Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

СЫР БОЙЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ТЕКЕЙ БАТЫР

4922
СЫР БОЙЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ТЕКЕЙ БАТЫР                            - e-history.kz
Сыр бойы батырларының үлкен ерлігі 1725 жылы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданындағы Жауғаш деген жерде қазақ-жонғар соғысында алғашқы рет жеңіске жетуінде. Сыр өңірінің батырларын қысқаша таныстырсақ

«Мың өліп, мың тірілген» арда Қазақ Елі, соның ішінде Сыр бойы халқы батырларынан ешқашанда кенде болмаған. Сыр өңірі батырларының есімдерінің көпшілігі архивтерден гөрі айтылған тарих болып бізге жетті. Аңыз түбі – шындық екені әмбеге аян.

Тарихшы Е. Бекмахановтың пікірінше, батырлар институты өзінің дамуында өзгерістерге ұшырап отырды. Батырлар институты, күрделі ХVІІІ ғасырда аса маңызды қызмет атқара бастайды. Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін олар бар күш, жігерін салды. ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның геосаяси жағдайы күрделі болғанын тарихтан білеміз. Орыс зерттеушісі А.И. Добромыслов өзінің еңбегінде былай дейді: «ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінің аяғына қарай солтүстіктегі Сібір казактары мен башқұрттардың, батыстан Еділ қалмақтарының, шығыстағы жонғар билеушісі Галдан Цереннің үздіксіз жорықтарынан әрі өз ішіндегі талас-тартыстардан азап шеккен қазақ халқы батыс және оңтүстік батысқа қарай жылжып, жаңа жайылымдарды иеленді». Осы қиын кезендерде елін жаудан қорғауда Сыр өңірінің батырлары орасан ерлік көрсетеді. Сыр елі жыр елі» деп келдік, мен «Сыр елі – батырлар елі» дегенді қосар едім, өйткені мен 1989 жылдан бері Сыр бойының батырларын зерттей келе осы өңірден үлкенді-кішілі 515 батырдың есімдерін жаңғыртып келемін. Бұл ХVІ ғасырдан бастап ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында өмір сүрген ардақты Ерлеріміз!

Сыр бойы батырларының үлкен ерлігі – 1725 жылы Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданындағы Жауғаш деген жерде қазақ-жоңғар соғысында алғашқы рет жеңіске жетуінде. Әйгілі Аңырақай шайқасы кейін болған. Бұл дерек бізге айтылған тарих болып атадан балаға жетіп отыр. Біз Жауғаш шайқасымен мақтанамыз, бірақ өкініштісі кітаптарға енгізілмей тұр. Енді мен Сыр өңірінің батырларын қысқаша таныстырайын.

Сыр бойының өр Қармақшы ауданынан елін қорғауда мынандай азулы батырлар шыққан:

Шөмекей Бозғұл батыр -16 ғ.

Шөмекей Келдібай батыр Бозғұл батыр ұлы – 16 ғасырдың 2-ші жартысы 17 ғасырдың 1-ші жартысы.

Шөмекей Сөйін батыр, би Келдібайұлы – 17 ғ.

Шөмекей Қожакелді батыр Келдібайұлы – 17 ғ.

Шөмекей Келмембет батыр Келдібайұлы – (1648-1675).

Шөмекей Әлдеберлі батыр Келмембет батыр ұлы - (1673-1736).

Кете Қарпық батыр Асанұлы – 17 ғ.

Кете Қарабазар батыр Асанұлы – 17 ғ.

Шөмекей Өтебай батыр Әлдеберлі батыр ұлы – 17 ғ. соңы 18 ғасырдың 1-ші жартысы.

Шөмекей Тұяқ батыр Құттығайұлы – 17 ғ.

Шөмекей Полат (Болат) батыр Қайқыұлы – 17 ғ.

Қаракесек Ақпан батыр, әулие Құланшыұлы - 17 ғасырдың 2-ші жартысы, 18 ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Бейіті Қармақшы ауданы, Қорқыт қорымы, Ақпан төбесінде жерленген. Есімі бүкіл Қаракесек руына ұран болған.

Шөмекей Андағұл батыр Жарылқапұлы – 17 ғ 2- ші жартысы.

Шөмекей Өнтек батыр Жарылқапұлы – 17 ғ 2-ші жартысы.

Шөмекей Тойқожа батыр Өтебай батыр ұлы – 17 ғ 2-ші жартысы 18 ғ басы.

Кете Текей батыр-әулие Қарпық батыр ұлы – (1667-1752).

Алтын Барақ батыр Алсайұлы – 18 ғ.

Шөмекей Арыстанбай батыр Айбасұлы – (1693-1748/77).

Шөмекей Жолай батыр-би Ырсымбетұлы – (1700/10-1770).

Шөмекей Кетебай батыр-би Жолай батыр (1730/40-1815),

Шөмекей Бәкен батыр Қожасұлы – 18 ғ.

Кете Абақан батыр Текей батыр ұлы – 18 ғ.

Кете Ақкөбек батыр Текей батыр ұлы – 18 ғ.

Кете Кеген батыр Текей батыр ұлы – 18 ғ.

Керейт Тайлақ батыр Дүбір батыр ұлы, кейбір деректерде Мәті бидің ұлы дейді (1693-1729/42).

Шөмекей Мәмбет батыр-би-аталық Бұлғақ би ұлы – (1704-1769).

