Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Талқандалған тағдырлар

1649
Талқандалған тағдырлар - e-history.kz
Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы, тұрмысы, дәстүрлі шаруашылық жүйесі негізінен қазақ байларының, олардың ішінде жеті атасынан байлық пен билік үзілмеген текті әулеттердің айналасынан көрініс тапты

Қазақтың далалық мәдениеті мен ұлттық болмысы, сән-салтанаты болған бұл үрдіс ХХ ғасырдың 20 жылдары күйреуге ұшырады.

Қазақ қоғамының ұлттық, экономикалық, аграрлық құндылықтарын күйреткен саяси науқан 1928 жылғы 27 тамыздағы Декреттен бастау алады.

 

1928 жыл

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Кеңес Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда: Қазақ республикасы өзінің құрамы жағынан мәдени артта қалған ұлт және революцияға дейінгі өзгермеген көшпелі-рулық қатынаста өмір сүреді. Қазақстандағы мүлік иелері мен бұрынғы әлеуметтік артықшылықтары бар топтар Кеңес билігінің ауыл мен қышлақтарда жүргізі отырған негізгі іс-шараларына кедергі келтіріп, арандатушылық үгіт насихат таратып, ұлтаралық және рулық алауыздықты қоздыруда. Бұл ен алдымен кедейлерді экономикалық тәуелділікте ұстап, республиканың экономикалық және мәдени дамуына бөгет жасайды [1, 68 б.] деп айтылған.

1928 жылы 30 тамызда КазАССР ОАК мен Халық Комиссариатының 1928 жылы 27 тамыздағы байларды қолдануға нұсқау берілген. Ол төмендегідей: «ҚазАКСР ОАК және Халық Комиссариатының қаулысын жүзеге асыру барысында мүлкі тәртіленген ірі байлар, патриархалдық және рулық қатынасты сақтаушылар, өзінің мүлкімен ерекшеленетіндер және қоғамдық беделін пайдаланушылар, ауылды кеңестендіруге кедергі жасаушылырады жер аударуға шешім қабылданды.

Жер аударуға жататындар:

1) Көшпелі аудандарда 400-ден жоғары ірі қара малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар және отырыңшы аудандарда – 150 деп жоғары ірі қара малы барлар, сонымен қатар жергілікті тұрғындарға зиянынына тигізіп, өзінің рулық қатынаста ерекшелігін пайдаланып, экономикалық үстемдік орнататындар және ауылды кеңестендіру саясатына кедергі келтірушілер:

2) Мал саны көрсетілген мөлшерден аз болса да, жергілікті билік өкілдері қоғамға зияны бар, әлеуметтік жағынан қауіпті деп шешкен адамдар;

3) Ерекше топқа жататындар: хан және сұлтан тұқымдары, бұрын болыс басқарушылары, татша үкіметінің ерекше марапатына ие болғандар, жеке және мұрагерлік атақтарға үшін мен алғандар» [2, 9 б.].

1928 жылы 30 тамызда «ҚазХХК мен ОАК 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулысына сәйкес тәркілеуге ұшырағандарды жер аударатын аудандырын анықтау туралы» ҚазАССР ХХК қаулысы қабылданды. Қаулы бойынша тәркілеуге ұшырағандардың жер аударылатын аудандары төмендегідей белгіленді: Жетісу және Сырдария округтері Оралға, Орал округінен Жетісуға, Гурьевтен Петропавлға, Қарқаралыдан Қостанайға, Семейден Сырдарияға, Павлодардан Ақтөбеге, Қызылордадан Адай округіне, Ақмоладан Гурьевке, Актөбеден Қарқаралыға, Қостанайдан Семейге жер аударылды [3, с. 79-80].

Тарихшы-ғалым Т. Омарбековтың зерттеулері бойынша, тәркілеу науқаны 696 қожалықты қамтығаны белгілі. Оның ішінде алғашқы топқа, яғни ірі байлар қатарына 562, ал екінші топқа 134 қожалық жатқызылды. Дегенмен алғашқы топтағылар да түгелдей байлар емес еді. Бұлардың біразы тек қазақ хандарының, датқаларының және билерінің тұқымдары болғаны үшін тәркіленді. Көрнекті дін басшылары болғаны және Алаш қозғалысына қатысқандары үшін айыпталғандары да бар. Тәркілеуге ұшырағандарды әлеуметтік жағынан нақты жіктеп көрсетсек, ол төмендегідей болып шығар еді: а) болыс басқарушылар, хандар, датқалар және т.б. тұқымдары – 24; ә) атқамінерлер, ақсақалдар, билер (бұрынғы соттар) – 76; б) молдалар, ишандар және т.б. – 8; в) бұрынғы алашордашылар және чиновниктер – 44; ірі мал иелері мен ауылды кеңестендіруге қарсы болғандар – 323. Осы тәркіге ұшырағандардан ірі қараған шаққанда барлығы 144474 бас мал тартылып алынды [4, 83-84-бб.].

