Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аңызға айналған Афрасияб патша

2791
Аңызға айналған Афрасияб патша  - e-history.kz
Қазақ шежіресінде кездесе қоймағанымен жазба тарихи қайнар көздерде аты жиі аталатын ежелгі ел билеушілердің бірі – Афрасияб

Бұл әфсаналық заманның басты қаһармандарының бірі және оның аты Тұран өлкесімен, соның ішінде Түркістан, Тәшкент және Самарқанд  қалаларының тарихымен тығыз байланысты.  Ерте кезеңдерде жазбаға түскен әфсаналық деректерде Алып Ер Тоңға, Франгсияб, Фарасияб Тұран патшасы атанған қаһарманның ата-тегі туралы айтсақ, оның әкесі Бошан (Пушанг), оның атасы Задшам, бабасы Тур делінеді.

Адам баласы Жәмшидтен кейін, билікке Феридун патша келген уақытта үшке бөлінді дейді ескі әфсаналар. Феридунның үш баласы Сәлім, Тұр және Ерандж Еуразиядағы үш түрлі үлкен ұлыстың көшбасшысы болса керек. Біріншісінен арабтар, екіншісінен түрік елдері, үшіншісінен ирандықтар мен үндістер тарайды-мыс. «Шахнамені» жырлаған Фердоуси Сәлім мен Тұр бірігіп Еранджды өлтіріп, содан осы елдердің аражігі ашылды, Иран мен Тұран арасындағы мыңдаған жылдарға созылған жаугершілік басталды дейді. Біздің жыл санаумызға дейінгі екінші мыңжылдықтың ортасына қарай арий (иран) тайпалары Ұлы Даладан оңтүстікке қарай сырғып, иелік Тұранның ұлдарында қалған болса керек. П.И. Рычков  «и так Туркестан можно почесть за древнее отечество турков, что и с европейскими историями согласует» деп осы мәселені айтады.

Біз Афрасияб патшаның заманын қазақ шежіресіндегі «мық» аталатын заманмен байланыстырамыз. Мық қазіргі қола дәуірі дейтін археологиялық мәдениетке келеді. Бұл – түрік тайпаларының Ұлы Далаға толық ие болған дәуірі. М. Қашқари «Рум өлкесінен Машынға дейінгі орналасқан түркі жерінің ұзындығы 8 мың парсах» деп заманында Тұран аталған кең-байтақ қонысты сипаттап отыр. 

Афрасияб туралы аңыз Түркістан өңірінде көбірек жазылып, сол жерде хатқа түскенге ұқсайды. Орталық Азияны ерте заманнан басап мекен еткен дәстүрлі отырықшы мәдениеттің өкілі – сарттардың тарихи аңыздарында Тұран елінің әфсаналық басшысы Афрасияб көбірек айтылады. Осы аңыздарды сарт қарияларынан көшірген Н. Остроумовтың жазуынша «сарты считают, что Афрасияб был их царем, в Ташкенте находится остаток его трона и развалины дворца его дочери» дейді. Тек бұл жерде патша заманындағы зерттеушілердің дұрыс көңіл бөлмегені – Афрасиябтың Қарахан әулетімен арасындағы байланысы. Жалпы Афрасияб деген сөздің өзі де Қарахан мағынасын береді, ал Қарахан – қазақтың аңыздарындағы Уыз (Оғыз) ханның атасы.

М. Қашқари Афрасиябтың аты Алып Ер Тоңға еді дейді, Қарахан әулетінің негізін салушылардың бірі деп осы алыпты айтуға болады. Енді  «Түрік сөздігінен» бір үзінді берейік: «Қаз – Афрасиябтың қызының аты. Қазойын шаһарын сол салған, қыз үнемі сол жерде тұрып, серуен құрған, сондықтан Қазойын шаһарын Түрік елінің шекарасы деп есептейді. Құм шаһары да шекара болып саналады. Себебі «құм» – түркі сөзі. Афрасиябтың қызы мұнда тұрақты аң аулайтын. Кейбіреулер Мәруаш-шаһижан шаһарын да шекара санайды. Афрасияб Таһмұрастан үш жүз жыл кейін Мару (Мерв) шаһарын салдырған, кейбіреулер бүкіл Мәуреннахрды Түрік елі деп те есептейді. Ол Жанкенттен басталады. Оның тағы бір аты Дизроин, яғни Мыс шаһары. Беріктігіне байланысты солай аталған, бұл Бұхараға жақын. Осы жерде Афрасиябтың қызы Қаздың күйеуі Сияуыш өлтірілген. Мәжусилер жыл сайын сол жерге жиналып, құрбандық шалып, қабіріне қанын шашады.

Бүкіл Мәуреннахр мен Жанкенттен шығысқа қарайғы жерлерді Түрік шаһарлары дейтініміз содан. Самарқанд-Семізкенд, Шаш-Тәшкенд деп аталатыны сияқты, Өзкенд, Тункенд деген атаулар да бар.  Бұл шаһарлардың барлығына кенд сөзі қосылып айтылып шаһар мағынасын береді. Түріктер бұл шаһарларды өздері салып, өздері  ат қойған. Сол аттар бүгінге дейін қолданылып келеді. Бұл жерлерде парсылар көбейгеннен кейін олар араб шаһарларына ұқсап қалған. Қазір бүкіл түрік елінің шекарасы Абискун (Каспий) теңізінен айналып, Ұрым елі (Қазіргі Османлы түріктері – Ж.А.) арқылы Өзкендтен Шың еліне дейін созылады. Ұзындығы 8 мың персех».

Біздің ойымызша, Афрасияб – арий-түрік соғыстары кезінде б.э.б. ІІ мыңжылдықта өмір сүрген атақты қаһармандардың бірі. Бұл кезеңде Эрандж тұқымы, яғни арийлер зәрдүш дінін қабыладады да, тұрлар Зәрдүш пайғамбардың айтқанына көнбей қойды. Осылайша Иран-Тұран соғыстары басталды.

Осы соғыстардың аты аңызға айналған қаһармандарының бірі Афрасиябтың інісі Арджасп «Шахнама» мен «Авестаның» көне мифтік қабаттарында – Гаржасп, Аражатаспа, т.б. аттарымен кездеседі, бірақ тым ертегіленген түрде /мысалы Зохках аждаха т.б. әңгімелерімен аралас/. Сонымен бірге «Авестада» Иран баһадүрі Гаршасп (Керсаспа) аты да кездеседі. Осыған байланысты зерттеуші С. Әбушәріп «Керсасп керемет күш-құдіретке ие болған аңыздық тұлға ретінде суреттелген. Ол Сарвараны (Жылан патшасының аты), Хандарвонды, бөгде дінді ұстанған Даштаяны, ...Патананы, бас киіміне жыға таққан Нивиканың ұландарын ... т.б. алыптарды жермен-жексен еткен теңсіз қаһарман» деп суреттейді. Өкінішке қарай осы аңыздық қаһармандардың аражігі әдебиетте ашылған жоқ.

Парсының «Аяткар Зареран» жырында тұр халқының жері деп Хиюн өлкесі көрсетілген. Бұл жер тарихи тұрғыдан Түркістан өлкесіне келеді, ал хиюн – қиян-қияттардың арғы аталары болса керек. «Шахнама» мәтінін терең талдаған Көроғлы деген ғалым тұрандықтар мен ирандықтар екі бөлек тілде сөйлеген екен дейді. Қалай болғанда да Фердоусидің айтып отырған кезеңі Түрік қағанатына дейінгі дәуір. Оның алғашық сілемдері қола дәуіріндегі арья /арий/ мен тұр тайпалар қауымдарынан бастау алса, орта тұсында ғұнмен /хунну, хиюн, эфталиттер/ жалғасын тауып, кейін келе шығыстан жақындаған түріктермен өз тиянағын тапқан.

Батыс әдебиетінде /византия, армян, т.б/ қияттарды «эфталит» деп атайды. Бұл атау қияттардың Эфталанос деген патшасының атынан шықса керек. Мехрдад Бахар атты Иран тарихшысы Авестадағы хиюн аталатын ел эфталиттің өзі дейді.

Атақты көне түркі заманының шайыры Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» шығармасында Афрасияб туралы:

Түрік бектері ішінде атын асырған,

Алып Тоңға Ер еді, құты тасыған.

Білімі-даңқы – ұлы, көптің сарасы

Білімді,  ойлы әрі халық ағасы.

Зерек дана, көңілі сара, сері еді,

Жұтты жалған, елге тұтқа ер еді.

Тәжіктер оны Афрасияб атаған,

Елдерге ол көп ізігілік жасаған, –

деп жырлайды.

Бір қызығы ескі жырларда Афрасиябтың шыққан тегі, әкесі мен жақын туғандары, қыздары туралы айтылғанымен де нақты өз кіндігінен тараған ұрпақтары туралы мәлімет жоқ.

Сонымен Афрасияб өте көне замандарда жасаған ел билеушілердің бірі, бірақ оның аты Қарахан дәуірінде мемлекеттік билікті орталықтандыруға, тұрақтандыруға қажетті идеология қызметін атқара берді. М. Қашқари  Афрасияб түрік патшасына ирандықтардың (ариан) қойған атауы дейді, біз осы сөздің мағынасына бойласақ онда түрікше Қарахан (афра-сияб-қара деген мағына береді) шықпақ. Ендеше Түрік қағанттарынан Орталық Азияда билікке келген қарлұқ тайпаларының арасында Қарахан туралы тарихи жады сақталған болып отыр. Бізге белгілі шежірелердің бәрін салыстыра келсек,  Қара ханның  тегі, өскен ортасы қазақ даласына келеді:  «Моңғол хан көп жылдар патшалық құрды, төрт ұлы бар еді. Үлкені – Қара хан, екіншісі – Өз хан, үшіншісі – Көз хан, төртіншісі – Көр хан. Моңғол хан бұл дүниеден өтерінде орнына балаларының үлкені Қара ханды қойып кетті – дейді Әбілғазы баһадүр хан. – Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жаздыгүні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, қазіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау атанады. Ал қыс түскен кезде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді. Қара хан заманында елдің бәрі кәпір болғаны соншалық, олардың арасында Құдайға сенетін бір де бір адам қалмады».

Күндердің күнінде Қара ханның бәйбішесінен ай мен күннен де сымбатты бір ұл туды. «Ол үш күн бойы анасының емшегін ембей қойды. Әр түні анасының түсіне еніп «Ай, ана! Құдайға сыйын; егер мұсылман болмасаң, өлсем де сенің емшегіңді ембеспін» деуші еді. Анасы баласын аяп, Тәңірінің бірліне иман келтірді. Осыдан кейін бала анасының емшегін емді. Бірақ анасы мұсылман болғанын, түс көргенін ешкімге де білдірген жоқ», – дейді «Түрік шежіресі».

Бір Тәңіріге мойынұсынып туған  сымбатты баланың аты Оғыз (Уыз) екені белгілі, оның әкесі Қара ханның өмір сүрген уақыты туралы Әбілғазы баһадүр хан «біздің пайғамбарымызға дейінгі үш мың төрт жүз жыл дейді, яғни біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың басы. Бұл қола дәуірі аталатын заман  екенін біз жоғарыда ескерттік. Сонымен қазақ шежіресіндегі Қара хан иран (арий) ортасында Афрасияб болып сақталған да Фердоусидің «Шахнамасына», «Авестаның» мәтіндеріне осы атпен енген. Осымен қазақ тарихының тағы бір жұмбағының шешімі табылды деп сенеміз.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?