Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шегесіз тұрғызылған ағаш мешіт

2392
Шегесіз тұрғызылған ағаш мешіт - e-history.kz
Жаркент мешітін салдыруға Қытайдан арнайы ұста алдыртқан, ал әшекейлеуде шығыс халықтарына тән өрнектердің барлық түрін аңғаруға болады, мешіт кезінде Орта Азиядағы теңдессіз сәулет құрылысы болған

Жаркент қаласы 1882 жылы Ресей империясының оңтүстік-шығыс шекарасының белгіленуімен қатар, уезд орталығы болып құрылды. 1897 жылғы санақ мәліметі бойынша Жаркент уезінде 81 927 қазақ – 62,9%, 38 831 ұйғыр, дүнген – 29,8%, 9358 орыс, украин – 7,8% құрап тұрған.

Қаланың ыңғайлы сауда жолында орналасуы оның тез дамуына себеп болды. Саудагерлер дүкендер, кәсіпкерлер сыра зауытын, темекі фабрикасын, қыш және басқа да қолөнер шеберханаларын ашты.

1887 жылы қала мұсылмандарының жиынында халықтан жиналған қаржыға мешіт салу жөнінде шешім қабылданады. Мешітті салу жұмыстарын ұйымдастыру міндетін бірінші дәрежелі саудагер Уәли Ахун Юлдашев мойнына алып, оның ықпалды жағдайы озық құрылыс шеберлері мен тәжірибелі сәулетші Хон Пикті шақыруға мүмкіндік берді.

Жаркент мешіті 1887-1892 жылдары көпес Юлдашевтің қолдауымен халық қаржысына тұрғызылған. Өзінің сәулеттік құрылымы және әшекейленуі жағынан Іле сырты өлкесінің, қытай сәулет өнері тәсілдері мен Қазақстан және Орта Азияның құрылыс әдісімен салынған ғимарат. Құрамына: жұма мешітімен қатар кіші мешіт үйі, портал – бас қақпа, қосалқы қақпалар және дуал кірді. Сырт жағынан галерея арқылы 122 бағанаға тіреледі. Күрделі құрылыс алдын-ала бекітілген сызба жұмыстарынсыз орындалған. Ғимаратқа қажетті элементтер: бағана, аркалық бөрене, шатыр, тіреуіш, қабырға және оларды бояуда белгілі бір ережелер сақталған.

Әр түрлі ағаштан қиылған элементтерден – қарылар мен «ДОУ» және «ГУН» деп аталатын маңдайшаны қисайтып «Қайқы шатыр» етіп көрсететін үйлесімдерден тұратын үй төбесінің құрылымы өте қызғылықты. Шатырдың маңдайшасы ағаштан оюланып әртүрлі әшекейлермен безендірілген. Барлық ағаш үйлесімдеріне шеге пайдаланбаған. 

Мешіт пен оның қос қатарлы мұнарасын әшекейлеуге сурет пен сәндік өнерінің алуан түрлі үлгілері пайдаланылған. Өсімдік іспеттес және геометриялық өрнектерден кей жағдайларда аңдардың, құстардың, балықтардың бейнесін аңғаруға болады.

Қос қатарлы ағаш мұнара айналадағы табиғаттан алынған гүлдердің, жапырақтардың, аспан әлемі суреттерінің бай коллекциясымен безендірілген.

Сәулет ғимаратында қазақ, ұйғыр, дүнген, т.б. шығыс халықтарының ою-өрнектерінің нұсқаларын, арабескі стиліндегі әшекейлі жазудың тамаша үлгілерін кездестіруге болады.

Мешіттің құрылысы мен әшекейлендірілуін Хон Пик (Мұқан) басқарғанымен оған жергілікті ұсталар Хасен Иманов, Тайыр Ысмайылов, Насрет-дин Қары, Әбдіқадыр, Ұшырбақы,Зайнутдин т.б. қатысқан. Аңызға сенсек, Қытайдан арнайы алдыртқан сәулетші Хон Пикті еліне барған соң өлім жазасына кескен көрінеді. Себеп Қытай сәулеттік өнерін басқа елге рұқсатсыз таратқаны үшін.

Мешіттің ұзындығы 54,5 метр, ені 29 метр, биіктігі 22 метр. Толық жөндеуден өткен. Енді мешіт кешенін жеке-дара қарастырсақ.

Мінәжатхана. Алдыңғы жағындағы кішкене ауламен жалғасатын басқармасы бар, екі жағына көлбеу шатырша етіп жабылған жақын маңдағылардың мешіті міндетін атқарған төрт бұрышты ғимарат. Бұрын Батыс қабырғасында кішкене мақпұры болған. Мінәжатханада соғыстан кейінгі жылдары астық қоймасы орналасқан. Қайта жөндеудің нәтижесінде алдыңғы қалпына келтірілді.

