Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХХ ғасырдың басындағы Ақмола

3099
ХХ ғасырдың басындағы Ақмола - e-history.kz
Қалада өткен ғасырдың 20-30 жылдарында маңызды оқиғалар болып өтті. Бұл – большевиктердің билікке келуі, ашаршылықпен, сауатсыздықпен және аурулармен күрес

Ақмолада көшелер атаулары ауыстырылды. Саяси қуғын-сүргін басталды. Сонымен бірге қала күнделікті тіршілігін жасап, ырғақты өмірін сүріп жатты.

Ақмола және Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі

1918 жылға дейін орталығы Омбы қаласы болған Ақмола облысының құрамында Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездері болды. 1918 жылы қаңтарда Ақмола облысы Омбы губерниясы болып өзгертілді. «Ақмола облысы» деген атау Азамат соғысы аяқталғанға дейін қолданылды.

1921 жылы 25 сәуірде Қазақ Автономиялық Республикасының құрамында Ақмола губерниясы құрылады. Орталығы Петропавл қаласы 1928 жылға дейін өмір сүрді. Губернияның құрамына Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездері енді.

Аудандастыру барысында нәтижесінде, Ақмола және Атбасар уездерінің аумағында Ақмола округі құрылады. Ол 1928-1930 жылдар аралығында өмір сүрді, құрамына 15 аудан кірді. 1931 жылдың басында аудандар нығайтылып, тікелей республикалық орталыққа бағынды.

1932 жылы наурызда Қазақстанда 6 облыс құрылады. Қазіргі Ақмола облысының аудандары Қарағанды облысының құрамына енеді, орталығы Петропавл қаласы. 1936 жылы шілдеде Қарағанды облысы Қарағанды облысының орталығы Қарағанды қаласы, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласы болып екіге бөлінді. Ал, қазіргі облыстың бірнеше аудандары, сонымен қатар қазіргі Астана Қарағанды облысының құрамына енген болатын. 1939 жылы жеке орталығы Ақмола болып, Ақмола облысы жеке құрылды.

Милицияның құрылуы

Қала мен уезде тәртіп орнату мақсатында 1919 жылы 1 желтоқсанда Ақмола уездік милициясы құрылады. Бастығы Қызыл армияның бұрынғы нұсқаушысы А. Афанасьев болады. Жергілікті милиция көпес Балашовтың бұрынғы үйіне орналасты. Милиция мекемесі құрылған уақытта 12 қызметкері бар болса, 1920 жылы көктемде қызметкерлер саны 85-ке жетті. Құқық қорғау органы қызметкерлері санының бірден артуы контрреволюцияға қарсы қылмыстық әрекеттерден кейін туындаған жағдай болатын. Қалалық милиция атпен жүрді. Олар қылыш пен жергікті халықты қарусыздандыру кезінде қолға түскен ескі мылтықтармен қаруланды.

Кейбір милиционерлер арнайы әскери дайындықтан өтпеген, ал негізгі көпшілігінің қажетті білім деңгейі болмады. Нақты құқықтары мен міндеттері көрсетілген қызметтік нұсқаулықтары болмағандықтан онсызда әлсіз еңбек тәртібі ақсап жатты. Еңбек ақысының төмен болуы бұрынғы майдангерлер ішінен қызметкерлерді таңдап алуға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да милиция қызметкерлері көбінесе селолықтар мен бұрынғы приказчиктер болды.

Қазақтар тұратын аймақтарда да милиция құрылды. Бірақ мамандардың тапшылығы мен «бай-құлақ элементтерінің ерекше әсерінен» жаңа құқық қорғау органдары әлсіз болып, айтарлықтай беделге ие болмады. Олардың көпшілігі жергілікті рубасыларының туыстары болатын. Қазақ милиционерлерінің көбісі әскери дайындықтан өтпегендіктен, білімімен, орындаушылығымен, тәртібімен ерекшеленбейтін.

