Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сталинге хат немесе Рысқұловтың геноцидке қарсы күресі

4043
Сталинге хат немесе Рысқұловтың геноцидке қарсы күресі - e-history.kz
1933 жылғы наурызда Тұрар Рысқұлов ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Қазақстанда орын алған ауқымды катастрофаға қатысты нақты деректерді келтіре отырып, Иосиф Сталинге хат жазды

Бұл әрекет үлкен батылдықты талап етті, өйткені бұл кезде қуғын-сүргін  тасы домалауын үдете бастаған еді.

Қандай өмір жолы, өмірбаянындағы қандай фактілер Рысқұловты өзіне-өзі қол жұмсаусен шектес осындай іс-әрекет жасауға батылы барған адам етіп шығарды?  

Тұрар Рысқұлов бала кезінен тағдыр тауқыметін кешіп өсті. Оның анасы ерте қайтыс болды, әділетсіз болысты өлтіргені үшін әкесін каторга айдап жіберіледі, сөйтіп, әкеден де айырылады. Бұл оқиға оның қалтқысыз сезімін тудырып, патшалық Ресейдегі адамдардың әркелкі жағдайына көзін ашады. Таптық жағдайы бойынша адамдарды жіктеуді суқаны сүймейтін. Ол жақсы оқу оқып, өз білімін өзі жетілдіріп отырса ғана бір нәрсені өзгертуге мүмкіндігі болатынын түсінді.

Рысқұлов оқудан шын ләззат алатын, соның арқасында ол Ташкенттегі мұғалімдер институтына оқуға түседі.

Тұрар Рысқұлов 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің белсенді қатысушы болады. Революция идеяларын сана-сезімімен ұққан ол 1917 жылы жергілікті биліктің бай мен кулактарға ыңғайлы отаршылдық саясатына қарсы сөйлейтін «Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағын» құрады.

1917 жылы қыркүйекте ол Ресей социал-демократтық жұмысшы партиясының мүшелігіне өтеді. Оның социалистік революция игілігіне бағытталған жұмысы мен мансабы екпінді өсе бастайды.   Түркістан республикалары кеңесінің IV төтенше съезінде Тұрар Рысқұлов ОАК құрамына сайланады. 1919 жылдың наурызында ол Түркістан Коммунистік партиясының мұсылман бюросының төрағасы болып тағайындалады.

Оның қызметі тек Түркістан республикасы аумағында ғана емес, Мәскеуде де көріне бастайды. Тұрар Рысқұловтың экономика, ауыл-шаруашылығы мен мәдени-ағарту салаларындағы еңбегі зор. 1924 жылдан бастап оның халықаралық деңгейдегі жұмысы басталады. Ол Моңғолияда Коминтерн өкілі ретінде жұмыс жасап, Моңғолияның тұңғыш Конституциясын әзірлеуге атсалысады. Оның белсенді қатысуының арқасында Моңғолия мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастары оңала бастайды. Рысқұловтың бастамасымен Моңғолия астанасы «Ұлан-Батор» деген атауға ие болды, оның мағынасы «Қызыл батыр» дегенді білдіреді.  

1926 жылы ол РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалады. Ол сол кездегі үкіметтегі шығыс халықтары ішінен шыққан жалғыз өкіл болды.

1927-1930 жылдары ол Түрксіб теміржолын салу жөніндегі көмек комитетінің басшысы болды. Моңғолияны қаржы жағдайын жіті зерделеген Рысқұлов ұлттық валюта енгізуді қолдады.

Ол Қазақстанда болған тұтастай ұжымдастыру науқанының қайғылы салдарын көріп, Рысқұлов бұндай катастрофаның алдын алуға тырысып, 30-шы жылдарда жинақталған мәселелерді шешу бойынша өз бағдарламасын ұсынды. Ол Сталинді бағытты өзгертуқажеттігіне иландыруға тырысты, бірақ бас хатшы бұл сұрағын елеусіз қалдырды. И.Сталинде болған қабылдау кезінде ол аштықты, қазақтардың жаппай көшуін тоқтату бойынша өз жоспарын БКП (б) ОК-нің қарауына шығарады.   

1933 жылдың 9 наурызында ол Сталинге хат жазып, онда қазақ даласын жайлаған аштықты, оның себептерін егжей-тегжейлі жаза келіп, ел азабын тоқтатудың және қазақтардың өмірін қалыпты жағдайына қайтару бойынша іс-қимылдар ұсынады. Сонымен қатар, хаттың көшірмесін ол БКП (б) ОК-нің ауылшаруашылығы бөліміне: Каганович пен Молотовқа да жолдайды.

Рысқұлов өз хатын қоныс аудару жағдайын түсіндіруден бастайды. Эмиграция мәселесі тек қана демографиялық ахуалдың нашарлауында ғана емес – қоныс ауғандар індет таратушылары болуы да ықтимал және олар сол індетті Ташкент, Сібір, Златоуст шебі бойында таратулары да мүмкін. Бірақ, азық үшін туған жерден безген халық аш өлімнен құтылуы екіталай еді. Қоныс ауғандар жұмысқа тұра алмады. Олардың ішінде әлі де болса аштық пен індетке ұшырағандар пайызы көп болды. Қазақстан аумағында көшіп жүргендер де азап шегіп жүр еді.

Жаппай қоныс аударудың бірнеше себебі болды. Бірінші кезекте – мал басының бірден кеміп кетуі. ССРО-ның басқа аудандарында мал басы кемуінің тоқтағанына қарамастан, Қазақстанда бұл тенденция жалғаса берді. Ал, мал шаруашылығы қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің түрлі ортасын қамтамасыз етіп отырған шаруашылығының басты саласы ғой. Егер 1928/1929 жылдары Қазақстанда 40 млн мал басы болса, 1932 жылы бұл сан 5,397 мыңға дейін қысқарған, яғни мал басы 85,5 пайызға кеміп кеткен! Мал басының қысқаруы – олақ саясатпен және асыра сілтеушілік пен көзбояшылықпен тікелей байланысты. «Кіші Қазан» революцияның, өрлеудің символына айнала алмады, бірақ ол Қазақстанның экономикалық, ауылшаруашылығы дамуын кейінге шегіріп тастады.

Мәскеу басшылығы тапсырған бағытты орындау және оны асыра орындау қажеттігі қайғылы салдарға әкеп соқты. Орындаушылар ұжымдастырудың жоғары пайызына қарай ұмтылып, кез-келген тәсілмен малды қоғамдастыру бойынша деректі арттыруға тырысты. Артельдер мен колхоздардың зор екпінмен ұйымдастырылуы, бірнеше жүздеген киіз үйлерді күштеп бір жерге жинау арқылы қалашықтар құрудың ақыры қынжыларлық нәтижеге әкелді. Бұдан басқа, көптеген байлар басқа жаққа қоныс ауып кетуге тырысқан соң, артық ауылшаруашылық жерлері мен мал басын жинау енді кедейлерге де жүктелді.

1930 жылғы 2 наурызда Сталиннің «Табыстан бас айналу» атты мақаласы шығып, онда генсек орындаушылардың көптеген асыра сілтеушіліктерін, қателіктеріне, солардан туындаған жағымсыз салдарға назар аудартады. БКП (б) Қазақстан өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин 1930 жылғы 3 мамырда «Мал шаруашылығына аса қатты зиянды асыра сілтеушілік тигізді» деп мойындайды. 7-ші партконференцияда ол асыра сілтеушіліктер туралы сөз қозғап: «Егін екпейтін шаруашылықтар астық дайындаған кезде, малды астыққа айырбастамағанда не істеуші еді?...»,-деді, бірақ, араға жыл салмастан бұл ескертулерін ұмытып кетті.

1931 жылғы 30 шілдеде БКП (б) Қазақ өлкелік комитеті «Социалистік мал шаруашылығын өрістету туралы» қаулы шығарды. Бұл қаулы бойынша мал шаруашылықты аудандардың алдына ұжымдастырудың бұдан да жоғары қарқынды шебіне шығу тапсырмасы қойылды.

Қазақтарды отырықшыландыру бағдарламасы бойынша да сандық көрсеткіштер нақты деректерден әлдеқайда алшақ болды. БКП (б) ОК-нің 1932 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысында: «200 мың қазақ шаруашылығын отырықшыландыру жұмыстары жүргізілді» делінген, ал іс жүзінде отырықшыландырылған шаруашылықтардың саны 100 мыңға да жетпеген. Нәтижесінде отырықшыландыру бойынша жоспар жүзеге асырылмады, бөлінген қаражат босқа кетіп, талан-таражға түсті, ал басқа бөлігі игерілмей қалды. Арнайы салынған үйлер сапасыздығынан бұзылып жатты.    

Қоныс аударғандың беталды көшуін және отырықшы жұрттан арып-ашқан қазақтардың мал, азық-түлік ұрлауының етек алғанын пайдаланып, дұшпан элементтер ушықтырған ұлттық шовинизм өрши түсті. Сольилецк, Кунин аудандарында, Нижняя Волга, Умецк шошқа совхоздарында жұмыс істейтін қазақтардың мүлкін тартып алу, ұрып-соғу, тұтқындау,еңбекақысын бермеу, ешбір негізсіз жұмыстан шығарып жіберу сияқты қорлықтар көрсеткен. Қазақстанның өз ішінде де қазақтар мен орыстар арасындағы теңсіздік байқалады. Егер орыс селоларында мал жоғалса, кінәліні әрқашан қазақтар арасынан іздейтін. Тұрар Рысқұлов бұны «дұшпан кулак элементтерінің» әрекеттері деп атады. 