Мешіт қоршауы. Мешіт ауласына қажетті элемент. Намаз оқушылардың бағытына қарай Батыс жағы қышпен қаланған, төбесі шатыр іспеттес болып келеді. Ал мешіттің солтүстік және оңтүстік жағындағы қоршау ағаш торкөздермен безендіріліп, түп жағы қышпен қаланған жапсарбаспен бекітілген. Қоршаудың қыш бағаналары шар іспетті және ойыңқы гүл тәрізді керамикалық бөлшектермен өрнектелген. Және бұл қоршауда алғашқы қалпына келтірілген.

Медресе. Бас қақпаның екі жағына жалғаса орналасқан 14 бөлмеден және шаруашылық жайларынан тұратын ғимарат. Оның терезелері көшеге, есіктері мешіт ауласына қараған, аласа ғана шатырмен жабылған. Көп жылдар бойы тұрғын үй есебінде, кинотеатр ретінде пайдаланғандықтан өз ерекшеліктерін жоғалтқан. Бірақ қайта жөндеу нәтижесінде бұрынғы қалпына келтірілген.

Медресе үйі экспозициялық және жұмыс бөлмелеріне ылайықтандырылды. Дуалдың солтүстік және оңтүстік жақтарының жоғарғы бөліктері тор шарбақтармен ауыстырылды. Стилобат – биік аула толық қалпына келтірілді.

Жұма мешіттің сыртқы тұлғасы бір қарағанда қоршаған ортамен үндесіп, биік жұмыр бағаналарымен және қия тіреуіштер арқылы бір-бірімен, тұтасып біріктірілген. Мұнара пагоданың тісті ұшар бастары, еңіс ұштары сыртқа қайырылған шатыры жапон-қытай ғимараттарына тән ерекшеліктерді қайталаса, жергілікті халық шеберлерінің туындысы ішкі бай мазмұнымен Орта Азия мен Қазақстан сәулет өнерінде озық үлгіге жатқызылады.

Өзіндік ерекшелігімен дараланып көрінетін бөліктің бірі бас қақпа – портал. Порталдың идеялық, көркемдік жағынан атқаратын қызметі – көрнекілік және асқақ әсер беру. Бұл әдетте құрылыстың өзге бөліктерімен салыстырғанда оның көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асырылады. Порталдың биіктігі – 19 метр.

Жаркент мешіті шатырының құрылымы да ерекше. Ол қабырғалардан аркалық бөренелер мен «Дау» және «Гун» деп аталатын ерекше тіреуіштерден тұратын ернеулердің құрылымдық сәндік жүйесі арқылы бөлінеді. Шатырдың жалпы бүгілген бағыты қажетті қайқылыққа жету мақсатында белгілі қашықтықта орналастырылған қиылысу жүйесіне байланысты. Мұндай заңдылық қаланы қайқы «Қалқыма шатыр» пішініне келтіруді қамтамасыз етті. Шатыр ернеулері ойма әдісімен түрлі қанық бояулармен көркемделген өсімдік тектес өрнектер арасына аңдар, құстар, балық бейнелері енгізілген. Ғимарат тұлғасын мәнді етіп көрсету үшін жұма мешітімен бас қақпаны екі қабатты мұнара-пагодамен толықтырған.

Негізгі бөлік жұма мешітінің үйі-аула платформаның ортасында тұрғызылып, айналасы тас тұғырларға орнатылып, сыртынан бірнеше қабат кенеп матамен оралып, гипспен жұқа сыланып, қоңыр түспен боялған 52 бағаналармен төңіректелген. Үйдің қаңқасы өзара біліктер мен діңгектер арқылы жалғастырылған 122 бағаналардан тұрады.

1918 жылы Жаркент өңірінде Совет үкіметі орнады. Совет үкіметінің алғашқы жылдары діни-нанымға көзқарастың өзгеруіне байланысты діни мекемелер жабыла бастады, соның қатарында Жаркент мешіті де бар.

1918 жылдан 1948 жылға дейін ғимарат түрлі мақсаттарға: жұма мешіті – әскери жатақхана, астық қоймасы. Медресе бөлмелері – кинотеатр, пәтер ретінде пайдаланылды. Нәтижесінде ғимарат өзінің бұрынғы қалпын жоғалтып бүлінді.

1948-1949 жылдары ССРО Сәулет құрылыс академиясының Қазақ филиалы республика көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтау, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Жаркент мешіті тарихи-мәдени ескерткіш деп танылып мемлекет қарауына алынды.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарын 1967-1978 жылдары республикалық бірлестік «Казреставрация» мамандары жүргізді.

Ғимаратты қайта қалпына келтіру барысында екі қағида ескерілді: а) алғашқы қалпына келтіру, б) ғимаратты мұражай ретінде пайдалануға лайықтау. Жұмыс барысында кіші мешіт үйі толық қалпына келтірілді, порталға алғашқы кейпі берілді: сәнді мұнаралар, күмбез төбелері, мұнараға шығатын қуыстағы баспалдақ, дәрісханадағы сәнді суретті текше қайта жасалынды.

Міне, сол Жаркент мешіті күні бүгінге дейін еліміз бен шетел саяхатшыларының таңдана тамашалайтын бірден-бір көрікті тарихи-мәдени орындарының бірі болып отыр.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?