Шөмекей Баймембет батыр-елші Тойқожа батыр ұлы – 18 ғ.

Шөмекей Киікбай батыр-би Әлібек би ұлы – (1728-1798).

Алтын Сәлтеке батыр, би, ақын Мәметекұлы – 17 ғасырдың соңы, 18 ғасырдың 1-ші жартысы. (Бейіті Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында).

Жаппас Ақтайлақ батыр – 18 ғ. (Бейіті Қармақшы ауданында).

Табын Сәрке батыр Өмірқұл бай ұлы – (16?-1727), кейбір деректе (1727-1771). (Бейіті Қармақшы ауданында).

Шөмекей Тәттімбет батыр, би Бұлғақ би ұлы – (1700-1764).

Шөмекей Түрке батыр Сарыкедей би ұлы – 18 ғ.

Кете Құттыбай батыр – 18 ғ.

Кете Жанышбай батыр Жиенбайұлы – 18 ғ.

Кете Едіге батыр Жанышбайұлы – 18 ғ.

Кете Нәдірәлі батыр Ұлтайұлы – 18 ғ.

Кете Жұбаныш батыр Барақұлы – 18 ғ.

Кете Бөрібай батыр Өтебайұлы – 18 ғ.

Кете Айтуар батыр Қанайұлы – 18 ғ.

Алтын Есболат батыр Алматайұлы - 18 ғ.

Кете Болат батыр Абақан батыр ұлы – 18 ғ.

Кете Итіке батыр Өтепбергенұлы – 18 ғ.

Шөмекей Жолан батыр Қарақызұлы – 18 ғ.

Шөмекей Есенқұл батыр – 18 ғ.

Шөмекей Қорен батыр Жәдік (Жәуік) ұлы – 18 ғ.

Төре Батыр хан, батыр Қайып хан ұлы – 18 ғ. Сыр өңірінде Ордасы болған.

Алтын Жанай батыр Маңғыбайұлы - 18 ғ. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өлімінен кейін Барақ сұлтаннан кегін алған батырлардың бірі болған. 

Алтын Тілеулі батыр Тілеуке би ұлы – 18 ғ. Қазақ-жонғар соғысында шайқаста мерт болады.

Алтын Мойнақ батыр Тілеуке би ұлы – 18 ғ.

Алтын Жайнақ батыр Тілеуке би ұлы – 18 ғ.

Кете «Аю» атанған Айтмағамбет батыр – 18 ғ.

Алтын Әсір батыр Жапақұлы – 18 ғ.

Алтын Жөнелбай Төлек батыр – 18 ғ.

Төре Қасым батыр, хан Бөлекей хан ұлы – (17?-1827).

Қарасақал Шағырай батыр Мырзакелді батыр ұлы – (1740/50-1840-50).

Шөмекей Қадырберді батыр Амалдықұлы – 18 ғ 2-ші жартысы 19 ғ 1- ші жатысында.

Шөмекей Елемес батыр-би Қадырберді батыр ұлы – (1798-1872).

Шөмекей Сарман батыр, би Жантілеуұлы – (1770-1841).

Шөмекей Сәмет батыр Назымұлы – (1744-1839).

Шөмекей «Тоқым тыққан» атанған Қоңыр Қыстаубай батыр Жиенәліұлы, кейбір деректе Жиенбайұлы дейді, Жиенәлі атасы екен – 18 ғ 2-ші жартысы 19 ғ 1-ші жартысы.

Алтын Барқы батыр Қобландыұлы – 18 ғ 2-ші жартысы 19 ғ 1-ші жартысы.

Алтын Науша батыр, би Барқыұлы – 18 ғ 2-ші жартысы 19 ғ 1-ші жартысы.

Кете Қарақисық батыр Қосұлы – (1798-1860).

Шөмекей Ақшолақ батыр Шопанұлы – 18 ғ 2-ші жартысында, 19 ғ 1-ші жартысында өмір сүрген.

Қарасақал Жауқашар батыр Шағырай батыр ұлы – 18 ғасырдың 2-ші жартысы 19 ғасырдың 1-ші жартысы.

Алтын Шобдар батыр Жақапұлы – 18 ғасырдың 2-ші жартысы, 19 ғасырдың 1-ші жартысы.

Шөмекей «Жолбарыс батыр» атанған Қашқынбай батыр Кемелұлы – (1789-1869).

Шөмекей Мырзабай батыр Жолай батыр, би ұлы (1765-1845).

Шөмекей Бәйтік батыр Баймембет батыр, елші ұлы – (1762-1841).

Алтын Уәлі би, батыр Итенұлы (1794-1882).

Шөмекей Тоғанас батыр, би Бәйтік батыр ұлы – (1813-1876).

Шөмекей Бодаш батыр Бәйтік батыр ұлы – (18-1910).

Алтын Өтеген батыр Жұрынұлы – 19 ғ.

Алтын Созақбай батыр Құрым бай ұлы – (1812-1894).

Шөмекей Қызылбас батыр, би Мүсірепұлы – 19 ғ.

Шөмекей Қалдан батыр, би Талқанбайұлы – (1819-1913).

Шөмекей Салмырза батыр, би Мырзабекұлы – 19 ғ.

Тегі белгісіз Мухаррам батыр – 19 ғ. Шөмекей Сопақ батыр Мырзабай батыр ұлы – 19 ғ.

Тегі белгісіз Көкі батыр – 19 ғ 1-ші жартысы. Кете Пірен батыр Тасымұлы – (1817-1888).