Милицияның саны айтарлықтай көп болмады: 300 000 адамы бар уезд бен уездік қалаға 85 милиционерден ғана келеді. Тұрғындардың милицияға деген көзқарасы жартылай өшпенділікке толы болатын. Милиционерлердің арасында ашық түрде пара алу жағдайлары орын алды. Жергілікті құқық қорғау органдары беделсіз, әрі өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қауқарсыз еді. Астана қалалық мұрағатында бұл туралы: «Милициялардың дәрменсіздігі жергілікті жерлердегі кеңес үкіметінің беделіне нұқсан келтірді. Олар тұрғындарға қажетсіз, әрі ешқандай күші мен мәні де жоқ болатын», – деген мәлімет келтірілген.

Ақмолалық милиционерлерге шектен тыс міндеттер жүктелді: жалпы тәртіпті қамтамасыз ету, Азамат соғысы майдандарына әскери бөлімдерді жөнелтуді ұйымдастыру, әскери қызметтен қашушылардың жолына тосқауыл қою, тұрғындардың азық-түлік салғыртын орындауды бақылау, жаппай алып-сатарлық пен самогон қайнатудың жолын кесу. Айта кетер жайт, жергілікті жерлерде самогон қайнату мен маскүнемдік кең таралған болатын. Көптеген жүктелген міндеттермен бірге милиция, қала мен уезд тұрғындарының «ой пікірін» біліп отыруы тиіс болды. Өйткені, жергілікті билікке мұндай күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан өту кезеңінде бұл өте маңызды болатын.

Жергілікті биліктің жөнсіздіктермен күресі

Контрреволюцияны жеңгеннен кейінгі алғашқы жылдары жергілікті үкімет тез арада тәртіп орнатпақ болды. Қашқындар мен қаңғыбастар есепке алына бастады. 1920 жылы 5 ақпанда Ақмола қаласының тұрғындарына 10 күннің ішінде барлық әскери қару-жарақтарды өткізу тапсырылды. Әсіресе, «дәрімен атылатын қарулар, суық қарулар, мылтық пен револьвер патрондарын, екі жүзді балғалар, шоттар, күректерді, сымдарды, телефон сымдарын, оқшаулағыштарды, телефон аппараттарын, әртүрлі арбаларды» тапсыруға ерекше назар аударды. Бұл нұсқауды орындаудан бас тартқан жағдайда соғыс жағдайының заңына сәйкес, кінәлінің ісі сотқа жіберілді. 1920 жылы 29 наурыздағы бұйрыққа сәйкес Ақмола гарнизонында тіпті велосипедтер де тіркеуден өтуі тиіс болды. Үш күндік мерзімде барлық қару-жарақ пен гранаталар өткізілуі қажет болды. Бұл – жергілікті тұрғындарды қарусыздандыру және кеңес үкіметіне қарсы жаңа әрекеттердің алдын-алу үшін қажет шара болатын. Алынған қару-жарақтың бір бөлігі әскери комиссариатқа, бір бөлігі – милицияға тапсырылды.

1920 жылы жазда ревком жалпы еңбек міндеткерлігін енгізді. Барлық 18-50 жас аралығындағы адамдар мәжбүрлі еңбекке жарамды болып саналды. Осыған сәйкес Ақмолада барлық жұмысшыларды, әсіресе құрылыс ісіне қатысты мамандарды тіркеу жолға қойылды. Бұл шара қарсылық көрсеткен капиталистерден тартып алынған заводтар мен фабрикаларды қайта іске қосу үшін қажет болды. Қаладағы өмірді қайтадан қалпына келтіру үшін, Сібірден тез арада «кеңес ақшасын» жеткізу тапсырылды. Сонымен бірге, ашаршылық қатты байқалған жерлерде қазақ секцияларымен бірге, қазақтардың азық-түлік лавкасын ұжымдастыруды азық-түлік бөліміне тапсырды.

Денсаулық сақтау ісі және жұқпалы аурулармен күрес

Ақмола уездік революциялық комитеті 1919 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен Ақмола облысында әр түрлі жұқпалы аурулардың таралуына байланысты «тез арада 50 орындық аурухана ашуды, милиция басшысына тез арада Ақмола қаласының тұрғындарынан артық төсек-орындармен, матрастар, үстелдер мен басқа да жабдықтарды» реквизициялауға тапсырма береді. Большевиктер өздерінің азаматтарымен, әсіресе бай, ауқатты тобымен осылайша қарым-қатынас жасады.

Қала тұрғындарының арасында ең кең тараған ауру Ресейден келген шаруа-келімсектерден тараған көкжөтел мен қызамық болды. Астық шықпай қалған кезде көшпенділер мен шаруалар арасында құрқұлақ ауруы кең тарады. Қалада және оған жақын елді-мекендерде мерез ауруы өршелене түсті. Қала мен уездегі қазақтар қышымамен ауырды.

Азамат соғысы кезінде қалада Орынбор арқылы кері шегінген атаман Дутов пен Колчак әскерінен сүзек ауруы тарады. Омбы фельдшерлік мектебінің түлегі Асылхан Абсалямов жетекшілік етукен уездік Денсаулық сақтау бөлімінің күш салуымен 1921 жылы ғана сүзек ауруының беті қайтты. Бірақ түбірімен жойылмады. Бірақ аралап жүріп екпе салатын көшпелі отрядтың көмегімен біртіндеп тоқтатылды.

1921 жылы шілдеде қала мен уездерде тырысқақ ауруы өршіп, 112 адамның өмірін жалмап әкетті. Жергілікті үкіметтің тез арада жасалған қимылдары аурудың бетін қайтарады. Тіпті тырысқақ аурымен күрес Төтенше комитеті құрылды. Ертіс өзеніне суға шомылуға тыйым салынып, жағаға күзет қойылды. Базар маңы мен тұрғын үйлерде, көшелерде тазалықты сақтау шаралары жүргізілді. Отынның жоқтығына байланысты тоқтап қалған монша жедел түрде қайта іске қосылды.

Ауыл халқының көңіл-күйі

Қазақ халқы жаңа құрылыстың негізгі идеялары мен құндылықтарын қабылдай қоймай жаңа билік пен милицияға сақтықпен қарады. Тап күрес идеясы жеке ауылдарда қандас, туыс адамдармен бірге өмір сүретін жергілікті тұрғындар үшін түсініксіз болды.  Мүмкін, сондықтан да, Қазақстанның жаңа басшысы И. Голощекин 1925 жылы «Кіші қазан саясатын» бастап жібереді.

Бұған бірнеше негіз бар еді: Ресейдің европалық бөлігінен қоныс аударушы келімсектер саны күннен күнге артуы, автохтонды халықты шұрайлы жерінен айырды. Уезде орналасқан әскерилер қазақ ауылдарына жиі келіп ойран салып Анненков пен Колчактың жазалаушы отрядтарынан айырмасы болмайтын.

Сондықтан, жергілікті тұрғындар жаңа биліктің өкілдерін (милиционерлерді, революциялық комитет мүшелерін) қазақтан шыққандығына қарамастан ұлттық мүддені алқасты еткен сатқындар деп санады.

Қазақтар патша үкіметі кезеңіндегідей мал санын жасырып қалуға тырысты. Өйткені бітпейтін мемлекеттік салықтар, өз еркімен және ықтиярсыз берілетін алымдар халықты қажытқан болатын. Шаруалар мен қазақтар азық-түлік пен отын жеткізуге қатысты міндеткерліктерін дұрыс орындамады. Әсіресе, бұл жұмысты орындауға қазақтар қарсылық білдірді. Бұл туралы сол кездегі мәліметтерде: «Бай қазақтар, ат-арба беруден бас тартқанымен қоймай, кедейлердің де еібек ету міндетін орындауына рұқсат бермеді» деп айтылады. Революциялық комитеттердің құрылуы да өте нашар болды. Әсіресе қазақтар шоғырланған жерлерде.

Ашаршылық қайта басталды. Қала маңы мен ауылдарда ашаршылыққа барымта (малды ықтиярсыз айдап әкету – авт.) қосылды.

