Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қызылорда экологиясы жөнінде

30106
Қызылорда экологиясы жөнінде - e-history.kz

Ең басты – Кіші теңіз қолдан жасалып, Арал, Қазалы аймақтарының экологиялық ахуалы жақсаруда. Сырдария өзені арнасын реттеу бағытында да маңызды істер атқарылуда. Мұның барлығы Сыр өңіріндегі экологиялық жағдайды тұрақтандыруды одан әрі жалғастырып, мәселені түбегейлі шешуге негіз болуда.

Осыған  байланысты, елбасымыз айтқандай әрбір қала, әрбір елді мекенде адам баласына қажет те қолайлы экологиялық  жағдай жасау – дер кезінде айтылған үлкен мағыналы бастама.

Осы орайда туған қаламыз Қызылорда бізге бабалардан қалған қасиетті мұра екенін жадымызда ұстағанымыз жөн. Ол үшін осыдан 40 жыл бұрынғы қаланы есімізге түсірейік. Ол уақытта қала, әрине, шағын еді. Бірақ, ол таза еді. Көшеде су ағып жататын, көк көп, шаң-тозаң жоқ болатын.

Қазір Қызылорда қаласы күрделі ұлғаюда, бұған соңғы уақытта орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да өз ықпалын тигізуде. Бүгінгі күні облыс орталығында осы өңір халқының жартысына жуығы тұрып жатыр деуге болады. Жалпы өркениетті елдердің көпшілігінде қалада тұратын халық саны ауылды мекендейтін азаматтар санынан жоғары. Сондықтан да бүгінгі күні облыс орталығының тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, қала экологиясын күрделі түрде жақсарту басты мәселелердің бірі болуы талассыз деп ойлаймыз.

Қазір қаланың көптеген көшелерінде арықтар жоқ, болса оларда ағып жатқан су жоқ. Демек, ол арықтарды жағалай өсіп көгеріп тұрған тал да жоқтың қасы. Ал енді Сырдария жағасындағы Қызылорданың көшелері сусыз, көксіз дегенге кім сенеді, кім түсінеді? Қала жағдайын, оның экологиясын реттейтін осы күрделі мәселе бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Біздің ойымызша, бұл іске жүйелі түрде әлі кіріскен жоқпыз. Бізде әлі науқаншылық орын алуда, көктем айларында жаппай көгалдандыруға үлкен ұмтылыс жасаймыз. Сосын бұл жұмыстар бәсеңсиді, одан әрі мүлдем саябырланады. Шамасы көшелерге су беріп, оны ұйымдастырып, қадағалап, әрбір учаскенің жағдайын жіті бақылап, қай көшеде неше тал өсіп тұрғанын санап, әрбір талдың күтімін, көктем мен күзде қажет емес бұтақтарын қырқу жұмыстар жүйесі реттелмеген. Әрбір көше, әрбір учаскеге бөлінген жауапты жұмысшы жоқ.

Ал көршілес Шымкент пен Тараз қалалары көшелерімен жүргенде сарқырап ағып жатқан мөлдір суды көріп жаның жай табады. Бұл – оларға берген табиғаттың жеңілдігі, өйткені мұнда жер беті еңістігі жоғары.  Сондықтан су тұрып қалмай, өзінен-өзі ағып жатады. Бізде жер бетінің еңістігі жоқ есебі, сондықтан да суды көше бойы реттеу оңай шаруа емес.

Осыған байланысты көшеде өсіп тұрған өсімдіктерді талапқа сай суаруын ұйымдастыратын, көгеріп тұрған талдар мен гүлзарларды есепке алып, олардың күтімін ұйымдастыратын арнайы, мамандандырылған мекеме қажет. Осындай мекеме ашылып жатса, оны тиісті мамандармен жасақтау қиынға соқпайды. Өйткені суды реттеу, суды пайдалану мен өсімдікті суару жөнінде жоғары білікті мамандар қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде дайындалып жатыр. Осы міндетті қазіргі «Көркейту» мекемесіне де жүктеуге болар. Мұндай жағдайда бұл мекеменің аясы, мүмкіншілігі күрт өсіп, кеңуі міндетті.

