Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Қытайға құқай

2783
#100шайқас: Қытайға құқай - e-history.kz
Түріктердің атажауы жужандарды батысқа ығыстырған соң Мұқан қаған Жыу (Бэй-Чжоу) империясының күшейіп кетуінен сақтанып, 563 жылы оған қарсы жорыққа шықты

Бумын қаған мен Қара қағанның мұрагері ретінде таққа келген Мұқан тәңірқұт оңтүстік-батыс Манчжуриядағы моңғолдың қидан тайпасы мен Енисейдегі қырғыздарды басып алу арқылы Түрік империясының билігін күшейте түсіп, Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірді түпкілікті өзіне қаратты. Сол кезеңдегі Қытай жазба деректеріне қарағанда, шекаралас ел түгілі, шекарадан әлдеқайда тыс аймақта жатқан халықтардың бәрінің бойын үрей билеген.

Оқи отырыңыз: #100шайқас: Қытайлармен қырқыс

Еуропа мен Азияға бірдей әмір етіп, Қытай, Рим, парсы империясын Түрік қағанатының қас-қабағына қаратып, саясат жасатқан Мұқан қаған – тегін адам емес еді, көреген, кемеңгер саясаткер болды. Қаған көршілес, алыс-жақын елдердің аттап басқан адымын қалт жібермей аңдып, әкесі бумын тәңірқұты сияқты, есесін қайырып отырды. Оның айтқанын жабғы мен шептер, он мың шақырымды қамтитын қашықтыққа қарамастан, дер кезінде мүлтіксіз орындады. Яғни, исі Түрік қағанаты жұмылған жұдырықтай бірауызды, тұтас татулықта болды. Белгілі тарихшы Қ. Салғараұлы: «Мұқан қаған – қытай империяларының көшпелілер мемлекетін бір-біріне айдап салып, соғыстырып қойып, сол арқылы үнемі ұтысқа шығатын ежелгі тәсілін олардың өзіне қарсы қолдана білген көшпелі елдердің билеушілері арасынан шыққан бірінші адам» деп бағалайды.

Зерттеушілер Мұқан қағанның Түрік империясын күшейту мақсатында мынадай саяси-әскери реформалар арқылы іске асырғанын жазып қалдырады:  ол қару-жарақ жасауды, темір қорытуды ерекше жолға қойып, және оны өте құпия ұстаған. Земархтың: «Бұларда темір тапшы дегені қайда?» деп таңданыпты деседі.

Екіншіден, тақ таласын тоқтатып, қатал тәртіп орнатты. Бес ірі баптан тұратын Түріктердің ежелгі мемлекеттік заңының бірінші бөліміне қағанат ішінде көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілердіге өлім жазасын кесуді заңға енгізді.

Үшіншіден, әскерін бақайшағына дейін қаруландырды. Және біркелкі киім кигізді. Жауынгерлер дулыға, қысқа жең сауыт, тізе қап киіп, ұзын сапты найза, ұшы темір жебе, алмас қылыш, тік жаға сауыт, гүрзі, айбалта, қалқан ұстап жауға аттанды. Аттардың құйрық-жалы күзеліп, міндетті түрде тағалануы тиіс. Өмілдірік, құйысқан, ноқта, аласа қасты жалпақ ер-тоқым, ұзын үзеңгі – мұның барлығы да салт атты жауынгерлерге қойылған ортақ талап еді және оны бұзуға ешкімнің құқы болмады.

Оқи отырыңыз: #100шайқас: Ұлы қорғанға найза тіреу

Төртіншіден, Қытай, Парсы, Рим империяларымен елшілік алмасты. «Ұлы Жібек жолын» қатты қадағалап, олардың әрқайсысынан мол алым-салық алып отырды.

Бесінші, бүкіл түрік тайпасының басын қосып, оларды өзара жауласудан сақтады. Осындай ірі-ірі әрекеттердің арқасында ғана Түрік қағанаты керегесін Сары теңізден бастап Қара теңізге дейін жая білді.