Қазақтар мен шаруа-келімсектер жерлері аралас орналасқан аймақта дау-дамай, қақтығыстар орын алып жататын. Мәселен, егер келімсек шаруалардың малы жоғалып немесе айдалып кетсе, барлық көрші ауылды оның орнына мал қайтару үшін кепілге қоятын. Келімсектер жоғалған малдың орнына тез арада мал қайтарып алуға құқықты болды. Бұл патшалық билік тұсындағы қатал ерекше болатын. Большевиктер жаңа қоғамдық құрылысты орнатуға бағыт алғанымен бұрынғы патша заңдарын өзгертуді ұмыт қалдырды. Сол себепті шиеленісті жағдай туындаса, жаңа уездік милиция мен әскерилер келімсек шаруалардың пайдасын жақтап шығатын.

Жергілікті үкімет мүшелерін сайлау

Қалада кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында да Ресей империясы тұсында бекітілген тәртіп бойынша жергілікті үкімет мүшелерін сайлау жүргізіле берді. Мысалы 1923 жылы Ақмола қалалық Думаның мүшелігіне 4 жылдық мерзімге патша үкіметі кезінен белгілі ауқатты адамдар: А. Чернов, Ш. Ялымов, С. Кубрин, Т. Өксікбаев, А. Никитин, С. Хальфин, И. Ачкас, И. Итжанов, Н. Шубин, Х. Сұлтанаев,И. Носов, К. Косшығұлов, Г. Карасиков, Н. Мухаметжанов, П. Видяев, Н. Алғазин, Ф. Благовещенский, Л. Бабаев, С. Козулин, К. Әбдікаримов, В. Грибанов, Г. Канцеров, Я. Перминов және С. Омаров сайлауға түсті.

Мүмкін, буыны бекімеген кеңес үкіметі олармен санасуға мәжбүр болған болар. Кейінірек олардың барлығы айдалып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Ал мүліктерін жаңа қожайындар ашық түрде талан-таражға салды.

Жеке меншік капиталды мемлекеттендіру

Контрреволюциялық төңкеріс аяқталғаннан соң, қала большевиктері бүлікшілердің қатарында болған ауқатты адамдардың мүлкін мемлекет меншігіне айналдыруды жалғастырды. Революциялық комиттер құрыла бастады. Ақмолада ревком 1919 жылы желтоқсанда құрылған болатын. Алғашқы болып, «Ағайынды Шмидтер» серіктестігінің диірмендері тәркіленді. Келесі жылдың қаңтар айында уезд орталығында орналасқан былғары зауыты мемлекет меншігіне өтті. Заводта большевиктерді қолдауы үшін, жұмысшыларға арнайы жағдайлар жасалды: асхана, монша ашып беріп, мұқтаж жұмысшыларға жиһаз бен азық-түлік берді. Осындай серпінмен басқа да кәсіпорындар тартып алынды. Олардың ішінде тұз өндіру кәсіпшілігі де болды.

Байларға қарсы науқан

1928 жылы қыркүйек-қазан айлар байлардың мүлкін кәмпескелеу мен байларды жер аударудың мақсаты мен міндеттері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жергілікті және орталық биліктің пікірініше, олар кеңес үкіметін құруға бөгет жасаған. Сондықтан да олардың барлық мал-мүлкін тәркілеп, бір округтен екінші округкке жер аудару керек деген бұйрық келеді. Сол жылы Ақмола округінен 83 бай жер аударылып, олардан киіз үйлер, кілемдер, киімдер және әр түрлі тұрмысқа керек ыдыс-аяқтарды есептемегенде 8 000 бас мал тәркіленді.

Байлардың шаруашылығының орнында 1874 ірі қара мал, 53 ат арба, 18 пішен шабатын машинасы бар 22 колхоз құрылды. Көп ұзамай, большевиктердің осы асыра сілтеу саясаты халықты алапат ашаршылыққа ұшыратып, автохтонды халықтың 70%-ның өмірін жалмап әкетті.

Қала тұрғындарының өмірі туралы кейбір мәліметтер

1926 жылдағы халық санағы бойынша қала халқының саны 12781 адамды құрады. Ұлттық құрамына келсек: қазақтар 4 387, орыстар 5 639, татарлар 1 420, украиндықтар – 558, немістер 359, өзбектер – 157, еврейлер 155 адам т.б. болып есептелінді.

1930 жылға қарай қалалықтар саны 20 мыңға жетті, оның ішінде қаланың шеткері аумағында тұратын 75%-ы ауыл шаруашылығымен айналысты.

