Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арғы беті Алтайдың, бергі беті...

1685
Арғы беті Алтайдың, бергі беті... - e-history.kz
Қазіргі Қытай мемлекетінің батыс терістігіндегі Шыңжаң провинциясының Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі, Санжы, Баркөл, Бұратала өңірлері – ежелден көшпенділердің, оның ішінде қазақ халқының атамекені

2000 жыл ілгері бұл өлкелерді сақтар, нүкүздер, усүндер мекендеген. Усүндер туралы сол замандағы Қытай деректерінде: «Усүндердің түтін саны 120 мың, халық саны 630 мың, садақты әскер саны 188800-ден асатын батыстағы ең ірі мемлекет» дейді. Ал шындығында Усүн ұлы Ғұндардың қарастылығындағы ел болатын. Оларды Ғұн тәңірқұты Нүкүздерге қарсы аттандырған, олар Нүкүздерді жеңіп Іле, Тәңіртауды жайлаған, Хан патшалығы мен Ғұндар арасында соғыс басталғанда да Ғұндар жағында тұрып Хан елімен тіке қарым-қатынас жасаудан жасқанған, Ғұн бәйбішесінің орны хан ханшасынан жоғары болған. Демек, олар Ғұндардың батыс шекарасын қорғайтын жасақ міндетін атқарған, оны 630 мың халқының 188 мыңы садақшы әскер болғанынан да байқауға болады.

552 жылы адамзат тарихындаға ең алып империяның бірі болған Көктүрік қағанаты құрылды, Алтайдың батысы мен Тәңіртаудың теріскейі, Іле бойы Көктүріктердің қонысына айналған, соның ішіндегі «он оқ бодұн» (он оқ халқы) мекендеді, олардың ішінде шөмеген (кіші жүздегі шөмекей), Түргеш (қазіргі қазақтың  қаңлы тайпасындағы түргіс руы) руларының аты аталады. Түрік қағанатынан кейін Қарлұқ мемлекеті құрылады, олардың территориясыда Алтай-Тәңіртаудан батыста Шуға дейінгі жерлер еді, Қарлықтың бір тайпасы беріш болатын, ол да қазірге дейін қазақтың белді бір руы.

942 жылы Қарахан мемлекеті құрылады, оны құрған яғма, шығыл сияқты тайпалар болатын,  яғма әлі күнге қоңырат арасында жайма деген атпен белгілі болса; шығылдар – шапырашты мен албан арасындағы белгілі ру. Махмұд Қашқари өзінің әлемге әйгілі «Түрік сөздігінде»: «Іле бойы – Шығылдардың жәйқұны» деп көрсетеді, сол мекенде шығылдар әлі күнге жасап келеді.

1125 жылы Иелүй дашы мұңғұл сахарасындағы рулардан әскер алғанда керей, найман, қоңырат, меркіт, жалайыр рулары да қатысады. 1131 жылы құрылған Қарақытай мемлекетінің құрушылары да Қытай деген ру атымен найман, керей, қыпшақ, уақ қатарлы қазақтың белді рулары арасынан бой көрсетеді. 1206 жылы Шыңғысхан «еке Моғұл ұлысын» құрардан бұрын  оның билігін мойындамаған найман, меркіт, керей тайпалары Алтайдан бері асып, Еміл бойына, Бесбалыққа бытырай қоныстанады. 1218 жылға дейін осы мекен біржола Шыңғысханның қол астына көшеді, Іле өңірі Шағатайдың, Шығыс Қазақстанмен Алтай, Тарбағатай, Баркөлге дейін Үгедайдың  еншісіне тиеді.

1264-1301 жылдар аралығындағы Арық бөке мен Құбылай, Құбылай мен Қайду арасындағы соғыстардан кейін бұл жерлер Шағатай хандарының билігіне көшеді. 1225 жылы Шыңғыс қаған өзінің жаулаған жерлерін төрт ұлына бөледі, үшінші ұлы Үгедейге батыс Мұңғұлия (Керей хандығының батысы және Найман жері), Ресей Алтайы, Тыва жері, Шығыс Қазақстан, Тәңіртау мен  Алтай тауларының арасы тиеді, оған қоса 4 мың түтін Моғұл берген (тағы бір деректе 5 мың), Рашид-ад-Диннің айтуынша: «Жалайыр елуғай мыңдығы;  Йрек тұға мыңдығы, олар Сұлдұс (сұлтуз – қазір өзбектердің ішінде) руынан; Дайырдың мыңдығы, Олар Құңқатан (қоңқа танау) руынан; Кейін Мөңке қаған ол жасақтарды басқаларға бытыратқан,  сондықтан да Қайдудың жасағының көбі Арық бөкеге ергендер болатын,  кейін сол төрт мыңдықтағылар қайтадан Қайдудың маңына топталды» дейді. Ал Шағатайға берілген мыңдықтар Қоңырат мыңдығы мен Барлас мыңдығы (қалған екі мыңдықтың аты өшіп қалған). 1304 жылы Шағатай ханы Дууа Үгедай хандығына жорыққа шығады, Юань (Құбылайдың елі) армиясы шығысынан келіп тиеді, Шабар жеңіліп Шағатайларға тізе бүгеді, 1309 жылы Шабар қайта көтерілмек болып, Жебе бастаған Шағатай әскерінен жеңіліп, Юаньға қашады, Үгедай ордасы осылайша күйреп, жерін Шағатай хандығы мен Юань хандығы бөліп алады. Ал дәл осы жайды Марко-Поло былай деп баяндаған: «Орталық Моғұл ұлысы (Шағатай мен Үгедай ұлысын айтады) нағыз моғұл дәстүрін сақтаған моғұлдар, олар шығыс моғұлдарды (Юань моғұлдарын) қытайланғандар және шаталар деп бойларына тоғытпайтын, олар баяғысынша көшпенді өмір сүріп әлі күнге моғұл салтымен өмір сүруде» дейді.

Орхұннан батысқа қарайғы Моғұл тайпалары сонау 1260 жылдары Құбылайдан жеңілгенде Алтайдың терістігімен Енисейге шегінген болатын. 1280 жылдары Мұңғұл үстіртінде ауыр қар апаты болып, ашаршылықта халық аштан қырылып босып кеткені туралы Юань тарихында айтылады. Орхұннан батысқа қарайғы Моғұл тайпаларының батысқа көшуі қалай айтсақ та 1220, 1225, 1260-1280-1301 жылдары болғаны анық, ал одан бұрын кімдер жайлады?

1209 жылы Жетісуда қарақытай, қарлық, қаңлы тайпалары мекендеген. 1220 жылдары Иелуй Жусай батыс естелігінде Жетісуды қарақытайлар жайлағанын айтады (олар 1125 жылы Иелуй дашымен бірге келіп Қарақытай хандығын құрған, 1212 жылы Күшлүк аударып тастаған). Ал Жетісумен Тәңіртаудың терістігіне 1225 жылы Шағатаймен Үгедайға қарасты Моғұлдар келе бастағаны анық, 8 мың түтін 40 мың адам. Ал оларға кейінгі соғыстарда моғұлдар мыңдап келіп қосылған, 1300 жылдары Сібериядағы орман тайпасы Ойраттар бас көтере бастайды да оңтүстікке кеңейеді, бұл да Моғұлдардың Алтайдан бері асуына себеп болған. Сонымен қатар көшпенділердің санының артуы жайылымның жетіспеуі де жоғарыдағы соғыстарға басты себеп болған деп айтуға болады. Сонымен қатар Алтайдың бергі беті, Іле-Жетісі, Тәңіртаудың терістігі табиғаты мұңғұл үстіртіне қарағанда жақсы, жылы да жанға жайлы еді, бұл да қоныс аударуға себеп болған деуге болады. Ал қарақытай, қарлықтар ендігі тарихта Мәуераннахрдан бой көрсетеді, өйткені Тараз, Алматы облыстары, Шығыс Қазақстан, Алтай мен Тәңіртау арасы моғұл тайпаларының қонысына айналған болатын.

Үгедай ордасы құлаған соң оның батыс бөлігі Шағатай ордасына қарады, Дууа хан билік құрды, Дууадан кейінгі хан Есенбұқа, Есен-Бұқаның ұлы Тұғылық Темір еді. Ол 1253 жылы Ислам дінін қабылдап, бір күнде 160 мың Моғұлды ислам дініне кіргізген. Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуынша, сол кездегі Моғұлстан: «шығысы Барыскөл (Баркөл), оңтүстігі Ақсу, Қашқар уалаяттарымен шектеседі, батысында Балқаш, ол Моғұлстанмен Өзбекстанның шегарасы» дейді.