Орталық Комитеттің 1932 жылғы 17 қыркүйектегі «Қазақстанның ауыл шаруашылығы және атап айтқанда, мал шаруашылығ туралы» қаулысы тек қағазда ған жақсы көрінді, ал іс жүзінде барлық нәтижелер көзбояушылық астында қалды.

Поселкелерге қоныстандыруды еуропа үлгісіндегі құрылыстарға ұқсас ұйымдастырылуы керек болды. Бұл ретте жергілікті халыққа поселкелер мен колхоздардың көлемін әкімшілік жағынан күштеп теңеуден аулақ болу маңызды болды. Ал, іс жүзінде халықты күштеп отырықшыландыды, және де салған үйлері тұруға жарамсыз еді. Мал шаруашылығындағы жағдайды жақсарту жөніндегі позитивті тапсырма мал басы азайып кеткеннен соң орындаушылар үшін тым қиынға соқты. Оның үстіне жергілікті органдар ірі тұқымды мал басын көбейту – құр босқа тыраштану, оған қарағанда тез жетілетін жануарларды, мысалы қоян өсірген көбірек нәтиже әкеледі деп шешті. Олар бұндай тұқымды жазық далада өсірудің қиын шаруа екенін ескермеді.  

Тұрар Рысқұлов Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясатты құр сынап қана қойған жоқ, ол туындаған жағдайды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын ұсынды. Қазақтардың ауыр жағдайын шешу үшін олар қоныс аударған жерлерден жұмыс орнын беру қажет деп санады. ССРО ХКК-не азық-түлік және өнеркәсіптік тауарлар бөлуі керек болды.

Бұдан әрі қоныс аударуларды болғызбас үшін ол осындай көмекті Қазақстанда қалған жергілікті халыққа да көрсетуді ұсынды.

Үстіміздегі жылға бөлінген қаржыны Рысқұлов тек қана қонысынан ауғандарды орналастыруға, сондай-ақ оларды өнеркәсіптік және басқа да кәсіпорындардың төңірегіне қоныстандыру шараларына жұмсауға мүмкіндік беретіндей етіп қараған жөн деп санады.

Ал қалған қаражатты жаңа поселкелер салудың орнына, қалған қоныс ауғандарды бұрынғы мекендерінде орналастыруға, оларға мал мен өндіріс құралдарын алып беруге жұмсаған жөн деп санады.

Рысқұловтың жоспары бойынша Қазақстан өлкелік партия комитетіне қонысынан ауған қазақтарды одан әрі орналастыру жөніндегі шаралардың белгіленген жоспарын бір ай ішінде Орталық Комитетке тапсыру және осы мерзім ішінде Қазақстанда мал шаруашылығын өркендетудің жоспарын жасау керек болды.

ССРО Халық шаруашылығы есебінің орталық басқармасына үстіміздегі жылы негізгі қазақ аудандарында халық санағын өткізу және ондағы шаруашылықтардың жай-күйін сараптау, сонымен бірге егін шығымдылығын анықтау жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, көктемгі егіс аяқталғаннан кейін осы аудандардағы егіс алқабының есебін алуы керек болды.

Егер, Қазақстандағы 30-шы жылдардағы аштық қуаңшылық, табиғаттың қолайсыз жағдайларынан туындаған деген сияқты теориялар болып келсе, оны Тұрар Рысқұловтың осы хаты жоққа шығарады.  Ол Қазақстандағы жағдайды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар ұсынған. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін білмеу, биліктің зорлық әрекеттері, көзбояушылықтар, «Кіші Қазан» бастамашылары мен оның орындаушыларының қарапайым нәрселерді білмеуі мен енжарлығы сұмдық қылмысқа – қазақ халқының геноцидіне әкеп соқты.

1938 жылы Рысқұловқа «революцияға қарсы әрекет етті» деген айып тағылып, 1938 жылдың 10 ақпанында атылады.  Қазақ халқының өмірін жақсарту үшін орасан еңбек етіп, бүкіл Совет Одағының игілігіне қызмет еткен көптеген жобалар әзірлеген, өзі имандай сенген социалистік қағидаттардың дамуына зор үлес қосқан адамның аты айып тағылғаннан кейін көп уақытқа дейін айтусыз қалды.   

Тек 1956 жылы ғана қайтыс болғаннан кейін Тұрар Рысқұлов ақталды. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?