Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«777» таңбалы жұмыс

2652
«777» таңбалы жұмыс - e-history.kz
Мемлекеттік рәміздер күні астананың тұңғыш елтаңбасының тарихын еске түсірмекшіміз. Оның авторы – Дембай Салауат Маханбетұлы

Дембай Салауат Маханбетұлыменоның жұмыс кабинетінде кездестік. Ол кісі жасына қарамастан, әлі күнге дейін «ҚазҚСҒЗИ» АҚ филиалында кәсіби қызметін белсенді жалғастырып келеді. Жұмыс үстелінің үстінде астананың тұңғыш елтаңбасының жобасына қатысты қағаздар жатыр. Сәулетші көптеген қызықты материалдарды жинап қойыпты.  

Менің алдымда Ә. Жақсыбеков төрағалық еткен Қазақстан Республикасы астанасының Елтаңбасын әзірлеуге арналған ашық Республикалық конкурсының Конкурс төрешілері отырысының 1998 жылғы  24 сәуірдегі №4 хаттамасы жатыр. Хаттамаға сәйкес конкурсқа 27 жұмыс келіп түскен, олардың ішінде 14 жұмыс конкурс шарттары мен бағдарламасына сәйкес келген. Нәтижесінде төрешілер «777» ұранындағы жұмыс конкурс жеңімпазы деген ортақ пікірге келеді. Бұл – Салауат Маханбетұлы Дембайдың ұраны еді.   

– Осындай тарихи маңызды конкурсқа қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз?

– Астананың тұңғыш елтаңбасының тарихы қарапайым ғана. Газетте жарияланған хабарландыру менің қызығушылығымды тудырды да, мен  конкурсқа қатысуға бел будым. Уақыт тығыз еді. Жұмыстарды қабылдау аяқталғанға дейін небәрі 2-3 апта ғана қалған. Мен өз нұсқамды жібердім. 1998 жылғы наурыздың аяғы – сәуірдің басы нәтижесі шығарылды. Макетте «Ақмола» деген жазу да болған. Көп уақыт өтпей маған хабарласып: «Макетті жылдам жасап, жеткізіңіз, Президентке көрсету керек», – деді. Мен макетті жасап, пойызға енді отыра берген едім, ойда жоқ жерден бір күнге тежелуіме тура келді. 6 мамырда Қазақстан Президенті Ақмола қаласының атын Астана деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды деп, 7 мамыр таңертең хабарлап айтты, ал мен кешке жолға шығуым керек болатын.

Аяқ астынан «Ақмола» деген жазуды «Астана» деп өзгертуге тура келді. Әйтеуір, жолымыз болып, әріптер саны сәйкес келді, «А» әріптері орындарында қалды, ал қалғанын пенопласттан кесіп жасадық. Міне, осылай мен Астанаға келдім, 60х80 см өлшеміндегі макетті менен қабылдады.

– Сіздің жобаңыз ең үздік болды ма?

– Ұсынылған 27 жұмыстың ішінде геральдиканың негізгі ережелеріне ең сәйкес келетіні менің жұмысым болды. Сондықтан да ол жеңіске жетті. Бірақ, елтаңбада географияны көрсете алмағанымды түсіндім. Мен – Тараздың тумасымын, Ақмоланың ерекшеліктерін көрсету мен үшін қиын болды. Конкурс жарияланғаннан кейін, сәуірде біздің нұсқамызды қабылдады, ескертулер жасалды, біз оларды қайта жасадық, ал маусымда елтаңба мәслихат арқылы өтті.

– Ақмоланың елтаңбасына арналған конкурс сізді геральдиканы зерделеуге итермеледі ме?

– Жоқ, геральдикамен мен бұрыннан айналысамын. Ресейлік және украиндық мамандармен хат алмастық. Солар арқылы мен елтаңба дегеннің не екенін, олардың пішіндері, елтаңбадағы символдардың нені білдіретіні туралы және т.б. туралы жақын таныстым. Жамбыл облысының бас сәулетшісі ретінде, геральдиканың – өте байсалды өнер екенін түсіндім.  

Қаланың, облыстың, ауданның елтаңбасында сол жердің тарихы, жағрафиясы, мәдениеті, этностық құрамы және тағы көптеген басқа дүниелер көрсетілуі керек. Елтаңбаға қарап, адам оның қай қалаға тиесілі екенін бірден айта алады. Сәулетші «Еуразия жүрегінде» атты Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабын мақтанышпен көрсетті. Кітаптың 144-ші бетінде Президент: «Дембай Салауат пен Аманжол Чиканаев – жаңа елтаңбаның авторлары. Елтаңбаның негізінде – дөңгелек шығыстық қалқан. Күрең қызыл түсті қамал қабырғасы астарында дөңгеленген көкшіл даладан ақ қанатты сақ барысы көрінеді. Барыстың бейнесі қазақ хандарының бас киімі түрінде келетін алтын тәжді скифтік аң стилінде салынған. Мұның мәнін маған кейіннен қаланың тағдырлы тарихының, қазақтың соңғы ханы Кенесарының ерлігі мен жанқиярлық күресінің, сондай-ақ қайта туған мемлекеттің астанасын осы жерге көшіруге шешім қабылдаған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің даналығы мен батылдығының символы деп түсіндірді» деп жазады.

