«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қастеев қазыналары

656 0
Қастеев қазыналары
Егер кескіндеме мен графика өнері туралы айтар болсақ, онда Қазақстандағы сурет өнерінің кәсіби мектебі ХХ ғасырдың 20-шы жылдары құрылды, ал оның қайнар бастауында Қазақстанның халық суретшісі Әбілха

Әбілхан Қастеев 1907 жылы Алматы облысы Панфилов ауданының Шежін ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Әбілханның үш жасында әкесі қайтыс болып, балалардың күнкөрісі мен тәрбиесімен анасы айналысқан. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін әмеңгерлік салты бойынша Әбілханның анасы қайындарының біріне тұрмысқа шығады. Сәл есейген соң Әбілхан анасына көмектесе бастайды. Күнімен, тіпті кейде апталап та далада байдың қойын бағады. Бірақ оның іші пыспайтын, кішкентай Әбілхан ағаштан түрлі фигуралар ойып, тіпті әйелдердің әшекей заттарын да жасайтын. Кейінірек Әбілхан ағаш пен темірден адамдар мен жануарлардың бейнесін де ойып жасайтын болған. Сол үшін ауыл молдасынан бірнеше рет таяқ та жеген, тіпті әке-шешесіне баласының қылықтары үшін мешітке кіруге тыйым да салған.

1-ші қатар, солдан оңға қарай: Мәсім аға (өгей әкесі), анасы Қалипан Шығынбаева, әйелі Сақыш ұлы Әбілтаймен. 2-ші қатар: ағайыны Нұрғазы, Әбілхан Қастеев

Текетірестік Әбілханмен өмір бойы қатар жүрді. Еркін шығармашылыққа алдымен діни тыйымдар кедергі болса, кейін бұл функцияны өзіне советтік цензура алады.

1919 жыл. Отбасы Жаркентке көшеді. Сол жерде оның алғашқы картиналары өмірге келеді. Қолындағы қылқаламның ақынның сөзіндей құдіретті екенін ұқты. Бірақ Қастеев қолы бос кезінде ғана сурет сала алды. Қастеев Жаркентте бір байдың аула сыпырушысы болып жұмысқа тұрады. Бірде аула сыпырушының жұмыстарына жергілікті газеттің фотографы Саламатованың көзі түседі. Ол Қастеевтің бірнеше жұмысының суретін алып, Қызылордаға жібереді. Ол жақта суреттерді бағалап, Қастеевті оқуға шақырады, бірақ ауылдың кедей баласында жолға ақшасы болмай, оқудан бас тартуына тура келеді. Суретшінің есеюі мен тұлғалық қалыптасуы жаһандық саяси өзгерістермен тұспа-тұс келді. Үміт сыйлағандықтан, Әбілхан Қастеев сияқты адамдарға коммунизмнің келуі ізгі өзгеріс болды. Қастеев достарымен сол кездегі ең үлкен құрылыс – Түрксібке кетеді. Көп жыл өткен соң жазған осы аттас картинасы оның визиттік карточкасына айналады. Ол Түрксібте істеп жүрігенде де, сурет салуын тоқтатпаған, жартасқа салған Лениннің портреті үшін құрылыс басшылығынан алғыс та алады. Арнайы құрылған комиссия Қастеевтің шығуын тегін тексеріп, оның кедей отбасынан шыққанын анықтағаннан кейін жас дарынды оқытып, қолдау көрсету керек деп шешіп, 1929 жылы оны Алматыға жібереді. Бұнда екі жыл суретші-икона жазушы Николай Гаврилович Хлудовтың шеберханасында жұмыс істейді.  

Түрксіб. 1932 ж.

Мектеп білімі болмағаны себепті Қастеевте формальды түрде суретшінің білімі болмаған. Бұл мәселені Әбілхан үшін ҚазССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев пен республиканың Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов шешіп береді. Екеуі бірлесіп талантты суретшіні сол кездегі танымал ресейлік суретшілердің шеберханаларына жібереді. Дмитрий Фурмановтың жесірі Анна Никитична Мәскеуде Ә.Қастеевтің кураторы болады. Мәскеудегі оқуын бітіргеннен кейін Қастеев үйленіп, шаңырақ көтереді. Оның таңдауы мінезі жұмсақ әрі пысық Сақыш деген қызға түседі. Ол Әбілханнан он жас кіші болды, өмірге алты ұл мен үш қызды әкелген.

Кейін Қастеев Сақышқа үйленуге оған ҚазССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев көмектескенін еске алады. 1930 жылы Исаев Әбілханға 1000 рубль береді, үш айдан кейін тағы 2000 рубль береді, осы ақшаға Әбілхан үйлену тойын жасайды.

Қастеев әйелі Сақышпен 

Әбілхан мен Сақыштың отбасылық өмірі 30-шы жылдарға тура келді. Ел тарихының осы бір қаралы жылдарында Әбілхан Қастеев достарымен түрлі затты бидай мен азық-түлікке ауыстыру үшін совет-қытай шекарасынан жиі өтіп тұрған. Қазақтардың ішер асқа зәру екендігін көрген шекарашылар олардың шекараны заңсыз өткендеріне көз жұма қараған. Бірде шекарадан өткен Әбілхан мен оның достарын қытай жандармдары ұстап алып, еңбек лагеріне қамайды. Ол жерде белдерін жазбай, таң атқаннан кешке дейін жұмыс істейді. Ақыры 1934 жылы ебін тауып, досы екеуі бұл тұтқыннан қашып шығып елге келеді. Әбден арып-ашып, бүкірейген адам кейпінен Сақыш өз күйеуін зорға таниды. Бұл эпизод суретшінің өмірінде мәңгі-бақи із қалдырып, оны ешбір шетелге шығармайтын тұлға қылады.  Қастеевтің елден шыға алмауының тағы бір себебі оның 1935 жылы салған Кенесары ханның портреті болады. Репрессия жылдары Кенесары ханның суретін салмақ түгіл ол туралы бір ауыз сөз айтудың өзі үлкен қатер еді. Бірақ, Қастеев ғажайыптың күшімен жазадан құтылып кетеді. Осы кезде ол «Жас Абай» портретін салған еді. Бұрын Абай далалық аристократияның өкілі ретінде саналып келсе, 1930-шы жылдардың ортасынан бастап Мұхтар Әуезовтің күш салуымен Абай қазақ әдебиетінің көрнекі қайраткерлерінің біріне айналады. Осыған орай 1934 жылы конкурс өткізіліп, оған «Жас Абай» картинасымен Ә.Қастеев те қатысады.

«Жас Абай»

1944 жылы Әбілхан Қастеев Халық батыры Амангелді Имановтың ауылына барып, оның туыстарымен кездесіп, солардың суреттеуі бойынша А.Имановтың портретін салады. Суретті көрген Амангелдінің көзін көрген көзкергендер де, туыстары ұқсастыққа қатты таңғалған екен. Осы жұмысы үшін ол 1944 жылы Қазақ ССР Халық суретшісі атағы мен Жоғарғы Кеңестің грамотасын алады. Қастеевтің жұмысының арқасында қазақ батыры Амангелдінің бейнесі келер ұрпақтарға жетті. Ұлттық рухты, қазақ тұрмысын, халықтың салт-дәстүрін бейнелеген картиналары Әбілхан Қастеевтің шығармашылығында ерекше орын алады. Бұндай картиналарға «Қызды еріксіз әкету», «Сатып алынған қалыңдық» туындыларын жатқызуға болады.

«Қызды еріксіз әкету»

Суретшілер одағындағы мүшелігіне және басқа да мадақтарына қарамастан, Қастеевті көпбалалы отбасы көп уақытқа дейін саманнан салынған қамыс төбелі, едені шіріген үйде тұрады. Қастеев коммунистік партия басшыларына жүгініп, тіпті Брежневтің өзіне хат жазса да, барлық өтініштері жауапсыз қалады. Үй алуына бір оқиға себеп болады, бірақ сол жағдай Әбілханның ашуына қатты тиіп, ол тұп-тура Дінмұхаммед Қонаевтың алдына барады. Оқиға былай болған еді. 1959 жылы Қазақстанға қоғам қайраткері, суретші Рокуэлл кент бастаған американдық делегация келмекші болады. Олар Ә.Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы фильм түсірмекші болады. Совет билігі Қастеевтің отбасын жылдам арады «Қазақфильмнің» үйіне көшіреді. Пәтерге әдемі жиһаз қойып, тіпті жеке шеберхана да салып береді. Алайда, делегация кетісімен, Қастеевтен үйді босатуды сұрайды. Осы жағдайға байланысты Қонаев пен Қастеевтің арасында болған әңгіме туралы Қастеевтің көмекшісі Ізгілік Дабаев былай деп еске алады:

- Маған білімі көп адам, білімі аз адамды алдауына болады деген заң шығыпты деп айтты дейді Қастеев. – Ондай заң жоқ, - дейді Қонаев. – Егер жоқ болса, онда шетелдік делегация кеткеннен кейін неге менің отбасымды ескі пәтерге қайтарды? Неге Американы, Еуропаны, мені алдамақшы болдыңдар? Бұл алдау емес пе?, - дейді Қастеев. – Ақсақал, біз шынында да, сізді алдадық, - деп күліп жібереді Қонаев.

