Бөкей ордасына сапар: Сейітқали Меңдешевтің мемориалдық музейі

Автор:
95
Материалға сурет: Бөкей ордасына сапар: Сейітқали Меңдешевтің мемориалдық музейі

Бөкей ордасына сапарымызды Хан ордасындағы тағы бір тарихи нысан – мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевтің мемориалдық музейімен жалғастырамыз.

*  Сейітқали Меңдешев музей-үйі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар 

Сейітқали Меңдешев 1882 жылы бұрынғы Ішкі Орда аумағындағы Қалмақ-Шағылда дүниеге келген. Ол – ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқан, кейін Қазақ автономиясының жоғары мемлекеттік билік органдарын басқарған қайраткер. 

1903 жылы Қазан мұғалімдер семинариясын тәмамдағаннан кейін туған өлкесіне оралып, 13 жыл бойы Бөкей даласында мұғалім болып еңбек етті. Ұстаздықпен қатар қоғамдық-ағартушылық жұмысқа араласып, Бөкей ордасындағы зиялы қауым өкілдерімен байланыс орнатты. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде Меңдешев патша үкіметінің қазақтарды тыл жұмысына алу жөніндегі жарлығына қарсы әрекеттерге қатысты. Осы оқиғаларға байланысты ол тұтқындалып, Астрахан түрмесіне қамалды. Кейін қайраткер 1916 жылғы оқиғалар туралы өз естелігін де жазып қалдырды. Оның «Мои личные воспоминания о мобилизации казахского населения на тыловые работы в империалистическую войну в 1916 г.» атты еңбегі 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Сейітқали Меңдешев Бөкей ордасындағы саяси жұмыстарға белсене араласты. 1918 жылы Кеңестердің Бөкей губерниялық съезінде губерниялық атқару комитетінің мүшесі, ал 1919 жылы осы комитеттің төрағасы болып сайланды. Сол жылы Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің – Қазревкомның құрамына кірді. Зерттеуші Сәбит Шілдебайдың архив құжаттарына негізделген еңбегінде Меңдешевтің осы кезеңдегі қызметі қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру үдерісімен тікелей байланысты қарастырылады. Оның саяси жолындағы ең маңызды кезең 1920 жылы басталды. 1920 жылғы қазанда Орынборда өткен Қазақ автономиясының Құрылтай съезінде республиканың Орталық Атқару Комитеті құрылып, оның төрағалығына Сейітқали Меңдешев сайланды. Осылайша ол Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы атанды. Бұл қызметті 1920–1925 жылдары атқарып, төрт рет қатарынан ҚазОАК төрағасы болып сайланған. Меңдешев басшылық қызмет атқарған уақыт Қазақстан үшін аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Азамат соғысынан кейінгі шаруашылық күйзелісі, 1921–1922 жылдардағы аштық, жаңа мемлекеттік аппарат құру, жер мәселесі және республика аумағын айқындау секілді ірі мәселелер күн тәртібінде тұрды. Сейітқали Меңдешев аштықпен күрес жөніндегі комиссия жұмысына жетекшілік етіп, 1924 жылы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу жұмыстарына да қатысты. ҚР Орталық мемлекеттік архивінің деректерінде оның қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіруге, мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға, ағарту мен ғылымды дамытуға үлес қосқаны атап көрсетіледі. 1925 жылы ҚазОАК төрағасы қызметінен кеткеннен кейін Қазақстан тұтынушылар одағын басқарды. 1926–1930 жылдары Мәскеуде РКФСР Экономикалық кеңесінің мүшесі болды. 1930 жылдардың басында Қазақстанға оралып, халық ағарту саласында, кейін Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы ғылым жөніндегі комитетте қызмет атқарды. Өмірінің соңғы кезеңінде қорықтар мен тарихи ескерткіштерді қорғау басқармасын басқарған. Алайда сталиндік саяси қуғын-сүргін Сейітқали Меңдешевті де айналып өтпеді. Ол 1937 жылғы 24 қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылғы 25 ақпанда ату жазасына кесілді. 1957 жылғы 7 желтоқсанда КСРО Жоғарғы соты оның ісін қайта қарап, қылмыс құрамы болмағандықтан ақтады.

Сейітқали Меңдешевтің мемориалдық музей-үйі 1842 жылы салынған. Бастапқыда ол халық училищелерінің инспекторы А.Е. Алекторовтың үйі болған. Сейітқали Меңдешев 1916 жылдан 1920 жылға дейін осы үйде тұрған. Бұл төрт жыл оның өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалармен сәйкес келеді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, 1917 жылғы революциялық өзгерістер, Бөкей өлкесіндегі жаңа билік жүйесінің қалыптасуы, 1918–1919 жылдардағы губерниялық атқару комитетіндегі қызметі – бәрі осы кезеңге жатады. 

Тарихи үй ұзақ уақыт бойы Хан Ордасындағы мәдени мұра нысандарының бірі ретінде сақталды. Кейін ғимаратқа ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, Сейітқали Меңдешевке арналған жеке мемориалдық музей жасақталды. Бүгінде Сейітқали Меңдешевтің мемориалдық музейі Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, сәулеттік-этнографиялық музей-қорығының құрамына кіреді. Музей-қорықтың тарихи ансамблі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған. 

Мемориалдық экспозицияның негізгі мазмұны Сейітқали Меңдешевтің өмірі, ағартушылық қызметі, қоғамдық-саяси жолы және мемлекеттік қызметіне арналған. Мұнда қайраткер өмір сүрген дәуірді танытатын фотосуреттер, тарихи құжаттардың көшірмелері мен музейлік материалдар арқылы оның өмір жолының негізгі кезеңдері көрсетіледі. Үйдің өзі де – маңызды жәдігер. XIX ғасырда салынған ағаш ғимараттың тарихи сипаты сақталып, реставрация барысында оның сәулеттік ерекшеліктері қалпына келтірілген. 

Сейітқали Меңдешевтің тарихи мұрасы тек музей экспозициясымен шектелмейді. Қазақстан мен Ресей архивтерінен жиналған материалдардың негізінде 2021 жылы «Сейітқали Меңдешев. Құжаттары мен материалдар жинағы» жарық көрді. 590 беттік басылымға оның қызметіне қатысты 93 тарихи құжат, 44 мақала және 22 фотосурет енгізілген. Құжаттардың бір бөлігі ғылыми айналымға алғаш рет ұсынылған. 

*  Сейітқали Меңдешев музей-үйі туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар