Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алжир – концентрациялық лагер

4032
Алжир – концентрациялық лагер  - e-history.kz
ХХ ғасырдың 30-40 жылдары КСРО басшылығы Қазақстанды лагерлер еліне айналдыруға әрекет жасады. Сөйтіп ел аумағында Карлаг, Степлаг, Жезлаг лагері және т.б. лагерлер бірінен соң бірі ашылды

Солардың бірі – халық арасында «АЛЖИР» деп аталып кеткен әйелдер лагері қазіргі Астана қаласына жақын жерде орналасқан болатын. Бұл жерге саяси айыптаулармен сотталған әйелдер Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен әкелінді. Бұлардың дені елдің белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерінің әйелдері, аналары, қыздары болатын.

Басқарудың басты әдісі – зорлық-зомбылық және халықтарды жаппай лагерлерге тоғыту болды. Түрмеге қамалғандардың орасан көп мөлшерін ұстау үшін концентрациялық лагерлер желісін құру керек болды. Ол лагерлерге саяси тұтқындар – «халық жауларының» туған-туыстары болғаны үшін ғана әйелдерді де қамауға ала бастады. 1937 жылы басталған ОСОМ (Отан сатқындары отбасыларының мүшелері – авт.) әйелдерді жазалау науқаны арнайы концентрациялық лагердің құрылуына әкелді.

Бастапқыда СОКП ОК Саяси бюросының мәжілісінде ІІХК (Ішкі істер халық комиссариаты – авт.) ұсынысымен «барлық сотталған оңшыл-троцкистік, тыңшы-диверсанттық ұйымдар мүшелерінің, Отан сатқындарының әйелдерін кемінде 5-8 жылға лагергерге жабу» туралы «қатаң құпия» грифімен арнайы құжат қабылданады. Бұл лагерлерді Қазақстанның Нарын өлкесі мен Торғай даласына орналастыратын болды.

ОСОМ (Отан сатқындары отбасыларының мүшелері) категориясына аналары, апа-қарындастары да және қыздары да жатқызылды. Сол кездің заңнамалық құжаттарындағы лагерлердің атауларында ОСОМ (УСИР) термині қолданылатын. Тіпті әйелдерін ғана емес, жесірлерін қамауға алған жайттар жиі кездесетін.

1937 жылы 15 тамызда «Отан сатқындарының» әйелдеріне қатысты ұсыныстарды егжей-тегжейлі түсіндірмемен сипаттаған КСРО ІІХК-ның шұғыл бұйрығы шығады. Онда қамауға алу сәтінен бастап, түрмеге жапқан кездегі, тергеу істерін жүргізу мен айыптау үкімін шығару, лагерьлердің біреуіне, тіпті нақты қайсы түрмеге жөнелткенге дейінгі барлық үдеріс толық қамтылды.

Ол құжат бойынша сотталған адам қамауға алынған кезде онымен заңды түрде немесе іс жүзінде некеде болған, сондай-ақ, сотталған адамммен ажырасқанымен, оның контрреволюциялық қызметіне не тікелей қатысы бар, не оны жасырған, не оның контрреволюциялық қызметін білгенімен тиісті органдарға хабарламаған әйелдер міндетті түрде қамауға алуға жатқызылды.

Қамауға алумен қатар бір мезгілде мұқиятты түрде тінту жүргізілді. Тінту кезінде қару-жарақ, патрондар, жарылғыш және химиялық заттар, әскери жабдықтар, көбейткіш құрал-жабдықтар, контрреволюциялық әдебиеттер, жазысқан хаттар, шетелдік ақшалар, кесек құйма, монеталар, бұйым түріндегі бағалы металдар, жеке құжаттары мен ақшаға қатысты құжаттар тартып алынды. Тұтқындалған адамға тиесілі барлық мүлік тәркіленді. Қамауға алынғандардың пәтерлерінің есігіне құлып салынып, кейінірек кеңес қызметкерлеріне үлестірілді.

Түрмелер мен лагерьлерде жүкті әйелдер де, емшектегі балалары бар аналар де отырды.

Қамауға алынып, тінту жүргізілгеннен кейін, әйелдер тергеу ісі жүргізілген және қысқаша айыптау қорытындысы шығарылған түрмелерге күзеттермен айдалды. Ары қарай іс КСРО ІІХК Ерекше Кеңесінің қарауына жіберілді. Одан кейінгі қалғаны – тергеуді жүргізу мен үкім шығару ғана болды. Мұнда, тіпті, тергеуге алынған әйелдің кінәсіздігі ескерілмеді де.

«Отан сатқындарының» әйелдері сотталғандардың әлеуметтік қауіптілік дәрежесіне байланысты, кем дегенде 5-8 жыл аралығында лагерьлерге қамауға алынды. Шынтуайтында әйелінің емес, күйеуінің әлеуметтік қауіптілік дәрежесі есепке алынды. Егер оның күйеуін атып тастаған болса, онда оның әйелі осы бап бойынша ең жоғары мерзім – 8 жылға сотталатын. Егер күйеуі жаза мерзімін лагерьлерде өтеген жағдайда, онда әйелі ең аз мерзімді – 3 жылды алуға мүмкіндігі болды.

Бастапқыда барлық ОСОМ әйелдері сотталғандар ретінде жазаларын Мордва АКСР-індегі Зубово-Полян ауданы, Явас кентіндегі Темников лагерінде өтеуі тиіс болды.

Бірақ бір бөлімшеге осы бап бойынша барлық сотталғандарды сыйғыза алмады. Сонан соң бірнеше ай бойына басқа да лагерьлерде осындай бөлімшелер пайда болды және. ОСОМ үшін құрылған ең ірі арнайы бөлімшелер Темников, Сібір және Қарағанды еңбекпен түзеу лагерлері болды.

Ақмола лагерінің құрылу тарихы (Алжир)

Лагерьлердің айтарлықтай бөлігі Қазақстан аумағында орналастырылды. Оның өз себептері болды. Біріншіден, Қазақстанның, әсіресе оның орталық және солтүстік аудандарының қатал климаты түрмеге түскендерді орналастыру үшін ыңғайлы болды.

Екіншіден, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы халықты қынадай қырған ашаршылықтан этникалық қазақтардың 70%-на дейін бөлігі, сондай-ақ, басқа этнос өкілдерінен 200 мың адам жойылғаннан кейін, өлке халқы сирек орналасқан аймаққа айналды.

Үшіншіден, табиғи ресурстары бай республика шикізатты алып шығу үшін қажетті арзан жұмыс күшіне зәру болды.

Қарағанды еңбекпен түзеу лагері Қазақстандағы ең ірі лагерь болды. Ол 1930 жылы құрылды. Сол лагердің базасында Отан сатқындарының Ақмола лагері (АЛЖИР) құрылды. Қарлаг ІІХК Ақмола арнайы бөлімі 1937 жылғы желтоқсанда құрылды. 1936 жылы барактардың құрылысы сондай-ақ осы жерде балалар колониясы құрыла бастады. Ал 1937 жылы тамыз айында жасөспірімдер басқа жерлерге көшірілді. ОСОМ тұтқындарын қабылдауға дайындық басталды. Ресми түрде ол Қарағанды түзеу-еңбек лагерінің Ақмола арнайы бөлімі болып аталды. Бірақ іс жүзінде ол дербес шаруашылық бірлігі болып табылды. Оның өз есеп-қисабы болды және барлық бұйрықтар мен өкімдерін Мәскеуден тікелей алатын.

1939 29 қараша жылы ол Қарлагтың 17-ші Ақмола бөлімшесі болып қайта аталды. Кейбір ресми деректерде осы сәттен бастап ол «Р-17» ЕТЛ (Еңбекпен түзеу лагері) деп атала бастады. Мұндағы «Р» әрпі Қарлагтың бүкілодақтық көлемдегі шифры болса, ал «17» саны оның Қарлаг аясындағы реттік нөмірін көрсетті.

Алжир – бейресми атау, оны лагердің анықтамасының бастапқы әріптерін белгілеу негізінде әйелдердің өздері ойлап тапқан. Бірақ, бұл атау лагердің атауы ретінде мықтап бекіді.

1938 жылдан 1953 жж. аралығында Алжир қаласының дәмін 20 мың тұтқын тартты. Түрмеде болғандардың нақты саны әлі күнге дейін анықталмаған.

