Қазақ телевизиясының қалыптасуы және даму сатылары

60
Материалға сурет: Қазақ телевизиясының қалыптасуы және даму сатылары

ХХ ғасырда адамзаттың дүниені қабылдау тәсілін түбегейлі өзгерткен ұлы техникалық әрі мәдени құбылыстардың бірі – телевизия. Ол алыстағы оқиғаны жақындатып қана қоймай, адамның көру, есту, ойлау және қоғамдық қарым-қатынас мүмкіндіктерін жаңа арнаға бұрды. Алғашында ақпарат жеткізудің техникалық құралы ретінде дүниеге келген телевизия уақыт өте келе кино, театр, радио, әдебиет, музыка, журналистика және бейнелеу өнерінің мүмкіндіктерін тоғыстырған синтетикалық өнерге айналды. Телевизияның қалыптасуы мен дамуын зерттеу осы тұрғыдан алғанда маңызды. Өйткені ол ұлттық мәдениетті насихаттаудың, қоғамдық пікір қалыптастырудың, тарихи жадты сақтаудың және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің қуатты құралы болды. Әлеуметтанушылардың зерттеулерінде қазіргі адамның теледидармен тығыз байланыста өмір сүретіні жиі айтылады. Демек, бұл құбылысты тану, оның мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану және қоғамдық-мәдени қызметін саралау  – бүгінгі күннің де өзекті мәселелерінің бірі.

Қазақ телевизиясының алғашқы кезеңі  

Қазақ телевизиясының алғашқы кезеңінде негізгі міндет ақпарат тарату, кино мен театр туындыларын көрерменге жеткізу болды. Теледидардың техникалық мүмкіндігі арқылы бұрын тек кинотеатрдан немесе сахнадан көрінетін шығармалар енді әр үйге ене бастады. Алайда телевизияның табиғаты дайын туындыларды көрсетуімен ғана шектелмеді. Көп ұзамай оның өзіне тән бейнелеу тәсілдері, жанрлары мен шығармашылық ізденістері қалыптасты.

Жіңішке және жалпақ кинотаспаларға түсірілген тележаңалықтар, жылжымалы телестанциялар арқылы оқиға ортасынан жүргізілген репортаждар, студия ішінде қойылған әртүрлі жанрдағы телетуындылар – осы алғашқы ізденістердің көрінісі еді. Олар телевизия оқиғаны тікелей көрсетіп, көрерменді сол сәттің куәсіне айналдыратын ерекше өнер екенін танытты.

Уақыт өте келе алғашқы телеспектакльдер мен телефильмдер дүниеге келді. Балалар мен жастарға арналған хабарлар, оқу-ағартушылық бағдарламалар, қоғамдық өмірдің, ауыл шаруашылығының, өндірістің, ғылым мен өнердің, әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайтын шығармалар эфирден көріне бастады. Телевизия қоғамның әр саласын қамтитын кең ауқымды ақпараттық әрі мәдени кеңістікке айналды.

Бұл кезеңде сәтті шыққан туындылар да, көркемдік тұрғыдан әлсіз болғандары да кездесті. Бірақ олардың барлығы телевизияның тәжірибе жинақтауына, өзіндік тілін қалыптастыруына ықпал етті.

Шығармашылық мектептің қалыптасуы

Қазақ телевизиясының алғашқы онжылдығы шығармашылық кадрлардың қалыптасуымен ерекшеленді. Телевизия табиғатын терең түсінген жаңа топтар мен жеке дарындар өсіп жетілді. Бұған дейін газетте, радиода немесе театрда еңбек еткен мамандар жаңа медианың талабына бейімделіп, оның дамуына елеулі үлес қосты.

Сонымен бірге телевизияның өз ортасында тәрбиеленген жас журналистер, режиссерлер, тележүргізушілер мен телеоператорлар да қатарға қосылды. Олар жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, қазақ телевизиясының өзіндік шығармашылық мектебін қалыптастырды.

Телевизиядағы мамандықтардың әрқайсысы экрандық туындының жасалуына өзіндік үлес қосады. Журналист оқиғаның мазмұнын ашады, режиссер оның көркемдік шешімін табады, оператор бейнелік тұтастықты қалыптастырады, жүргізуші ақпаратты көрерменге жеткізеді. Осы мамандардың бірлескен еңбегі нәтижесінде телевизияның өзіндік тілі мен стилі орнықты.

Қазақ телевизиясы әр кезеңде түрлі құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты шығармашылық топтардың жемісті еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау еді. Әсіресе алпысыншы-жетпісінші жылдардағы шығармашылық бірлестіктердің құрылуы мен бас редакциялардың ұйымдастырылуы телевизияның жан-жақты дамуына ықпал етті.