1936 жылы қала тұрғындарының саны 40 250 адамға жетті, соның ішінде қазақтар 36%, еуропалық ұлттар өкілдері 56,3%, татарлар 5%, басқалар 0,7% құрады.

1927 жылы қаланың қарамағында 9 024,88 десятина жер болған. Қалалық жердің біраз бөлігі (6 177,82 десятина) жайылымдық пен егістікке (1 637,91) арналды. Бақтар мен саябақтар 90,76 десятина жерді алды. Бірнеше базарлар болды: мал базары, ұн базары, орталық базар, көкөніс базары, отын және пішен базары.

Соғысқа дейін сайлануға құқықты 4065 адамның, 2136-сы немесе 53% сайлауға қатысты, сайлау құқығынан айырылған азаматтардың саны 1309 адамға жеткен. Құқықтарынан айырылғандарға байлар, кулактар, көпестер, ауқаттылар, патша заманынында мемлекеттік мекемелерде жұмыс істегендер жатты. Қаланың көшелеріне, жолдарына, тратуарларына ешнәрсе төселмеді. Көктемгі және жазғы уақыттарда шалшықтан аяқ алып жүргісіз болатын. Қала көшелерінде шамдар болмады. Үлкен шамдар тек кейбір дүкендер мен қоймаларда ғана болатын. Қуаттылығы 10 киловатты құрайтын электростанция тек 1928 жылдың соңында пайда болды. Мемлекеттік маңызды мекемелер мен қала орталығы ғана жарықпен қамтамасыз етілді.

Қалалық саябақтардың жағдайы тым аянышты болатын. Қала тұрғындары азамат соғысы жылдарында тоғай ағаштарының барлығын шауып алған еді.

1929 жылдан бастап қалада өрт сөндіретін отряд жұмыс істей бастады. Өрт сөндіру қызметінде 15 ат пен 23 адам қызмет етті. Оған қоса 16 ат арба, 2 машина, 5 бөшке, 1 арба ілгекті бақаны болды.

Қалада бар болғаны үш коммуналдық құдық қана жұмыс жасап тұрды. Қала тұрғындарының біраз бөлігінің өз құдықтары болатын. Құдық суы терең болмаған. Қала тұрғындарының негізгі бөлігі Есілдің суын пайдаланды. Көптеген тұрғындар үйлерін жылыту үшін тезекті отын ретінде қолданды. Ақмолада 2 қоғамдық монша жұмыс істеді. Қала тұрғындарының басым бөлігінің жеке моншалары да болды.

Жергілікті өнеркәсіптің дамуы

Қалада өнеркәсіп әлсіз дамыды. Мемлекет қарамағындағы ең ірі өндіріс 2 диірмен болып есептелді. Одан бөлек қаланың шет аумағында елушақты жел диірмендері болған.

Ауыл шаруашылығының материалдық техникалық базасы өте нашар болды. 1922 жылы сол уақыттағы бүкіл Ақмола облысында (қазіргі Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары) небәрі 3 шетелдік маркалы трактор ғана жұмыс істеді. Қалада 2 шағын кондитерлік, 2 май шайқайтын, 2 тері зауыттар жұмыс істеді. Сонымен қатар әрбіреуінде 40 адамнан жұмыс істеген 6 слесарлық-механикалық шеберхана бар еді. Есесіне қалада жеке жұмыс істейтін қолөнершілер көптеп кездесті. Олар қой терісін өңдеп, құрғақ бояулар шығарды, ағаштан, мүйізден бұйым, қатырма ойыншықтар жасады. Мысалы, 1926 жылы қалада 43 диірменші, 38 ұста, 31 тігінші, 25 ағаш шебері, 14 слесарь жұмыс істеді.

Сауда ісі «Пролетарий» атындағы қалалық тұтыну қоғамының қолына жинақталды. 1928 жылы оның үлескерлерінің саны 4334 адамға жеткен. Қоғамның 1927-1928 жылдардағы айналымы 1 230 642 сомды ды Қалада жеке меншік 204 кәсіпорын есептелінді. Айналымы небәрі 741 000 рубльді құрады. Пайызбен шаққандағы саудадағы үлестеріне келсек: мемлекеттік сауда 9,4 %, төменгі кооперациялар 54,3 %, делдалдық 24,1 %, жеке меншік саудасы 12,2 % құрады.

Темір жол құрылысы және әуе қатынасы

1929 жылы 20 қаңтарда Бүкіл Одақтық коммунистік партиясының Қазақ өлкелік комитетінің қаулысымен Бурабай-Ақмола теміржол торабының салынуы туралы шешім қабылданды. Теміржол құрылысында 2000 адам жұмыс істеді. 1929 жылы 8 қарашада Ақмолаға алғашқы поезд аттанды. Инженерлік кадрлер мен күрделі техниканың тапшылығына қарамастан жұмыс жоспарланған мерзімнен 5 ай бұрын аяқталды.

Кейінгі жылдары темір жол желісі Ақмоланы Қазақстанның басқа да өндірістік және мәдени қалаларымен байланыстырып тұрды. 1931 жылы теміржол желісі Қарағандыға, 1935 жылы Балқашқа, 1940 жылы Жезқазғанға дейін жетті.

Теміржол желісінің салынуы қала мен өлкеде әртүрлі өндіріс ошақтарының ашылуына септігін тигізді. Ақмоланы ірі көлік орталығына айналдырды. 1936 жылдан жергілікті әуежайдан шағын ұшақтар қалаларға үнемі қатынап тұратын болды.

Денсаулық сақтау ісі

1923 жылы Ақмолада 2 аурухана жұмыс істеп тұрды: уездік және қалалық. Қалалық аурухана 50 емделушіге есептелінді. Бұл ауруханада 1 дәрігер, 2 фельдшер-акушер және 1 мейірбике қызмет етті. 15 адамға арналған уездік ауруханада 1 дәрігер және 2 фельдшер жұмыс істеді. Емделушілер тәулігіне 2 сомнан ақша төлеп ем алды. Кейінірек 115 орындықты округтік аурухана 3 дәрігері және тіс технигі бар орталық амбулатория салынды. Қалада 20 орындықты венерологиялық диспансер, өкпе аурулары ауруханасы, бактериологиялық зертхана, әйелдер кеңесі мен балабақша жұмыс істеді.

Бірақ, жөндеу жұмыстары толық аяқталмағандықтан және жылу болмай қалатындықтан аурухана жүйелі қабылдай алмады. Іс жүзінде барлық медициналық көмек амбулаторлы түрде күндіз көрсетілді. Сондықтан, уездік аурухана айына 355-тей адамды қабылдады. Тістері ауырғандарға дәрігер мен техник қана көмек көрсете алды. Материалдары жеткіліксіз болғандықтан, тіс дәрігеріне келетіндер саны да аз болды.

Жергілікті мектептерде, әсіресе төменгі сынып оқушыларының 50%-ы ауырды. Қан аздық, тері аурулары (қышыма, теміреткі) жиі кездесті. Әсіресе қазақ мектептерінде ауырғандар пайызы жоғары болатын. Қазақ мектептеріндегі балалар сабақ оқуға икемделінбеген еді.

Білім беру ісінің жағдайы

1923 жылы 30 тамызда сауатсыздықты жою бойынша уездік комиссия құрылды. Жаңа мектептер ашыла бастайды. 1924 жылы Ақмола қаласында 4 орыс, 2 қазақ және 2 татар мектебі жұмыс істеді. Сонымен бірге қалада 6 балалар үйі болды.

Жергілікті мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болмады. Балалар мен мұғалімдерге арналған оқулықтар мен оқу құралдары тапшы болды. Әсіресе қазақ мектептерінде оқулықтар жетіспеді. Сондықтан да болар, Кеңес өкіметінің жақтауға мәжбүр болған Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары сауатты деген ел-азаматтарын қазақ мектептері үшін оқулықтар жазуға шақырды.

Балалар үйіндегі материалдық-техникалық жағдай сын көтермейтін, онда тіпті ауыстыратын киімдер мен төсек-орындар жетіспейтін.

