Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кете шежіресі – көнеліктің көрсеткіші

4448
Кете шежіресі – көнеліктің көрсеткіші - e-history.kz
Қазақ этникалық құрамында саны аз болғанымен, жолы өте салмақты кете тайпасының көне дәуірдегі хет (хетта, хита) еліне қатысы бар ма?

Әлем халықтарының көне тарихынан хабардар азаматтар біздің жыл санаумызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтар шежіресінен хити /хета, хетта/ аталатын халықты қазіргі Месопотамия және Кіші Азия (Анатолия) аймағынан кездестіріп қалады. Олар осы аймақта ірі империялық құрылым құрып, Мысырмен алысып жүрген ел екеніне көзі жетеді. Бірқатар жазбаларда олардың жылқы мәдениетін осы өлкеге таратқаны, хетталардың келуімен байланысты Шығыста «кентавр», яғни басы адам, денесі ат құбыжық бейнесі қалыптасқаны айтылады.

Сонымен «хетта» немесе «хити» деген халық туралы не білеміз ? Білетініміз шамалы екен. ХІХ ғасырда осы тақырыпқа кіріскен Еуропа ғалымдары хетталарды Кавказдан ауып келген үндіеуропа тілді халықтардың  қатарына жатқызып қойған, осы догма әлі де жұмыс істеп тұр.

Бұл еуропацентристік көзқарасқа бағынбаған жалғыз ғалым «Опыт выяснения этнического состава киргиз-казахов Большой орды и каракиргизов» (Живая старина.-Вып.3-4.-СПб.,1894.-С.392-485); «Заметки об этническом составе тюрских племен и народностей и сведения об их численности» (СПб., 1897.-182 с.) еңбектерінің авторы Н.А.Аристов еді. Ол Кіші Азия жерінде б.з.б. ІІ мыңжылдықта үстемдік құрған хити (хетта) елінің қазақтың этникалық құрамындағы Кете руымен байланысы жөнінде болжам жасады. Оның жазуына қарағанда :

«Хити прибыли в Каппадокию и отсюда распространили свою власть на Северную Сирию и Киликию тысячи за два лет до Р.Х. Первые египетские фараоны, предпринимавшие походы в Сирию между 1800-1600 гг. встретили отпор только от хити. Договор Рамзеса ІІ с царям хити об оборонительном и наступательном союзе есть самый древний известный дипломатический акт. «Вместо исторических хроник, хити оставили нам бесчисленные памятники своих побед... Везде (от гор Киликии до Эгейского моря), где только находились какие-нибудь стратегические пункы, для наблюдения за ущельями и дорогами, или для прикрытия крепостей,- хити выгравировали на окружающих скалах фигуры своих царей и богов, сопровождаемые часто надписями. Хити постепенно ослабли, но упоминание о них и о столице их Гарагмыше на Ефрате прекратились лишь  века за два до нового вторжения скифов в западную Азию в 634-627 гг. до Р.Х., когда они проникли до Египта (Масперо. Древняя история народов Востока. М.,1895. с.178-179, 247 и пр.). Conder думает (Hittite Ethnologie Journal of the Antropological Institute of great Britan,1888,  vol.ХУІІ,р.155), что финикийский алфавит очевидно происходит от хиттийских иероглифов. Имя хити (Khita как пишут некоторые английские ученые) напоминает загодочное имя рода Малой орды китэ, китя, с тамгой в виде креста или знака умножения, которые оба встречаются в хитийских иероглифах»( 1,с.53).

Н.А.Аристовтың батылдығының, мықтылығының көзі қазақ шежіресі болғандығын оның кітаптарының атауынан-ақ көреміз. Қазақ этникалық құрамында саны аз болғанымен, жолы өте салмақты кете тайпасының көне дәуірдегі хет (хетта, хита) еліне қатысы бар ма?