Моғұлстан моғұл рулары мыналар: дулат, жалайыр, керей (керейт), қаңлы (бұрыннан жайлаған), барин, арлат, сұлдұс, барқи, кұрлеуіт, меркіт, бекчик, т.б. Ал 1225 жылы Шағатайға қарасты елдер Шағатайлар атанғанда олар Моғұлдардан өзге әлеуметтік топ еді, Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуынша: «Моғұлдар шағатайларды қаранауыс десе, Шағатайлар моғұлдарды жете деп кемсітетін» дейді. 1508 жылдары шығыстан ойраттар лаң салса, батыста Шәйбанидың лаңынан соң моғұлдар тоза бастайды, ең көбі Қазақ Хандығына қосылады, ол туралы «Моғұлстанды бүкілдей Өзбек (қазақ) пен Қырғыз иелеп алған» деген Дулатидың сөзі дәлел болады. Ұлы жүз руларының дені осы моғұлдар, орта жүздегі керейлер (барқы мен меркіт қамтылады) де осы Моғұлстан тайпасы болған. Бұлар нағыз Шыңғысхан жұрты еді.

Ойратқа қараған ордалы жұрт

Моғұлдардан босап қалған батыс Мұңғұлияға ойраттар ие болады да, саны тез өсіп, 1360 жылдары 200 мың адамнан асып үлкен күшке айналады. Моғұлстандық моғұлдар батыс Мұңғұлияны «Қалмақ жері» деп атай бастайды. 1428 жылы батыста ойраттар Сығанақ бойында Әбілқайыр хан әскерлерін жеңіп, оны да масқара бітімдерге қол қойғызады. 1469 жылы Моғұлстан ханы Жүніс те ойраттардан ойсырай жеңіледі. 1490 жылдары Ойрат империясы қайта әлсірейді, Құбылай ұрпағы Батмөңке даян хан ойраттарды ойсырата жеңеді, осымен тұстас уақытта Моғұлстандағы Сұлтан Ахмет хан да ойраттарға қарата бірқатар жеңісті соғыстар жүргізеді, ол ойраттарға қаталдық танытқандықтан «Алаша хан» (қанішер хан) атанған болатын.

1505 жылғы ауыр соғыста Қалқа мен Цахардың біріккен күшінен  жеңіліс тапқан ойраттар Мұңғұлиядан қуылады да, батысқа Алтай асып моғұлстандықтардың жайылымына таласады, моғұлдарды жеңіп оларды батысқа ығыстырады, 400-500 мың Моғұл 1507-1508 жылдары шығыстағы ұлан-байтақ жайылымынан айырылып, батысқа босып, Шуға дейін келеді, сонымен қатар Шәйбани ханнан тағы жеңіліп, Моғұлстанның күні бата бастайды, моғұлдар Қазақ Хандығына қосылғандардың қатарын көбейтеді.  400 мыңдай моғұл Қасым ханға бағынғаннан кейін Қазақ Хандығының халық саны миллион адамнан асып, әскері 300 мыңға жеткен болатын. Осылайша ойраттың батыс шегарасы қазіргі Іле бойына дейін келеді.

Міне, осы оқиғадан кейін қазіргі Қытайдағы қазақтар мекендеп отырған шұрайлы өлке ойраттардың қолына түсіп кетеді, Іле бойын чоростар, Тарбағатайды торғауыттар, Алтайды дөрбіттер, Үрімжіден шығысқа қарай хошоуттар мекендейді, тек 1755 жылдан кейін ғана қазақтарға атамекеніне қайта оралу орайы туады. Осыған дейінгі 200 жылдан астам уақытта қазақ пен ойрат арасындағы жерге болған талас бір сәтте толастамайды, осы мекендерді де місе тұтпаған Ойраттар 1722-1723 жылы 100 мың қолмен Қазақ даласына шапқыншылық жасап, қазақтарды «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратады, осыдан кейінгі 1755 жылға дейін Қазақ халқының Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысы тоқтамады, Абылай, Әбілқайыр, Әбілмәнбет хандар; Төле, Қазыбек, Әйтеке билер; Бұқар, Ақтамберді жыраулар; Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек, Батыр баян, Өтеген, Наурызбай, Райымбек, т.б. батырлар бастаған Қазақ жұрты ондаған жылдар бойы қан жұта күресіп жүріп, өз елінің тәуелсіздігі мен атамекен жерін сақтап қалады.

Цинь қоластындағы сын сағаттар

1755 жылы шығыста Мәнжоу империясы мен батыста Қазақ ордасының шабуылынан соң Жоңғар мемлекеті жойылады, Жоңғарлар қырғынға ұшырап, Жоңғар иелігіндегі Қазақ жері босатыла бастайды, десе де Мәнжоу Цинь империясы қазақтардың атамекеніне қоныстануына барынша кедергі жасайды. Бұл өңірлерге шығыстан, Цахар мұңғұлдарын, сібелер, дағұрлар, мәнжоуларды және Қашқариядан ұйғыр егіншілерін (6000-нан аса адамды Ілеге апарып егін салдырған, Іледегі Мәнжоу әскерінің астығы үшін) көшіріп әкеледі. Құлжа, Үрімжі, Шәуешек қалалары салына бастайды. Осы қалаларға қазақтар керуен тартып келіп сауда жасайды. Қазақ малшылары ептеп шекарадан өтіп мал отарлата бастайды, 1750-1770 жылдары Жоңғар жойылғаннан кейін қазақтар бейбіт өмірдің арқасында саны молайып кетеді де, «мал өседі, жер өспейді» деген қағида бойынша иелеген жерлері тарылып, ендігі жерде кең әрі тың жайылымдарды қажет етеді.

1771 жылы  торғауыттар шығысқа Жоңғарияға көшеді де, кіші жүздің атақонысынң біразы қайтадан қазақтардың қолына көшеді. 180 мың торғауыттан 60 мыңнан артығы ғана Ілеге жетеді, оны Цинь империясы Іле, Бұатала, Қобықсарыға орналастырады, Алтайда Ұраңқай мен қалдық Дөрбіттер мекендеп тұрады.  Абылай ханның көреген стратегиялық саясаты бойынша Абақ керейлер Алтайға; Найман рулары Тарбағатайға; Албан-Суан рулары Ілеге қарай жылжи береді. Абылай хан қазақтың атақонысын қайтарып алу үшін Кенжеғара бастаған елшілерін жібергенде, Цинь билеушісі: «Сендер жіберген елшілердің мәлімдемесінде Тарбағатай біздің бұрынғы көшіп-қонып жүрген жеріміз еді. Біз сізден өзіңіздің ілтипатыңызды білдіріп, осы жерді бізге берсеңіз» деген сөздер бар екен. Бұл жерді біз жаңадан тыныштандырдық, күні бүгінгі дейін бос тұр. Әсілі, мен ол жерді қимайтын едім. Дегенмен, сендер бізге енді ғана келіп бағындыңдар, әлі ешқандай еңбектерің сіңген жоқ. Мұндай жағдайда (талап еткен жерді) осылай бере салсақ, мемлекетіміздің тәртібіне сай келмейді. Егер сендер опасыз қылмыскер Әмірсананы ұстап әкеп берсеңдер, онда мен өз ілтипатымды көрсетіп (талап еткен жерді) сыйлар едім» (Исахан М., Райханұлы Е. Қытайдағы қазақ қоғамының қалыптасу тарихы. // «Қазақстан-Zaman», 13 шілде, 2007 жыл. Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 548 том, 9-10 беттер) деп жауап қатты.

Бұдан кейін Абылай хан ашық ұрысқа бармау саясатын ұстана отырып, бос жатқан өңірге біртіндеп ұлы жүз бен орта жүздің кейбір руларын көшіре бастады. Мұны естіген Цинь ордасы Қорғаныс министрі А. Гүйге: «…дереу әскер жіберіп Тарбағатайға қоныс тепкен қазақтарды шекарадан асырып қуыңдар, Абылайға адамдарын дереу қайтарып әкетуді айт» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 609 том, 18 бет) – деп бұйырды. Ал Абылай хан Алтай мен Тарбағатай және Іле өңіріне көшкен қазақты кері қайтарудың орнына Цинь патшалығына елшілер аттандырып, қалыптасып отырған жағдайды мойындауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Абылайдың ақ туының астында

Осыған орай, 1760 жылы Цинь патшасының ордасы Абылай ханға жауап хатында: «…сенің елшілеріңнің айтуы бойынша жоңғар жері қазір иен бос жатыр. Әбілпейістің қол астындағы Таңатар, Қарқаралы, Есенгелді, Жолымбет рулары Алын, Қаратал, Барлықта тұрып жатыр, сонда сендер патша жарылқаған үстіне жарылқай түссін деп, Ілеге барып, қоныстансын деген екенсің. Тарбағатай өңірі – ежелден Жоңғардың жері. Патша ол жерді қалың қолымен барып тыныштандырды. Қазақтар сендердің жерлерің ұлан-ғайыр болғандықтан, біздің шекарамыздан өтуімізге жол жоқ. Тарбағатайды патша саған бермеген еді ғой, сен қалайша өз білгеніңмен шығысқа қарай өріс жайып отырсың. Жоңғарлар ол жерді кезінде күшпен тартып алғанда, сендер олардың маңайына келе алмаған едіңдер. Патша Ілені тыныштандырғаннан кейін сендер бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алдыңдар. Осыны неге қанағат тұтпайсыңдар?» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 613 том, 17 бет) деп жазды.

Қазақтардың көшіп келіп жатқан қалың нөпірін кері қайтаруға күші келмейтінін түсінген Цинь патшалығы ақырында Алтай мен Тарбағатай және Іле өңірін ресми түрде мұнда келіп орныққан қазақтарға бекітіп берді. Бұл туралы Цинь патшалығының Абылай ханға жолдаған мына хатында айтылады: «…сендер бірнеше ондаған жылдардан бері ептеп ішкерілеп жылжып еніп келесіңдер. Біздің генерал шонжарларымыздың өтініші бойынша әсілі сендерді жазаға тарту керек еді. Бірақ, патша сендерге кеңпейілдік жасады. Сендердің шекара қарауымыздың бер жағында жатқан иен жерлерге келіп мал бағуларыңа рұқсат жарлығын жариялады. Бұның бәрі – сендердің бізбен елдескендерің үшін патшаның жасаған шапағаты. Өздерің өсіп-өркендеумен қатар көршілес елдермен де тату тұрып, патшаның мейір-шапағатына мәңгі бөлене беріңдер» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 793 том, 20 бет).

Бұл – 1772 жылдан кейінгі оқиға, Мәнжоу билеушілері Қазақтарға Торғауыт қатарлы мұңғұл руларына жайылымдық жерлерді бөліп бергеннен кейін барып рұқсат береді.

Атамекен Алтайға оралу

Асқар Татанайұлының айтуынша: «...Бір жылы қайың сауған жұт болғанда Жәнтекей Байымбет ауылдары жылқыларын Сауыр тауына апарып бақтырады, Байымбет ұлдарына: «Ата-бабамыз Сауыр деп атаған жер осы, бірнеше ғасыр өткен соң жеткен ұрпақ біз екенбіз, осы күл төккеніміз төккен болсын!» депті. Алыстан айбынданып көрінген Алтайдың ақбас шыңдарына да көз тігіпті, жөн сұрай келген Торғауыт кегенінің елшісіне: «Жау емеспіз! Елміз! Жерімізде жұт жүрген соң мал отарлатып жүрміз!» деген екен... Осыдан соң ел Сауыр тауына көшіп келіп мекендей бастапты».

Бұған қарағанда оқиға 1770-1775 жылдар аралығында болған, өйткені 1771 жылы торғауыттар келгені белгілі. Сауырдағы «Шалшықай», «Шәншеке», «Ақмырза» атаулары сол Байымбет байдың балаларының атымен қойылса, «Қаржау» – Сәменбеттің  бір баласының аты.  Ал абақ керейдің Сарыарқадан шығысқа аууы 1771 жылы болған екен, мұны кейінгі ел билегендердің қолданған жылнамасынан білуге болады, ол бойынша Циянлұнның 36 жылы екен, бұл 1771 жылға тура келеді. Ал абақ керей  Ер Жәнібек батырдың бастауында Сыр бойынан ауды дегенге келсек, бұрынғы замандарда қазақтар қыста оңтүстікті барып қыстайтын да, жазда Сарыарқаға келетін, орта жүз рулары жылына 1000-1200 километр көшетін болған. Ал торғауыттар бұдан тек бір жыл бұрын орналасқан екен. Елдің ең батысы Қалба тауында, ал шығысы Маңырақ, Сауыр-Сайқаннан асып Қабаға, тіпті Үліңгір бойына жетіп тоқтайды. Ел тізгінін Әбілпейіздің ұлы Көгедайға ұстатады, оны арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, уақ баласы қатысқан ұлы жиында төре етіп сайлайды. Бұл 1758 жылы болған, онымен бірге інілері Сәмен, Жабағылар ере келіп ел билеген. 1790 жылы (Циянлұнның 55 жылы) Көгедай 18 жасында Пекинге барып, Мәнжоудың Циянлұн патшасына жолығып өзін, абақ керей елін, Зайсан төңірегінен Алтайдың күн бетіне дейінгі жерін мәлімдеп тізімге алдырады, патша Көгедайға «Гүң» (Сұлтан) лауазымын береді.

Бұны халық:

«Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға,

Жанторы, Байқанда бар осы жайда.

Ежен хан Көгедайға мансап беріп,

Ұқсады Абақ елі туған айға» деп жырлаған.

