Әділетсіздікке қасқая қарсы тұрып, азаматтық мінез танытқан «Халық қаһармандары» біздің жадымызда мәңгі дейміз. Тәуелсіздіктің 27 жылдығына орай «NDH» порталы қазақ жастарының намысын оятқан алты батырды дәріптейміз.
Кейбір деректер бойынша, алаңға барған азаматтар саны 10 мың адам, ал қайсыбірінде 50 мың адам екендігі айтылады. Қаһармандардың кешегі ерлікке толы іс-қимылдарын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу керек. Сол күні алаңға тек ер жігіттерден бөлек, қайсар мінезді қарлығаш қыздарымыз да шықты. Халқына жасаған жақсылықтары мен әрбір айтқан сөздері – ұлт санасына сіңдіру керек маңызды дүние.
Қайрат Рысқұлбеков
Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы наурыздың 13-де Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келді. Шу мен Мойынқұм аудандары малшыларының балалары оқитын мектеп-интернатта оқыған. Өте белсенді оқушы болған. 7-ші сыныпта комсомол қатарына өтісімен, сол ұйымның мектептегі комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарады. Сонымен қатар спортқа бір табан жақын болғандықтан, күреспен айналысатын. Артынан ерген інілерін өте қамқор бола білген. Мектепті бітіргеннен кейін әскерге кетіп, 1986 жылдың көктемінде елге оралды. Алматыдағы құрылыс институтының студенті атанады. Қайрат бірінші курс студенті болуына қарамастан, өз жатақханасының студенттер кеңесінің төрағасы болып сайланды.
16-желтоқсандағы хабарды ести салысымен, ұлтжанды бір мұғалімінен ақыл-кеңес сұрап, әрекетінің дұрыстығына көзі жеткеннен соң, түнімен өз жатақханасындағы қыз-жігіттерге үгіт-насихат жүргізіп, ертеңіне алаңға алып шыққан. Жол-жөнекей Абай мен Тұрғыт Өзал көшесінің қиылысындағы АТК-ның (Алматы тоқыма комбинаты) жастарын жинаған. Сол кезде көргендердің айтуы бойынша, оның артында 2 мыңдай адам болыпты.
Желтоқсан оқиғасынан соң 99 адамның сотталып, оның екеуі ату жазасына кесілгені, соның бірі қаршадай Қайрат болғандығы баршамызға мәлім. Осы мәселеде өркениетті елдер мен жекелеген қайраткерлердің пікірімен еріксіз санасқан сол кездегі ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, өлім жазасы жиырма жыл кесімге ауыстырылған болатын. Бірақ темір тордың арғы жағында жас Қайрат құпия жағдайда өлтірілді.
Әрине, Қайратқа сол кездегі билік тарапынан жасалған қысастықтың ешқайсысын кездейсоқтық дей алмаймыз. Тіпті, басқасы басқа, оның мүрдесінің қайда жерленгені көп уақытқа дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайдылық емес, ол нағыз қысастықтың тап өзі.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар! – деп сот үкімін қасқайып қарсы алған өр тұлғалы Қ. Рысқұлбеков осы бір ауыз сөзімен советтік билік жүйесінің қанды қасіретін бейнелеп бергендей.
Сәбира Мұхамеджанова
Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы 1970 жылғы қаңтардың 1-і Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақмектеп ауылында дүниеге келген. 1977 жылы «Ленин жолы» сегіз жылдық мектебінің 1-сыныбына оқуға қабылданған. 1984 жылдары осы мектепті «өте жақсы» деген бағамен үздік бітіріп, Өскемен педагогикалық училищесіне оқуға түседі.
Желтоқсан көтерілісі тек Алматы қаласы емес, дүмпу Жезқазған, Шымкент, Қарағанды секілді қалаларға жайыла түсті. Өскемен жастары да Ленин атындағы орталық алаңға жиналып, бейбіт мақсаттағы мүдделерін жеткізбек болған еді. Өкінішке қарай, жарты сағат төңірегінде алаңға құқық қорғау қызметкерлері келіп, жастарды жаппай соққыға алды. Іштерінен он беске тарта студентті қамауға алып кетті.
Тергеу барысында жастардың пікірі мен сөзіне құлақ түрген ешкім болмады. Тек біржақты қараланып, яғни ұлтшыл деген жала жабылып, орынсыз қорлауға жол берілді. Тергеудің соңы «Сәбира Мұхамеджанова ұлтшылдардың басын қосып, советтік қоғамға қарсы шығуды мақсат тұтқан» деп танылады. Әрине, небәрі он алты жастағы қыз мұндай жаланы көтере алған жоқ.
Қаршадай қазақ қызы алаңға елінің баянды болашағына үміт артқаннан, ұлт көсемінің қазақ болуын талап етіп, үлкен үмітпен барған. Құқық қорғау қызметкерлерінің жасаған қияметіне шыдай алмады. Батыр қыз небәрі он алты жасында опат болды. Ол 1986 жылғы желтоқсанның 26-ы күні Өскемен қаласында жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті.