Қонаев сол жерде ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшеновқа хабарласып, суретшіге бір пәтерлі тұрғын үй салуға нұсқау береді, осы мақсатта 300 мың рубль бөлінеді. Үш айдан кейін Қастеевтің отбасы төрт бөлмелі жаңа үйге көшеді. Демалыс сайын бұл үйге достары мен туыстары жиналып, әңгіме-дүкен құрылатын. Бұл үйде композитор Нұрғиса Тілендиев, биші Шара Жиенқұлова, Ескендір Тынышбаев және т.б. адамдар жиі қонақта болған.

 Қастеев үйінде достарымен. Солдан оңға қарай: мүсінші Х. Наурызбаев, суретшілер С. Романов, У. Ажиев 

«Білуімше, біздің үйдің есігі ешқашан жабылмайтын. Қаншама қазақстандық декада болды! Моңғолдар да келді, венгрлер де келді... Оларды міндетті түрде әкеліп, әкемнің шеберханасын көрсететін, біздің тұрмысымызды көрсететін. Барлық туыстарымыз бізде тұрды, студент-журналистер, жерлестер, суретшілер бәрі үнемі келетін. Сахи Романовтың анамның жасаған дұнған кеспесін қалай мақтағаны есімде» Гүлнәзия Қастеева, Әбілхан Қастеевтің қызы

Қазір бұл үй мұражайға айналдырылған, бұнда Әбілхан Қастеевтің жақсы көрген заттары жиналған. Қастеевтің шеберханасында да өзі бар кезіндегідей: мольберттер, бояулар, қылқаламдар. Қастеев суретті ешқашан отырып салмаған, ол тек қана түрегеп тұрып салған. Сурет салуға қажетті заттардың бәрін ол өз қолымен жасаған.

«Ол тапсырыстық үлкен полотно жазған кезінде, ол үйдегілердің барлығын алып келіп: «Сен қарашы, сен қарашы, осы жері дұрыс па?» дейтін еді. Оған балалардың да, үйге келетіндердің де пікірі маңызды болды. Оған біреудің пікірін білу маңызды еді» Гүлнәзия Қастеева, Әбілхан Қастеевтің қызы

Ол әрқашан да халқының бір бөлшегі болатын, оны қанша мадақтап, құрмет тұтса да қоршаған әлемді жақсы көретін, өзін сол әлемге арнаған адам болатын. 1955 және 1959 жылдары ол Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Мектеп, балабақша құрылысына қатысты мәселелерді шешуге атсалысқан, өзінен көмек сұрағандардың бетін қайтарған емес. Оның тікелей қатысуымен Шымкент пен Шолаққорғанды қосқан 240 шақырымдық жол салынады. Тұңғыш қазақ суретшісінің ССРО-ның ең биік наградасы – Лениндік сыйлықты алмағаны таңғалдырады. Суретшілер одағында Қастеевке қатысты түрлі өсек-аяңдар да туындайды. Мәскеу мен Ленинградтан білім алып келген бір топ жас суретші өздері білімсіз деп санаған әріптестерін ортадан шығарып тастағылары келеді. Шыныда да, Қастеевте академиялық білім болған жоқ, бірақ ол тума талант еді, оның үстіне, ең бастысы – оны бәрі жақсы көретін. Көпшілігі осыны көре алмай, қызғанды. Әрине, Қастеев осыны көп уайымдайтын, бірақ табиғатынан қарапайым болғандықтан, үнсіз ғана ішінде сақтайтын. Ол бірнеше рет инфаркт алып, ақыры 1973 жылдың 2 қарашасы жүрегі мәңгілікке тоқтайды.

Қазақстанның тұңғыш ұлттық суретшісі Әбілхан Қастеев классикалық жанрдың негізін қалады. Ол тек суретші ғана болып қойған жоқ, ол сонымен қатар шежірешіге айналды, оның туындыларының арқасында ел этнографиясын қайтадан қалпына келтіруге болады.

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English