Тәркілеуге кімдер ұшырады?

Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқында» кітабында: «Байдың малы белгілі бір дәрежеде бүкіл ру қауымының сақтық қоры сияқты болған. Табиғи ортаның құбылмалы сипаты, малдың табиғи апаттарға барынша тәуелділігі, сыртқы жаудың шапқын-шабуылы және т.б. жағдайлар көшпелі шағын руларға ылғи да ашаршылық қатерін төндіріп тұратын. Сондай күйге ұшырағанда ру ішіндегі ауқатты адамдардың дәулеті барша ағайынның жан сақтар нәпақасы болған» [5, 238 б.] - деп қазақ қоғамындағы байлардың экономикалық әлеуетіне тарихи тұрғыда әділетті бағасын берген.

Қазақстанда тәркілеу науқанына, негізінен Орал, Қостанай, Петропавл және Ақмоланың солтүстік бөлігі, Ақтөбенің солтүстік-батысы, Павлодар мен Семейдің солтүстік-шығысы, Алматы округінің шығысы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан аудандары тартылды.  Қазақ халқының әлеуметтік құрылымының ауқатты бөлігіне қарсы бағытталған тәркілеу науқанының ішінде кімдер бар еді? Қазақтың қандай текті әулеттері тәркілеуге ұшырады? Ендігі кезекте осы сұрақтарға жауап іздесек.

Қуғындалған Құнанбай ұрпақтары

Тәркілеу науқаны қазақ қоғамын қатты күйзеліске ұшыратты. Бұл науқаннан Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі аудандары деп танылған барлық аймақтары шет қалмады. Меймандостыққа, қонақжайлыққа негізделген қазақ қоғамы осы саясыттың құрбаны болды. Ақылымен, абыройымен елге танылған текті әулеттің ұрпақтары да сұрқия саясаттың шеңгеліне ілінді. Бұл науқан кешегі Құнанбай – Абай ұрпақтарында айналып өтпеді. Солардың бірі Тұрағұл Құнанбаев болатын.

Семей округі Шыңғыстау ауданының тұрғыны Тұрағұл Ибрагимовтың мал – мүлкін тәркілеу және жер аудару 1928 жылдың 23 қарашасында басталған ісінде былай делінген: Ибрагимов Тұрағұл танымал және беделді рубасшысы, патша билігі тұсында болыс басқарушысы және бай болған. Алаш-орда үкіметі орнаған кезде олардың белсенді жақтастары болып Қолчак үкіметімен біргіп, Кеңес билігіне қарсы күресті, аулыда рулық үстемдігін жүргізді, ауылды кеңестендіруге кедергі жасады [6, 3-б.]. Сондықтан кедей – батырақтардың ауылдық жиналысының және аудандық конференцияның шешімімен Тұрағұл Ибрагимовты жер аудару тізіме кіргізіп, 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулыға сәйкес ІІ топқа жатқызылған[7, 230-б.]. Тұрағұлдан 36 бас мал тәркіленген. Алайда сол кездің жүйесі бойынша байдың қатарына жатқызылған.

