қорытынды кез келген деректің субъективтілігі жоғары. Осы жайттарды ескере келе халық ауыз əдебиеті сан ғасырлар бойы ауыздан ауызға жетіп отырғандығы жəне бүгінгі күні қолда бар тарихи шығармаларымыз есте сақтау, жеткізе алу қабілеті əртүрлі адамдардың психикасында бірнеше рет қорытылған деп айтуға толық негіз бар. Демек халық ауыз əдебиеті ұжымдық шығармашылықтың нəтижесі болып табылады. Демек, тарихшы арнайы мəселеге қатысты халық ауыз əдебиеттерінің идеясы мен көркемдік ерекшелігіне, деректің тілі мен жасалудағы мақсатына, тарихи шындықтың бейнелену дəрежесіне, композициясы мен қолданыл ған поэтикалық тəсілдеріне қарай сыныптау жұмыстарын жүргізіп, жұмыстың тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар, сан ғасырлар бойы ауызекі таралған шығармаларда артық немесе шындыққа жанаспайтын да мəліметтер көптеп кездесетіні, ақиқат. Бұл халық ауыз əдебиеті шығармаларының тарихи дерек ретіндегі тағы бір ерекшелігі болып табылады. Сан ғасырлардан бері келе жатқан тарихи жыр неесе шығармалар алғашқы түп нұсқасын жоғалтып, ұрпақтар тарапынан əсірелеу мақсатында артық мəліметтерде қосылады. Бұл халық ауыз əдебиетінің тарихи дерек ретінде субъективтілігі жоғарылата түспек. Дерекпен жұмыс жасайтын тарихшы үшін жəне ғылыми-зерттеу жұмысының барынша объективті болдыру мақсатында деректің түпнұсқалығы барынша сақталынғаны абзал. Біз атаған мұндай зерттеу əдістерін қолданудағы басты мақсат нақты тарихи оқиғаның халық ауыз əдебиетіндегі бейнелену дəрежесін анықтау болуы керек. Осындай өзіндік ерекшеліктерге бай халық ауыз əдебиеті қазақ тарихының негізгі дерек көзі болып табылады жəне кəсіби тарихшылар тарапынан олардың əрқайсысына тəн əрі дұрыс таңдалған зерттеу əдісі ауыз əдебиеттің деректік маңызын арттырып, Отандық тарихының кейбір мəселесін төл деректер негізінде жазуға мүмкіндік берер еді.
Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Асқар А., Бақытұлы А. Ұлт тарихына ұлы бетбұрыс басталды // Алаш айнасы. Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет. 06.06.2013 ж.
2. Атабаев Қ. Деректанудың тарихты зерделеудегі орны. Ана тілі: ұлт газеті. 2013. 15–21 тамыз.
3. Халид Қ. Тауарих хамса (Бес тарих). Аударғандар Б.Төтенаев, А.Жолдасов. Алматы: Қазақстан, 1992. 304 б.
4. Əбдуəлиұлы Б. Халық ауыз əдебиеті үлгілеріндегі ұрпақ мəселесі // Керуен. Ғылыми жəне əдеби-көркем журнал. № 2(31). 2013. 204-б.
5. Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері: Оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 2002. 302-б.
6. Бекмаханов Е. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында». Алматы: «Санат», 1994. 416-б.
7. Жүгенбаева Г. Қазақ гуманитаристикасы жəне ұлт тарихын зерттеу. Алматы, 2005. 11-б.
8. Жүсіпов Н. Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Павлодар, 2007. 381-б.
9. Лаппо Данилевский А. С. Методология истории. М: Издательский дом «Территория будушего», 2006. 472 с.
Айнагүл Қайыпбаева
Алматы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, т.ғ.к., Алматы қ.