Н.А.Аристовтың өз замандастарынан бір артықшылығы қазақ ру-тайпаларының атауларын,  таңбаларын, тарихын терең қарастырып, Еуразия дала көшпелілерінің тарихын шежіремен байланыстыра зерттеуінде еді. Өкінішке қарай Н.А.Аристовтан кейін қазақ шежіре аңыздарын, ру-тайпа атауларын, олардың таңбаларын терең және кең көлемде зерттеу ісі  әлі күнге дейін жалғасын таппай отыр.

Қазақ аңыздарында кете аталатын тайпа Кетебике деген әйелден тараған екен дейді. Бір әскеретін мәселе шежіреде әйел образының болуы қашанда оқиғаның көне екендігіне дәлел есепті. Бізге дейінгі зерттеушілердің көпшілігі Кете тайпасын Кіші жүздің Әлімұлы аталатын ірі тайпалық құрмасынан таратады. Шежіре бойынша Кіші жүздің арғы аталарының бірі Қадырқожадан (Қаракесектен) Байсары, Әлім, Шөмен туады. Байсарыдан Бозаншар, Майлыбай. Байсары баласы Майлыбай екеуі жаудан өледі. Бозаншардың шешесі Кетебикені Әлім жеңгедей алады. Әлімнен Тайқожа – Ақкете, Бозаншардан Адамқожа, Сәду (киімді, яғни  сырттан келіп қосылған). Адамқожадан Қара кете. Әлім өлген соң  Кетебикені Шөмен жеңге алады. Одан Томенқожа, одан Томпақ, Сары. Сәдуден Сәбден.

Соныменен Кетебике үш ағайындыға кезекпе-кезек  байға шығып үш ұл тауып осы үш ұлдан тараған ұрпақ өзін «кете деген елміз» деп атайды. Олар Шөменнің өз әйелінен туған Шөмекеймен бірге өсіп, еншілес болғандықтан «Кете –Шөмекейміз» деушілік шықса керек (Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. Алматы,1994.-109-110; Толыбеков С. Қазақ шежіресі. Алматы,1992-84 б.).

Соңғы кезеңде «Солтүстік Арал аймағының қазақтары» тақырыбы бойынша арнайы ғылыми жұмыс жасаған профессор Р.А.Бекназаров Кете тайпасына қатысты деректерді саралай отырып былай деп жазады:

«Шежіренің жалпы халықтық нұсқаларына қарағанда Қаракесектің бірінші әйелі Тоқсұлудан Байсары туады. Тоқсұлу қайтыс болғаннан кейін Қаракесек өзінің балдызы Қағазға үйленеді де одан екі ұл -Әлім мен Шөмен туады. Байсары Кетебике деген қызға үйленіп одан Бозаншар мен Майлыбай туады (Бозаншарды кейбір деректерде Бозанша деп те атайды). Байсары ұлы Майлыбай екеуі бір соғыста қайтыс болып, Кетебике әмеңгірлік тәртіп бойынша күйеуінің інісі Әлімге шығады. Осы некеден Тегенболат (кейінірек Қарасақал деп атанды) және Тойқожа. Бұдан әрі бір деректер бойынша Әлім де қайтыс болады, Кетебике даланың от басылық  заңы бойынша күйеуінің кіші інісі Шөменге шығады және одан Түменқожаны туады. Басқа бір әңгімелерде Кетебике Байсары өлгеннен кейін Әлімге шықпақ болып жүргенде Шөменнен аяғы ауыр болып қалады, яғни Әлім Кетебикені екі ұлымен –Бозаншар, Түменқожа, алған екен дейді. Осы уақыттан бастап Әлім мен Шөмен арасында «жер дауы мен жесір дауы» басталған-мыс.

Ырғыз өлкесінің қазақтары арасында осы аңыздың бір нұсқасы сақталған. Олардың айтуы бойынша Әлімнің насыбайы бітіп қалып інісі Шөменнен бір атым сұраса керек. Шөмен, ерігіп тұрған жас жігіт, «ат жарыстырайық» дейді. Әлім келіседі. Шөмен атына қамшы басып бара жатып, аруақтардан қолдау сұрап «Дөйт», «Дөйт» деп ұрандайды. Соңынан шауып келе жатқан Әлімге бұл айғай «Койт», «Койт» болып естіледі. Содан мені итті шақырғандай әбден масқаралады, озып бара жатып мені итке теңеп кетті деп Әлім інісіне ренжиді.

Бозаншар өз әкесі өлгеннен кейін Әлімнің қолында тәрбиеленетінін айтттық, бірақ  Әлімнің өзге балалары шеттете бергеннен кейін бір үйір жылқыны айдап Сырдың бойында отырған Шөменге көшіп кетеді:

Асырайды Бозаншаны Әлім алып,

Еншілес еткен оны малын салып.

Әлімнің алты ұлымен сыйыса алмай,

Шөменге жүрген екен қашып барып.

Бозанша қатарынан болды мықты,

Өз деген өз күшімен озып шықты,

Бір күні тойға барып төбелесіп,

Әлімнің төрт баласын ұрып жықты.

Шөмен Бозаншарға қамқорлық жасап, сол жерде от басын құрып, шаруасын құрап алады. Осы себепті Солтүстік Арал аймағында бүгінгі күнге дейін «Шөмекей -Кете бір туған» деген сөз бар...

Бозаншар үйленгеннен кейін өз еншісін алып, анасы Кетебикенің ақылымен маңайына өзінің бір анадан туған емшектес бауырларын жинайды. Осылайша «Кете ауылы» аталатын ел пайда болды» (2,с.67). Р.Бекназаровтың жазуына қарағанда «кете тобы үшке бөлінеді: Бозаншардан тарайтын –Ожырай кете, Әлімұлы Тойқожадан тарайтын-Ақ кете, Шөменұлы Түменқожадан тарайтын-Қара кете. Осы үшеуі аналары Кетебикенің батасымен ортақ ұранға әкелерінің бір туған інісі Майлыбайдың атын алған-мыс. Осылайша «Үш таңбалы Майлыбай –Кете» атанған. Осы үш таңбалы елдің құрамына 20 ру кіреді. Ожырай кете: Мырза, Бәйімбет, Алдияр, Бәтіке, Құрманқожа, Төлек; Қара кете, Томпақ кете, Асан, Жанбақты, Құлыс; Ақ кете: Аққошқар, Байқошқар, Шалқошқар, Қоңыр кете, Майлы кете, Мама, Түйте, Қалқаман, Естек кете, Сейіт кете» ( 2, 68 б).

Жоғарыда келтірілген шежіре деректері Кете тайпасының Кіші жүз құрамында ең көне этникалық субстрат екенін бірнеше түрлі дәлелдеп тұр. Бұл мәселе  тайпа атауынан да көрінеді, анасының атымен аталатын қазақта әр түрлі ру қауымдары аз емес, ал  Әлім ұлы сияқты ірі құраманың іргелі бір елінің анасының атымен Кете атануы өте сирек болады. Екіншіден ру құрамынан біз кетенің өзінің оншақты түр сипатын көреміз: Ақ кете, Қара кете, Қоңыр кете, Майлы кете т.б.  Бұл түр сипатқа негізделген бөлініс жүйесі де көне дүниенің сарқыты, тым әріге бармай-ақ ортағасырлық қыпшақ қауымының атауларын еске түсірейік. Үшіншіден, егер біз жол тәртібі тұрғысынан келсек  Кетенің жолы Әлімнен де үлкен екенін көреміз, яғни Әлім Кіші жүздің үлкені болса, оның ағасы Байсары  жалпы Кете біткеннің атасы. Осы үш дәлел бізге кете тайпасының тарихи бастауларын Кіші Азияда көне заманда белгілі империя құрған хетта халқымен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Жалпы кете саны  аса көп емес. М.Тынышбаев олардың саны 6700 түтін деп көрсетеді. Негізінен мекендеген жерлері Сағыз, Ойыл алқаптары, Қазалының батыс жағы. Тағы бір ескеретін мәселе кете таңбасы ашамай түрінде болып келеді, бұл оның арғы тегі белгілі дәрежде керей қауымдастығына жақын болғанын көрсетсе керек. Осы пікірді Ресей Федерациясының Красноярск өлкесінде (Орта Сібір таулы үстірті) кездесетін Хета өзенінің атауы да растайтын сияқты. Бұл Хатанга өзенінің сол саласы, Аян және Аякли өзендерінің қосылуынан пайда болған Хетаның ұзындығы 918 шақырым. Енисей (Ене сай) бойын біртлай заман мекен еткен, тарихы жұмбақ халықтардың бірі кет де кете тайпасының көне тарихына қатсыты болуы әбден мүмкін. Кете руының ашамай таңбасы және Хета аталатын өзен кете руының тарихын көне заманға бастайды.