Шөмекей Қабылан батыр, би Қашқынбай батыр ұлы – 19 ғ 2-ші жартысы 20 ғ 1920 жылдарға дейін.

Кете Пірен батыр, би Ақкөбек батыр ұлы, шежіреде Мырзалыұлы яғни Ақкөбектің шөбересі. 19 ғ.

Алтын Кішкенбай батыр Мажығұлұлы – 19 ғ.

Алтын Медет батыр Құлты бай әрі әулие ұлы – (1814-1887). (Бейіті - Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында).

Шөмекей Пішан батыр, би Мұрат би ұлы – 19 ғ.

Шөмекей Жанай батыр, би Ережепұлы – (1828/30-1884/85).

Шөмекей Қожеке батыр Мырзабай батыр ұлы – (1814-1895).

Керейіт Манақ батыр, би Шерубайұлы – (1745/50-1810).

Кете Боранқұл батыр – (18..-1850).

Кете Қайықбай (Қайынбай) батыр – (18.?-1850).

Шөмекей Бабас батыр Серәліұлы - 19 ғ.

Шөмекей Қайрақ батыр – 19 ғ.

Кете Ойнар батыр – 19 ғ 2-ші жартысы 20 ғ 1-ші жартысы.

Шөмекей Жұбан батыр Қосқұлақ би ұлы – (1794-1868).

Шөмекей Дәрмен батыр Сарман батыр, би ұлы – 19 ғ.

Шөмекей Жантайлақ батыр – 19 ғ.

Шөмекей Айқозы батыр, би – 19 ғ.

Шөмекей Тамай батыр 19 ғ.

Кете Қозеке батыр – 19 ғ.

Шөмекей Сәрке батыр – 19 ғ. (Бейіті Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің қасында).

Арғын Шодыр батыр – 19 ғ.

Алтын Сүйінқара батыр Медет батыр ұлы – (1853-1927). Бейіті – Қармақшы ауданы, Қорқыт станциясының қасындағы Сүйінқара тоғайында.

Шөмекей Базар жырау, батыр Оңдасұлы - (1842-1911).

Төре Сауқым батыр, хан Бөлекей хан ұлы – 19 ғ.

Шөмекей Долда батыр – 19 ғ.

Шөмекей Әлібек батыр – 19 ғ.

Шөмекей Меңліқұл батыр – 19 ғ.

Шөмекей Арғынбай батыр Таңат би ұлы – (18-1856).

Керей Өтеп батыр – 19 ғ. Бейіті Қармақшы ауданында, Марал ишан әулиенің маңайында.

Төре Елікей атанған Ермұхаммед батыр, хан Қасым хан ұлы – (1810-1877). (Бейіті Қармақшы ауданында).

Шөмекей Тышқанбай батыр, бай Пұсырман бай ұлы – 18 ғ 2- ші жартысы, 19 ғ 1-ші жартысы.

Шөмекей Түбекбай батыр Нәзікұлы (1836-1902).

Шөмекей Қақымбай батыр – 19 ғ.

Төре Сәдірмек батыр Жантуұлы – 19 ғ.

Кете Қожық батыр Алтынбайұлы – 19 ғ.

Кете Қитар батыр – 19 ғ.

Шөмекей «Қарамерген» атанған Маябас батыр Сырлыбайұлы - (18-1905).

Шөмекей Қойытбай батыр Теңкеұлы. 19 ғ.

Шөмекей Майлыаяқ батыр. 19 ғ.

Шөмекей Баймұрат батыр Аралбайұлы. 19 ғ.

Шөмекей Сүғірәлі батыр. 19 ғ.

Шөмекей Қазанат батыр. 19 ғ.

Шөмекей Сауытбай батыр Қыстаубайұлы. 19 ғ.

Шөмекей Асан батыр – 19 ғ.

Шөмекей Шүйіншәлі батыр Мысағұлұлы – (1848-1930).

Шөмекей Талас батыр Көлденұлы – 19 ғ.

Алтын Айшуақ батыр Айбасұлы – 19 ғ.

Төре Арынғазы батыр, сұлтан, хан Әбілғазыұлы – (? - 1833). Бейіті – Ресей, Калугада.

Керей Марал ишан, батыр, әулие Құрманұлы – (1780-1853).

Төре Тілеу батыр Сәдірмек батыр ұлы – 19 ғ. (Бейіті – Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылына кіре-беріс жолдағы көне қорымда).

Шөмекей Меңей батыр Мәлібайұлы – (1814/16-18?). (Бейіті – Қармақшы ауданында).

Алтын Кәсбай батыр - 19 ғ. Шөмекей Құлыке батыр - 19 ғ.

Шөмекей Аққу палуан, батыр – 19 ғ.

Шөмекей Таңат батыр, палуан Кетебай батыр, би ұлы – (17?-1841). Кенесары хан Сауран бекінісін алатын кезде ерлікпен қаза болады.

Алтын Қожбан батыр, хан Жұбанұлы – (1870-1930).

Алтын Жұмағазы батыр, молда, хан Бәйімбетұлы – (1878/79/90-1931).

Шөмекей Пірмағамбет батыр, хан Лаубайұлы – 19 ғ 2-ші жартысы, 20 ғ 1-ші жартысы.

Шөмекей Ақмырза батыр, ахун Төсұлы – (1881-1930).

Керей «Тентек ишан» атанған Пірзада ишан, батыр Марал ишан, батыр ұлы – 19 ғ.