Түріктердің атажауы жужандарды батысқа ығыстырған соң Мұқан қаған Жыу (Бэй-Чжоу) империясының күшейіп кетуінен сақтанып, 563 жылы оған қарсы жорыққа шықты. Жазық жерде жауын бет қаратпағанымен, қалаға келгенде тоқырап тұрып қалады. Лоян қаласын қоршайды, бірақ қамалды ала алмайды. Соғыса жүріп кері шегінді. Түрік жасағының соғыс тәсілі туралы қытай жылнамашылары: «Шайқасқа сап түзеп шықпайды, тек маңдай алды шағын жасақпен қысым жасауға тырысады. Олар кенеттен жаппай лап қояды да, аяқ астынан кері шегінеді, ешқашан табандасып соғыспайды», – деп жазады. Соғыстың бұл тактикасы ұзақ уақытқа дейін дәстүрге айналып, салт атты сарбаздардың ең негізгі тәсілі болып қалыптасты.

Түркілердің тегеурінінен сескенген қытай империясы 561 жылы Мұқан қағанға арнайы елші жіберіп, ханшасына құда түсуге қолқа салды. Чи (Бэй-Ци), Жыу (Бэй-Чжоу) боп екіге бөлінген және тақ үшін өзара қырқысқан бұл патшалықтарды жайғастырудың амалын Мұқан қаған таба білді.

Оқи отырыңыз: #100шайқас: Жужандарды жайрату

Мұқан қаған жаугершілікті көп жасамады, Солтүстік Жыу мен Солтүстік Чи империяларының билеушілерінің үміттерін үздірмей кезек қолдап, екеуін де өзіне тәуелді етіп қойып, мұның сыртында ол Жыу билеушісіне іштартқандық танытып, оны чиліктерге айдап салып бірнеше соғыстыруы құп көріп отырды. Үнемі Жыу империясын қолдаған, оны Чи империясына қарсы соғысуға шақырады, өз көмегін де ұсынады. Бірақ жеме-жемге келгенде жыулықтар мен чиліктердің соғысын сырттай бақылап, өзі соғысқа араласпайды. Сәті келгенде олардың қырқысының үстіне әскерін жіберіп, аяусыз тонатып, олжаға қарқ болып кері қайтады.

Қолбасшының мұндай әскери стратегиялық қадамы екі мақсатты көздеген: біріншіден, Жыу мен Чи мемлекеттерін бір-бірімен жиі қырқыстырып қойып, екеуі нде өзіне тәуелділіктен айырмау болса, екіншіден, Қытайдың екі патшалығының өзара соғыстары арқылы өз елінің экономикалық жағдайын түзеп, халқының әл-ауқатын арттыра түсу. Екі жақты да бірдей шығындатқан Мұқанның айла-амалы өз халқын жаугершіліктен сақтап қоймай, есепсіз байлыққа кенелуіне жол ашты. Түрік қағаны оң қолымен жыулықтар тарапынан одақтасы болғаны үшін мол тарту-таралғылар алып отырса, сол қолымен өз қандасы жыулықтармен шайқасып, соғыстан мойны жар бермей жатқан чиліктердің қараусыз елін  сыртынан орай тонап, қыруар олжаға ие болып шыға келді. Чи патшалығының кейбір сәттерде түріктердің тонауын тыйғызамыз деген үмітпен елші шаптырып, сыйлықтар тартқаны жайлы деректер кездеседі. Айлалы басшы Мұқан осылайша екі жегенді қойып, үшке көшіп, биге шығып отырады.

Мугән қағанның екі аптшалықты алма-кезек ойнатқан сиқырлы саясаты ақырында Чи империясын құлатуға негіз қалады. Бақталасы құлағанымен, жеңіске жеткен Жыу империясының да күні бітуге таяу қалған еді. Ұзақ жылға созылған ел ішіндегі азаматтық соғыс, түріктерге жыл сайынғы төленген ауыр алым-салық, басқа да қосымша жұмсалған шығындар оларды да әбден титықтатып біткен  болатын.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?