Үкібаевты үркіткен жылдар

Ақиқатында, қазақ қоғамының негізгі тірегі болған байлар, алпауыт шонжарлар болатын. Қазақ қоғамындағы болып жатқан мәдени – саяси істердің басы қасында осы қазақ байлары жүрді. Оқу – ағарту саласындағы жаңалықтар: мектеп – медіреселердің салынуы, мешіттердің бой көтеруі, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып табылатын газет – журналдардың шығуына демеушілік жасау, қазақ жастарын үлкен қалаларға оқуға жіберіп, стипендия тағайындау т.б. меценат байлардың ықпалымен іске асырылған игі шаралар болатын. Сондай ұлы адамдар Абыралы, Шыңғыстау, Қарқаралы өңірлерінде аз болмаған. Солардың бірі де бірегейі – Қаражан Үкібаев еді. Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, әрі Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес қжаты бар Қаражан Үкібаев Қазан революциясына дейін қалтасы қалың, аса бай миллионерлердің бірінен саналды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» атты журнал шығаруға Қаражан Үкібаевқа қаржы жағынан көмектесуін сұрап барыпты. Миллионер бай Мұхаңа журналды шығарсаңсыз болды, оған қанша қаражат керек үнемі беріп отырамын, дейді [8, бб. 76]. Қаражан бай бұдан басқа көптеген игілікті істер атқарған. 1905-1906 ж. М. Дулатов абақтыға жабылғанда, 5 мың сом беріп босаттырып алған [9, 765-б.]. Осыдан барып, кешегі қазақ байларының ұлт зиялыларымен бірігіп халық үшін атқарған істерін қалайша жоққа шығарамыз.

Мұрағат құжаттарындағы 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақ байларын тәркілеуге байланысты қабылданған декреттегі Қаражан Үкібаевтың жеке ісінде оған мынадай мінездеме берілген: «Қаражан Үкібайұлы жеті атасынан бері қарай байлығы үзілмеген шонжар, шіріген бай, әрі Алашорданың маңдайына басқан байының бірі болып, Алашорданың өмір сүруіне жанын салып қызмет етті. Кеңес үкіметіне дұшпандық ниетте болып, қазақ ауылындағы кедейлерді аузына қаратып, Қаражан аты жер жарған» [10, 14-бет.].

Әділовке жасалған әділетсіздік

Алашорда үкіметіне ниеттес болып, Кеңестік билікпен соңғы демі қалғанша қарсыласып өткен ұлтшыл байлардың бірі – Ике Әділов болатын.

Әділов Икенің жеке ісіне келетін болсақ былай деп жазылған: Әділов Ике шыққан тегі қазақ, Семей округіне қарасты Шаған болысында тұрады, орта білімді, 2-әйелі бар отбасы мүшесі 7 адамнан тұрады.

596 ірі толы, 900 ұсақ малы бар.

Бұрынғы басқарушы және би болған. Қолчак үкіметі тұсында басқарушы және Облыстық Қазақ Атқару комиетінің мүшесі болған. Мақтау қағаздарымен және алтын медальмен тарапатталған. Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметіне материалдық жағынан белсенді түрде қолдау көрсеткен және Алашорда әскерін жасақтауға қатысып, Қызыл әскерге қарсы атаман Анненковпен тығыз байланыста болған.

1927 жыл Әділов Ике басқа байлармен қоса Рубцовск округіне жер аударылады, одан 1928 ж. қашып шығып, Шаған тауларына келіп жасырынады. Содан бастап өзі ниеттес байларды қасына жинап, 100 адамнан тұратын аттылы жасақ құрап, Кеңес әскерлеріне қарсы бандалық әрекеттермен айналысады [11, 53-54-б.]. Ике кейін Қытайға өтіп, сол жақта Кеңес әскерлерінің қолына түседі.

Маман ұрпақтары тартқан азап

Сондай-ақ қазақ даласын аты шыққан ірі бай, қазақ руханиятының қамқоры саналатын Маман байдың ұрпақтары да ұжымдастыру саясатының құрбаны болды. Байлығын ел игілігіне жұмсаған Маман әулеті 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулыға сәйкес тәркілеу тізіміне жатқызылды. Мұрағат қорларынан алынған мәліметтер бойынша Ақсу ауданынан Маман әулетінің 6 ірі байының мал-мүлкі тәркіленген. Жеке істерінде оларға патша билігі кезінде ел басқарғандығы, Алаш партиясына мүше болып, Алашорда үкіметіне жақтас болғаны, ақтар мен бірігіп, большевиктерге қарсы күрескендігі айып болып тағылып, Маман балаларынан 1720 ірі қара, 13 ақ үй, 13 ағаш үй тәркіленген. Тәркілеу және жер аудару туралы қаулыда көрсетілгендей бұлардың барлығы Орал өңіріне жер аударылды [12, 171-174-б.].