Кіші жүздің ру-тайпалық құрамында кете тайпасы кіретін Әлімұлының жолы өзгелерден үлкен болып есептеледі. Мұрат Мөңкеұлы бұл туралы :

Алаша Алаш болғалы,

Алаша атқа мінгелі,

Ала шұбар ту байлап,

Алашқа ұран бергелі

Әлім еді ағасы,- дейді (3,146 б.).

Бұл жерде Әлімұлы тайпаларының тек Кіші жүзде ғана емес, жалпы Алаш ұранды түрік-моңғол көшпелілерінің арасындағы үлкендігі айтылып тұр деп есептейміз. Осыған байланысты Шоқан Уәлихановтың Кіші жүз тайпаларының қазақ жеріндегі автохтондық ерекшеліктерін ескерткен жазбаларын еске алуға тура келеді. Ерте кезеңде Алаш одағына, одан кейін Уыз хан қауымына енген тайпалардың негізгі көпшілігі Кіші жүз арасында сақталуы да осыдан болса керек. Мыңжылдықтар мен ғасырлар толқыны оларды біртіндеп батысқа қарай ысырып, әлемнің көптеген жерлеріне тарыдай шашып жіберді. Бұл қозғалыс барысында Кіші Азия өлкесінде өз бетімен ел-жұрт болып, түтін түтеткендері де аз емес. Солардың бірі біздің осы тараушаға тақырып болған кете тайпасы.

Енді осыдан кейін хетта халқының түп негізі қазақтың Ұлы даласынан шықты деп айтуға болады ма ?! 

Хеттер Кавказдан шықты деген болжам еш негізсіз. Кезінде саха елінің тамаша этнографы  Г.В.Ксенофонтовтың «Кочевой быт если где и процветал, то, конечно, не на верхушке Памира, а в обширных степях, где возможно прокормить скот. Узкие горные ущелья яфетического Кавказа тоже мало заслуживают звания прародины скотоводческой культуры» деген дәлелдері өте орынды. Менің ойымша Еуразия тарихының ХУ ғасырына дейінгі негізгі оқиғаларын біз ұлы даласыз қайта жаңғырта алмаймыз. Себебі бұл өлке жылқы қолға үйретілген күннен бастап адамзат тарихын жасаушы ортаға айналды. Егер біз жылқының адамзат өркениетін бірнеше мың жыл бойы алға сүйрегенін мойындасақ, қазақ өлкесінің де адамзаттың тарихында сондай қызмет атқарғанын білуіміз керек. Қазақ жері мал кіндігі болған жер, ал мал бірнеше мың жыл бойы  адамзат баласы айналысқан шаруашылық түрлерінің ішіндегі ең өнімдісі, пайдалысы болды. Осы кіндік ортадан бүкіл ескі құрылыққа адами мәдениет  тарады.

Әдебиет:

 

1. Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб., 1897.

2. Бекназаров Р.А. Казахи Северного Приаралья в ХІХ-навале ХХ вв. (историко-этнографическое исследование). Дис... на соискание доктора исторических наук. Алматы,2010. с.66-84.

3. Мөңкеұлы М. Шығармалары// Досмұхамедұлы Х. Аламан. Алматы,1991.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?