Жылына 81 ат салық төлейтін болады, бұл ат әр жылы ат басына шүкірдей сары қайыстан түйілген ноқта арқылы жіберіліп отыратындықтан «сары ноқтаның аты» атанған екен. Бұл сол заман тұрғысынан өте аз салық еді, 1961 жылға дейін жалғасады. Цинь империясына Көгедай бастаған абақ керей елі «кінәздік» есебінде 1912 жылы Цинь империясы құлағанша Қобда арқылы тікелей бағынды, елдің ішкі әкімшілік жұмысына  араласпады, елді 1836 жылдан бастап «төрт би-төре заңы» бойынша басқарып келді. 1824 жылы Өр Алтайда «Беген шабылған қара сеңгір» оқиғасы пайда болады, дөрбіттер 4000-нан аса адаммен келіп елге шабуыл жасайды, ел болып аттанып жаудың бетін қайтарады, Ызғұтты батыр соғыста өледі, осыдан бастап Өр Алтайды да қазақтар жайлайды. 1830 жылдары аға сұлтан Құнанбай абақ керейге келіп қайтқанында: «Қытайға қараған Керей баласы 15  мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ері, дауын сөйлер биі туып, бақ қонған елге айналған екен» депті. Демек осы кезде елдің саны 80 мыңға жуықтаса керек.

Тарбағатайға талас

Тарбағатай аймағына қазақтың найман руларынан қаракерей, төртуыл, матайдың қызай рулары 1771 жылдардан бастап қоныстана бастады, Қызай руы Тарбағатайдың Майлы-Барлық тауларында 70 жыл қоныстанып, 1865 жылғы «Қызыл аяқ шапқыншылығынан» кейін Еренқабырға, Бұраталаға қарай ауа бастаған. 1860 жылдары басталған «Қызыл аяқ соғысы» Тарбағатай елін ауыр ойраншылыққа ұшыратты,  қызыл аяқтар 1851-1864 жылдары Цинь империясын шайқалтқан Тайпин көтерілісшілерінің қалдығы болатын. Оларға қарсы Қабанбай батырдың немересі Әділбек  бастап қарсы аттанып, Шәуешекті басып алады, қызыл аяқтардың лаңы Цинь империясының Шыңжаң провициясындағы үстемдігін шайқалтып, орайдан пайдаланған Қоқандағы қожалар Жақыпбектің бастауынды Қашқарияны басып алады да, Жеті шаһар хандығы құрылады. Қызыл аяқтар 1867 жылы Алтай жеріне өтіп, ондағы елге соқтығады. Алтай елі Көбеш батыр, Далай мергендердің бастауында оларды қан-жоса етіп қырып, Қобдаға өткізіп жібереді. Осы кезде Шәуешек маңын төртуылдар, Барлықтың батысын мәмбеттер, Орқашар тауын сайболаттар мекендеген.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы Кенесары жаңғырығы

Ілеге ірге тебу

Іле аймағына 1762 жылы Іле генерал мекемесі құрылады, Құлжа, Сүйдің, Қорғас қатарлы тоғыз әскери қалашық бой көтереді. 1771 жылдан кейін албан-суан рулары осылай қарай бет түзейді, олармен торғауыттар арасында жер-таласы да толастамайды, соңы 1850 жылдары торғауыттардың Тәңіртаудан ары асуымен аяқталады. 1864 жылы Іледегі Цинь үкіметінің үстемдігі аяқталады да, оның орнына тараншылардың «Қара сұлтан» үкіметі құрылады. Албан Тазабек батыр оларға қолдау көрсетеді, осыны желеу еткен Ресей әскері Ілені басып алады. Жетісу уалаятының соғыс губернаторы және әскери қолбасшысы генерал-лейтнант Г.А. Колпаковскийдің тікелей басқаруымен 1871 жылдың 22 маусымда ұйымдастырған экспедицияның мәліметі бойынша, Іле аймағына албандар 3 мыңнан аса түтін 16 мың адам, суандар 2 мың 162 түтін (9 мың 10 жан), қызайлар бір мың 610 түтін (6 мың 448 жан), байжігіттер бір мың 409 түтін (5 мың 652 жан) бар екенін есептеген [4. 117 б.]. Жиыны 37 мыңнан аса халық тұрған, олардан басқа 51 мың тараншы, 6 мыңдай дұңған, 24 мыңдай мұңғұлдар болған.

1881 жылы Цинь империясы Зо Зұңтаң бастаған 100 мыңға жуық ауыр артиллерия мен мылтықпен қаруланған қосынын жіберді, олар Шыңжаңның шығыс қақпасы Баркөлді жедел алып Жақыпбек қосындырын ойсырата жеңеді де, Қашқарияны қайтадан қолға алады. Ресеймен Іле мәселесі турасында келіссөздер жүргізеді. 1880 жылы Цинь өкілі Зың Жи Зы қол қойған келісім бойынша Ресей Іленің Текес бастаған тоғыз қалашығын қайтарады; Іленің 70 мың шаршы шақырым жері қайтарып алынады. Оның есесіне Зайсан көлі маңы, Үржар, Шонжыны қамтыған 70 мың шаршы шақырым жер Ресейге қарайды, Ресейге Әскери қаражат есебінде 9 миллион сәрі күміс ақша төленеді. Осы үш райондағы Қазақтарға қайсы елге қарауды таңдау үшін бір жыл уақыт беріледі. Осы аралықта Іледен 20 мың Қазақ Ресейге көшті (албан-суандар, 20 мыңнан қалған 6 мыңы Іледе қалды), 45 мың тараншы, 4500 дұңған Ресейге көшті. 1883 жылы Үржардан 1000 отбасы Мәмбет руы Жалбағайдың бастауында Барлық тауының шығысына көшіп келді. 1883 жылы Зайсаннан 1000 отбасы Жәке бидің бастауында Жеменейге көшті. 1888 жылы Уақ руынан 80-нен аса түтін Барлық тауына келіп мекендеді. 1884 жылы Шыңжаң өлке болып құрылды да қазақтар екі елге бөлініп қоныстанған дәуір ресми түрде басталды.

Ресей-Цинь Іле келісімі 

Ішкі көші-қон

1864 жылы Алтайдың Сауыр-Буыршын өңірлерінен 400 түтін абақ керей Тарбағатайдың Майлы-Жайыр тауына көшті, олармен қоса 200 түтін уақ руы Маңырақтан Жайырға көшті, келесі жылы Алтайдан тағы 300 түтін абақ керей Майлы тауына ауды, 1880 жылдары 150 түтін тағы да ауып келді. 1883 жылы Тарбағатайда төрт үкірдай (болыспен ұқсас) ел тұрды, олар: 1. Керей 1 үкірдай, 7 зәңгі. 2. Найман Сайболат 1 үкірдай, 8 зәңгі 3. Төртуыл 1 үкірдай, 7 зәңгі 4. Мәмбет 1 үкірдай, 6 зәңгі болды, бұлардан басқа Уақ 2 зәңгі болды. Тарбағатай аймағына қараған қазақтардың саны 5600 түтін, яки 32 мың адам, ал солтүстік Жоңғария бойынша жалпы қазақ халқының саны 88 мың деп есептеген [4. 116 б.]. Ескерте кетерлік жайт: Шиху, Сауан жерлері 1945 жылға дейін Үрімжіге қараған, мына есепке олар кірмеген.

1883 жылы Бұратала маңындағы қызай руынан 3 мың отбасы 15 мыңдай адам Іленің шығыс аудандарына келіп қоныстанды. Олар осы беті іргесі қозғалмай 1962 жылы 120 мыңға, 1990 жылдары 270 мыңға жетті. 1908 жылы Іледе қызай он болыс, албан алты болыс, суан бір болыс, төре-төлеңгіт-терістаңбалы-уақ бір болыс болған.

Шығыс Шыңжаңда

1864 жылдын бастап Алтай аймағында адам санының артып өрістің тарылуына байланысты қазақтар жаппай басқа жақтарға қоныс аударды. Тарбағатай аймағына 1200 түтін ауып кеткенін айттық. 1883 жылы Бөке батыр бастаған 1000-нан аса түтін Боғда тауына көшті, 1883 жылы Жамысбай бастаған 170 түтін Баркөлге барса, Жылқышы Ақтай ұлы бастаған 1000-нан аса түтін Моңғолияға қарасты Қобда жеріне көшті. 1906 жылға дейін Алтайдағы қазақтардың жарымы осы аталған жерлерге қоныс аударды.  Алтай аймағындағы рулар бойынша: Жәнтекейде 3 тәйжі (болысқа тең), Жәдікте 2 тәйжі, Қарақаста бір тәйжі,  Молқыда бір тәйжі, Ителіде бір тәйжі, Меркітте бір тәйжі, Шыбарайғырда бір тәйжі, Сарбаста бір тәйжі, Шерушіді бір үкірдай, Жастабанда бір залың, Құлтайболатта бір залың ел болды.  Жиыны 13-14 мың түтін, 60 мыңнан аса адам. Олардан басқа Алтайда Найман Жарболды бір тәйжі, Уақ бір зәңгі болған. Жиыны 65 мыңның үстінде Қазақ болған. 1913 жылы Алтайдан 1000-нан аса түтін, Тарбағатайдың Майлы тауынан 1916 жылы 400-ден аса түтін, 1933 жылы 100-дің үстінде түтін Манас, Сауан, Санжы, Құтыбиғаға ауған. Моңғолияға 4000-нан аса отбасы қоныстанып қалған.

1912 жылы Мәнжоу Цинь империясы құлады да, оның орынына қытайлар билікке келді, 1919 жылы Алтайдың «ерекше аймақ» мәртебесі жойылып Шыңжаң өлкесіне біріктірілді.