Сыр бойы қазақтарының азаттығы жолында ту көтерген ерен батырлар қосынында киелі Қазалы топырағынан шыққан көптеген елтұтқалар болды. Олардың қатарында тегі Кішкене Шекті Ақмырза батыр Нұрымбет батыр ұлы, Кішкене Шекті Жанқожа батыр Нұрымбет батыр ұлы, қаракесек Ақтан батыр Ақайұлы, мазы төртқара Байқазақ батыр Жолдасбай батыр ұлы, шобдар төртқара Тілеулі батыр Мырзатайұлы, қарасақал Дабыл батыр Бекше батыр ұлы, жақайым шекті Қызылбас батыр, палуан. Кішкене шекті «Сары тентек» атанған Сары батыр Шонайұлы, Кішкене шекті Төремұрат жырау-батыр Ешпенбетұлы, Кішкене шекті Бекарыстан батыр-би Амалдықұлы, Кішкене шекті Көпжасар батыр, төртқара Жарқынбай батыр, Кішкене шекті Әйімбет батыр, би Пұсырман би ұлы, Кішкене шекті Бекмырза батыр, хан Әлдиұлы, Кішкене шекті Бажақ батыр, Кішкене шекті Бердібай батыр Шабақұлы, Кішкене шекті Боранбай батыр Барақұлы, Кішкене шекті Сатыбалды батыр, «Солақай» атанған Үсен Кішкене шекті Ер Қосай батыр, Кішкене шекті Жауқашар батыр Нұрымбет батыр ұлы, керейітқожа Аманқожа батыр Әуменұлы, төре Бөрі сұлтан, батыр, Ізтілеу батыр Байжанұлы, Кішкене шекті Бекбауыл батыр Өтегенұлы, Кішкене шекті Құлбарақ батыр Бекбауыл батыр ұлы, Жақайым шекті Пірімжар батыр, Кішкене шекті Жұмабай батыр Бек батыр ұлы, Кішкене шекті Жолмырза батыр Ақмырза батыр ұлы, Кішкене шекті Қаржаубай батыр, төртқара «Теке» атанған Шаққөз батыр, Кішкене шекті Жолақ батыр, Кішкене шекті Тәңірберген батыр, төртқара Тәттібай батыр, төртқара Мырзалы батыр, төртқара Аққасын батыр, төртқара Беласар батыр, төртқара Басықара батыр Құрманұлы, Матай төртқара Үмбет батыр, би Әлімұлы т.б. с.с. сияқты көптеген айтулы батырлар көзсіз ерлік көрсетіп, елі үшін бастарын талай бәйгеге тіккен-ді.

Сырдария ауданынан шыққан батырлар: Жаппас Баймұрат батыр Байбөріұлы (1690-1759), жаппас Ақтайлақ батыр, Байтүгел батыр, Қара батыр, Алаң батыр, жаппас Мойнақ батыр, қожа Сейіт батыр – 18 ғ, жаппас Жаңғабыл батыр Төлегенұлы, керейіт Бидас батыр, алаша Түлкібай батыр Жаңатайұлы, керейіт Нысанбай батыр-жырау, қожа Нарбай батыр, жаппас Құрақ батыр – 19 ғ, және т.б.

Арал ауданынан шыққан батырлар: Шекті Айдарбек батыр Өрісұлы 17 ғ, шекті Тайғара батыр – (1713-1795), шекті Атығай батыр Жақсылықұлы – 17 ғ, шекті Ақшабай батыр – 17 ғ. шекті «Құттыбай» атанған Жансары батыр Құтымұлы – 17 ғ, шекті Сарыайғыр батыр-әулие Сатыбалдыұлы – 18 ғ. Шекті «Көп садақ» атанған Андақұл батыр Түйтеұлы – 18 ғ. шекті Сары батыр Түйтеұлы – 18 ғ. шекті Қылыш батыр – 18 ғ. шекті Жәнке батыр, би Құлым (Жаманкөз) ұлы- 18 ғ. Шекті Қарашолақ батыр Қорлыбайұлы – 18 ғ 2-ші жартысы 19 ғ 1-ші жартысы. Шекті Өтім батыр - 18 ғасырдың 2-ші жартысы, 19 ғасырдың 1-ші жартысы. Шекті Берден батыр - 18 ғасырдың 2-ші жартысы, 19 ғасырдың 1-ші жартысы. Шекті Бекмырза батыр, хан Әлдиұлы – (1812-1856). Шекті Сатыбалды батыр – 19 ғ. Шекті Төлеш батыр Бұқарұлы – (1788-1868). Шекті Ізбас батыр – 19ғ. Шекті «Аққұлақ» атанған Арыстанбай батыр – 19 ғ. Шекті Құл батыр - 18ғ, шекті Мыңбай батыр - 18 ғ, шекті Толыбай батыр Мыңбайұлы – 18 ғ2-ші жартысы, 19 ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген және т.б.

Жаңақорған ауданынан шыққан батырлар: Қоңырат Жаманбай батыр – 16 ғ., қоңырат «Құйысқансыз атанған» Қожамберді батыр Аманбайұлы -16 ғ2-ші жартысы, қоңырат Кейден батыр -16 ғ, қоңырат Назар батыр -18 ғ, қоңырат Айтбай батыр, Сырғақ батыр, Көкен батыр, Тәукебай батыр, құйысқансыз қоңырат Қашқынбай батыр, Жиде батыр-19 ғ, құйысқансыз қоңырат Алшынбай батыр-18 ғ, қожа «Бақсайыс» атанған Сайд Камалладин батыр- 16 ғ. қожа Төлек батыр – 18 ғ және т.б.

