«Тұрағұлдың шын аты – Тұғырыл» - зерттеуші
Ескі түрікшеден аударғанда «сұңқар» деген мағына береді. Бір емес, бірнеше жерде солай көрсетілген.
Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері әлі де қате басылып келеді. Бұл туралы белгілі зерттеуші Бақтияр Бөтеев айтты, деп хабарлайды e-history.kz порталы.
«Тұрағұл мен Мүрсейіт қолжазбаларын салыстыру барысында екі жүзге жуық қате таптық. Негізінен Абайдың Қара сөздеріне қатысты.
Менің ойымша, біздің жазу мәдениетіміз үлкен трагедия ғой, ХХ ғасыр басында ғасырлар бойғы жазу дәстүрімізден тайдырып, латынға көштік. Кейін кириллицаға көштік. Бұл үлкен трагедия болды. Мәселенің бәрі осыдан басталды. Қара сөздердің реттік саны бойынша төртінші сөз, бірақ Тұрағұл нұсқасында екінші сөз. Былай басталады: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғапыл көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын...» Бүкіл жинақта осылай жазылған. Мына жерде көзге түсетіні – мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғыны. Көзіңізге мас адам елестейді, мылжыңдығы, оның сөзінен бас ауырады. Алайда Тұрағұл атамыздың нұсқасында бұл «сөйлеген» сөзі «айыққан» деп берілген. Яғни «Әрбір байқаған адам білсе керек, күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғапыл көп өтетұғынын, әрбір мастың айыққан кезінде бас ауыртатұғынын...» деп берілген. Яғни Абай атамыз мүлдем басқа дүниені айтқысы келген. Адам күлкіден айыққанда бас ауырады, ақыл кіреді, есейеді...
Көшіру кезінде осындай қателіктер кетті. Мәселен, сол «айыққан» мен «айтқан» секілді үйлеспейтін сөздер сол кезде кетті. Төтешеден латынға, латыннан кириллицаға көшірілгенде өзгеріп кетті. Ол кейін редактураға келеді. Ол жерде: «Ой, мынау айтқан емес, сөйлеген» деп өзгертіп жібереді. Қателіктер, адасулар осылай болды. Қызығы, Мұхтар Әуезовтің 1933 жылы Қызылордада шыққан басылымында «айыққан» деп көрсетіліпті.
Мұндай қателіктер өлеңдеріне де қатысты. Мәселен, Абайдың «Бай сейілді» деген өлеңіндегі «сейілу» сөзі «звереет» деп аударылған. Екінші аудармада «Гуляет бай» деп жүр. Бірақ бұл жерде «сейілу» мен «сейіл құру» сөзін ажырата алмаған.
Бақытымызға қарай, Тұрағұл атамыздың қолжазбасы жетіп отыр. Өзім орыстілді адаммын. Соның өзінде екі жүзге жуық қате таптым», – дейді зерттеуші «Қазақстан тарихы» порталына берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол Тұрағұлдың атына қатысты қызық ақпаратпен бөлісті. Айтуынша, Тұрағұлдың шын аты – Тұғырыл. Қолжазбада солай жазылған. Ескі түрікшеден аударғанда «сұңқар» деген мағына береді. Бір емес, бірнеше жерде солай көрсетілген. Тек бір жерде «Тұра ұл» делінген. Сол секілді «Қара сөз» атауының өзі қателік екенін айтады. Абайша айтқанда – Ғақлия. Ол қазақшаға аударылғанда «Ақыл сөздері», «Ақыл жолы» болады. Зерттеуші өзінің түрік тілінде жарық көрген Абайдың қара сөздерін «Ақыл жолы» деп шығарған.
Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар: