Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халықтар достығы ордені

2947
Халықтар достығы ордені - e-history.kz
Халықтар достығы ордені небәрі 19-ақ жыл өмір сүрген. Осы уақыт ішінде 72 761 мың орден шығарылған

ССРО ыдырағаннан кейін Халықтар достығы ордені постсоветтік екі елде – Ресей мен Беларусияда ғана қолданылды, ал Қазақстанда оның баламасы ретінде Достық ордені бар

1972 жылғы 17 желтоқсанда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жаңа орден жасауды бекітті, бұл орден де алғашқы коммунистік державаның құрылғанына 50 жыл толуына орайластырылды. Орден жарғысы сол күні қабылданып, кейіннен бір-ақ рет редакцияланған (1980 ж. 18 шілде).

Жобаның авторы – советтік суретші-иллюстратор Александр Борисович Жук. 1972 жылғы 29 желтоқсанда Халықтар достығы орденінің алғашқы он бес данасы барлық одақтас республикаларға берілді. Келесі отыз сегіз орден барлық автономиялық республикаларға, облыстарға және ұлттық округтерге берілді.

Бұл орденмен қоғамдық ұйымдар (Совет әйелдері комитеті, СССО-ның Сауда-Өнеркәсіп палатасы және т.б.) және кәсіпорындармен (ГИТИС, Ленинград циркі, «Литературная газета») бірге, тұтас қалалар да (Ялта, Тарту) марапатталды. Өз наградасын 1986 жылы Риддер, 1989 жылы Балқаш алды.Халықтар достығы ордені білім беру ісі және коммунистік мемлекеттер мен халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтудағы ерен еңбегі үшін берілген.

Орден жарғысы

1972 жылғы 17 желтоқсанда ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығына сәйкес Халықтар достығы орденінің жарғысы келесідей болған:

1. Советтік Социалистік Республикалар Одағының құрылғанына 50 жыл толуына орай, социалистік ұлттар мен ұлыстардың достығы мен туысқандық ынтымағын нығайтудағы ерен еңбегі, ССР Одағы мен одақтас республикалардың экономикалық, әлеуметтік-саяси және мәдени дамуына қосқан зор үлесі үшін Халықтар достығы ордені бекітілді.

2. Халықтар достығы орденімен ССРО азаматтары; кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, әскери бөлімдер мен құрамалар, одақтас және автономиялық республикалар, өлкелер, облыстар, автономиялық облыстар, автономиялық округтер, қалалар марапатталады. Халықтар достығы орденімен ССРО апзаматы емес тұлғалар да марапатталуы мүмкін.

3. Социалистік ұлттар мен ұлыстардың достығы мен туысқандық ынтымағын нығайтудағы ерен еңбегі үшін;

- ССР Одағы мен одақтас республикалардың халық шаруашылығы саласындағы зор еңбек жетістігі үшін;

ССРО ұлттық-мемлекеттік құрылысындағы еңбегі үшін;

ғылымды дамытудағы, социалистік ұлттар мен ұлыстар мәдениетінің жақындауы мен өзара баюына жемісті қызмет еткені, совет адамдарын пролетарлық интернационализм, Советтік Отанына деген шын берілгендік пен адалдыққа тәрбиелеуге белсенді араласқаны үшін;ССРО қорғаныс қуатын нығайтудағы ерен еңбегі үшін;

социалистік елдер халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық қарым-қатынастарды нығайтудағы ерен еңбегі үшін Халықтар достығы орденімен марапаттау жүргізіледі.

4. Халықтар достығы ордені сол жақ кеудеде Еңбек Қызыл Ту орденінен кейін тағылады.

Халықтар достығы ордені толығымен күмістен күрең қызыл эмальмен боялған бесбұрышты жұлдыз пішінінде жасалған. Орденде ішінара эмальмен боялған ССРО-ның Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Орденнің жоғары жағында «Халықтар достығы» деп жазылған.

ССРО азаматтық авиациясының 199 қызметкері осы орденнің алғашқы кавалерлері атанды. Шетелдік коммунистер арасында орденді бірінші болып вьетнамдық революционер әйел Нгуен Тхи Динь иеленді.

Министрлер (Әріпбай Алыбаев, Молдан Әлдербаев, Бекайдар Жүсіпов, Михаил Исиналиев, Ишанбай Қарақолов), облыстық атқару комитетінің төрағалары (Қамза Жұмабеков, Жақсылық Ысқақов, екейбай Қашағанов, Садық Қойшыбаев, Есен Тасқынбаев, Рахымжан Шаяхметов), обком төрағалары (сақан Құсайынов, Асқар Құлыбаев, Қасым Төлебеков), ғалымдар молекулярлық биология мен биохимия саласында Мұрат Айтхожин, физиолог Нәйлә Базанова, Орта Азиядағы бірінші дендропарктің негізін қалаушы Қасым Асанов, тарихшылар Әбдірашит Ахметов пен Әлкей Марғұлан, экономистер Түймебай Әшімбаев пен Өмірбек Байгелді, геологтар Құмар балжанов, Жанболат Досмұхамбетов пен Таумыш Жұмағалиев, заңгерлер Барымбек Бейсенов пен Салық Зиманов, тілші-әдебиетші ғалымдар Әбдіуәли Қайдаров, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев, анатом дәрігер Сибугатулла Қарынбаев пен гигиенист-нутрициолог Төрегелді Шарманов осы орденнің иегері атанған қазақтар.

Отандық өнер қайраткерлері де коммунистік республикалар арасындағы достықты нығайтуға көп үлес қосқан. Жоғарғы Кеңес Президиумы актерлер мен әртістердің еңбегін жоғары бағалап, олардан марапатты аямаған. К. Байсейітованың асырап алған қызы Раушан, көркемсөз шебері Хадиша Бөкеева, театр мен кино актрисалары Роза Жаманова мен Сара Көшербаева, композиторлар Сыдық Мұхамеджанов пен Еркеғали Рахмадиев, суретші Мұхамедқанафия Телжанов және басқалары Халықтар достығы орденін кеуделеріне таққан.

Айта кету керек, ССРО ыдырай бастаған кезде орденнің соңғы иегері Қазақ тау-геологиялық экспедициясы тау-геологиялық партиясының бастығы Камиль Валиев болған. Ол бұл орденді 1991 жылғы 21 желтоқсанда алған.

Орден жалпы 72 761 рет берілген. ССРО ыдырағаннан кейін орден Ресей Федерациясының наградалық табельдерінде сақталып, 1994 жылғы қазанға дейін 1212 рет табысталған. Ол кезде орденнің аты өзгеріп, «СССР» жазуы алынып, РФ халықтары достығы ордені деп атала бастады.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?