Бүгін Қызылорда аумағы 9 мың гектар шамасында. Осы жердің кем дегенде жартысында немесе 4,5 мың гектарында екпе тал, көкөніс өсу керек. Олар ай сайын аз дегенде 4 рет суарылады. Бір суарымда топыраққа болмағанда 30 миллиметр ылғал берілуі тиіс. Сонда сәуір – қыркүйек аралығындағы суару маусымда 720 мм ылғал берілуі қажет екен. Осы мөлшерді жаңағы 4,5 мың гектар көлемге көбейтсек қалаға берілетін аяқ су көлемі 40 млн. мболады екен. Ал бүгінгі күні Арал-Сырдария су шаруашылық бассейіндік бірлестіктің мәліметіне сәйкес жыл бойы облыс орталығының 6 млн.м3 аяқ су алуға лимиті бар екен. Міне, осыдан аяқ су берілуі қаншалықты талапқа сай екенін байқау қиын емес. Қаланың аяқ суға қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында дариядан алынатын су мөлшері бүгінгіге қарағанда кем дегенде алты есе көбеюі қажет.

Қызылорда қаласы жаз айларында күннің аптабынан, болмаса жиі соғатын желдің әсерінен күрделі қиыншылық көруде. Ауа райы жөнінде мәліметке үңілсек, көпшілігінде жазғы аптап Шымкент пен Қызылордада қатар болады, көбіне Қызылорда ыстығы 2-3 градус артық тұрады. Шілденің көп күндерінде ауа ыстығы 35-37 градустан жоғары, осы жағдай адам денсауылығына әсер етіп, оның қызмет атқару қабілетін күрт төмендетеді. Жалпы күн ыстығы 32-35 градустан асқанда адам баласының жалпы жағдайы нашарлайтыны белгілі. Демек, шілде күндері 35-37 градустық аптапты 30-32 градусқа төмендету қажеттілігі айқын көрініп-ақ тұр. Бұған қалай жетуге болады?

Кезінде дүние жүзіне белгілі болған орыстың мелиоратор ғалымы академик А.Н.Костяков ауданы 700-800 гектарлық ауылшаруашылық дақылдар егісінде зерттеулер жасап, онда пайдаланудан бос көршілес аймаққа қарағанда ауа ылғалдығы жоғарылығын, жылулығы 4-5 градус төмен болатынын анықтап, дәлелдеген. Көкорай алқап көлемі өскен сайын жазда жылулық көрсеткіші төмендей береді. Қазір қала ауданы 9 мың гектар шамасында екенін көрсеттік. Демек, жоғарыдағы тәжірибелік алқап көлемімен салыстырғанда 10 есе үлкен. Сондықтан, қаланың барлық көшелерінде аяқ су ағып жатса, екпе талдар мен көкөніс жайқалып өсіп тұрса қала төңірегінде ауа ыстықтығы шілдеде 5-7 градусқа төмендейді. Бұл, сөз жоқ, қала тұрғындары денсаулығына жасалған зор көмек болар еді.

Астананың 10 жылдығы мерекесіне арналған баяндамасында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев кезінде елорданы табиғат қиыншылығынан қорғау мақсатында жасанды тоғай алабын егуді ұсынғанын айтып, қазір қолмен қойылған жасыл-желек аймағының жалпы ауданы 45 мың гектардан асқанын айтты. Осы жасанды тоғай Астана ауа райының қолайлы болуына негіз болуда. Ел кіндігі Сары Арқа даласында орналасқан елордамыз Астананы табиғат қиыншылығынан қорғаған жасанды жасыл алқап орнату шарасы шөлейтте жатқан Қызылорда үшін таптырмайтын маңызы зор үлгі. Өйткені Қызылорда жаз айларында ыстық желмен келетін аптап пен шаң-тозаңнан күрделі қиыншылық көруде.