Алжирде тұтқындарды орналастыру мен ұстау

Алғашқы тұтқындар Ақмола бөлімшесіне 1938 жылғы қаңтар айында Мәскеу, Орынбор, Иркутск, Ростов және басқа да қалалардан әкелінді. Мұнда оларды асығыс салынған барақтар, күшейтілген қарауыл мен 3-8 жылға дейін толық оқшаулау жүйесі күтті. Бұл лагерлерге Қазақстанның тумалары да қамалды. Тұтқындардың туған-туысқандарымен кездесуіне және хат жазысуына тыйым салынған қатал тәртіп орнады. Ішкі күн тәртібі ерекше қатаң болды: тұрақты қарауыл; лагерь ішінде еркін жүріп-тұруға тыйым, күнделікті тексерулер, тінту, хат жазуға, күнделік жүргізуге тыйым салынды. Осы тәртіпті бұзушыларды карцерге жиі қамайтын. Олардың орамалдарында, арқаларында және сырт киімінің етегіне лагерлік нөмірі жазылып қойылды.

Бастапқыда лагерде 6 барақ пен бірнеше қызметтік үйлер болды. Бір ай ішінде 250-300 адамға деп есептелінген барақтар аузы-мұрнына дейін толып, тұтқындар симай қалды. Сотталғандардың саны шамамен 500-600 тұтқыннан келіп, барақтардағы саны белгіленген «нормадан» 2 есеге артық болды. Негізінен барақтар екі, кейде үш қабатты нарлардан тұрды. Кейде тіпті еденде жатуға да тура келді. Терезенің орнына нардың жоғарғы жағында тар тесік қалдырылды.

Әрбір бараққа староста тағайындалды, оған түрлі міндеттер жүктелді: барақтағы тазалық пен тәртіпті сақтау; барақта тұратын әйелдер арасындағы қақтығыстарды реттеу; кешкі тексеруді жүргізу; тапсырманы алу және жұмыстарды бөлу; қамаудағылар мен лагерь басшылығы арасындағы байланысты жүргізу және т.б.

Ақмола бөлімшесінде қамауда болған мерзімнің өн бойында тұтқындардың тұрмыстық жағдайлары өте ауыр болды. Тұтқындар 40 градустық аяздар кезінде жартылай жалаңаш күйде жұмыс істеді, нәтижесінде жиі үсік алып, өліп қалып жатты. Тамақтану өте мардымсыз және біркелкі: тілім қара нан, бір ожау сұйық шай кесе мөлшерінде «ботқа-быламық». Жұқпалы аурулар жайлады, сондықтан өлім-жітім мөлшері жоғары болды. Әйелдердің өз жұбайлары мен балаларының тағдыры туралы еш хабарсыз болуы жағдайды одан сайын жаман ушықтырды.

1941 жылы 26 маусымда Ақмола бөлімшесіне «контрреволюциялық қылмыстары» үшін сотталған ерлер мен әйелдердәіүлкен этапы әкелінді. Осы кезден бастап Алжир таза әйелдер лагері болудан қалады. Соғыс жылдары бұл бөлімшеге саяси себептер бойынша сотталғандар ғана емес, таза қылмыскерлер де әкелінді.

Алжир тұтқындарының ішіндегі танымал есімдер

Мұнда КСРО мен республиканың жоғары лауазымды әскери, қоғамдық және саяси қайраткерлерінің әйелдері мен туған-туысқандары жазасын өтеп жатты. Мысалы, Бухарин әйелі; қолбасшы М.Н. Тухачевскийдің әйелі, қызы, екі қарындасы; Я.Гамарниктің екі әпке-қарындасы; Блюхердің әйелі; А.С.Янукидзенің әйелі мен қызы, ақын Б.Окуджаваның анасы, Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері И.Қабыловтың, А.Калменовтың, А.Сырғабековтың, А.Қаспақбаевтың, Ұ.Құлымбетовтың, С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, Ж.Шаниннің, Т.Рысқұловтың, Т.Жүргеновтің, С.Асфендияровтың, С.Мендешовтың, С.Қожановтың, Қ.Таштитовтың, Н.Манаевтың және т.б әйелдері.

