Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қашғария үшін соңғы шайқас

1845
Қашғария үшін соңғы шайқас - e-history.kz
«Қытай армиясының Шыңжаңға алып келер бір-ақ жолы бар. Осы жерді мықтап күзетсем, елім тұтас болады» деген Жақып-бектің пайымы қате шықты

1876 жылдың жазында Цин империясы Ресейдің астыртын қолдауына сүйеніп, Қашғар өлкесіне қайтадан басып кірді. Цзо-Цзунтанның армиясы Жақып-бек пен Сыздық төренің бекініп отырған жігіттерін тік-маңдайдан ұрмай, Моңғолия айналып өтіп, артынан шықты да, Үрімжі қаласын қиратты. Шаһарды қорғаушы 6 мыңға жуық дұңғанды қырып тастады. Ту сырты отқа оранып жатса-дағы, Жетішаар мемлекетінің әмірі қолындағы бар әскерімен қытайға қарсы соғысу орнына тауда бекініп алып, күтумен болды.  Ол Бейжің жақтан хабар күтті.  Бекер емес. Ағылшындар Қашғар әміршісін қолдаймыз деп уәде еткен-ді. Ай бұрын Лондонда үлкен жиын ашылып, министр-генералдың түгелі Цин империясын тізеге басып тұрып, жаңа Қашғар мемлекетіне тәуелсіздік алып беру керек дескен.

Иә, Жақып-бек пен оның өгей ұлы Сыздық төре тауға бекініп, соғыстан қашқан жоқ. Олар әлемнің ірі державаларымен дипломатиялық ойындар жүргізіп жатқан. Өгей ұл дегенде былай ғой: Сыздық мыңға таяу жігітімен Шығыс Түркістанға келгенде қазақ төресін Жақып-бек әмірші өте жақсы қарсы алып, қайтыс болған ұлының келіншегін некелеп, өзін «ұлым» деп жариялағаны бар. Неге? Жақып-бек пен Сыздық төре бір-бірін бұрыннан таныған ба? Неге осыншама құрмет көрсетілді? Осы сұраққа барынша жауап беру үшін кішігірім түсіндірме жасай кетейік.

Сыздық еді артық туған сайыпқыран

Алдыңғы 3 сериялы мақаламызда Сыздық төренің Қоқан хандығында қолбасшы, әкім болғанын айттық. Бабасын қапияда өлтірген, әкесі Кенесарымен өмір-бақи соғысып өткен Қоқан әмірлігіне Сыздық төре неге қызмет етті дейсіз ғой?! Ол әке кегін ұмытқаны жоқ. Өз еркімен қызметін де ұсынған жоқ. Тарих, тағдыр тізеге сап тұрып оны Қоқанға өтуге мәжбүрледі. Осы оқиғаны Мәшһүр Жүсіп, Уақ Есмағамбеттің әңгімесіне сүйене отырып, былай деп келтіреді:

«Кенесары, Наурызбай, Ержан, Құдайменді, бас көтерер төрелер – бәрі қырғыздан қырғын тапты. Қалған қатын-қалаш, бала-шаға 12 жасар Сыздық төрені басымызға жыға қылып шаншып, қарсақша жалтақтап, Бетпақтың шөлінде, Жеті Қоңырдың желінде жан сақтап күнелттік. Сөйтіп жүргенде «Әзірейіл барда жаным бар деме, Ақ жалау бар да малым бар деме» дегізген Ақжалау (Қоқанның салық жинаушы әрі жазалаушы әскері) келді. 500 кісімен. Қолбасысы Қанағатша деген тәжік болса керек. Жүзге жетер-жетпес азаматпен алдынан қарсы шықтық.

Сыздық төре жасы 14-те. Тұрысқан жеріміз – Созақ маңайы. Екі жақ та ту көтеріп, айқасып қалғанда Сыздық төре Қанағатшамен шаппа-шап келіп қалып, Қанағатшаны мұрттай ұшырды, найзамен шаншып түсірді. Қоқан мергендері оқты жаңбырдай жаудыра бастады. Сыздықтың туын ұстаған уақ жігіті еді, оққа ұшты.

Сыздық сол жігіттің сүйегін жерде қалдырмаймын деп, ат үстінен өңгеріп, алдына ала бергенде, сарттың бірі найзамен өндіршегінен шанышқанда, найза шарт етіп сынды да, ұңғы темір Сыздықтың денесінде қалды. Сыздық қолға түсті. Созаққа апарып, сабан шанаға отырғызып қойды. Денеде қалған найзаның ұңғы темірін кемпірауыз тістеуікпен тартып суырып алып, уыс-уыс мақтамен тығындап, тірідей Қоқандағы ханға жіберді. Барған соң Қоқан ханы дәрігерлерге бақтырып, дәрі жақтырып жазылған соң, Қанағатшаны шақыртып алып: «Сені мұрттай ұшырып, шаншып түсірген осы бала ма?» – деп сұрапты. «Жоқ, бұл емес» деп айта ала ма?! «Бұл мансап, орын саған лайық емес, мына балаға жөн», – деп Қанағатшаның фансадлығын Сыздыққа алып беріп, торы арғымақ, алтын жабдық сыйлап, бес жүзбасы қылған».