Жел қалаға негізінен солтүстік-батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс бағыттарынан соғады. Бұрын қаланың сыртында осы бағыттарда көптеген көлдер жүйесі болушы еді. Қазір көлдер жойылған, орындары құрғап, топырағы ашылып, шаң-тозаң қорына айналған. Қаланы шаң-тозаңнан қорғайтын, оның ауа-райын жұмсартатын жасыл аймақ «Талсуат», «Комсомол», «Қарауылтөбе», «Казрис», «Белкөл» бағыттарында орналасуы қажет. Осы бағыттағы қала сыртында өндірістік пайдаланудан бос жерлерге екпе талдардың Сыр өңірі табиғатына шыдамды түрлері егілуі тиіс. Осы жолақтың орташа ені екі шақырым, ұзындығы жиырма бес шақырымға жеткенде, жасыл аймақ көлемі шамамен 5000 гектарды құрайды. Бұл іргелі іс арнайы мамандырылған мекеменің қолынан келетін жұмыс. Осы шара Қызылорда ауа-райының жұмсаруына үлкен әсерін тигізеді. Соңғы уақытта қаланың оңтүстік-шығысында, аэропорт маңында 2000 гектар аумаққа екпе ағаштың отырғызылуы осы маңызды істің бастамасы шығар.

Қызылорда үшін жиі орын алатын желдің екі талай орны бар. Біріншіден, осы жел арқылы ауаның жылжып, тазаруына жағдай туады. Тынық, ыстық күндері жел лебі шамалы да болса біршама жеңілдік әкеледі. Бұл, әрине, желдің қолайлы беті. Екінші, желдің ыңғайсыз тұсы – оның қала төңірегінде топырақты көтеріп, шанды боратуы. Желді күндері Бірқазаннан өте бере Қызылорда жаққа көз тіккен азамат жылу орталығының екі моржасын және телестанса мұнарасын көреді, ал қала болса ақ ала шаңның астында. Сондықтан қала төңірегінде бос, ақ шаңлақ болып жатқан жер болмауы тиіс. Ақ топырақ болып жатқан жер жел тұрса, желмен бірге ұшады. Желді күні жүргіншінің мұрнына, аузына шаң-тозаң еселеп кіретінін барлығымыз білеміз. Ал оның қызылордалықтар үшін өкпе-тыныс жүйесінің ауруына алып келетінін де білген жөн. Желді күні ауа тазалығын қамтамасыз етудің бір-ақ жолы бар. Ол қала көлемінде жер бетін құрғатпай, оны әлсін-әлсін ылғалдап отыру.

Экология дегеніміз екі сөзден тұрады: біріншісі – үй, тұратын жер, екіншісі – ғылым, ұғым, немесе тәртіп. Демек экологияны үйді жақсы  жағдайда ұстау тәртібі деуге болады. Онда сол ортақ үйіміз – Қызылорда қаласын жақсы ұстауға барлығымыз жауаптымыз. Әрбір тұрғын өзіне қарасты үй ауласын, үйінің айналасын таза ұстап, оны кем дегенде күніне бір ылғалдап отыруы тиіс. Бос жерге тал, гүлдер өсіру абзал. Солай жасағанда ол тұрғын, ең алдымен, өз отбасы мүшелерін шаң-тозаңнан қорғайды, сонымен бірге қала экологиясын жақсартуға күрделі үлес қосады.

Қазір қалада  ауыз су мәселесі күрделі жағдайда. Оған басты себеп – тұрғындар үйге жүргізіп алған су құбырларынан ауладағы жеміс-жидек пен көкөністі суаруда. Дегенмен, тұрғындар осыған басқа амалдың жоғынан барып отыр. Себебі көшеде келіп тұрған аяқ су жоқ. Осының себебінен, біріншіден, қалада көктем, жаз айларында ауыз су жетіспейді. Екіншіден, көп қабатты үйлердің жоғары қабаттарына су  көтерілмейді. Үшіншіден, ауыз су сапасы нашарлауда. Төртіншіден, «Қызылорда су жүйелері» мекемесінің жұмысында ала шапқын, сүргін қиыншылықтар орын алуда. Сондықтан да, «Қызылорда су жүйелері» мекемесінің жұмысын жақсы жолға қойып, тұрақтандырудың, соның негізінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің басты жолының бірі – ол қала көшелерінің барлығына аяқ суды келтіру. Осы орындалмаса, қаламызда ауыз су мәселесі түбегейлі толық шешілмейді. Сөйтіп, қалай болғанда да азаматтар қажетіне керек ауыз су мен көшеде, аулада өсетін тал, жеміс-жидек, көкөністі суаруға қажет аяқ суды екі бөлек ажыратқанда ғана екі мәселе дараланып, ыңғайлы  шешімдерін табады. Осылай болмай қалада ауыз су проблемасы өзінің оң шешімін табады деп айту екіталай. Қаланың әрбір көшесіне, әрбір үй түбіне аяқ су келтірмей көшеде өскен екпе талдардың көбеюі және олардың тұрғындарға сая болып, Қызылорда ауа райының жұмсаруы да мүмкін емес.

Бір жол – ол табиғаттың бізге берген қиыншылығына бас ию, соған көну, басқа амал жоқ деп бұрынғыша өмір кешу. Екінші жол – өз санамызды, өз ықылас-жігерімізді жаңа деңгейге көтеріп, қала жағдайын жақсартудың күрделі жолдарын, әдістерін іздеу. Әрине, біздің қалауымыз екінші жол, қала тұрғындарын мұратына жеткізетін де – екінші жол. Бірақ, сол жолды әрбір тұрғын өз жүрегімен қабылдау керек. Айталық, қалада 250 мың тұрғын бар екен делік. Егер соның ішінен бір ғана азамат – мен өзім бұрынғыша көнбістік тірлігімді жасай берейін, екі жүз қырық тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз азамат екінші бағытта жұмыс атқарсын, бір адамда тұрған ешнәрсе жоқ қой деп ойласа, онда жағдай мүшкіл. Осыған сәйкес біз экологиялық тәрбиені жолға қойғанымыз қажет-ақ. Экологиялық тәрбиені жалпы тәрбиеден, мәдени тәрбиеден айырып тастауға болмас.

Еуропаның өркениетті елдерінде жүріп, көшеге бір кішкентай қағаз тастасаң артыңда келе жатқан 10 жасар бала ескерту жасайды. Міне сондықтан Еуропа елдерінің тазалық сыры осында, әр азаматтың елге, өзі тұрған мекеніне деген перзенттік көзқарасында. Ал біздегі жағдай қалай? Біз көлік ішінен босаған қорапты, бөтелкені, шылым қалдығын лақтыра саламыз. Көшеде келе жатқан жастардың шемішке шағып, оңды-солды түкіруі үйреншікті құбылыс. Ең өрескелі босаған шыны ыдысты күл талқанын шығара көшеде сындырып кетеміз. Сонда қалай болғаны, сонда біз өзі кімбіз?!

Біздің негізіміз, көргеніміз, мәдениетіміз, біліміміз еуропалықтардан төмен болғаны ма? Олай болса, атамыз қазақтың: «Су ішетін құдығыңа түкірме» деген қағидасын қайда қоямыз! Бабаларымыз осы бір-ақ ауыз сөзбен экологиялық ережені алдымызға тартып отырған жоқ па? «Құдығыңа түкірме» дегені – үйіңді таза ұста, аулаңды жинақы күт, көршіңе қоқысыңды ысырма, балаларыңды, ұрпағыңды тазалыққа баулы, суды, топырақты ластап бүлдірме дегені емес пе?! Біздің мәдени қазынамыздың тереңдігін, кеңдігін, байлығын соңғы жылдары  «Мәдени мұра» атты бағдарлама негізінде атқарылып жатқан қыруар шаруалар мықты дәлелдесе керек. Ал білімге келетін болсақ қазақ өзі ішіп-жемей баласын оқытуға дайын отыратыны тағы белгілі.

Демек, біздің тегіміз, көргеніміз, біліміміз, мәдениетіміз ешкімнен төмен емес. Біздің ортақ іске, шамалы да болса, немқұрайлылық кедергі болуда. Қала болашағына деген жанашырлық, жылы жүректік жетіспей отыр. «Кемедегінің жаны бір» дейді. Ендеше ортақ кемеміз, ортақ үйіміз – Қызылорда. Өз үйімізді, өз қаламызды көркейтетін де, жөндейдін де, оны бүлдіретін де тек өзіміз екенін ұғынайық, мойындайық, ағайын!

Қала мектептерінің оқу бағдарламасына «Қызылорда – Сыр өңірі кіндігі» атты курс енгізген артық болмайды. Мұндай дәріс қаланың барлық оқу орындарында жүруі керек. Сонымен қатар бұл бағыттағы тәрбие жұмыстары қаланың барлық өндіріс ошақтарында орын алуы қажет-ақ. Сонда ғана маңызды мәселе бүкіл қалалық дәрежеге көтеріледі, сонда ғана оны бүкіл қала халқы түсініп сезінеді, сонда ғана әрбір қала тұрғыны өзін осы мәселенің басты орындаушысы екенін мойындап, оған тікелей кіріседі.