Тәркілеу науқаны Қарқаралы округінде де өте қарқынды жүргізілді. Бұл өңірден Алаштың талай ұлдары түлеп ұшты. Қазақылықтың, ұлттың өнердің, қонақжайлықтың ортасы болған бұл атырапта мыңғыртып мал бағып, үйір – үйір жылқы өргізген қазақтың тектілігін танытатын «Атымтай жомарт» байлар көптеп шықты. Солардың ішіндегілер Абыралы өңірінде өткен Берікқаралық атақты Ақбаевтар әулеті тегіс алаш жұртына аттары мәшһүр болған.

Ақпаевтардың ауыр күндері  

Ақпаев Ыбырай бұрынғы Берікқара болысының №3 ауылынан, 55 жаста, Қарқаралы ауылшаруашылық мектебінде оқыған, үйленген, жанұя құрамы 8 адам шаруашылық сипаты – жартылай көшпелі, 270 ірі және 250 ұсақ малы бар.

1901-1917 жылдары Берікқара болысында басқарушы болған. 1906 жылы. Мемлекеттік Думаның мүшесі болса, 1917-1919 жылдары Алашорда Орталық Кеңесінің мүшесі болып кіреді. 1918 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Алашорда әскерінің полковнигі Тохтамышевқа 600 ат-тұрманымен жігіт жіберген және 2-корпустың командирі генерал Лукин атаман Анненков арқылы Ақпаев Ыбрайды алтын медальмен марапаттаған. Оның өз ру арасындағы беделі былай тұрсын, Қарқаралыдан тыс жерлерге де танымал, абыройлы болды. Сонымен бірге Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақовтың қайын атасы [7, 451-б.].

Сөйтіп Ақпаевтарды Қазақстаннан тыс жерлерге жер аударған.  Ақпав Ыбырайдың Ташкентте және Мәскеуде оқып жүрген балаларын оқудан шығарып, жер аударып жіберген. 1928 жылғы тәркілеу науқаны – Ақпаевтар әулеті үшін қасіретті күндер болып қалды.

Ақайдың Хасені – Алаштың бір арысы

Ақайдың Хасені (1860, Семей обл., Қарқаралы ауд., Қу болысы 1931, Қызылжар) – қоғам қайраткері, бай. 16 жыл Қу елінің болысы қызметін атқарып, ел арасына жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған. Атақонысында орналасқан Қоянды жәрмеңкесінің өркендеуіне, орыс, татар, өзбек көпестерімен сауда-саттықтың дамуына көп күш салған. Дүкен ұстап, қыр қазағының өнеркәсіп өнімдеріне сұранысын өтеуге тырысқан. Егін егіп, мал тұқымын жақсартумен айналысқан. Еуропалық үлгідегі орыс-қазақ мектебін ашып, оны бітіргендерді өз қаражатымен Қарқаралы, Семей, Омбы оқу орындарында оқытқан. Әнші, күйші, серілерді, фельдшер, ісмер адамдарды жанында ұстаған. Балуандарымен, жүйрік аттарымен даңқы жайылған. 1905 жылы Қарқаралы құзырхатын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1910 жылы қазақтарды патша үкіметіне бағынбауға, сырттан көшіп келшілерге жер бермеуге, Қазақстанды Ресей империясынан бөліп алуға үгіттеді деген айып тағылып, әкімшілік жағынан жауапқа тартылды. 1917 жылы 16 наурызда Қарқаралы қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1918-1920 жылдары Алашорданың елдегі сүйеніштерінің бірі болды. 1921-1922 жылдары Кеңес орындарына елге сыйлы азаматтардың  сайлануына ықпал жасады. Семей өңірінен  аштыққа ұшыраған Торғай еліне жәрдем малын жинастыруға ат салысты. Мал-мүлкі әлденеше рет тәркіленді. 1927 жылы Қызылжарға, одан Башқұртстанға кетуге мәжбүр етілді [13, 23-б.].

Смахан Бөкейхан өзінің «Әлекеңнің өмірі» атты естелігінде: «Әлекеңнің бір жолдасы қарқаралылық Хасен Ақайұлы…»  – деп атап өткен [14, 106-б.].

Ақаев Хасеннің мал-мүлкін тәркілеу және жер аудару туралы жеке ісінде: 15 жылдай болыс басқарушысы болды, 3-ші шекпенмен марапатталған. Колчак үкіметі тұсында Қарқаралы төтенше земство жиналысының төрағасы болған. Патша билігі кезінде Ахмет Байтұрсыновтармен өкіметке қарсы заңсыз жиынға қатысқаны үшін, әкімшілік жер аударуға ұшыраған  [7, 226-б.].