Бозбала Сыздық осылайша 14 жасында Қоқан әмірлігінің қолбасшысына айналады. Дәл осы кезде орыс империясы ентелеп еніп, қазақ ауылдарын қан қақсатып жатқанда жауға қарсы күш біріктіретін Қоқаннан өзге одақтастың жоғын көреді, көнеді. Не керек, Сыздық төренің түрік жұрағатының тәуелсіздігі үшін айқасы осы 14 жасында басталып, тұп-тура 41 жасына дейін жалғасты. Әуелі Қоқан, сосын Бұқар, кейін Хиуаның армиясын басқарды. Кіндік Азиядағы күллі түрік хандықтары құлағанда Қашғарға кетті. Ол жаққа жеткен бойда түрік жұртының тәуелсіздігі үшін Қытаймен соғысып, Шығыс Түркістанды азат етті. Қазір сол тәуелсіз соңғы елдің басына бұлт төніп тұр.

Сыздық төре мен Қашғарияның әміршісі ары қарай не істейді?

«Шығыс Түркістанның қақпасы» қирап ашылды

«Қытай армиясының Шыңжаңға алып келер бір-ақ жолы бар. Осы жерді мықтап күзетсем, елім тұтас болады» деген Жақып-бектің пайымы қате шықты. Өте әккі Цзо-Цзунтан әскерін мүлдем басқа жолмен алып жүріп, Қашғар әміршісінің ту сыртын ойрандап жіберді. Үрімжі құлады, Тұрфан қирады. Соншама сенген ағылшындары болса, Бейжіңде ашуы керек жиналысын кешіктіре берді. Ұйғыр-қазақ, дұңғанның қатты қарсыласқанына қарамастан, Цин корпусы қалаларды бірінен соң бірін қиратып, бағындыра бастады.

Сыздық төре әміршінің кенже ұлы Хақ-құлы бекпен бірлесіп, жайпап бара жатқан қытай армиясының бетін қайтармақ болды. Бірнеше рет жаудың сағын сындырған ұрыстар болды. Бірақ, бәрін сатқындық құртты. Көтеріліске дейін Цин империясына қызмет еткен әкім-датқалар Қытай армиясы жақындаған бетте қалаларды ашып беріп, кейде өздері үлкен топпен жау жағына өтіп жатты. Ең сорақысы, Сыздық төремен бірге Үндістан барған, Ыстамбұл болған, ең соңғысы Лондонда дипломатиялық келісімдер жүргізген Хамил-хан дейтін өзбек бегі Қашғар қаласындағы мемлекеттік қазынаны алып қашып кетті.

Қытайлар оған атақ-мәртебе беріп, Ресейге қарасты Тәшкенге жіберді. Орыс тыңшыларының дерегінше, сол бір қиын-қыстау кезде Жақыпбектің уәзір, әкім, болыс, датқа етіп сайлаған 400-ге жуық адамы қашып кеткен. Біреулері әр шайқас сайын жеңіліп жатқан Жетішаардан үміт үзсе, енді біреулерін Цин билігі ақшаға сатып алды.

Бір айналдырғанды шыр айналдырады. Сол жылы Даванчи бекінісіндегі Жетішаардың мемлекеттік қоры саналатын 100 тонна ұн мен 5 тонна оқ-дәрі сақталған қойма өртеніп кетті.

Жақып-бек шығарған алтын теңгелер

Қашғар әміршісі Мұхаммед Жақып-бек мерт болды...

Жетішаар мемлекетінің негізгі қалаларының бірі Тұрпанды қытайлар қоршауға алғанда Шыңжаңның қожайыны саяхатшы-тыңшы Прежевальскийді қабылдап, келіссөз жүргізіп жатыр еді. Орыс полковнигі бұл кездесу туралы қысқа ғана:

«Бізде өте жақсы қарсы алды. Сырттай болса да, достық пейіл танытумен болды. Бір сағатқа созылған аудиенция кезінде орыс билігіне достық көңілі барын айтумен болды»

деп естелік қалдырыпты.