Шиелі ауданынан шыққан батырлар: Қыпшақ Малай батыр -18 ғ, қыпшақ Көкмұрын атанған Құдайменді батыр – 17 ғ. Қыпшақ Айдар қазы, батыр, Кеңбай батыр Жантоқайұлы , қыпшақ Басықара батыр Кеңбайұлы, қыпшақ Тұрғанбай батыр, қыпшақ Әжібай батыр, қыпшақ Тұрсынбай батыр, қыпшақ Жақап батыр, найман Татай батыр және т.б.

Жалағаш ауданынан шыққан батырлар: табын Сәрке батыр Өмірқұлұлы, табын Байтен батыр, табын Құнанбай батыр, табын Байқадам батыр, табын Шірен батыр, керейіт Меңлі батыр, емші, табын Сейіл батыр, табын Қайқы батыр, алаша Қодар батыр, табын Бұқарбай батыр және т.б. Бұл аталған батырлардың әр қайсысының елде өз орны бар.

Қазақта жақсы нақыл сөз бар «Тектіден текті туады тектілік тұқым қуады» деген. Бұл генеалогия ғылымында да расталып отыр. Бұрынғы қазақтар бекерден бекер айтпаған: «Жақсы ауылдын балалары бірін бірі батыр дейді деген». Ендігі уақытта Рухани жаңғыруымыздың арқасында бұл нақыл сөз мәңгілік болатынына сенеміз!

Сыр бойының батырлары Жанқожа батырдың бастауымен қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі 1841 жылы Созақ соғысына да қатысқан. Осы шайқаста қол бастаған талай батырлар қорғанға ене алмай тұрғанда, Кенесары хан кезекті Сыр бойынан келген Кіші жүздің батырларын бастап келген шекті Жанқожа батырға береді. Жанқожа батыр бастаған Сыр бойы батырлары Созақты басып алады. Қысқасы, тізе берсек Сыр бойы батырларының тегіндегі қайсарлықтың нышаны осы мақаламен жас буынға сусын болып қүйылуы керек. Енді осы Жанқожа батыр бастап келген Сыр бойының батырларын атап өтейік. Осы деректі растайтын құжат: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының №4 қордың №2333 ісінде Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Ладыжинскийге хорунжий Красноярцев жолдаған (1845 жыл, 22 қазан) рапортында ханға Қоқан бекіністерін алуға шөмекей, керей, кете, алтын және әлім руларының басты адамдары көмектескенін айтады. «Шөмекей руының батыры Тоғанас Бәйтіков, Дәрмен Сарманов, Қараш Тұғалан, сұлтан Сәдірмек, керей биі Жұбан және сұлтан Тоғым, алтын руынан Науша, Көшкінбай Мажығұлов, Уәли Итенов, әлімнен Жанқожа батырлар бастаған жасақтар негізгі күшке 16 қыркүйекте келіп қосылды», – деп жазған [Т. Дайрабай / Қысқа күнде қырық шапқан Тоғанас батыр туралы байлам // Түркістан – 19 қыркүйек 2013].

Сыр бойы батырларының атқарған қызметі, тарихи рөлі мен алар орнын жастарға айта беру керек, олардың санасына сіңіру керек. Біз келесі ұрпаққа патриот бол десек ол патриот болмайды ғой, оған батыр бабаларының ерліктерін, есімдерін таныстыру керек!

Енді Сыр бойы батырларының ішіндегі шоқтығы биік Текей батыр мен оның батыр болған ұрпақтарына тоқталайық. Текей батыр Қарпықұлы (1667-1752) қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде өмір сүрген. Тегі - Кіші жүз Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы – (Х). Текей батыр бейіті – қазіргі Онтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласыныңдағы Қ.А.Яссауи кесенесіндегі құлпытаста есімі кездеседі және қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев атындағы ауылдың «Кекірелі» - деп аталатын шалғай бөлімшесінен (бұрынғы Бестам қала) онтүстікке қарай 20 км жерде. (облыстық тарихи және мәдени ескерткіштер қоғамының 1992 жылғы 1 сәуірдегі №01/1992 қатынасы картасына №41мазар болып енген) яғни Сыр бойы батырларына тән Текей батырдың 2 мазары бар [Қазақ әдебиеті № 25, 18.06.99ж. 3б].

Текей батыр батырлар әулетінен шыққан, әкесі Асанұлы Қарпық батыр, әкесінің інісі Асанұлы Қарабазар батыр, Текейдің ағасы Құдайназар батыр заманында елін қорғаған айтулы ерлер болған. Осындай әулеттен шыққан Текей осал болмаған.

Осы аталған батырларды Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі» еңбегінде: - «Асаннан Киікші, Қарпық, Қарабазар, Жанбақтыдан Нұрымбет, Сары атқа шабар.» - деп жырласа, келесі жолында: - «Белгілі батыр екен Қарабазар, Көрмеген уақытында жаннан азар.» - деп жырлаған [Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб].