Мақсатқа жету жолында 90-ға келген қариядан 9 жасар балаға дейін экологиялық тәрбиенің орны орасан зор, өйткені барлық жерді тап-таза, айнадай жылтыратып қойғанымызбен, оған жанашырлық оң көзқарас қалыптаспаса нәтиже болмайды. Сондықтан да қала экологиясын жақсарту үшін күрес әрбір қала тұрғыны жүрегінде шаһар тазалығына деген ыстық, таза ниетті оятудан басталуы қажет. Ал қазіргі қала көшелерінің бүгінгідей лас, ұнамсыз күйде болуы қала тұрғындарының арқасында болып отырған жағдай. Лас пен қоқысты қаламызға басқа өңірден ешкім әкеліп тастаған жоқ. Әрбір қала тұрғыны қала тазалығына деген шынайы жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарулануы тиіс деп санаймыз. Бұл қаруды оған отбасы, балалар бақшасы, мектеп, орта және жоғары оқу орындары, мекемелер, қалалық және облыстық ұйымдар қолына ұстатуы міндетті деп ойлаймыз.

Отан сүйгіштік деген үлкен де маңызды ұғымды барлығымыз білеміз. Біз алдыменен тұрған жерімізді, туған үйімізді, сол үйіміз орналасқан қаланы сыйлауымыз, жақсы көруіміз қажет емес пе?! Үйіміздің, туған жеріміздің, қаламыздың барған сайын жақсы бола беруін неге қаламаймыз, сол үшін қолымыздан келетін шаруаны бітіруге неге асықпаймыз? Осындай талпынысты жасап жатсақ ол нағыз отансүйгіштіктің түбірі мен дәлелі болмай ма?!

Қаланың көптеген бұрышында, көшелерде қоқыс толы көк ала пакеттер шашылып жатуын қалай түсінеміз. Үйдің қоқысын үлкен пакетке, қорабқа салып, көшенің кез келген бұрышына тастай салғанда мәселе шешіле ме? Осы орайда: «Өзің отырған бұтақты аралама» – деген даналық сөз ойға оралады. Жекелеген үйлердің жақсы, сәнді болғаны дұрыс. Алайда, сол үй орналасқан көше шаң болса, онда су ағып тал өспесе, гүл жайқалмаса түгелдей сол аумақтың экологиялық мәселесі бәрібір шешімін таппайды. Демек, бізге әлі де болса осы мәселеде мәдениеттілік, ізгілік пен өркениеттілік жетіспейтін сияқты.

Тарихта шөл-даламен жолаушылаған жүргінші тереңнен шығатын құдығы бар тал өскен азды-көпті көлемді көгал аумаққа  шалдығып жетіп, аялдаған, сусындап дем алған, күш жинап, сапарын жалғастырған. Сол айтқандай біздің Қызылордамыз Сыр өңірінде тұратын, осы өңірге сапар шегіп келген азаматтарға жаңағыдай тынығатын, жайлы өмір сүретін келелі де киелі аумақ болуы қажет деп санаймыз. Бізді қоршаған ортаның айтып-айтпаса да қолайсыздығын, тіпті қаталдығын біз осылай ғана жұмсартамыз, бәсеңдетеміз, жеңілдетеміз.

Біріккен араб әмірліктерінің қалалары бүгін туризм, сауда, мәдениет орталықтары екені баршаға мәлім. Ойлап қарасақ, сол аймақтың табиғи жағдайы Қызылорда өңірінен ауыр болмаса жеңіл емес. Онда да ыстық аптап, онда да шөл, онда да қоршап тұрған құм-топырақ. Алайда осындағы халықтың ынта-жігері негізінде адам баласының өміріне өте қолайлы жағдай жасалған. Демек, барлық мәселе адамның қолында екені тағы да дәлелденіп отыр.