Бұдан түсінгеніміз, әу баста Ресейге жаулық ойда болған Қашғар патшасы, қытайдың екпіні күшейге сәтте, саясатын күрт өзгерткенін көреміз. 1877 жылы Түркістан губерниясының жандаралы Константин Кауфманға үлкен елшілік жіберіп, жұмсақ сөз, тәтті уәделермен Ресейді өз жағына тартуға тырысады. Иә,  Жақып-бек өзі құрған мемлекетті – дипломатиялық интригалармен болсын сақтауға тырысып бақты. Жазға дейін шыдаса, Лондон Цин мен Қашғар арасына төреші боп, үлкен жиын өткізеді. Ұпайын ұлғайта түсу үшін Шыңжаң әміршісі Ресей империясын одақтас, еш болмаса достық пейілдегі мемлекетке айналдырғысы келді.

Еуропалықтардың ішінде Мұхаммед Жақып-бекті соңғы көргендердің бірі осы Прежевальский болды. Кездесуден 1 айдан соң, 1877 жылы 30 мамырда Шығыс Түркістанды азат еткен батыр Жақып-бек мерт болды.

Шыңжаңға талай барып, Жақып-бек әміршінің аудиенциясында бірнеше рет болған, орыс тыңшысы, полковник Алексей Куропаткин Қашғар патшасының болмысы, мінезі туралы, мынадай естелік қалдырыпты:

«Марқұм Жақып-бек өте ақылды, іске және есте сақтау қабілеті керемет адам еді. Сонымен қатар қу һәм әккі кісі болады. Оның досы жоқ, оның тек мүддесі ғана бар. Еуропалық масштабқа салғанда, көлемі мен халқының саны Францияға пара-пар Шығыс Түркістанды билеп отырса да, өте қарапайым өмір сүрді. Оның үйі кедейдің үйінен айырғысыз. Бар байлығы – гареміндегі 3 әйелі шығар?!

Ол өте тақуа кісі болды. Діннің бар талабын орындайтын. Ол күніне 4 қана сағат ұйықтайтын, қалған уақытта іспен айналысып отырады. Ешкімге сенбейтін: атты баптаудан бастап, ас дайындау, мемлекеттің кіріс-шығыс құжаттарын да өзі бақылап, қадағалап жүретін. Жақып-бектің администрациясы Қоқан немесе Бұқар әмірлеріне қарағанда анағұрлым аз әрі кедей көрінетін. Ол әкімдерге тапсырманы, елден кеп жатқан хаттарды өзі оқытқызып, артынша жауабын да хатшыға жаздыртатын.

Сол күні-ақ, шабармандары күніне 140 шақырымдық жылдамдықпен діттеген жерге хатты жеткізуге жөнелетін. Әр 40 шақырым сайын шабармандардың атын ауыстырып отыратын бекеттер соғылды. Осы шарғы-амалдар Жақып-бекке жылдам хабар алғызып, тез шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

1877 жылдың 29-шы мамыр, екінті уағында қаражатты дұрыс игере алмаған Хамал мырзаны өлесі етіп сабап тастады. Сосын қазынаға жауапты Сабыр-ахунға тап бергенде инсульт алды. Тілден, естен айырылған патша ертеңіне 1877 жылдың 30-шы мамыр күні жүріп кетті».

Жақып-бектің өте амбицияшыл және жауынгер Бек-құл және Хақ-құл деген екі ұлы болатын. Әке өлімін ести сала, кенжесі билікті өз қолына алмақ болды. Бірақ, үлкен ұл тез қимылдап, Хақ-құлдың басын алады. Осындай таққа таластардың кесірінен әзер тұрған Жетішаар мемлекетінің іргесі сөгіле бастайды. Әр қала, әр ауыл – Жақып-бектің өлімімен соң, тәуелсіздіктерін жариялай бастады.

Жақып-бек патшаның үлкен ұлы Бек-құл ыдырап, бөлініп жатқан өлкелерді қайта біріктірмек болды. Өзін әмір жариялаған Хотан әкімін талқандап, Үрімшіні кейін қайтарды. Бірақ, бәрі кеш еді. Ішкі Қытайдан сел секілді әскер қаптап келе берді, келе берді. Осы кезде Жетішаар мемлекетінің астанасы Қашғар қаласындағы «жаңа мұсылмандар», яғни кезінде тұтқын боп, мұсылмандыққа өткен қытайлар көтеріліс ұйымдастырып, қаланы басып алады. Мұны естіген Сыздық төре Яркент шаһарынан сенімді жігіттер жинап, Қашғар кентін азат етпек болды. Бірақ, шабуыл қызған бетте қытайдың негізгі армиясы да жетіп, қиян-кескі ұрыс болады. Тең емес ұрыста қазақ-ұйғыр жігіттері шегініп кетеді. 1877 жылдың 17-ші желтоқсанында 13 жылдық үзілістен кейін Цин империясы Қашғар қаласын қайта басып алады. Цин империясының жазалаушы армиясын ертіп келген Цзо-Цзунтан Қашғарды басып алған бетте Жетішаардың әміршісі марқұм Жақып-бектің әлі суып үлгермеген мүрдесін қазып алдырады да, алаңда өртеп жібереді. Артынша екі күннен соң, Яркенд құлайды. Ең соңында Хотан қаласы 3 апталық ауыр шайқастардан соң, құлап тынады. Осымен 15 жылға созылған Шығыс Түркістанның азат жылдары тәмам болды. 