Омаровты ойрандағандар

Қазақ даласындағы жеті атасынан тектілігі үзілмей келе жатқан әулеттердің бірі – әйгілі Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров (1868-1934) еді. Салық Омаров Алаш қозғалысы тұсында Алаш қайраткерлеріне жақтас болып, әскер қажеттілігіне 200 жылқы берген. Салық Омаровтың 1928 жылы 10 тамызда жазылған жеке ісінен мынаны көреміз: «Сырым руынан шыққан. Өлеңті болысының бірінші ауылында тұрады. 60 жаста, некеде. Орысша сауатты. Негізі мал шаруашылығымен шұғылданады. Төңкеріске дейін Өлеңті болысының билеушісі, «Алашорданың» мүшесі. Рубасы ретінде шекесіз беделі бар, туыстарын аузына қаратады, басқа кішігірім рулармен таласуда. Сайлауалды науқанын өз жақтастарын ұсынуға пайдаланған. Қазір ауру қой сатқаны үшін түрмеде отыр. Ықпалы тек туыстары мен аудан тұрғындарына ғана емес, тіпті БК(б)П мүшелеріне әсерін тигізіп отыр. 185 ірі қарасы, киіз үйі мен қыстауы бар. Ұсақ малының саны белгісіз».

1928 жылғы 27 тамызда шыққан қаулыға сәйкес малының көрсетілген деңгейден төмендігіне қарамастан, қазан айындағы отырыста Салық Омаровты мал-мүлкінен айырады.ол бірінші топтағы қауіпті жанға жатқызылып, Батыстың 71 байының ішінде кетіп, Жетісуға жер аударылады. Салықтың Жетісу жерінде тұрмысын түзеп, абыройының асып бара жатқанынан сескенген Кеңес үкіметі Омаровтар әулетін Ресейдің Орынбор, Самара, Челябы губернияларының шекарасына жер аударады. 1934 жылы жат елде көз жұмады [15, 10-б.]. «Алаш. Алашорда» энциклопедиясында Салық Омаровтың қайтыс болған жылы 1941 жыл деп көрсетілген.

Түйін

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы отандық тарихтың ақтаңдақ парақтары саналатын «Кіші Қазан» саясаты, 1928 жылғы Декрет, 1929-31 жылдардағы ұжымдастыруға қарсы көтерілістер, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық – қазақ халқын сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да аяусыз шығынға ұшыратты. Халық пен зиялы қауымның арасындағы көпір болған, ел тізгінін ұстаған текті әулеттері, хан-сұлтандар мен билердің тұқымдары, қазақ қоғамының экономикалық тірегі болған байлар осы саясаттың құрбаны болып кете барды. Бұл қазақ халқының сан ғасырлар тарихындағы ең үлкен мәдени, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық апат еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман құжаттама орталығы, 74 қор, тізім 3,7 іс, 68 б.
  2. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3,  5 іс, 9 б.
  3. Неизвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья (20-30 гг. ХХ века). Сборник документов. Часть І. – Семипалатинск. – Семипалатинский государственный университет имени Шакарима, 2002. – 250 с.
  4. Омарбеков Т. 20 – 30-жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 320 б.
  5. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.
  6. ШҚО ҚЗТҚО. 74-қор, 4-тізім, 40-іс, 3-бет.
  7. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
  8. Қазбалинов Т. «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан // Абай, №3, 2003, 75-77 бб.
  9. Нәсенов Б. 9 бөлім: 14 кітап. Абыралы көтерілісі. Алматы-Новосибирск, 2005. 835 б.
  10. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, 4 тізбе, 71 іс, 14 б.
  11. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 1а,  17 іс, 53-54 б.
  12. Мамания: Тарихи деректер, естеліктер, өлеңдер, құжаттар, пікірлер. – Алматы: Атамұра, 1999. – 272 бет.
  13. Алаш. Алашорда. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2009. – 544 б.
  14. Бөкейхан Смахан. Әлекеңнің өмірі // Жұлдыз. 1996, № 3, 102-125 бб.
  15. Қитаров Қ. Сырымның шөбересі // Орал өңірі. 27 қараша. 2008.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?