Жыл бойы қаланың орталық көшелерінде асфальт үстінен ақ топырақты  күреп-жинап жатқан сары киімді жұмысшылар жүруі үйреншікті көрініс. Өкінішке орай сол топырақ ешқашан таусылмайды. Желді күндері топырақ желмен борап тұрғындардың аузы-мұрнын іздеп табады, терезеден үйге кіріп те, шөгеді. Көшеге топырақ екі жолмен келеді:  бірінші – қала сыртындағы ақ-шаңлақтардан көтеріліп желмен бірге, екінші – көліктер доңғалағымен. Бұл ыңғайсыз құбылыс көктем, күз айларында ауа райы ылғалды мезгілдерде аса күрделі. Ылғал топырақты көшелермен өтіп асфальты бар көшеге түскенде доңғалаққа жабысқан батпақ екі-үш  шақырым аралықты ластап үлгіреді. Сондықтан жол қозғалысын реттеуде МАИ қызметкерлері осы мәселеге де тиісті көңіл аударулары қажет. Қала көшелерімен көліктің барлық түрлері өзі де, доңғалағы да батпақтан таза қалпында жүруін мамандар қадағалауы тиіс. Бұл өркениетті елдерде талқысыз қабылданатын да, орындалатын да ереже. Мұнымен қоса әрбір көлік иесінің қала тазалығына  деген жауапкершілігі биік, өз көлігі  арқылы айналаға келеңсіз, зиянды әсер тигізбеу деген ықыласы жоғары болуы қажет дегіміз келеді.

Елімізде мұнай байлығы негізінен Атырау, Маңғыстау, Сыр өңірлерінде шоғырланғаны белгілі. Осы аталған аймақтарда адамзатқа қолайлы болатындай ауа райылық – табиғи жағдай кемшіндеу. Осыны зерделесек, табиғатта бір маңызды тепе-тендік бар екенін байқауға болады. Осындай табиғаты қатал аймақтарда жер асты байлығы мол болуы, мүмкін қиындықтарды жеңу үшін адамдарға жасаған Ұлы Құдіреттің бір жеңілдігі мен шарапаты шығар деп те ойлайсың. Шынымен, табиғаты тамаша, жайлы өңірлерде жер асты байлықтары көп кездеспейді ғой. Мұнай алдымен ел ырысы, сосын Сыр өңірі несібесі. Оған дәлел соңғы 15-20 жыл аралығындағы облыс экономикасының қарыштап өркендеуі.

Қазақстанда қыста ең аязды, жазды күні барынша ыстық аймақ іздесеңіз – ол Қызылорда өңірі. Сондықтан да табиғаттың өзі бізге ойланыңдар, қолайлы шешім  табыңдар, көп ұзартпай сол шараларды, шешімдерді іске асырыңдар деп  тұрған сияқты. Әрбір үлкен жұмыс оның бағыт-бағдарын анықтап, күрделі мақсат-міндет қойылумен басталса керек. Сол айтқандай, туған қала болашағы оның әрбір тұрғынына қажет жағдайларды жасау үшін жүйелі түрде жоспарлануы жөн. Осы мақсатты біз өзімізге бүгіннен бастап қойғанымыз қажет. Бұл Бағдарламаны орындау, іске асыру 5-10 жылға созылуы әбден мүмкін. Ең бастысы – Бағдарлама барлық қажетті жұмыстарды, шараларды қамтуы тиіс. Бір шара ерте, екіншісі кеш орындалуы әбден мүмкін, дегенмен Бағдарламада олардың барлығы қаралып, қамтылуы міндетті. Бағдарламаны жасауға облыстың барлық білікті мамандары, ғалымдары, ардагерлері ат салысқаны қажет деп санаймыз. Сонда ғана көзделген негізгі, басты мақсат толық орындалады.

Қорыта айтқанда, Сыр өңірін жаңартудың, көгертудің, қайтадан түлетудің еңселі жолы – өңірдің бас қаласын жасыл-желек орталығына айналдыру, шөлейт аймақ ортасында көгерген оазис жасау, сөйтіп қаланы адам өміріне қолайлы да тиімді аймаққа айналдыру. Осы биік арманды шындыққа айналдыру үшін әрбір  қызылордалықтың ынта-жігері, осы өңірге және қалаға деген перзенттік түсінік, көзқарасы қажет. Бұл іске деген облыс пен қала басшыларының зор ықыласы, шараларды уақытылы және онды атқару  үшін өңірде жиналған, шоғырланған күш-қуат пен қаржы болуы тиіс. Бүгінгі күні осының барлығы өз қолымызда. 

 

Қошқаров Серікбай Иманбайұлы Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Су шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?