Бірнеше жол елтаңбаның алғашқы авторларына қатысты тарихи әділдікті ғана сақтап қоймайды, сонымен қатар, Астана елтаңбасының халықаралық геральдикалық символдар ережелеріне толық сәйкестігін көрсетеді.  1998 жылғы 10 маусымда астананың тұсаукесері күні Астана қаласының елтаңбасы салынған биллбордтар қаланың бірнеше жерінде қойылған. Авторда естелікке бірнеше сурет қалыпты. Суретке қарап, олардың қай жерде орналасқанын анықтауға болады. Биллбордтардың бірі «Пучаға» қарама-қарсы орналасыпты, ол жерде қазір «ҚазҚСҒЗИ» АҚ филиалы орналасқан («Марден» БО). Елтаңба өз авторының қай жерде жұмыс істейтінін айтқандай.

– Аманжол Чеканаевпен бірлескен елтаңба жобасы қалай пайда болды?

– 1998 жылғы 10 маусымда астананың таныстырылымы сәтті өткен соң, маған, елтаңба авторы ретінде композицияға өзгерістер, жақсартулар енгізу туралы ұсыныс жасады. Бірнеше аралық нұсқа болды. Елтаңба пішінін классикалықтан дөңгелік пішінге ауыстырдық, өйткені, Алматының елтаңбасы да дөңгелек пішіндес екені белгілі. Бастапқыда жұлдыз нұсқасы болды, кейін оны алып тастадық. Жаңа ғана принтерден шыққандай аппақ қағазда 1999 жылғы 20 сәуірдегі Астана қаласының елтаңбасы жөніндегі сараптамалық комиссия отырысының хаттамасы.  

Т.М. Мұхамеджанов төрағалық етуімен С. Дембаев пен А.Чеканаев ұсынған Астана қаласы елтаңбасының жобасы қарастырылды да, мынадай шешім қабылданды: «Жалпы ескертулерімен қоса қабылдансын, жұлдыздың орнына шаңырақ қойылсын, қалқан алынып, барстың анатомиясы салынсын».  Аманжол Чеканаевпен мен бұрыннан таныспын, ол менің әріптесім, талантты сәулетші. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Амангелді Құсайынов бізге көп көмек көрсетті. Сол кісінің кеңесінің арқасында осы елтаңба пайда болды. Авторлар жаңа елтаңбаның блазондық сипаттамасын ұсынды.

«1. Қалқан дөңгелек, шығыстық. Күрең қызыл түсті қамал қабырғасы астарында дөңгеленген көкшіл даладан ақ қанатты сақ барысы.

2. Геральдикалық қалқанының жиегі айнала  алтындалған жолақпен әдіптелген.  Алтын жолақтың ұшар басында – шаңырақ. Қалқанды көмкерген алтын жолаққа симметриялы, оң және сол жағынан – бидайдың алтын масақтары.

3. Алтын жолақтың төменгі жағындағы стильденген лентада – тік әріптермен «Астана» сөзі жазылған. Бұдан әрі авторлар халықаралық геральдикалық символика тілінде елтаңбаның қалай оқылатынын түсіндіреді.

Түстер символикасы: көк -– даңқ, намыс; ақ – ой тазалығы, тектілік; алтын – байлық, әсемдік, ұлықтылық; қызылкүрең – империялық, билік.

Суреттер символикасы: Басында алтын тәжі бар, ақ, сақ барысы – қаланың символы, қала тарихының Жоғары құрметінің символы, оның қазақ мемлекетінің астанасы ретінде Жоғары таңдалуының символы:

а) сақ барысы – өз өмірін құрбан етіп, Қазақстанның мемлекеттілігін сақтап қалуға тырысқан қазақтың соңғы ханы Кенесарының батылдығының, батырлығының символы;

ә) сақ барысы – қайта туған мемлекеттің астанасын осы жерге көшіруге шешім қабылдаған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің даналығы мен батылдығының символы.

Шаңырақ – қазақ халқы ошағының символы. Алтын тәж (қазақ хандарының стильдендірілген бас киімінің суреті) – Жоғары биліктің, оның заңдылығы мен сайланбалы жүйесінің символы. Бидай масақтары– өңірдің экономиклық әлеуетінің символы, қала даңқының символы – бұрынғы астықты өлке астанасының және болашақтағы әлемдік ірі астық қоймасының орталығының символы.

Бұл елтаңба 9 жыл қолданылды. 2008 жылғы 5 маусымда Астана мәслихаты астана елтаңбасының жаңа жобасын қабылдады, оның авторы Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады. Бірақ, бұл басқа тарих.    

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?