     Тұтқындағылардың шамамен 90%-ының жоғары білімі болды. Тұтқында түрлі мамандық иелері өкілдері болды: әртістер, инженерлер, техниктер, құрылысшылар, дәрігерлер, геологтар, мұғалімдер, суретшілер. Мысалы, мұнда Украинаның Харьков опера театрының труппасы толығымен қамауда болды. Тұтқында болғандардың өздерінің естеліктері бойынша, мұнда 1000 артист, 360 пианист әйел қамауда болған. Мысалы, мұнда тұрған Харьков опереттасының әншісі Е.Оловейникова, Мәскеу операттасының бұрынғы директоры М.Лер, актриса Т.Окуневская, К.Андроникашвили т.б. тұтқында болған. Осында танымал әртіс Л.Русланова, атақты актриса Р.Плисецкая түрмеге отырған екен. Олардың күшімен бірталай концерттер қойылды.

Алжирде тұтқындар ішінен өз дәрігерлері мен медбикелері де болды. Олар «алжирдағыларға» да, сондай-ақ ерікті жалданушы қызметкерлерге де қызмет көрсетті.

Алғашқы кезде, матрацтың орнына қамыс төселген еденде ұйықтады. Кейіннен олар екі қабатты төсектер алды. Баракты пешпен жылыту ұйымдастырылды. Мысалға, Т.Жүргеновке күйеуге шыққан Әлихан Ермековтың қарындасы Дамештің де жағдайы осындай ауыр болды. Ол халық жауының жұбайы ретінде 18 жылға сотталған болатын. Ол Новосибирск, Челябинск, Төменгі Тагил лагерлерінде болып, кейіннен Алжирге келді. Соғыс басталған кезде, ол бірнеше рет майданға жіберу жөнінде өтініш білдірді, бірақ әрқашан өтініші қанағаттандырылмады. Лагерде дәрігер болып жұмыс жасады. Бұнда бірінші қазақ режиссері Ж. Шаниннің жұбайы Жанбике де жазасын өтеді. Түрлі сынақтарды көтере алмай бірнеше әйел ақыл есінен айырылды. Мысалы, 1939 жылы Қаз КСР Денсаулық сақтау халық комиссариятының жұбайы Кира Нұрмұханбетова нашар естігендіктен қарауылдың бұйрықтарын естімегендіктен оны күзетшілер ұрып өлтіреді. Егерде әйел тұтқын жұмыста, не барақта, онда резіңке сойылдармен жазаланды. Толық емес мәліметтерге қарағанда сәл кідірсе, лагерде 600-ден аса әйел қайтыс болған. Ондағы жазасын өтеп жатқан әйелдер 62 ұлттың өкілі еді.

Алжирдегі балалар. Емшектегі балалар лагерде аналарымен бірге тұрды. Алжирде шамамен 400-дей бала болды. Мұнда төрт жасқа дейін рұқсат етілді, одан кейін балалар үйіне жөнелтілді. Сондай-ақ балалар өлімі жоғары болды. Мысалы, 1943 жылы Қарағанды лагерінде 226 бала өлімі тіркелген. Мұнда балалар өмірге келіп, кейіннен балалар үйіне жөнелтіліп отырды.

Алжирдегі балалар Осакаров, Долина балалар үйіне және Қарағанды облысындағы 18 балабақша мен бөбекжайларда тәрбиеленді. Жазасын өтеп болғаннан кейін аналар өз балаларын қайдан іздерлерін білмеді. Алжир лагерінде болған бір тұтқын Т.Шахова өз естелігінде:

«80 пайыз аман қалғандар өз балаларымен қайта қосыла алмады. Бұл біздің өміріміздің соңына дейінгі психологиялық жазылмайтын жара болып қалды және өте ауыр еді»

Лагердегі өндірістік қызмет

Ақмола лагерінде басты сала шаруашылығы тігін өндірісі мен кесте тігу өндірісінде 3 мыңға жуық адам жұмыс жасады. Соғыс жылдарында тігін фабрикасы әскери қызметшілер үшін киім-кешек тігу тапсырмаларын орындады.

Лагердің өз астығы, жеміс-жидегі мен картоп сақтау орындары, диірмені, наубайханасы, май шайқау, жармалау цехтары жұмыс жасады. Алжирдің өз электростанциясы болды. Сондай-ақ, егін шаруашылығы, бау-бақша дамыды. Үлкен емес көлемде мал шаруашылығымен де айналысты. Жалпы егін шаруашылығы мен бау-бақша егістігі 5 мың гектардай жерді алып жатты. Сонымен қатар екі ферма ұйымдастырылды онда 250 ірі қара малы болды. Тұтқындар таңқурай еккендіктен күні бүгінге дейін бір ауыл Малиновка деп аталды.

Әйелдер мал шаруашылығы участкалары мен нүктелерінде бөлініп жұмыс жасады. Олар мал бақты, аяқтарымен батпақ айдап үй тұрғызды. Олар құйған кірпіштің салмағы 16 килограммдай болды. Ең ауыр жұмыс қамыс дайындау еді. Жұмысқа апарып алып келерде қарулы күзетпен және иттермен алып жүрді. Лагердің күзет дивизионы 200 адамды құрады, олар жеке казармада тұрды. Лагердің ішкі бөлігінде шамамен 15-тей айдауыл болды.

Бұл кезде қуғындау саясаты тоқтамай жалғасып жатқан болатын. Егер соғыс кезінде жазаланушының мерзімі аяқталған болса, тұтқын ерікті ретінде соғыс біткенше лагерде қалдырылып отырды. Олар жұмыс жасады. Егер өндірістік нормасын орындамаса, олар жазаланып отырды. Сапқа тұруға кешіккенде немесе бұйрықтарды орындамаған жағдайда тұтқындарды резіңке сабап отырды.

15 жылдық өзінің құрылымында Алжир табысты өндіріс орны болды. Қарағанды лагерлер жүйесінде өндірістік көрсеткішімен Алжир бірінші орынды иемденді.

Қазақ халқы тарапынан тұтқындарға көмек

Жергілікті қазақ халқы тарапынан лагердегілерге қолдан келгенше көмек жасалынды. Дегенмен бұндай мүмкіндіктер жиі болып тұрған жоқ, өйткені тікен сым темірмен қоршалған лагерь аумағында қатаң күзет кедергі келтірді.

Жергілікті тұрғындар қамыс арқылы оларға нан, ет лақтырып отырды. Жергілікті тұрғындар тарапынан бөлған көмек жайында тұтқындардың өз естеліктерінде қызықты мәліметтер келтірілген. Лагерге жақын көл жанында орналасқан Жаңажол ауылының тұрғындарына деген аман қалған тұтқындардың алғысы шексіз. Жұмыс жасап жатқан әйел тұтқындардың қасына келген қазақ ақсақалы, оның соңын ала келген әйелдердің қолдарында көтерген балалары бар. Соңғысының қолындағы сөмкеде ауыр ұсақ тасқа ұқсас зат болды. Күтпеген жағдайда балаларға осы тастарды лақтырып отырды. Бұны байқап қалған айдауылдар күліп:

«Міне, көрдіңдер ме сендер халық жауысыңдар, сендерді тек Мәскеу ғана жек көрмейді, ауыл тұрғындары да жек көргендіктен сендерге тас атып жатыр».

Тұтқындар үшін бұл өте ауыр болатын. Қазақтар кеткеннен кейін бір әйел қамысқа лақтырған тасты алып келді. Одан сүт пен ірімшіктің иісі аңқып тұрған болатын. Сонда ғана барып жазасын өтеушілердің өмірлерін сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар бұларға құрт (кептірілген ірімшік - авт.) лақтыратынын білді.

Бұрынғы жазасын өтеуші неміс әйелі Г. Платайс бұл жайында белгілі «Құрт – бағалы тас» атты өлеңін жазып әсерлі сөздерін былайша білдіреді:

«Мен неміс әйелі жалбарынам

Мұсылмандық құдайға:

Өз басыма керек емес ештеңе.

Тек үлкендерге бер қуат,

Аналарға бақыт бер,

Әсіресе балаларға сұраймын

Ешқандай жамандық көрсетпе!».

Жапа шеккендерді босатқаннан кейінгі қиындықтар

Ресми түрде 1953 жылдың маусым айына дейін жұмыс жасаған Ақмоладағы арнайы бөлімше Карлагтың 6 бөлімшесімен бірге Ауыл шаруашылығы және шикізат дайындау министрлігінің құзырына берілді.

Бостандыққа шығатын күнін санаған Алжирдің тұтқындары жазасын өтеген соң өздерін жаңаша өмір күтіп тұр дегенге сенетін-ді. Алайда, олардың бостандыққа шығу уақыты созыла түскені өз алдына, керісінше бітпейтін проблемалармен тағы да бетпе-бет келетін. Лагерьлерден әйелдерді босату бір мерзімдік акция түрінде емес, шынтуайтында бірнеше этаппен жүргізілді. Яғни, бұл жайт тұтқындардың жаза уақытына ғана байланысты емес, сонымен қатар адам санасына сия бермейтін КСРО ІІХК тарапынан келтірілген тиісті пәрмендері бойынша жүзеге асты.

Соғыс аяқталғаннан кейін де лагерьден босап шыққандарға тек белгіленген аймаққа немесе өмір сүру режімі белгіленген қалаға ғана бара алатындығы қатаң түрде талап етілді. Онда да тіркеуге тұру, баспана алу және жұмысқа орналасу сияқты мәселелерде бітпейтін кедергілерге тап болды. Себебі, олардың маңдайындағы «халық жауының әйелдері» деген таңба қайда барса да соңынан қалмады.

Тек ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысынан «отанын сатқандардың отбасы мүшесі» болған әйел тұтқындардың барлығы дерлік ақталды. Оларды айыптау істері әскери трибуналда қайта қаралып, айыптау бойынша жалпы жиындардың қаулылары күшін жойды. Сөйтіп, оларға ақталу туралы анықтамалар берілді.

Алжир тұтқындарының көбі тұрғылықты тіркеуге тұра алмады, жұмыс та табу екіталай еді. Мәселен, М.Л. Даниленко лагерьден шыққаннан еліне – Украинаға, отбасына кеткен-ді. Алайда, 1946 жылы орын алған құрғақшылық кесірі оған тағы да зауалын тигізді: яғни, туған ұлы анасын қабылдамады, ата-анасы көмектесуден бас тартты. Ал, жақындары тұтқында болған әйелмен туысқандығы үшін жазаланамыз деген үрей қушағында болды. Сондықтан, М.Л. Даниленко Ақмолаға кері қайтуға мәжбүр болды.

Тұтқында бірге болғандар азаптаудан шыққаннан кейін бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсететін. Жұмысқа тұрған, баспаға алған әйелдер «алжирлік» достарын қонаққа шақыратын. Тіптен, олардың арасында бірге тұрғандары да болды. Осындай жолмен азапты көрген әйелдер қоғамның оларды сыртқа тепкен қатаң кезеңінде бір-біріне арқа сүйеді. Ақмола мен оған жапсарлас жатқан кенттерде қалып қойған немесе кейініректе келіп қосылған тұтқын болған әйелдер көп болатын. Олардың арасында өмірінің соңына дейін сонда қалып кеткендер немесе жаңа отбасын құрғандар да аз емес.

Осы орайда М.И. Рачкованың қызы Галинаның естелігіне ден қоялық: «Мейрамдарда өте мол дәмді тағамдар дайындайтынбыз. Себебі олар аштықтың азабын тарқан жандар ғой. Олар барлық мерекелерді бірге тойлайтын».

Алжирдің бұрынғы тұтқыны К.И. Мальцеваның естелігінде:

«Басымызда баспана жоқ, қолымызда азғана ақша шиеттей екі баламен қалай күн көреміз? Алматыға достарымызға, жолға тапсырыс берілген жаққа, Свердловскге - ата-анама, тағы болмайды. Ақмолада қалуға тура келді. Кәсіпорындарға кірсем, қолымдағы анықтама қағазымды көрген қадр бөлімдері маңайына жолатпай қуды. Ақыры, ұлдарыммен вокзалда қонып жүрдік, нан мен суды талғажау етіп дегендей. Өстіп жүргенде, вокзалдағы ұрыларға соңғы ақшамызды ұрлатып тиын-тебенсіз қалдық. Дегенмен, сәті түсіп, қаладағы 28-мектепке тазалаушы болып қабылдандым. Тіпті, ол жерден орын, кейін көрші барактан бөлме берді. Оған кереует, үстел және сәкі сиятын. Бұған кәдімгі баспана алғандай қуандық. Жалақы да жетпейтін: тапқан 250 сомнан (ескі ақшамен) мемлекеттік заимға ұстап қалады. Қосымша жұмыс істеп ақша табуға тура келді. Азғана ақша үшін қабырға бояу, кір жуу сияқты жұмыс істедім. Мектепте маған түсіністікпен қарады, аяды. Дегенмен, араларында кейбір мұғалімдер түрмеге түскен, «халық жауының әйелі» ретінде маған деген жиіркенішін жасырмады».