Текей әз Тәукенің бас сардары болған.Деректерге сүйенсек 1711 жылы Текей батыр Тәуке ханның бас сардары болып үлкен жеңістерге жеткен. Кейін Тәуке ханның өлімінен кейін Әбілқайыр ханның батыры, жақын сіріктерінің бірі болады. Текей батырды кезінде жау жағы «Тәуке батыр» деп те атаған. Текей батыр жауға шапқанда сыр мінез Ақбоз атымен шабады екен [М.Исаев. «Текей батыр» . Алматы. 1996ж, 5,6,53,58 бб].

Текей батыр туралы сыр бойының ақыны Шегебай Бектайұлы(1844-1916):

- ,,Енді бермен келейік.

Қарпықтың ұлы Текейге,

Аударған тауда балықтай,

Басын кесіп тулатып,

Айдаһарды жөндеген.

Уақытыңда тақымын,

Қалды ма жаны кермеген.» – деп жырлаған [Сыр сүлейлері. Қызылорда, Қызылордаполиграфия. 2003. 91 б ].

Текей батырды Сыр бойының шежіреші ақыны Сағынбай Әлиасқаров «Шежіре өлені» еңбегінде:

- «Қарпықтан Құдайназар, туды Текей,

Ерлер еді ел-халқының қамын жеген. ...

Текейден туылған еді Абақан, Ұлтай, Ақкөбек,

Шымырбай, Құтпамбет және Кеген.» - деп жырлаған [З. Қари. Келмембет батыр. Алматы. 1998ж, 136 б].

Бірде Текей батыр жонғарлардың тұтқынына түсіп қалғанда, оны босатуға ағасы Құдайназар батыр мен Кіші жүздің табын Бөкенбай батырының ықпалы зор болған. Текей батырдың қазіргі Қармақшы ауданы жерінде Ор деп аталатын қаласы болған. Ол Текей әулие мазарынан 5 км жерде. Тағы бір Текей батыр қырғыздың ханы Әлікенің қолын быт-шытын шығарып, ордасын ортасына түсіріп, Бөке атты сұлу қызын олжалайды – деген мәлімет кездеседі.

Текей батырдың алтын бесікті Ұлтай, Бөке сұлудан Абақан батыр, Ақкөбек батыр, Құтпенбет палуан туылады. Ал екінші әйелі жонғар қызынан Кеген батыр туады. Үшінші әйелінен – Шымырбай туылыпты. Текей батыр ақылгөй адам болған. Артында өлмейтіндей сөз қалдырған. «Ұлдары батыл, қыздары асыл елдің шегіне жау жетпес, ұлдары жасық, қыздары пасық елдің басынан дау кетпес» деген нақыл сөздері бізге жетіп отыр.

Текей батыр «Әке балаға сыншы» деген қағидамен балаларын шақырып алып өсиет айтыпты деседі. Сонда: Абақанға бірлікті, Ақкөбекке билікті, Құтмамбетке палуандықты, Шымырбайға байлықты, Кегенге батырлықты, Ұлтайға шанышқыны сыйлап, «несібеңді балық аулаудан тап» деген екен жарықтық..

Енді Текей батырдың ағасы Құдайназар батыр жайлы сөз қозғайын. Қарпықұлы Құдайназар – батыр, аталық. Тегі - Кіші жүз-Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Кетенің ұраны – Майлыбай . Таңбасы - (Х).

Құдайназар батыр қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде ХVІІ ғасырдың 2-жартысында, ХVІІІ ғасырдың 1-жартысында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті-белгісіз. Құдайназар батыр Тәуке ханның аталығы болған. Әз Тәукенің абырой-беделін арттыруда, қазақ халқының биік шоқтығын өзгелерге көрсетіп, танытқан. Құдайназар батыр Әз-Тәуке қайтыс болғаннан кейін, Әбілхайыр ханның кезінде де қазақ-орыс арасындағы бітімгершілік қызметті мінсіз атқарады.Кезінде орыс елшісі Тевкелевтің жазуларында да Құдайназар батырдың аты жазылған. 1731жылдың М.Тевкелевтің жазуында Құдайназар батыр жөніңде дерек бар [Б.Бабақұлы. //Ақиқат, 2,1993, 57-63 бб].

Ал 1732 жылдың 5-қаңтарында М.Тевкелевтің сыртқы істер алқасында жазған хатында «Құдайназар батыр бітімгершілік жолында бар күш-жігерін орыс патшасына бодан болудан ештене ұтпағанын біліп, Қызылдың қиясына бойлай еніп, Жаңадария бойын мекендеген» деп жазылған [М.Исаев. «Текей батыр» . Алматы. 1996ж, 5,6,53,58 бб]. Құдайназар батырдың Сойырғас деген баласы болады. Құдайназар батырды Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі» еңбегінде: - «Туғасын Құдайназар, Сойырғасын, Құдайым көрді деген көздің жасын. Сойырғастан Тоғызбай, Көбек, Алтай, Бәбекедей туыпты төрт жауқазын.» - деп көрсеткен [Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб]. Құдайназар бабасына ұқсап шөбересі Бәбекеұлы Құттыбай батыр болады. Құттыбай батыр Бәбекеұлы Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Құттыбай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында ХVІІІ ғасырдың 2-ші жартысында, ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз. Құттыбай батырды Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі» еңбегінде: - «Бәбекеден Қарқын, Дауыл, Мақат, Дәуіт, Ешкімнен өскен халық етпей қауып. Жәдігер қоңыраулы батыр Құттыбай бар, Үстіне қабат-қабат киген сауыт.» - деп жырлаған [Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб]. Құттыбай батырдың ұрпақтары туралы дерек жоқ. Құдайназар батырдың ұрпақтарынан белгілі кісілер шыққан. Батырдың неменесі Бекқожаұлы Бекмырза би, Бекмырзаұлы Тұңғышбай би, Тұңғышбайұлы Тайшық би (1870-1933) ата жолын қуып, елінде қадірменді кісілер болған.