Сыздық төре Шымкентке қайтты

Сыздық төре Шығыс Түркістанның ең соңғы азат қаласы Хотанды жауға бермес үшін барын салады. Осы шаһарды Қытай шеріктерінен қорғау кезінде Сыздық сол қолынан, санынан ауыр жарақат алды, алайда сыр білдірмей, ұрысты басқара береді. Бұл қазақ төресінің өміріндегі соңғы шайқас еді. Шаһар гарнизоны – саны орасан зор, әскери әлеуеті одан да мықты қытайдың армиясына ақыр соңында жеңілді. Сыздық төре 17 жерден жараланса да, майдан даласын тастағысы келмейді. Осы шайқаста шахид кешуді ойлайды. Енді ше? Оның енді бара жері, басар тауы қалмаған еді. Алайда, қазақтың жігіттері қансыраған сұлтанды атқа өңгеріп, жаудың шеңгелін бұзып-жарып шығып кетеді.

Әлемде қандай түрік мемлекеті бар, соның баршасының тәуелсіздігі үшін соғысқан Сыздық сұлтанның рухы сынып қалғандай еді. Себебі, жаһанда тәуелсіз түрік жұрты қалмап еді. Осман империясы ма? Оның да күні санаулы. Не керек, қан саулаған Сыздық төре 1878 жылы 10-ншы ақпанда Ресейдің шекарасын кесіп, Ош қаласына келеді. Бұл ұмсынған басты кеспек жоқ деген ишара еді. Ресей үкіметі сұлтанды 7 ай бойы, Ош шаһарында емдеп, жарақаты жазыла салысымен, Ташкенге алдыртып, (жасы 41-дегі кезі) шаһар губернаторы қазақ төресіне патша рақымшылық жасағанын оқып береді.

Антына адал, сертіне берік, қайсар батырларға дұшпан болса да, құрмет көрсету, Ресей империясының қадым заманғы дәстүрі еді. Себебі, осындай батырларды құрметтеу арқылы өз сарбаздарына ерлікті үлгі еткісі келді. Бұл – бір. Екінші жақтан, қарсыласына кешірім беру арқылы отарлаушы ел басқа көтерілісшілерге немесе қарсыластарға өзінің беделін, тартымдылығын, мейірбандығын жарнамалайды. Ал, бұл – түпкі мақсатқа шығынсыз жетудің ұтымды тәсілдерінің бірі. 

Сыздық төре мекендеуге Шымкент уезіндегі Ханқорған (Сайрам-Леңгір аралығы) маңын қош көреді. Бабалары тұрған осынау қасиетті мекенде мәңгілік сапарға аттанады.

Садық Кенесарыұлының өмір және қайраткерлік жолын зерделеу мынадай қорытындылар мен тұжырымдарды жасауға негіз болды: 

– Ресей отарлаушыларына қарсы он жылдан астам үздіксіз күресіп, әскери әлеуетіне елеулі шығын келтірген ондай тұлға ұлт-азаттық қозғалыс тарихында санаулы;

– Соғыс қимылдары кезінде сарбаздарының өмірін сақтауды бірінші орынға қойған. Ешбір шайқасында, әскерінің 10 пайыздан артық шығыны болмаған.

– Арнайы әскери білімі болмаса да, академия бітіріп, басқыншылық жорықтарда шыңдалған патша генералдарымен майдан алаңында терезесі тең деңгейде шайқасып, соғыс өнеріне жетіктігін сан мәрте паш еткен ірі қолбасшы.

P.S. Мынау қызықты қараңызшы: Абылай ханның шөберелері Шоқан да, Сыздық төре де Қашғарда болды.

1. Шоқан Қашғарға Ресей империясының болашақ отаршылық жорықтары үшін мәліметтер жинау мақсатында Әлімбай деген саудагердің атын жамылып, басын бәйгеге байлап барды.

2. Санаулы ғана жылдан кейін Қашғарға «Орыс Қоқанды алса – Бұқарға, Бұқарды алса – Қашғарға барам! Бірақ әке жолынан таймаймын!» деп серт берген Сыздық келді. Ашық келді.

Тағы бір қызық жайт:

1. Шоқанға орнатылған ескерткіштердің жетерлік. Шоқанның аты берілген елді мекендер, көшелер мен мектептер де өте көп.

2. Ал Тәуелсіз Қазақстанда бүкіл қайратты ғұмырын отаршылармен күреске арнаған көкжал Сыздықтың ескерткіші былай тұрсын, аты да аталмайды…

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?