Сәбира – тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі еді. Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджановаға 2001 жылы «Тарбағатай ауданынының құрметті азаматы» деген атағы берілді.
Ербол Сыпатаев
Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда алған соққыдан көз жұмған жас Ербол Сыпатаев болатын. Ербол Сыпатаев Талдықорған облысының Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген Ербол Желтоқсан көтерілісі тұсында Алматының энергетика институтының 2-ші курсында оқып жүреді.
Алаңда басынан жарақаттанып, кейін қаза болған Алматы энергетика институтының студенті Е.М. Сыпатаевтың өлімі ресми мойындалған.
Оның әке-шешесі жоқ, туысқандары ғана болды. Қаза туралы анықтаманы ауруханадан МҚК қызметкері алады. Сосын ол милиция қызметкерлерімен бірге мүрде салынған табытты туысқандары тұратын жерге алып жүреді. Түн ішінде келеді, алдын ала хабарланған туысқандары оларды алдынан шығып күтіп алады. Оларға жігітті алаңда жаралы күйінде тауып алғандарын, ауруханада өлгенін, өлтірген адамның белгісіз екенін, қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатқанын түсіндіреді. Прокуратура шынында да іс қозғады, бірақ ол оның өлімі туралы емес, оқиғаларға қатысы жөнінде еді, «айыпталушының» казасына байланысты іс жабылады.
Сырт киімдері жыртылып, иықтарына төгілген шаштары қобыраған қос бойжеткенді ығына алып қорғаштай шегінген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетіп келіп, онды-солды келтегін сермеген сауыттыны аяқтан шалып кұлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық» деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгірді.
Бұлар қарулылар қоршауынан жүгіріп өтіп, тар көшенің бойымен төмен қарай түсе бергенде, арт жақтан естілген зілді дауысқа жалт қараса, қолдарында сапер күрегі бар екі формалы қуып келеді екен. Ербол қыздарға: «Ештеңеге қайырылмай тез жүгіріп, үлкен көшеге шығып кетіңдер» дегенше, өкшелеп келіп, көздеріне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кетті.
Қолына, иығына тиген күрек соққыларына қарамастан, арпалысқан Ербол оларға біразға дейін алдырмады. Ұзын тұрасын жамбасқа салып, алып ұрды. Тұра бергені сол еді, басына сарт ете түскен соққыдан әп-сәтте көзі қарауытып сала берді. Бар күшін жиып, төніп келген екінші соққыға қолын төсеп үлгерді. Бірақ, аяғы тайғанап, сүрініп құлады. Осы сәтте орнынан әрең тұрып үлгерген ұзын тұра жүгіріп келіп, Ерболдың басына ауыр затпен салып қалды. Қапыда қалган албырт жас гүрс етіп құлады. Аяушылық пен мейірімділік атаулыны ұмытқан әлгі екеуі былапыт сөздерді карша боратып, құлап түскен Ерболды аяусыз тепкінің астына алды.
Ауыр соққылардан Ербол есін жоғалтты. Одан әрі не болғанын білмейді. Есін жиып, кірпігін көтеруге ғана шамасы келгенде, байқағаны маңында тұрған ақ халатты дәрігерлер еді.
Алдында тұрған ақ халаттыларға жалыны сөніп бара жатқан көздерін қадап жатып, ол «Қыздар құтылды ма екен?» деп ойлады. Оларға қарап жатып, ол «Мен алаңға өлім іздеп барған жоқ едім ғой», «Елім-ай, ертеңің не болар екен?» деп қиналды.
1986 жылы желтоқсанның жиырма үші күні Ербол Сыпатаев небәрі 22 жасында ауруханада жарық дүниемен
Ләззат Асанова
Ләззат Асанова 1970 жылдың шілде айында Талдықорған облысы Панфилов ауданының Ақжазық (қазіргі Айдарлы) ауылында дүниеге келді. Мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласында оқуға келеді. 1985 жылы Алматыда П. Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен қазақтың қайсар қызы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болды.
Қазақтың қайсары қызы 1986 жылы 16 желтоқсанда болған қазақ жастарының совет үкіметінің озбырлығына қарсы азаттық көтеріліске белсене қатысқан. Қаладағы Брежнев (қазіргі Республика алаңы) алғашқы болып шығушылардың бірі болған. «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен жастарды жігерлендіріп жүрді. Өкінішке қарай қаршадай 16 жасар қызды құқық қорғау орган қызметкерлері жетектеп абақтыға алып кетеді. Қазақ ССР ҚК-нің 65-бабымен айыпталып, қамауға алынады.
Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училище жатақханасынан табылғанда ол туралы «жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген» деген қауесет таратылған.
Тәуелсіздіктен кейін Ләззаттың Алтынай Асанованың арқасында 1997 жылы Бас прокуратураның тексеруiмен қазақтың өжет қызы ақталды.
Алаңға елінің еркіндігімен, «жылдар бойы совет үкіметінің бассыздығына төзіп келген қазақ халқын азат етеміз» деп барған батыр Ләззат Асанованың есімі ел есінде.
Шора Қарабаев
Шора Қарабаев 1951 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданының Меркі станциясында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. ҚазМУ-дың тарихы факультетін бітірген. Желтоқсан көтерілісіне қатысты ҚК 4-баппен 6 жылға сотталып, оның 3 жылын өтеп шыққан.
Кешегі Желтоқсан көтерілісінде жастарға рух беріп ұстаздар тарапынан сотталғаны да, сол кездегі саясаттын тамырын ұстап, оның егжей-тегжейіне жұрттан бұрын қанық болғаны да баршылық. Соның бірі – Шора ағамыз. Көтеріліс алаңына жиналған көпшілік оның аңқылдаған ақ көңілі мен сөз саптауына тәнті болып, әңгімесін тапжылмай тыңдаған екен.
Абақтыда әркімге айына бір сәлемдемеден келіп тұратын. Сонда бірнеше жыл отырған орыс жігітке «шошқаның майын» әкеліп береді. Ол майды барлықтарымызға тарататын. Сонда Шора ағамыз жемеймін деп бетін қайтарғанда, әлгі орыс жігіт «мұсылмансымақ..» деп кемсітетін.
Сондағы тілге шешен Шора ағамыз қастарында отырған ингуш, шешен балаларды өзіне қосып, әлгіні басып тастаған.
Шора ағамыздың өміріндегі осы бір дүмпілді кезеңнен кейін де, Желтоқсаншыларға жағдайын жасау, үй алу мәселесі бойынша өзінің үлесін қосқан.
Шора түрмеден кейін де Х. Қожа Ахмет, А. Нәлібаевтар сияқты сотталған әріптестерімен бірге «Желтоқсан» ұйымын құрып, аштық жариялауды ұйымдастырып, қалған қамаудағыларды шығаруға атсалысты. Ол ұрпаққа саяси тәрбие беруде қоғамдық ғылымдардың бекітілген стандарт негізіне ғана қанағаттанып қоймай, еліміздің геосаяси құрылымын да ескере отырып, өзіндік болжамдарымен толықтырып, нақты мысалдар арқылы жұмыс істейді. Осындай ұлтжандылардан дәріс алған шәкірттің де рухани сапалы болатындығы шүбәсіз.
Қайыргелді Күзембаев
Қайыргелді Күзембаев 1959 жылы Көкшетау облысы Степняк қаласында дүниеге келген. Ол 1979-81 жылы әскерде болып, 1983 жылы Алматыға келіп, әуелі «Үй құрылысы» комбинатында, кейін №40 құрылыс-монтаж басқармасында жұмыс істейді. 1986 жылы 17 желтоқсанда өзі шұғылданып жүрген дзюдо секциясында болып, 18-інде көтеріліске шығады. Жұмысқа келсе Әзім деген бригадирі студенттердің алаңға шыққанын айтып, ондағы қазақ жігіттері ұйымдасып жатқандығын хабарлайды.
Кейін Әзім сот үстінде Қайыргелдіні қорғауға да атсалысқан. Ол кезде өзі Төле би мен Саин көшелері қиылысы тұсында салынып жатқан фабрика типтес үлкен бір құрылыс объектісінде жұмыс істейтін. 18-і күні алаңға жұмысшылармен бірге шығады. Келе сала қыздарды қуалап, шаштарынан сүйрелеп жатқан озбырлыққа куә болады. Сосын сағат тоғыз-ондар шамасында Абай мен Байсейітова көшелері қиылысы маңындағы 2-3 қабатты сары үйлердің қоршау ағаштарымен қаруланып, әскерлерге қарсы шабуылдап, қыздарды құтқарып алады. Үсті-үстіне көбейіп келе жатқан жігіттердің тобына көшедегілер де қосылады. Одан Фурманов көшесіне келіп таяқтарын тастайды да, «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға кіреді.
Қайыргелдіні жұмыстан қайтып келе жатқанында бір қазақ, екі орыс жігіті қолына кісен салып алып кетеді. Үй ішімен қоштаспақ болған оны «олар бұл жайдан хабардар» деп, сүйрелей жөнеледі. Содан «Целинный» кинотеатры маңындағы Ішкі істер басқармасының қараңғы бөлмесіне қамайды. Онда екі ай жатқан соң Сейфуллин мен Мәметова көшелері қиылысындағы түрмеге апарып, тергеу ісі жарты жылға созылады. Сот шешімі бойынша Қайыргелді 14 жылға сотталған.
Әділет жолында өзінің отбасын тастап, қазақтың шырылдаған ұл-қыздарын қорғауға алаңға шыққан Қайыргелді Күзембаев ағамызды нағыз батыр деуге болады.