Лагерден шыққанан кейін адам өзін сыртқы әлемнен оқшауланып қалатын. Немесе лагерьдің тұтқыны борлған Р. Зуева-Ордынецтің естелігіне ден қойсақ: «Лагердегі өмір жеке тұлғаның өмірін астан-кестең етті… Лагердегі «әлеуметтанушы-социологтардың» пайымдауынша, дәл 10 жыл уақыт өткенде тұтқындағы адамның сыртқы әлеммен барлық байланысы үзіледі екен. Әлеуметтік, достық, туысқандық байланыстарды іс-жүзінде қайтадан бұрынғыдай қалпына келтіру мүлдем мүмкін емес».

Толық ақталу дәуірі

1990 жылдың 13 тамызында КСРО Президентінің «20-50-жылдардағы барлық саяси нәубет құрбандарының құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы шықты. Ол, шын мәнінде, нәубет құрбандарын қайтадан қосымша ақтаудың басы болды. Дәл осындай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң 1993 жылдың 14 сәуірінде Қазақстанда қабылданды. Заңның «құзыры 1917 жылдың 25 қазанынан (7 қарашасынан) кейін саяси қуғын-сүргінге тікелей ұшыраған барлық адамдарға жүрді және ақтау мақсатында оларға келтірілген моральдық және материалдық зардаптың өтемақысы ретінде мүмкін болған күллі жеңілдікті қамтамасыз ету көзделген». «Ата-аналарымен немесе оларды алмастыратын адаммен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныстандыру орындарында болған балалар да саяси қуғын-сүргін құрбандары болып саналады».

    1997 жыл елімізде бүкілхалықтық келісім және саяси қуғын-сүргін жылы деп жарияланды. Қоғам сталиндік лагерьлердің шынайы тарихын ғана емес, ондағы тұтқындарды қинап-жәбірлеген шектен шыққан сорақы әрекеттері туралы көптеген жайттарға қанық болды. Алжир мен басқа легерлердегі тұтқындары туралы көптеген мақала, монографиялық еңбектер, деректі фильм жарық көрді. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың ұсынысын ескер отырып, Қазақстан Елбасы Н.Ә. Назарбаев 31-мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды

Алжир адамдардың аза-мұңы мен естелік орны. Бертінге дейін Алжирдің орнында Малиновка кенті болды. 1975 жылы онда Целиноградтық құс өсіру өнеркәсіп бірлестігі «Ақмола–Феникс» құрылды. Кентте бір кездегі тұтқындардың тағдыр-талайы туралы сыр шертетін шағын мемориалдық мұражай жұмыс жасады. Кенттің кіреберісі XX ғасырдың 30–50-жылдары тұтқында болған әйелдердің отырғызған терек саяжолмен қоршалған. Терек өскен жол бойында қапаста жапа шеккен әйелдерге арналған ескерткіш белгі орнатылған: ортасынан екіге жарылған қызыл түсті жұлдыздың тереңге жарылған ортасындағы бөлігіне жүрекке қадалған қара темір тор мен тікенекті сым Алжир тарихын бейнелейді.

2007 жылы Малиновка атауы Ақмол деп өзгертілді және Ақмола облысының Целиноград ауданының орталығына айналды. 2007 жылдың 31 мамырында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Алжирдің орнында ірі музей-мемориальдық кешені ашылды. Бұл оқиғаға лагердің бір кездегі тұтқындары қатысты.

Бұл жерге мыңдаған, жүздеген адамдар келеді. Олар болашақта мұндай зұлмат ешқашан болмайды деген нық сенімді, тарихтан тағылым санасына ұялатады. Музей қызметкерлері кең көлемдегі іздеу, экспозиция жұмыстарын және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?