1916 жылға дейін Алтайда (Қобдамен қоса) 85 мыңдай, Үрімжіде 60 мыңдай, Тарбағатайда 60 мыңнан аса, Іледе 60 мыңнан аса қазақ тұрған. Жиыны 270 мыңға жуық қазақ мекендеген, олар орта жүздің керей, найман, уақ және ұлы жүздің албан-суан руларына жататын.

Он алты мен отыз екінің ойраны

1916 жылғы  Ресей империясы «Патша жарлығы» бойынша 16-40 жас аралығындағы ерлердің барлығы алдыңғы шепке аттанып окоп қазуға жауапты болды, Торғай-Жетісуда көлемді бас көтерулер ұлт-азаттық кұреске ұласты. Патша үкіметі әскер жіберіп қатаң басып-жаныштады, соның кесірінен Ілеге 160 мың, Тарбағатайға 70-80 мың Қазақ босып өтті. Жолда оққа ұшқандарда көп болды, кейін бұлардың көбі мекеніне қайттыда бір бөлімі  келген жерлеріне қоныстанып қалды.

1932-1933 жылдары болған ғаламат аштық жылдарында 96 мыңнан аса Қазақ (тарихшы Талас Омарбековтың санағы) Қытай территориясына ауып барған. Олардың қаншасы қайтқаны белгісіз.

Ғасыр ортасындағы дүрбелең

1920 жылдары Зуқа батыр қозғалысы, Әкім батыр қозғалысы болса, 1938 жылы шығыстағы өлкелерге 20 мыңнан аса Алтай-Баркөл Қазағы ауды,соңы Тибет асқан көшке ұласты. 1939 жылы Алтайдың Көктоғай-Шіңгілде Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісі басталды. 1945 жылы Құлжада ШТР (Шығыс Түркістан республикасы) уақыттық үкіметі құрылды.

1946 жылғы Шығыс Түркістан республикасында (Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында) 725 мың халық болып оның 383 мыңы қазақтар болған. Демек осы үш аймақтағы халықтың 53%-ы қазақтар болатын. Ұйғырлар 156 мың, қытайлар 52 мың, мұңғұлдар 49 мың, орыстар 18 мың адамды құраған. Іледе 450 мың халықтың (Бұраталада қамтылады) 220 мыңы қазақтар (жарымынан артығы ұлы жүз рулары, жартысына таяуы найман қызай руы мен қаракерей руы) болған, бұл сол Іледегі халықтың 48%-ын құраған. Ұйғырлар 140 мың, қытайлар 27 мың, мұңғұлдар 24 мың болған.

Тарбағатай аймағында 170 мың халықтың 100 мыңнан артығы қазақтар болып 60%-ын ұстаған, қытай 22 мың болса, ұйғыр 10 мыңға таяу болған. Алтай аймағында 90 мың халықтың 90%-ы қазақтар (негізі абақ керей) болып, 83 мыңды құраған. Қытайлар тек 3 мыңдай ғана болған, мұңғұлдар 4 мыңнан, ұйғырлар 2 мыңнан аспайтын. 

Оқи отырыңыз: Қытай  еліндегі халықтар

Ал бұл үш аймақтың шығысында Манастан Баркөлге дейінгі Тәңіртау аймағында (қытай қазақтарының төртінші аймағы) 60 мыңнан аса қазақ тұрған. 1949 жылы қазанда 100 мыңнан аса қытай армиясы Шыңжяңға кірді, сатқын үш аймақ үкіметі мен 15 мың армия бір тал оқ атпай, Қытайға бейбіт түрде берілді, тек Оспан батыр, Қалибек хакім, Оразбай бастаған қазақтар Қытайға қарсы шайқасты, үш аймақ сатқын армиясы енді қытаймен емес, керісінше, осы қазақтарға қарсы соғысты. Соңғы бұлқыныс 1958 жылы Көктоғай, Шіңгілде болды да, қытай қазақтары коммунист қытайдың қол астында қалды. Сталиннің Мау Зұдұңға: «Шыңжаңда қытай ұлты 5%-ға да жетпейді екен, оны 40%-ға дейін көтеру керек. Өлкеде мол табиғи байлық бар, мақта, жеміс-жидектер де жақсы өседі» деп айтқан екен.

100 мың армия кірген сол жылы Шыңжаңда 3. 3 миллион ұйғұр (75%), 500 мыңдай қазақ (12%), 291 мың қытай (6,7%) болған. 

 

Мақалада белгілі фотокорреспондент Сәрсенбек Қызайбекұлының Шыңжаң өлкесінің табиғатынан түсірген тамаша фотосуреттері пайдаланылды

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?