Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ә. Бөкейхан - Тәуелсіздіктің жаршысы

29727
Ә. Бөкейхан - Тәуелсіздіктің жаршысы - e-history.kz

Ә. БӨКЕЙХАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ

Адиет К.Б., Дүкенбаева З.О.

Астана қ., Қ.Р. БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты

«Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді,

қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.» - Әлихан Бөкейхан

Қазақ азаттық қозғалысының ең салмақты және күрделі кезеңі өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келді. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. БіріБұқарменТүркістан өлкесінебет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл - қазақтың тарихи зердесіндегі ұлт зиялыларының отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан қоғамдық – саяси іс-әрекеттері болатын. Осы ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей зиялылар тобын баулыған – Ә. Бөкейхан еді. Ә. Бөкейхан баулыған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ.

Ұлттық мемлекет құру Әлихан Бөкейхан және сонынан ерген буржуазиялық-демократиялық бағыттағы интелегенция өкілдерінің түпкі мақсаты болды. Ә.Бөкейхан ұлт мәселелерінің жоқтаушысы ғана емес, бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері ретінде осы күрес жолындағы көш бастаушысы да болды. Оқуын бітіріп,Омбығаоралғанда Ә. БөкейханРесей империясыныңқазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Народная свобода»(Халық бостандығы) партиясыныңқатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуынаОмбыдағыкүндері ерекше ықпал етеді. Әсіресе ұлт көсемінің Омбы бөліміндегі қызметі туралы тоқтап кетуге болады. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанға буржуазиялық қатынастардың енуі, ұлттық буржуазия мен интелегенцияңың қалыптаса бастауы, жалпыхалықтық ояну жағдайында ұлттық-мемлекеттік бірлік мәселесі күн тәртібінде қайтадан қойылды. Мемлекеттік билік қажеттігін бүкіл елдік көлемде түсіну, есею жолындағы барлық халық басынан кешіретін тарихи кезең екендігі мәлім. Осы тарихи кезеңдегі ұлттық саяси элитаның мемлекет туралы ұғым-түсінігін, бағыт-бағдарын Ә. Бөкейхан Ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты ұлттық мемлекеттің болуы деп түсінді.[1]

Ә. Бөкейханның саяси өмірбаянында 1916-жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. Қазақ халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісіне Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының «Қазақ» газеті арқылы үзілді-кесілді қарсы шығуы да ұлтты жаппай қырғыннан аман алып қалудың саяси бейбіт жолын ұсынуынан еді.

Ә. Бөкейхан Ақпан төңкерісіненүлкен үміт күтеді. Осы кезден бастап Ә.Бөкейхан Уақытша үкіметтің саяси өміріне белсене араласа бастайды. Бірақ ол үміті ақталмайды.Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетіне берген мақаласында: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді», - дей келе: «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық»,-дейді.[2] Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйымАлаш партиясынұйымдастыруға кіріседі. Артынша,1917 ж. желтоқсанындабүкіл қазақтардың құрылтайындаАлаш автономиясыжариялады. «Қазақ» газеті өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді.[3] Өз кезегінде Ә. Бөкейхан үшін кадет партиясынан шығып, ұлттық Алаш партиясын құру мемлекеттік егемендікке жету жолында жасалған келесі саяси қадам еді.

  1917 жылғы 20 – 21 шілдеде Орынборда өткен І Бүкілқазақ съезде қалыптасты. Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд партияға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...». Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12 – 20 аралығында партияның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев,  ал Торғай обкомының төрағасы болып Ә. Бөкейхан сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды.[4]

Алаш орда үкіметінің құрылуына тікелей түрткі болған, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Қазақ мемлекеттілігі туралы мәселе қаралған ІІ Жалпықазақ – қырғыз съезінің ұйымдастырушылар - Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М. Дулатов болған. Съезге қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан – 58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан – 8 делегат және арнайы шақырумен – 15 адам,  ұйымдастыру  комитеті съезге келген делегаттардың тізімін алып барлығы барлық жиын - терісі  81 делегат тіркейді. Әр уезден 2 ақсақал, әр облыстық қазақ комитеттерінен 2 өкіл және арнайы шақырылған 30 адам: олардың қатарында  Ғұмар Қарашұлы, Қайырша Ахметжанұлы, Ғабдолла Ешмұхамбетұлы, Ахметжан және Қожахмет Оразайұлдары, Құрманбет Бірімжанұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай, Уәлихан Танашев, Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар, Бақтыкерей Құлманов, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл Маманұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Салық Қарпықұлы, т.б. болды. Ендігі мәселе Алашорданың (Алаштың ордасы және өкіметінің) төрағасын балама негізде сайлау басталады:

Үкімет төрағасына 3 қайраткердің – Ә. Бөкейханның, Б.Құлмановтың және А.Тұрлыбаевтың кандидатуралары ұсынылды. Жасырын дауыс нәтижесінде Әлихан Бөкейхан – 40 дауыс, Айдархан Тұрлыбаев – 20, Бақтыгерей Құлманов – 19 дауыс алды. Көп дауыс алған Ә. Бөкейхан Алаш автономиясының өкіметі – Алаш орданың төрағасы болып сайланды. Алғашқы баяндаманы Ә. Бөкейхан жасап, ол жөнінде: «Алашорда бүгіннен бастап қазақ – қырғыз халқының билігін өз қолына алады»-деп қаулы қабылдады.[5]  Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен жер болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – Отан. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы –қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек.
Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды.
Бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек. [6, М. Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын, 2004, 170-178 бет] 

Алаш қозғалысы 1917-1919 жылдары халықтың ықыласына ие болған, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ел азаматтарының Алаш партиясы, Алашорда үкіметіне ризашылығын білдіріп, құптап қол соққан кезі болды. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә. Бөкейхан найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке қызмет етуден бас тартады. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады. Осы қылығы үшін 1920-22 жылдары «ұлтшыл» деп жала жабылып, Мәскеуге жер аударылды. Большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Кеңес билігі тұсында да елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан жоқ. Кеңестік үлгідегі Казақ автономиясы құрылған кезде, Әлихан Бөкейханның тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. (Голощекин Қазақстанда жер мәселесін анықтау комиссиясының мүшесі Әлихан Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға береді: «Қазақ қайраткерлері, министрлер Алматыдан шығып Мәскеуге барады да, пойыздан түсіп Кремльге бармай бірден Әлихан Бөкейханға барып, содан кейін ғана Кремльге келеді. Бұл масқара емей не?»)[7]  Қазақ елінің мүддесіне төнген қауіпті тура түсінген Әлихан Бөкейхан осы тұста жаңадан отарлау саясатына жол бермеу үшін қазақтарға қажет жер нормасын анықтауда белсенділік танытады. Ә. Бөкейхан сыртта жүрсе де қазақ ұлтының дамуы мен мүдделі мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңес өкіметінің өз баспасөзін пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген. Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады.[8]  Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Ә. Бөкейханмен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Әлихан Бөкейханның пікіріне жүгініп барып талқыға ұсынып отырған.[9]  Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына  беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54% - екенін атап өтті. Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе: «Қазақ республикасын құру- шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын»,- деп жариялады. Бұл үлкен жеңіс еді.Алайда бұл жеңісті тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды. Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі бүткіл казақ өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып,  24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді.[10]  «Тір болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.»-деген өзінің айтқан сөзіне адал болып, туған халқына ақтық демі біткенше қызмет етіп өтті.

Ұлы қайраткердің соңына ерген інілері, азаттықтың құрбаны болған Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде: «Қараңғыда қан жылап, қаңғырған күнде басыңды қазақ жолына құрбан қылған ағамыз асқар беліміз! Өміріңде жүрген жолың біздей інілеріңізге жағып қойған шамшырақ»-дегенде, асыра айтып қателескен жоқ еді. Қошке Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған – Әлекең»-деп халқына қалтқысыз еткен қызметіне әділ бағасын берген.

Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, – деп С.Торайғыров айтқандай,

 Әлихан әрқашан да қазақ жүрегінде жеке-дара тұлға болып қала бермек.

Осындай жүрегі елім-жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бостандығы мен дербестігі үшін арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды пікірлері, әрекеттері жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялыларының артына қалдырған асыл мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасары анық.

Әдебиеттер тізімі

1.  Ә. Бөкейхан «Таңдамалы» Алматы, Қазақ энциклопедиясы , 1995, 31-б.

2.  Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат , 2002 , №3, 50 -55 б.

3.  Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысы»  Алматы, Санат, 1995, 23-28 б.

4.  Нұрпейісов К. «Алаш Һәм Алашорда»  Алматы , Ататек, 1995, 156 б.

5.  Марат Ескендірұлы Әбдешев «Алаш Орда министрлері» Алматы, Раритет, 2008, 3-6 беттер

6.  Қойгелдиев М. «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын, 2004, 170-178 бет

7.  Сонда, 163-165 бет

8.  Тұрсын Жұртбай «Ұраным-Алаш» Алматы, Ел шежіре, 2011,

9.  Қозыбаев М.Қ. «Ақтаңдақтар ақиқаты.»  Алматы, Қазақ Университеті  1992,

68 -71 б.

10.  Тұрсын Жұртбай «Ұраным-Алаш» Алматы, Ел шежіре, 2011

Деректер:  «ШОҚАН ТАҒЫЛЫМЫ – 17» атты  Халықаралық ғылыми-практикалық конференция  материалдары 24-26 сәуір 2013 жыл, 101-105 бет
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?