Сол кезеңдегі шығармашылық бірлестіктердің қатарында «Шұғыла», «Құрдастар», «Ровесники» сияқты топтар болды. Олар әртүрлі аудиторияға бағытталған хабарлар әзірлеп, телевизияның жанрлық мүмкіндіктерін кеңейтті. Қазақ телевизиясының қалыптасуына басшылық қызметте болған К. Шалабаев, К. Үсебаев, Х. Хасенов, К. Смайылов сияқты қайраткерлер де зор үлес қосты.

Ұлттық мазмұнның экранға шығуы

Қазақ телевизиясының дамуындағы маңызды ерекшеліктің бірі –  ұлттық тақырыптардың біртіндеп кең өріс алуы. Телевизия тек ақпарат таратып қана қоймай, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, өнерін, әдебиетін, ауыл өмірін және қоғамдық мәселелерін экран арқылы көрсете бастады.

Осы кезеңде көп сериялы телеспектакльдер, деректі телефильмдер, авторлық бағдарламалар, балалар мен жастарға арналған ұлттық бояуы қанық хабарлар дүниеге келді. «Қымызхана» сияқты көп сериялы телеспектакльдер, «Қазақтелефильм» әзірлеген деректі туындылар, «Сұхбат» тәрізді авторлық бағдарламалар қазақ телевизиясының шығармашылық мүмкіндігін танытты.

Балалар мен жастарға арналған «Алтыбақан», «Айгөлек» хабарлары ұлттық мәдениеттің экрандағы көрінісін кеңейтті. Ауыл шаруашылығына арналған «Ақ бидай», өндіріс тақырыбын қозғайтын «Операция «Ритм» сияқты бағдарламалар қоғамның әртүрлі саласын қамтыды. Мұндай туындылар телевизияның тек ойын-сауық құралы емес, қоғамдық ой мен мәдениеттің маңызды алаңы екенін көрсетті.

Ұлттық мазмұнның қалыптасуы әсіресе әдебиет пен өнерге арналған хабарлардан анық байқалды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, өнер адамдары, ауыл еңбеккерлері, ғылым мен өндіріс мамандары экран арқылы кең аудиторияға таныстырылды. 

Қазақ телевизиясының одақтық кеңістікке шығуы

Қазақ телевизиясы әзірлеген шығармалардың Бүкілодақтық көрермендерге жетуі оның шығармашылық деңгейінің өскенін көрсетті. Бұл үдеріс әсіресе жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдары кең өріс алды. Қазақ телевизиясының туындылары басқа республикаларда көрсетіліп, шығармашылық топтар арасында тәжірибе алмасу мүмкіндігі артты.

«Алатау» арнасын Қытайдағы қандастарымыздың қызыға көруі, «Қазақтелефильмнің» деректі туындыларының көптеген елдерге таралуы  қазақ телевизиясының ұлттық шеңберден шығып, халықаралық мәдени кеңістікке ене бастағанын аңғартатын маңызды құбылыстар.

Сол жылдары Қазақ телевизиясының фестивальдары Одақтас республикалар мен Ресей қалаларында өткізілді. Мұндай шаралар шығармашылық ұжымдардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа көркемдік тәсілдерді меңгеруіне және кәсіби тұрғыдан толысуына жол ашты.

Телевизияның даму тарихында фестивальдер мен шығармашылық байқаулардың орны ерекше. Олар тек үздік туындыларды анықтап қана қоймай, мамандардың кәсіби ізденісін ынталандырды. Қазақ телевизиясының шығармалары осындай ортада бағаланып, оның өзіндік қолтаңбасы қалыптасты.

Телевизия тұлғалары және шығармашылық сабақтастық

Қазақ телевизиясында әр кезеңде жүздеген маман еңбек етті. Олардың әрқайсысының кәсіби орны болғанымен, телевизияның бет-бейнесін айқындаған алғашқы буын өкілдерінің еңбегі айрықша.

Олардың қатарында С. Шәріпов, Ш. Агишева, С. Масғұтов, Е. Сацук, Ә. Дүйімбаев, Ф. Бегенбаева, Т. Қаймолдинов сияқты мамандар аталады. Бұл тұлғалар қазақ телевизиясының алғашқы шығармашылық дәстүрлерін қалыптастырып, кейінгі буынға кәсіби бағыт-бағдар берді.

Одан кейін телевизияға жаңа толқын жастар келіп қосылды. Олардың еңбектерінен тың ізденіс, соны серпін байқалды. Жаңа буынның келуі телевизияның тоқырап қалмай, заман талабына сай жаңарып отыруына мүмкіндік берді

Телевизиядағы шығармашылық сабақтастық осылай қалыптасты: алғашқы мамандар тәжірибе жинақтады, кейінгі буын сол тәжірибені дамытты, ал жаңа ұрпақ оны заманның өзгерген талаптарына бейімдеді. Бұл қазақ телевизиясының тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі.