Сауатсыздықты жою орталықтарын құру да үлкен қиындықпен жүргізілді. Оның бір себебі елді мекендер уезд орталықтарынан шалғайда орналасқан еді, сондай-ақ, мұғалімдер жетіспеді. Олардың жалақысы тым төмен болды. Сыныптардағы оқушылар саны шамадан тыс көп болатын.

Мұғалімдердің кәсіби деңгейі де сын көтермейтін. Мысалы, 1924-1925 оқу жылында жоғарғы білімі бар мұғалімдер үлесі небәрі 0,7%, арнайы орта педагогикалық білімі барлары – 4%, орта білімі барлары – 10,5%, аяқталмаған орта білімі барлары – 12%, ал қалған 72,8%-ының білімі төмен болды.

Жағдай біртіндеп жақсара түсті. 1929 жылы Ақмолада 474 оқушысы бар 4 орыс мектебі, 413 оқушысы бар 3 қазақ мектебі, тағы бір 328 оқушысы бар жеті жылдық мектеп, 162 оқушысы бар 1 татар мектебі, 259 оқушысы бар 1 қазақ мектебі, 335 оқушысы бар 1 тоғыз жылдық мектеп, 1 педагогикалық техникум және 1928 жылы ашылған 40 адамдық қазақ әйелдеріне арналған 1 мектеп ашылды. Сауатсызды жою пункттері жұмыс істеді.

ХХ ғасырдың 40-жылдарының басына қарай Ақмола мен уезде сауатсыздық толығымен жойылды.

Өлкетану мұражайының ашылуы және қызметі

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы туған өлкені зерттеу Ақмола губерниялық қоғамының мүшесі, кітапханашы, жергілікті өлкетанушы Л. Семенов бастамасымен 1923 жылы 1 мамырда құрылған. Алғашқыда мекеме «өткенге қызығушы» ақмолалықтардың жеке қаражатына сүйенді: жергілікті әкімшіліктің музейді қолдауға қаржысы болмады. Ол кезде музейде бар болғаны 503 жәдігер болды.

Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман т.б. бұйымдардан құралды. 1923–1937 жылдары Л. Семенов басқарған уақытта ай сайын музейге жүздеген адам келетін. 1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады. 1928-1929 жылдары мұражай қорында өлкенің өнеркәсібі, ауыл шаруашылық Успен кен орны туралы материалдар мен этнографиялық бұйымдардан тұратын 1000-нан астам жәдігер жинақталды. Мұражай көбінесе мерекелерде және аптаның соңында жұмыс істейтін. Себебі тұрақты жұмыс жасауға оның жылытылмауы себеп болды.

Мұражай жәдігерлер үшін көрме ұйымдастырылып қана қоймай ғылыми-зерттеу ісімен де айналысты. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіліп, сынтастар сипатталып, тізімге алынды. Қаладан 13 шақырымда орналасқан Бозоқ қалашығын зерттеу жұмыстары басталды.

1970 жылдары мұражай қоры палеолит, неолит, қола дәуіріндегі Вишневка, Жанбөбек, Ақ Қошқар, Батпақ, Мизар, Ангерсор т.б. жерлерден табылған археологиялық ескерткіштер, ХХ ғасыр басындағы қала тұрғындарының киім үлгілері мен Ақмола қамалының қарулары болған шойын зеңбіріктер мен отты қару түрлерімен толықтырылды.

Мұражайда кітаптар басып шығаруға мүмкіндігі болмаса да, бірқатар еңбектердің қолжазбасы дайындалды: «Ақмоланың 100 жылдағы (1824-1924) жылнамасына арналған материалдар», «Бұрынғы және бүгінгі Ақмола», «Бұрынғы Ақмола округінің казактары», «Ақмола округіндегі қорғандардың қысқаша сипаттамасы» және т.б. Бір ғана директордың өзі газетке 700-ден астам мақала жариялады. Өлкетану тақырыбында 100-ден астам қолжазба, сондай-ақ өлке тарихына қатысты 125 альбом дайындалды. Мұражайдың тарихи және өлкетанулық әдебиеттерден тұрған құнды кітапханасы болды.