Енді Текей батырдың баласы Ақкөбек батырдың ұрпағы Пірен жайлы сөз қозғайық. Ақкөбекұлы Пірен – батыр, би. ХVІІІ ғасыр. Тегі -Кіші жүз Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Кетенің ұраны- Майлыбай. Таңбасы - ( Х ) Пірен батыр - қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті - белгісіз. Пірен батыр Сыр бойының жаужүрек батыры, әрі биі болған. Пірен батыр текті батыр, бабалары Қарпық, Текей, Ақкөбек айбынды, әруақты батыр болған. Шежіреге қарасақ Пірен Мырзалы баласы болады, яғни Ақкөбектің шөбересі болып тұр. Ақкөбек – Бөтек – Мырзалы – Пірен туады [Т.Дайрабаев. Кете-Шөмекей шежіресі. Алматы. Жазушы. 1995ж. 26, 29 б.б].

Пірен батыр туралы Сыр сүлейі Шегебай ақын Бектасұлының (1844-1916) жырында:

- «Бекмырза, Пірен, Бекеттің». Моласының тұсынан Атпенен ешкім желмеген»-деп жырлаған екен [М.Исаев. «Текей батыр» . Алматы. 1996ж, 5,6,53,58 бб]. Пірен батыр жайлы Сыр бойлық ақиық ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов (1882-1939) жырында: -

«Пірен менен Малқара

– Топқа барса, төрге өткен.

Ағар, «тап ағыс өтті» деп,

Ықты қойып, өрге өткен» – деп жырлған екен [М.Байділдаев. М.Мағауин. Бес ғасыр жырлайды. 2 том. Алматы, Жазушы. 1989ж. 468 б].

Пірен батыр, бидің ұрпақтары жайлы дерек жоқ. Енді Текей батырдың інісі, кейбір деректе ұрпағы деп жазылатын Болат батыр жайлы сөз қозғайық. «Текейдің дәуі» Болат – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі - Кіші жүз Алшын – Қаракесек – Байсары – Кете – Қара аталығынан. Кетенің ұраны Майлыбай. Таңбасы - ( Х ). Болат батыр - қазіргі Қызылорда облысы, Қармашқы өңірінде өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында. Болат батыр Сыр бойының атақты батырларының бірі, текті әулеттен шыққан әруақты Текей батырдың немересі. Өзі ірі денелі, батыр тұлғалы, сұлу пішінді кісі болған. Болат батырдың Көкала аты болыпты. Батыр баба осы Көкала атымен жауға шапқанда оны Текейдің дәуі деп атаған екен. Деректерге сүйенсек Болат батыр жонғарлармен, Еділ қалмақтарымен соғыстарда талай ерлік көрсеткен. Бір күні Болат батыр мен Сәлтеке жау қолына түсіп қалады. Сәлтеке батыр зыңданнан қашып шығады. Ал Болат батыр зыңданда 3 (үш) жыл отырады. Батырдың өр тұлғасын көрген қалмақ ханы оған өзінің сұлу қызын қосып, артында мұрагер қалдырғысы келеді. Бірақ, Болат батыр көнбей, қалмақтың қызына шындығын айтып, елінде жанадан үйленген жас келіншегі барын, оның көзіне шөп салуға ары бармайтының айтып, өзін босатуды өтінеді. Қалмақ қызы Қойкелтір атқосшысы мен Болат батырдың имандылығына ырза болып қашырып жібереді. Еліне жеткен Болат батыр ауылына жақын тұрған төбенін үстінде отырып, көзімен сұлу келіншегін іздейді. Сол кезде қарны шермиіп, туарманға келіп жүрген сұлу келіншегін көріп, бармағын тістелеп отырып қалады. Сол күйінде төбе басында қайтыс болады. Атқосшысы Қойкелтір Болат батыр өлімін ауылына жеткізеді. Болаттың әкесі Абақан батыр Болат батырды ел болып арулап жерлейді. Ал Болат батырдың сұлу келіншегін имандылық жолынан аттаған үшін Қойкелтір атқосшыға қосады. Артынша дүниеге Қарабай атты бала дүниеге келеді. Осы Қарабай аталығы бүгінде 15 (он бес) шанырақтай болады [М.Исаев. «Текей батыр» . Алматы. 1996ж, 5,6,53,58 бб]. Болат батырды Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі » еңбегінде: - «Текейден Өтепберген, Кеген туды, Інісі Сары, Болат іле қуды. ....Қай кезде өсекке үйір надан ғана, Құрыса өтірік-өсек адам дана. Қарабай, Аткелтір деп қойыпты атын, Болаттан туғанында екі бала» - деп жырлаған [Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб]. Болат батырдың белгілі ұрпақтарының бірі Есенжол ақын болған. Енді Текей батырдың баласы Құтпенбет палуанның ұрпағы, шөбересі Жиенбайұлы Жанышбай батыр, шөпшегі Жанышбайұлы Едіге батыр туралы сөз қозғайық. Ескертіп кетейін, кейбір деректе Құтпенбет палуанды Текей батырдың інісі Сарының баласы дейді. Жиенбайұлы Жанышбай – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Жанышбай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз. Текейұлы Құтпенбет палуанның Есіркеп, Мүсіреп, Жиенбай деген балалары болған. Жиенбайдан Жанышбай, Байшуақ туылады. Байшуақтың немересі Тышқанбайұлы Жанқозы палуан болған. Жанышбай батыр Сыр бойын жаулардан қорғап атын шығарған есіл ер. Батыр бабамыздың Мырзағабыл, Едіге батыр, Нұрымбет, Қаракөт деген балалары болған. Осы кісілерді Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі» еңбегінде: - «Жанышбай батыр менен Едіге батыр, Өмірінше өткен жан қорғап елді.» - деп жырлаған [Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб]. Енді Текей батырдың шөпшегі Жаныщбайұлы Едіге батыр туралы сөз қозғайық. Жанышбайұлы Едіге – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Едіге батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті белгісіз. Едіге батыр туралы дерек аз болып отыр, ұрпағы жайлы дерек жоқ. Енді Текей батырдың баласы Ұлтай батырдың ұрпақтары жайлы айтайық. Ұлтайұлы Нәдірәлі – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Нәдірәлі батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз. Нәдірәлі батыр батыр әулетінен шыққан. Бабасы –Қарпық батыр, одан Текей батыр, одан Ұлтай батыр, одан Отаршы, Құрманәлі, Нәдірәлі батыр туып отыр. Батыр бабамыздың Көшбембет, Молдақара, Барақ деген балалары болған. Нәдірәлі батырдың немересі Барақұлы Жұбаныш батыр болған. Ұлтай батырдың шөбересі Өтебайұлы Бөрібай батыр болған. Өтебайұлы Бөрібай – батыр.ХVІІІ ғасыр. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан.

Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Бөрібай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз. Бөрібай батыр Текей батырдан былай тарқайды. Қарпық батыр-Текей батыр-Ұлтай батыр-Отаршы-Өтебай-Бөрібай батыр туылады. Бөрібайдың Малқар, Шалқар деген балалары болған. Малқардан Қылыбай, Қызбан, Тәукен, Есжан, Биман, Аймахан туады [Т.Дайрабаев. Кете-Шөмекей шежіресі. Алматы. Жазушы. 1995ж. 26, 29 б.б]. Енді Текей батырдың інісі Қарабазар батыр, оның немересі Өтепбергенұлы Итіке батыр туралы сөз қозғайық. Ескертіп кетейін, кейде Өтепбергенді Текейдің өзінің баласы деп айтылады, сонда Итіке батыр Текей батырдың немересі болғаны ғой.

Асанұлы Қарабазар – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара аталығынан шыққан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Қарабазар батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз. Қарабазар жайлы Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі» еңбегінде: - «Белгілі батыр екен Қарабазар, Көрмеген уақытында жаннан азар. Баласы төртеу: Бесен, Айдабол, Кәнісбек, Байбөріден болсын хабар.» - деп жырлаған [ Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб]. Қарабазар батырдың ұрпақтарынан да елін қорғап, батырлығымен аты шыққан ерлер шыққан. Өтепбергенұлы Итіке – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі-Кіші жүз Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қарабазар аталығынан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Итіке батыр - қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде ХVІІІ ғасырдың 1-ші жарытысында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті-белгісіз. Итіке батыр Сыр бойының айбынды батырларының бірі. Итіке батырдың ұрпақтары жөнінде мәлімет жоқ. Енді Қарабазар батырдың шөбересі Қанайұлы Айтуар батыр жөнінде сөз қозғайық. Қанайұлы Айтуар – батыр. ХVІІІ ғасыр. Тегі - Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара-Қарабазар аталығынан. Кетенің ұраны – Майлыбай. Таңбасы - (Х). Айтуар батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз. Айтуар батырды Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіреші» еңбегінде: - «Қанайдан туған екен ер Айтуар, Айтуардан Аманбай болыпты нар.» - деп жырлаған [Ә.Әлиасқаров. Қазақ шежіресі. Қызылорда. Принт, 2008ж, 115,118,121 бб]. Енді Қарабазар батырдың 8-ші ұрпағы Алтынбайұлы Қожық батыр жайлы айтайық. Алтынбайұлы Қожық – батыр. ХІ Х ғ. Тегі – Кіші жүз. Алшын-Қаракесек-Байсары-Кете-Қара-Қарабазар аталығынан. Қожық батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – белгісіз.

Осы аталған Текей батырдың әулетінен шыққан батырлардың есімдерін халық ұмытпауы керек. Тоқсан ауыздың тобықтай түйіні, Сыр бойы батырлары және Текей батыр – текті тұлғалар. Зерделеп қарасақ, Сыр бойы батырларының рухы өскелең ұрпаққа адалдықтың, Қазақ Еліне деген сүйіспеншіліктің, бірліктің, батырлықтың қасиетті ақ жолын мұра қылып қалдырды. Сыр бойы батырларын бүкіл қазақ еліне танымал тұлғалар деп айтуға толық негіз бар. Уақытында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қалтқысыз қамдай алмақ»- деген емес пе. Яғни, біз кейінгі ұрпақ қазақ деген намысшыл халық екенімізді биік ұстап, тарихымызды қастерлеп жүрсек, Текей батыр және Сыр бойы батырларының ұрпақтары екенімізді мақтан етіп жүреміз.

Бақытжан АХМЕТБЕК, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?