Телевизия және қазақ тілінің қоғамдық қызметі

Қазақ телевизиясының тарихын тіл мәселесінен бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені телевизия –  қазақ тілінің қоғамдық қолданысын кеңейтетін, әдеби тіл нормаларын қалыптастыратын және ұлттық сөз мәдениетін насихаттайтын маңызды құрал.

Кез келген ұлттың тілдік жағдайы мен қоғамдық өзгерістері оның бұқаралық ақпарат құралдарынан көрініс табады. Телехабарлар тілі — көпшілік көрерменге бағытталған, ауызша әдеби сөйлеу нормаларына негізделген тілдік жүйе. Ол әрі ақпарат жеткізеді, әрі көрерменнің ой-санасына әсер етеді.

Академик Мұхтар Әуезов тілдің үнемі даму үстінде болатынын атап көрсеткен: «Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа терминдер туып жатады, бұл табиғи процесс. Солардың шала туғандары өліп, мезгілін біліп туғандары қанаттанып, азаматтық сөздер қатарына қосылады. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен де кедей де кем де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты».

Бұл пікір телевизия тіліне де тікелей қатысты. Өйткені телехабарлар қоғамдық өзгерістерге байланысты жаңа сөздер мен терминдердің қалыптасуына ықпал етеді. Телевизияда қолданылған сөздер көпшілікке тез таралып, күнделікті қарым-қатынасқа еніп отырады.

Телехабарлар тілі және сөйлеу мәдениеті

Қазақ тіл білімінде бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне қатысты бірқатар зерттеулер жүргізілген. Соның ішінде баспасөз, радио және телехабарлар тілінің стильдік ерекшеліктері, сөз қолдану заңдылықтары, тіл мәдениеті мен сөйлеу нормалары зерттеліп келеді.

Телехабарлар тілін жүйелі зерттеудің маңызды бағыттарының бірі академик М. Серғалиевтің еңбектерімен байланысты. Ғалым 1994 жылы «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» сияқты басылымдарда жарияланған «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар»«Ой мен сөздің жарасымы немесе телехабарлар тіліндегі кейбір кемшіліктер туралы»«Радио және телехабарлар тілі туралы» атты мақалаларында телехабарлар тілінің ерекшеліктері мен кемшіліктерін талдады.

Кейін бұл бағыттағы зерттеулер 1999 жылы жарық көрген «Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі» жинағындағы «Хабар бағдарламасының стилі мен тілі туралы»мақаламен толықты. Ал 2004 жылы ғалым М. Балақаевпен бірлесіп шығарған «Қазақ тілінің мәдениеті» атты оқулықта қазақ тілінің бұқаралық ақпарат құралдарындағы қолданысы, тіл мәдениеті, сөздің эстетикалық және этикалық қызметі, сөз қолдану заңдылықтары қарастырылды.

Бұл еңбектердің маңызы – телехабарлар тілін жай ғана ақпарат жеткізудің құралы ретінде емес, әдеби тілдің қолданыс аясы мен сөз мәдениетінің маңызды саласы ретінде қарастыруында.

Журналистің сөйлеу мәнері және эфир мәдениеті

Телехабарлар тілінің сапасы ең алдымен ақпарат жеткізуші журналистің сөйлеу мәнерінен көрінеді. Журналист мәтінді дұрыс оқып қана қоймай, оның мағынасын, эмоционалдық реңкін және логикалық құрылымын көрерменге жеткізе білуі қажет.

Жазба мәтіндегі тыныс белгілері ауызша сөйлеуде интонация арқылы беріледі. Үтір, нүкте, қос нүкте, нүктелі үтір, сұрақ белгісі мен леп белгісі мәтіннің мағыналық құрылымын айқындаса, ауызша сөйлеуде бұл қызметті дауыс ырғағы, кідіріс, екпін және әуезділік атқарады.

Журналистің сөйлеу мәнеріне логикалық екпін, темп, негізгі тон, пауза, мелодика, ритм сияқты интонациялық компоненттер әсер етеді. Бұл элементтер дұрыс қолданылған жағдайда ақпарат көрерменге түсінікті әрі әсерлі жетеді. Ал олардың орынсыз қолданылуы мәтіннің мағынасын бұзып, қабылдауды қиындатуы мүмкін.

М. Балақаев тіл мәдениетінің мәнін былай түсіндіреді: «Тіл мәдениеті дегеніміз –сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар ойлылық, сөзді дәл айту шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық, сауаттылық» [4,35].

Бұл пікір тележурналистің кәсіби қызметіне де қатысты. Эфирдегі сөйлеу — көпшілік алдында жүзеге асатын тілдік қатынас. Сондықтан журналистің сөзі анық, сауатты, түсінікті және әдеби тіл нормасына сай болуы тиіс.