Мәдениетінің дамуы

Қалада кітап қоры 11 000 дананы құрайтын орталық кітапхана жұмыс істеді. Балаларға арналған және қазақ тіліндегі кітаптар тапшы болды. 1930 жылдардың ортасынан бастап аудандардың, ал 1939 жылдан бастап екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде газеттер шыға бастады. Қалада орыс тілінде «Новая степь», қазақ тілінде «Жаңаарқа» газеттері шығып тұрды. Алғашқы газеттің таралымы 2500 дананы құраса, екіншісі – 4000 данадан шығып тұрды.

1927 жылы 22 наурызда қалада «Наурыз» мерекесін атап өту әрекеттері жасалды. Жауапты қызметкерлер халық мейрамының мәні мен мақсатын халыққа түсіндіру арқылы социализмнің жеңісін насихаттау туралы нұсқау алады.

1927 жылы Октябрьдің 10 жылдығы мерекесіне орай барлық ауылдарда бәйге, көкпар, қазақ күресі, жаяу жарыс, қаппен жүгіру жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай, заттай сыйлықтар үлестірілді. 1927 жылы 8 қарашада Ақмолада 25-30 шақырымдық бәйге өткен болатын.

Кинотеатр

«Прогресс» кинотеатрының ғимаратында әртүрлі партиялардың съездері өтіп жатты. Кинотеатр 435 көрерменге арнап салынған. 1920-жылдардан бастап оның жұмысы жүйеленеді. Кинотеатр атауы «Пролетариат» деп өзгертіледі. Бірақ, кинотеатрға фильмдер, жарықтандыратын шамдар жетіспеді. Жақын киностудия Свердловскіде орналасса, ал лампочкалар Мәскеуден әкелінетін. Фильмдерді облыс орталығы Петропавловскіден сұраныс жасау арқылы алынатын болды. Ал елді-мекендерге көшпелі кино тіпті де апарылған емес. Фильм жүргізілетін залдар жылумен қамтамасыз етілмеді. Қаладағы адамдардың киноға баратындай қаражаты да болмаған. Көбінесе, киноклубтар табыс әкелгеннен гөрі шығынға бататын.

Қала тұрғындарының «Варьете», «Ресторандағы адам», «Париж тұрғыны», «Қарсыластар» т.б киноларына деген сұранысы жоғары болды. 1930-жылдары кинотеатрдың атауын «Заря» деп ауыстырды. Осы кезден бастап фильмдер дыбыстала бастады.

Театрға келсек, патша өкіметі кезеңінде де, большевиктер уақытында да Ақмолада театр болмады. Жекелеген мерекелерде арнайы қойылымдар қоятын әуесқой театр труппасы жұмыс істеді. Гастрольдік сапармен басқа қалалардан театр труппалары келетін. Большевиктер әр түрлі объективтік және субъективтік себептердің арқасында, ең алдымен, қаржының жетіспеушілігінен Ақмолада жеке мемлекеттік театр құра алмады. Бұл жағдай соғысқа дейін жалғасты.

Қала көшелерін атау

ХХ ғасырдың басында кеңес өкіметінің жергілікті органдары қала көшелерінің аттарын өзгертті. Мысалы, 1920 жылы 16 қарашада өткен Ақмола қалалық атқару комитеті төралқасының отырысының қорытындысында Церковная көшесі – Ленин көшесі, Мало-базарная – Пролетарская, Больше-базарная – Карл Маркс, Татарская – Үш жүз, Мешіт – Вахитов, Акмолинская – Коротков, Мещанская – Гражданская, Крепостная – Свобода, Думская – Коммунальная, Торговая – Бухарин, Станичная – Кошарин, Казачья – Труда, Караванная – Крестьянская, Переселенческая – Борьба т.б. болып өзгертілді.

Осылайша большевиктер қала халқының санасынан бұрынғы кездерді еске салатын атауларды өшіріп тастағысы келді. Ендігі жерде көшелер әйгілі революционерлер атымен революциялық оқиғаларды білдіретін атаулармен аталатын болды. Бірте-бірте сауданы, дінді, таптық бөліністі және т.б. еске салатын атаулар ұмытыла бастады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?