Орфоэпия және эфирдегі әдеби тіл нормасы

М. Серғалиев тележурналистердің ауызша сөйлеуіндегі дауыс мәнеріне ерекше назар аударған. Ғалымның пікірінше, журналист ақпарат беруде көрерменнің тыңдауға және қабылдауға деген ынтасын арттыра білуі қажет. Бұл үшін акустикалық және артикуляциялық қабылдау ерекшеліктерін ескеру маңызды.

Ғалым орфография мен орфоэпия нормаларын сақтауды сауатты жазу мен дұрыс сөйлеу мәдениетінің көрінісі ретінде бағалайды. Оның пікірінше, көпшілік алдында ақпарат беруде қалыптасқан тілдік жүйе мен әдеби норма негізгі принцип болуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда тележурналистің сөйлеуі күнделікті ауызекі тілден ерекшеленеді. Ол табиғи әрі түсінікті болғанымен, әдеби тіл нормасынан ауытқымауы керек. Сөздердің дұрыс айтылуы, екпіннің орынды қойылуы, жер-су атаулары мен кісі есімдерінің әдеби нормаға сай дыбысталуы  эфир мәдениетінің маңызды талаптары.

М. Серғалиев радио мен теледикторларға, комментаторларға және жалпы эфир арқылы ақпарат берушілерге арналған орфоэпиялық сөздік жасау қажеттігін де атап көрсеткен:

«Радио мен теледикторларға, коментаторларға, жалпы эфир арқылы ақпарат берушілерге арналған орфоэпиялық сөздік жасаудың кезі келді. Ондай сөздікті бір немесе екі автордың құрастыруы, тіптен жеткіліксіз, өйткені мұндай сөздік қазақ сөздерін түгел қамтымаса да, басым көпшілігін жинауға тиіс; оның үстіне жаңадан пайда болып жатқан сөздердің енгізілуі жөн; мыңдаған жер-су атаулары, ел, мемлекет аттары сөздіктен сырт қалмағаны жөн» [5,16].

Бұл ұсыныс қазақ телевизиясының тілдік мәдениетін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірін көрсетеді. Өйткені эфирдегі сөздің дұрыстығы – ақпараттың мазмұны сияқты маңызды. Телевизия көрерменге тек хабар жеткізбейді, сонымен бірге сөйлеу үлгісін де ұсынады.

Қазақ телевизиясының тарихи-мәдени маңызы

Қазақ телевизиясының қалыптасуы мен дамуы бірнеше маңызды үдерісті қатар қамтыды. Біріншіден, ол техникалық жаңалықты шығармашылық өнерге айналдырды. Екіншіден, ұлттық мәдениеттің кең аудиторияға таралуына мүмкіндік берді. Үшіншіден, қазақ тілінің қоғамдық қолданысын кеңейтіп, әдеби тіл нормаларын қалыптастыруға ықпал етті.

Телевизияның даму тарихы арқылы қазақ қоғамының мәдени өзгерістерін де байқауға болады. Алғашқы кезеңдегі ақпараттық хабарлардан бастап, кейінгі жылдардағы телеспектакльдерге, деректі фильмдерге, авторлық бағдарламаларға және балалар мен жастар хабарларына дейінгі шығармашылық жол – ұлттық телевизияның біртіндеп кәсіби әрі көркемдік тұрғыдан жетілгенін көрсетеді.

Қазақ телевизиясы қалыптасқан алғашқы жылдардан бастап қоғамның түрлі саласын қамтып, ұлттық мәдениеттің маңызды институтына айналды. Оның экрандағы туындылары халықтың тарихи жадын сақтауға, ұлттық өнерді насихаттауға, қоғамдық мәселелерді талқылауға және тіл мәдениетін дамытуға қызмет етті.

Сондықтан қазақ телевизиясының тарихын зерттеу – өткеннің техникалық жетістіктерін ғана саралау емес. Бұл  ұлттық мәдениеттің экран арқылы қалай қалыптасқанын, қазақ тілінің бұқаралық ақпарат құралдарында қалай дамығанын және телевизияның қоғамдық санаға қандай ықпал жасағанын түсінудің маңызды жолы.

Қазақ телевизиясы бүгінгі таңда да жаңарып, жаңа технологиялармен толығып келеді. Бірақ оның тарихи негізі – алғашқы шығармашылық ізденістерде, ұлттық мазмұнды туындыларда, кәсіби мамандардың еңбегінде және қазақ тілінің әдеби нормасын сақтауға деген ұмтылыста жатыр. Осы сабақтастық қазақ телевизиясының мәдени маңызын айқындайтын басты құндылықтардың бірі болып қала береді.